ҚОРҚЫТТЫҢ ҚОЛТАҢБАСЫ ЕМЕС ПЕ ЕКЕН?
09.01.2026
121
1

Қызылорда облысы, Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Әзірбек Ілиясбекұлы «Таң-Шолпан» журналы редакциясына хабарласып, «Қарақұм» экспедициясының деректері негізінде өңірдегі көне қоныстар мен жер-су тарихына байланысты жазған мақаласымен қоса бірнеше сурет жолдаған еді.

1) Теңр 𐱅𐰭𐰼𐰃 сөзі жазылған тас.

Сол суреттердің ішінде бетіне әлдебір таңба салынған тасқа назарым ауды. Анықтап қарасам, Күлтегін ескерткіш тасындағы жазуға ұқсас төрт таңба тұр. Оңнан солға қарай оқығанда алғашқы екі таңба анық емес, соңғы мынадай 𐰼𐰃 екі таңба көзіме оттай басылды. Осыдан соң-ақ алдыңғы екеуінің не таңба екенін ұға қойдым. Демек ол – 𐱅𐰭 таңбалары. Шынында да, анықтап қарағанда осы екі таңбаның сұлбасы байқалады. Бәрін қосып оқығанда – 𐱅𐰭𐰼𐰃 болады. Бұл Теңірі (Теңр – болып жазылады) деген сөз. Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк тас романдарында да дәл осылай жазылған.
Бұл тасты Әзірбек Ілиясбекұлы 2023 жылы тапқан. Бірақ тас бетіндегі таңбаның не таңба екенін түсінбеген, кейін білетін адамдар табылып қалар деген оймен фотоға түсіріп алыпты. Оның айтуынша, ол тас әлі де таудың басында. Бұл тұтас тастың жер бетіне шығып жатқан ұшы ғана екен. Тастың жер астындағы бөлігінде басқа да жазулар болуы мүмкін.
Таңғаларлық жағдай. Сонау Монғолияның Орхон өзені мен шалғайдағы Сырдарияға дейін­гі (одан да әрі болуы мүмкін) ұлан-ғайыр аумақта өмір сүрген түркі бабаларымыз Тәңірі (Теңірі) сөзін жердің арадағы осыншалық алшақтығына қарамастан, еш қатесіз жазыпты. Бұл – көне түркі жазуы түркілер арасында әбден қалыптасқанының, жазуды білетін кісілердің соншалық сауат­тылығының дәлелі.

2) Сол тасты қарап отырған Әзірбек Ілиясбекұлы мен Шегебай Құндақбайұлы

Содан соң Әзірбекке хабарласып, бұл тас қай жерде тұрғанын сұрап білдім. «Тарғыл таудың ұшар басында», – деді. Тарғыл тауы аудан орталығы – Жосалының солтүстік бағытында, шамамен жүз шақырым жерде, аудан аумағының ең биік жері. Энциклопедияда 160 метр деп жазылған.
Ал осы Тарғыл тауы тағы бір деректі еске түсіреді. Ол Қорқыт бабамыздың «Тарғыл тана» күйіне байланысты. Ел аузында мынадай аңыз бар.
Қорқыт желмаясымен ел аралап келе жатса, бір тарғыл тана елге ұстатпай қашып жүр екен. Қашан да жұрт­тың қамын қамдайтын ұлы бақшы (қазір бақсы деп қате айтып жүрміз) желмаясын тебініп, қуа жөнеліпті дейді. Тарғыл тана желмаяға да жеткізбеген көрінеді. Бір жерлерге келгенде тананың өкпесі өшіп құлап, тасқа айналыпты, мынау Тарғыл тау сол тасқа айналған тана екен. Сол жерде Қорқыт баба «Тарғыл тана» күйін тартыпты дейді ел аузындағы аңыз.
Негізі «Қорқыт мәңгілік өмірді іздепті, ажалдан қашып дүниенің төрт бұрышын түгел шарлапты, бірақ қайда барса да, алдынан көр қазып жатқандар кездеседі екен, «бұл кімнің көрі» десе, «Қорқыттың көрі» дейді екен, сонан соң Қорқыт дарияның бетіне кілем жайып, сол жерде қобызын тартып отыратын болыпты» деп келетін ғажайып әңгімелер – ел-жұрттың ой-қиялынан туған көркем туындылар. Мұның барлығы Қорқыттың басынан өткен өмір деуге болмайды. Мысалы «Қайда барса да, алдынан көр қазғандар кездеседі» дегені Қорқыт қабылдамаған ислам дінінің алды-артын орап, жайылып бара жатқанын білдіреді. Ал ағын су – мәңгілік өмір нышаны.
Бір анығы, Қорқыттың осы Тарғыл тауда болғаны. Мүмкін сол жерлерді жайлаған да шығар. Айтайын дегенім, таудың басына оңашаны сүйетін бақшы болмаса, былайғы ел шыға бермейтіні анық. Демек анау деген жазуды Қорқыттың өзі жазуы да мүмкін-ау. Өйткені Қорқыт сияқты ұлы абыз, ұлы бақшы болмаса, жұрттың бәрі қазіргідей жазуды білмейді ғой. Тастың бетінде қалған таңбадан осындай қиялға сенгің де келеді.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
«Таң-Шолпан» әдеби-көркем,
көпшілік журналының

бас редакторы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 10.01.2026 | 02:54

Бұл Адай мен Шеркештің «жебе», «бақан» таңбасы, оқымыстылар..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір