ӘДЕБИ СЫН: ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚОЛТАҢБАСЫ және ІЗДЕНІСТЕР
13.04.2026
110
1

Бүгінгі таңдағы технологиялық үдерістердің қарыштап дамуы адамзат баласы мен өркениеттер тоғысында өзгеше бір тосын жағдайлар мен тосын құбылыстарды ойламаған жерден алға тартып келетіні жасырын дүние емес. Сандық технология мен жасанды интеллект дәуіріне аяқ басқан адамзат баласына ішкі рухани дүниенің аса қажеттілігі күннен-күнге барынша сезіліп келеді.

Технология прогресіне ілесеміз деп біздің де көптеген рухани дүниелеріміз естен шығып, шаң басқан мұрағаттарда мұң басып қалғаны да шындық. Осы бір рухани олқылықтың орнын толтыру жолында көркемдік дүниенің, әсіресе, әдебиеттің алар орны ерекше. Міне,  сондықтан қоғамдағы болып жатқан жағымсыз жағдайлар мен келеңсіз оқиғалардың шығу себептерін талдап, талғап түсіндіруде және оқырманның эстетикалық талғамын арттыруда әдеби сынның атқарар рөлі барынша өзекті болып қала бермек.

Қазіргі уақытта әдеби сынның баспасөз құралдары мен ақпараттық желідегі қызметі барынша қолдау тауып, жұртшылықты өзіне тартып алар құдіретті күшке ие болуы құптарлық құбылыс. Дегенмен осынау ақпараттар ағынында шөбі мен шаламын, ақ пен қарасын, дұрысы мен бұрысын нақтылап ажырата білу де үлкен білімділік пен жауапкершілікті талап етеді.
Биылғы әдеби сын жанры бойынша баяндама жасау менің бағыма бұйырған үлкен жауапкершілік . Осы бір жауапкершілігі мол, салмағы батпандай жүкті халық алдында барынша жан-жақты сараптап, алдарыңызға алып келгенім үшін Қазақстан Жазушылар одағының сын бөліміне рақмет айтамын!!!
Осы өзіме бекітілген бағыт бойынша келіп түскен бірнеше әдеби-сын және әдеби танымдық кітаптарды, сондай-ақ әдеби газеттер мен журналдарда жарияланған сын мақалаларды көз тоқтатып қарап шықтым. Өткен жылға өкпе жоқ. Көңілге қонымды, айтары бар біраз дүниенің жарық көргені қуантады.
Алдымен кітаптарға бір тоқтап өтейін. Бұлар – соңғы екі, үш жылдың көлемінде оқырман қолына тиген шығармалар. Солардың бірі – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, абайтанушы, әдебиет сыншысы Жанғара Дәдебаевтың 2024 жылдың аяғында «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Абайдың антропологизмі» атты зерттеу еңбегі. Бұл монографиялық зерттеу еңбегінде автор Абайдың антропологизмі, Абай шығармашылығындағы адам болмысының көркемдік, әлуметтік-этикалық, эстетикалық мәселелері, Абай ілімінің жүйесі, құрамдас бөлімдері мен бастау көздері, басты категориялары мен ұстанымдары туралы сарабдал ойларын жеткізеді. Сондай-ақ автор «Абайдың антропологизмі» дегенде алдыменен Абайдың адам туралы ілімі деген ұғымды талапты, негізгі концепция ретінде ұсынады.

Дұрысы – Абайдың ілімі. Мұнда Абайдың ілімі мен ақындығы қатар, өзара сабақтас, біртұтас құбылыс ретінде қарастырылады. «Абайдың антропологизмін» де осы тұрғыдан қабылдау орынды болмақ деген тұжырымын айтады. Сондай-ақ Абай ілімі бірнеше ғылымның тоғысында, пәнаралық байланыста өзектілігін арттыра беретінін нақты ғылыми мысалдармен дәлелдей түседі. Солай бола тұрса да, зерттеу өзегінде әдеби-эстетикалық ұстанымның қызметіне ерекше көңіл аудартады.

Еңбекте Абай ілімінің қайнар көздері байыпталады. Алдымен халықтың дәстүрлі дүниетанымында қалыптасқан ұлттық рухани құндылықтардың маңызы мен мәні анықталады. Тереңнен тамыр тартқан жалпы адамзаттық құндылықтардың мәнісі ашылады. Кітап бірнеше тараудан тұрады. «Абайдың антропологизмінде» автор ақын ілімінің құрамдас бөлімдерінің әрқайсына тән басты категорияларды сараптап, саралауға да үлкен көңіл бөледі. Абай іліміне қосылған іргелі де күрделі ғылыми еңбектің  бірі десек, қателеспейміз.       Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қансейіт Әбдезұлының Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Абай және Тәкен» атты әдеби-сын мақалалар және портреттер атты кітабы «Атамұра» баспасынан 2025 жылы жарыққа шықты. Аталған әдеби-сын және зерттеу еңбегінде хакім Абайдың шығармашылығы мен Абай мектебінен өткен қазақтың басқа да ақындары мен қаламгерлерінің шығармаларындағы көркемдік ізденістер, авторлық қолтаңба, өзіндік стильдік мәселелері жан-жақты, тереңнен қарастырылады.

Аталған еңбекте автор Абайды дара тұлға ретінде ғана емес, оның әдеби ықпалын сабақтастық аясында, әсіресе Тәкен Әлімқұлов шығармашылығымен бірлікте, шығармашылық сабақтастықта қарастырғаны өте ұтымды шыққан ізденіс. Өйткені Абай дәстүрі кейінгі буын қаламгерлерінің көркемдік ойлау жүйесіне терең сіңген іргелі де және берік тағантас екені анық.

Автор бұл еңбекті «Абай және Тәкен» деп алғаны да, атағаны да бекер емес. Өйткені Қансейіт Әбдезұлының зерттеуінде Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығының орны ерекше.  Ғылыми жұмысының негізгі, арнайы нысаны Тәкен болғандықтан оны Абай мектебінен бөле-жара қарамайды, керісінше, оны хакім Абай қалыптастырған рухани-эстетикалық дәстүрдің заңды жалғасы  санайды. Автор Тәкеннің абайтану ғылымына қосқан үлесіне осы ғылыми еңбекке сүйене отырып, барынша әділетті бағасын береді. Онда нақты тарихи деректер мен өлең-өлшемдерін мысалға ала отырып жұмбақ жанның сырын ашуға ұмтылғанын, Тәкеннің бұл жолға үлкен даярлықпен келгенін тағы да бір сипаттап өтеді.

Зерттеуші Тәкен Әлімқұловтың Абай поэзиясының көркемдік құндылықтарын, жаңашылдығы, барша қазақ әдебиетіне, руханиятына жасаған ықпал-әсерін, оның тарихи миссиясы туралы тұңғыш ой айтқан зерттеушілік талантына ерекше мән береді. Жазушының Абай хақындағы алғашқы ізденістері мен ой-толғамдары сонау 1954-жылдары газет беттерінен бастау алатынын, бұл еңбектер кейіннен 1958 жылы жарық көрген «Жемісті жолда» атты тұңғыш әдеби-сын кітабына енгізілгенін атап өтеді. Абай тұлғасын танудағы бұл алғашқы қадамдар уақыт өте келе тереңдеп, кемелденіп, 1978 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген әйгілі «Жұмбақ жан» атты көлемді жеке зерттеу еңбегіне ұласып, көпшілік қауымнан жақсы бағаланғанына да тоқталып кетеді.

«Жұмбақ жан» еңбегі сол кезеңдегі қазақ оқырмандарына ғана емес, әдебиет сыншылар қауымына да ерекше әсер еткенін нақты мысалдармен айқындайды. Бұл кітап Абайдың тұлғасына, болмысына тереңнен тартып дем берген, ақынның рухани әлемін, ішкі қуатын, ой тереңдігін  жаңа қырынан ашуға жол салған тың еңбек ретінде бағаланғанын ашып айтады. Тәкен Әлімқұловтың бұл әдеби-зерттеу еңбегі шын мәнінде сол кезеңдегі Абай туралы жазылған зерттеулердің ішіндегі шоқтығы биік, жаңа белес болған жұмыс ретінде әділ бағасын алған кесек туынды деп бағаланады. Автор Тәкен Әлімқұлов зерттеуіндегі Абайға әсер еткен шығыстың жауһар поэзиясының рухани арналарына қатысты зерттеулеріне айрықша мән береді. Абай шығыс поэзиясын қалай түрленте, құбылта, тереңдете қабылдағанын нақты өлеңдеріне тоқтала отырып тарқатады. Абай Шығыс поэзиясын аса талғампаздықпен, ерекше ыждаһатпен сыни тұрғыдан меңгерген деген болжамы бүгінде өзінің өзектілігін жоғалта қоймаған аксиома. Шын мәнінде Шығыс шайырларына көп үңілген Абай шығармашылығында Шығыстың сарыны мен үні сайрап жатқаны шындық. Сол кезеңде айтуға қатаң тиым салынған Шығыс тақырыбын ұлы Абай шығармашылығымен сабақтастыра зерттеп, оны жарыққа шығару оңай дүние еместігі баршаға аян. Тәкен Әлімқұлов Абайдың шығысын батыл көтеріп,тың жол салып, оның рухани қайнар көздерін көркемдік және философиялық деңгейде ашып, арнасын кеңейтіп кеткен — тұлға.

Қансейіт Әбдезұлы Тәкеннің «Жұмбақ жан» еңбегін Абайтану ғылымында өресі биік, әлі де тұғырынан түсе қоймаған сүбелі еңбектердің бірі екендігіне  айрықша тоқталады. «Жұмбақ жандағы» Абай мен Тәкен арасындағы рухани сабақтастық ұзақ жылдарға созылған рухани ізденістің, көркемдік жауапкершіліктің нәтижесі ретінде бағалайды. Қансейіт Әбдезұлының «Абай және Тәкен» атты әдеби-сын мақалалар және портреттер атты кітабы абайтану мен әдебиеттану ғылымында ерекше орны бар еңбек деп бағаласақ орынды.

Келесі кітап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, әдебиет сыншысы, Зинол-Ғабден Бисенғалидың «Қазақ прозасы. ХХ ғасыр басы: жаңа проза жолында». 1-кітап. «Үш Қиян» баспасынан 2025 жылы жарыққа шыққан еңбегі. Жиырмасыншы ғасыр – қазақ прозасы үшін ғана емес, жалпы тұтас қазақ әдебиеті мен өнері үшін де маңызды тарихи кезең болды. Бұл тұста қазақ прозасына зор ықпал еткен саяси-әлеуметтік, тарихи-мәдени құбылыстар сан алуан. Соған сәйкес аталған кезеңдегі әдеби үрдісте күрделі де қайшылықты көркемдік ізденістер мол.
Қазақ прозасының ХХ ғасыр басындағы даму тарихына арналған I томы ұзақ ізденістен соң, араға жылдар салып жарық көріп отыр. Автор ұзақ жылғы зерттеулері мен ғылыми еңбектерінің нәтижелеріне сүйене, иек арта отырып, қазақ әдебиетіндегі проза жанрының даму тарихына ықпал еткен көркемдік заңдылықтар мен қоғамдық-эстетикалық құбылыстарға тереңнен талдаулар жасайды.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, әдебиеттанушы-ғалым Қанипаш Мәдібаеваның «Әуезовтану». монографиясы. («ЛАНТАР BOOKS») 2025жылы жарыққа шығыпты. Бұл монографиялық зерттеу еңбек әуезовтануға қосылған зор үлес деп атап өткім келеді. Мұхтар Әуезовтің әдеби мұраны игеру бағытындағы тарихи еңбегі ғылыми негізде таныстырылады. Соңғы кездегі табылған архив материалдарымен салыстырыла отырып, текстологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Абайтанудағы іргелі зерттеулердің осы заманғы өзектілігіне ерекше мән беріле қарастырылады.
Ал енді Қанипаш Мәдібаеваның «Әуезовтану» монографиясын, кітабын алып оқуға ұсыныс берер едім. Өкінбейсіздер…
«ЛАНТАР BOOKS», баспасынан 2025 жылы Қ.Мәдібаева мен А.Абильмажинованың «Абайтану» оқу құралы жарық көрді. «Абайтану» оқу құралының жаңа басылымында авторлар Абайдың әдеби мұрасының текстологиясы, көшірме қолжазбалары; абайтанудағы дерекнамалық негіз, дін, дүниетаным жайы бағытында зерттеулер ұсынған.
Өткен жылғы құнарлы кітаптың бірі әдебиеттанушы ғалым, сыншы Сәмен Құлбарақтың «KEMEL KITAP» баспасынан 2025 жылы шыққан «Суреткер: әдеби ой-толғамдар» зерттеуі.
Сәмен Құлбарақ бұл зерттеуін Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ұлттық әдебиеттің дамуына елеулі үлес қосқан, өзіндік көркемдік әлемін орнықтырған дарынды тұлға Тахауи Ахтановқа арнаған. Автор аға жазушының шығармашылығын бүгінгі көзқарас тұрғысынан зерделеп, зерттеген.
Қолымызға тиген тағы бір кітап әдебиеттанушы-ғалым Раушан Әбдіқұлованың «Қаратау КБ» ЖШС; «Дәстүр» баспасынан 2025 жылы шыққан «Сөз сәулесі: әдеби талдаулар, естелік-эсселер» атты зерттеулері. Кітапта жекелеген ақын-жазушылардың шығармаларын жанрлық-композициялық, жаңашыл үрдістер тұрғысынан талдаулар негізінде қазіргі әдеби сипаттары айқындалған. Көркемсөз өнеріндегі әдеби сабақтастық, интермәтіндік байланыстар деңгейінде қарастырылған.
Автор қазақ оқырманына онша таныс емес жазушылардың шығармаларына барынша кеңінен тоқталып, оларды көпшілік қауымға жаңа бір қырларынан таныстырады. «Қарақуыс» романының авторы марқұм Заман Төлеуов те сондай талантты жазушымыздың бірі екендігіне романын талдау арқылы көз жеткізеді.
Әділғазы Қайырбековтің «Көк дәптер» атты мақалалар, сыр сұхбаттар, ой толғамдарынан тұратын кітабы 2025 жылы «Үш Қиян» баспасынан жарық көріп отыр. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты Әділғазы Қайырбековтің бұл кітабына оның әр жылдарда жазған әдеби сын-зерттеулері, сыр бөлісулері және ой-толғамдары енген екен. Кітап Жұматайдың жұмбақ әлемімен басталады. Автор өзі де ақын болғандықтан ақын Жұматай Жақыпбаевтай кемеліне келмей кеткен таланттың көзі тірісінде жарыққа шығып үлгерген үш жинағына тоқталып, өлең сүйер қауымның игілігіне айналғанына тәубе етеді. Ақындықты кәсіпкерлік санамай, құдіретті өнер деп бағалаған жүректің әлі соғып тұрғанын баян етеді.
Әдебиеттің алыптары Сәбең мен Ғабаң туралы тарихи және нақты, дәлелді мәліметтерді де осы кітаптан алуларыңызға болады деген ұсыныс айтар едім.
Баймаханбет Ахметтің «Жусан туралы жыр»: эсселер, әдеби портреттер, сыр-сұхбаттар, ой-толғаныстарынан тұратын кітабы Тараз қаласы «Формат-принт» баспасынан 2025 жылы жарық көріпті. Автордың бұл кітабына сан салада қордаланған проблемалар мен оларды шешу жолдарына байланысты айтқан ойлары мен толғаныстары, сыр-сұхбаттары еніп отыр.
Қолымызға Елеусіз Ахметкерімұлының «Дәуір дауысы» атты «Қаратау КБ» ЖШС, «Дәуір» баспасынан 2025 жылы жарыққа шыққан кітабы түсті. Естеліктерде туған жер, ондағы өмір сүрген әрқилы тағдыр иелері мен замана суреттері қаламгер көзімен, көркем тілмен әдемі суреттелген. Кей жерлерде автор өзінің эмоциясын да жасыра алмай, сыртқа шығарып, көпшілікпен бөлісіп отырады. Бұл кітаптың бір демде оқылып шығуына да өз әсерін тигізеді деп шештік. Автордың көңілге түйген ойлары негізінде жазылған зерттеулері, сапарнамалары мен өлеңдері келешек ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге үлес қосады деп сеніммен айта аламыз.
2025 жылы «ARKAS tour kz LLC» ЖШС баспасынан ақын Алмас Ахметбекұлының «Ұлт ұраны және ұлы ақын» атты зертеу жинағы шықты. Автор ұзақ жыл бойы Жұмекен шығармаларына зерттеу жүргізіп келген. Ол – Жұмекен жырларының көркемдік болмысы мен терең мағынасын ашатын қырыққа жуық мақала жазып жариялаған. Жұмекен жайлы « Жұмекеннен 100 өлең» атты монографиясы 2021 жылы жарыққа шыққан. Бүгінгі қолға тиген «Ұлт ұраны және ұлы ақын» атты зерттеуінде автор бірқатар проблемаларды айта білген. Онда Жұмекен жырларының көркемдік шешімдері мен идеялық биік мұраттарын айқындап, Жұмекен поэзиясын тану мен түсінудің жолдарына бағыттар береді.
Меңдібай Әбілұлының «Бесқалада туған ойлар», (үш томдық ғылыми-танымдық мақалалар бірінші томы) кітабы Тараз қаласы, «Формат-принт» баспасынан 2025 жылы жарыққа шықты. Мұнда автордың Қарақалпақстандағы Бердақ атындағы қарақалпақ мемлекеттік университетінде еңбек етіп жүрген жылдары жазған еңбектері енгізілген. Кітапқа енгізілген ғылыми-танымдық мақалалар арқылы оқырман қауым атақты діни ағартушылар Әйімбет ишан Қаймақбайұлы, Бұхарбай ахұн, Мамыт ахұн, Әбдіғаппар ахұн, Рысбай ишан, Әбдікәрім ахұн, Шәулен мақсым; ақын жырауларлардан Өтім жырау, Омар ақын Сейілұлы, Бекенқұл ақын, Төлеген Айбергенов, Жанай ақын, Қанышбек жырау туралы туысқан қарақалпақ әдебиеті туралы мол мағлұматтар алады.
Әлібек Байболдың «Сенім» және «Оралу» сыни мақалалар, әдеби портреттер, эсселер, пьесалар мен аудармалары енген зерттеулері «KITAP» баспасынан 2025 жылы жарыққа шықты. Жас зерттеушінің екі кітабы да сөзді қастерлейтін оқырман қауымға арналғаны көңіл қуантады. Талабына нұр жаусын деген тілегімізді білдіреміз.
«Егемен Қазақстан» газеті өткен жылы әдебиет пен өнер тақырыбында жүйелі түрде, жаңалығы бар мақалаларды үзбей жариялап отырды. Осынау басылымдағы екі қаламгердің – жазушы Жүсіпбек Қорғасбек пен сыншы Амангелді Кеңшілікұлының әдеби сын, әдеби-танымдық мақалаларын бөле-жара айтуға болады.
«Егемен Қазақстанның» әрбір нөміріндегі өткен жылы жарық көрген қаламгерлер Ғарифолла Есімнің, Серік Негимовтің, Қуандық Түменбайдың, Дихан Қамзабекұлының, Рақымжан Тұрысбектің, Гүлжаһан Орданың, Ерлан Жүністің, Жәнібек Әлиманның, Дүйсенәлі Әлімақынның, Маржан Әбіштің, Батырхан Сәрсенханның, Азамат Есенжолдың мақалалары талдау мәнерімен, суреткерлік тілімен, өзіндік баяндау стилімен көзге түсті. Бұл мақалаларда лирикалық шегіністерге, қаламгерлердің поэтикалық метафора тудырудағы қолтаңба ерекшеліктеріне айрықша ден қойылады.
Өткен жылы – «Қазақ әдебиеті» газеті қазақ топырағынан шыққан дала данышпаны, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арнайы сан арнап, ұлттық қажеттіліктің өзекті мәселелерін қозғаған танымы терең мақалаларды жариялап, оқырман қауымның алғысын алды. Бұл – ұлы Абайдың мұрасын әлемдік деңгейде танытуға қосылған зор үлес деп білеміз. Мереке Құлкеновтің «Ұлт рухының мәңгілік көкжиегі», академик Ғарифолла Есімнің «Абай сөздері», профессор Жанғара Дәдебаевтың «Үш сүю», профессор Арап Еспенбетовтің «Ақындық құдіреті», ақын Нұрлан Оразалинның
«Қазақ сөзінің құдіретті қағбасы», профессор Қансейіт Әбдезұлының «Абай және Тәкен», профессор Қанипаш Мәдібаеваның «Абайдың көшірме қолжазбалары», академик Оразалы Сәбденнің «Абай жолымен қазақ қоғамын ізгілендірейік» және тағы басқа қазақ оқымыстылары мен зиялыларының ақын Абайға қатысты ой-толғамдары мен тұжырымдалары айрықша орын алды.
Бұл орайда, әсіресе бас әдеби газетіміз «Қазақ әдебиеті» әдеби-танымдық, әдеби-сын, әдеби портрет, көркем эссе бағытындағы мақалаларды жүйелі түрде, үзбей жариялап отырды. Сондай мақалалардың бірі – профессор Дандай Ысқақтың «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» атты көлемді мақаласы. Сөз өнері дертпен тең екенін айта келе, бүгінгі таңда сөздің құдіреті мен қасиетіне мән берілмей, көптеген жайсыз, келеңсіз жағдаяттарға ұшырап отырған адам баласын сөз киесін қадірлеуге шақырады.
«Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақалалардың тақырыбы әралуан. Көбінесе туған әдебиетіміздің өткір, ділгір мәселелерін арқау ететін тақырыптарды тереңнен қаузап, үлкен-үлкен әлеуметтік-рухани мәселелерді басты назарда ұстады. Әсіресе, Қали Сәрсенбай, Мырзан Кенжебай, Гүлжhан Орда, Гүлзия Пірәлі және әдебиеттанушы Серікқазы Қорабайдың көлемді мақалалары әдеби-танымдық тереңдігімен ерекше көзге түсті. Осы орайда, әсіресе, Қали Сәрсенбайдың эсселерін ерекше бөліп айтуға болады.
«Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде жас ақындар мен жас прозашылардың шығармашылық қарымын терең талдаған мақалаларғада мол орын берілді. Өткен жылы «Қазақ әдебиеті» бетінде жарияланған дүниелердің ішінен Мөлдір Райымбекованың, Жүніс Омардың, Рымтай Көкенайқызының, Айнагүл Садықованың әдеби сұхбаттары мен әдеби-танымдық, әдеби талдау мақалалары ерекше назар аудартты. Жас сыншы Айзат Рақыштың әдеби сын мақаласы да көңілден шықты.
Сонымен бірге газеттің әрбір нөміріндегі театр және кино өнеріне қатысты талдау, өнер тарихына және оның бүгінгі аяқ алысына, көркемдік табыстарын сөз етуге арналған өнертанушылардың көлемді дүниелері де оқырман көңілінен шықты. Оның ішінде Ерсайын Төлеубайдың сериялық мақалалары, Талғат Теменовтің ой-толғамға құрылған эсселері және Қансейіт Әбдезұлының әдеби-танымдық мақалалары көптің көкейіндегісін қозғады.
Жалпы, жас сыншылар Қанат Алтынбектің, Әлібек Байболдың, Айнагүл Садықованың, Ақерке Асанның, Сағыныш Намазшамованың қаламынан жаңаша талдау мәнерін аңғардым. Бұл – жастардың көркемдік талдауларының жаңа дискурсын байқататындай.
Өткен жылғы «Жұлдыз» журналында бірнеше құнарлы дүние жарияланды. Абайдың 180 жылдық мерейтойы тұсында Абай шығармашылығына арнап бірнеше тың, тосын дүниелер басылды. Әсіресе, Тұрсын Жұртбайдың, Айгүл Ісмақованың, Қанипаш Мәдібаеваның, Қансейіт Әбдезұлының және тағы басқа ғалымдар мен зерттеушілердің абайтануға қатысты жаңаша ой-толғамдарын оқыдық. Сонымен бірге, былтыр мерейтойлары аталып өткен әдебиет алыптары туралы да толымды мақалалар жарық көрді.
«Жұлдыз» журналының бетінде бірнеше бүгінгі әдебиетке қатысты дөңгелек үстел және көзқарас, пікір-талас материалдары сәтімен жарияланды. Біздің республикалық, ұлттық деңгейдегі газеттеріміз бен журналдарымыз осынау үрдісті тереңдете түскені дұрыс. Газет, журналдарымызда жыл бойы жарық көрген әдеби-танымдық мақалалардың басым бөлігінде бұрыннан белгілі туындыларға, танымал қаламгерлерге ғана басымдық  беріледі. Жастарға жіті назар аударып, оларды да қолдап отыру керек деп есептейміз.

Әдеби сынды жаңа белеске, жаңа көркемдік сапаға көтереміз десек, бүгінгі әдеби үдеріске, әдебиетіміздің бүгінгі аяқ алысына, ақсап жатқан тұстарына, әсіресе жас қаламгерлердің ізденістеріне көбірек назар аударуымыз қажет.

Қазіргі сында шығарманың айтар идеясы тек автордың ойында немесе мәтіннің ішінде ғана тұрмайды, ол оқырманның қабылдауында жүзеге асады деген пікірлер де басым. Шығарма қалай өмірге келеді, оқырман оның тағдырын айқындап алуға тырысады. Яғни, шығарма оқырман санасында қандай әсер қалдырады, қандай ойға жетелейді, қалай қабылдап, түйсінеді деген сауалдар тұрады. Бұл да бүгінгі күн  оқырмандарының талаптары мен талғамдарының арта түскенін көрсететін жағымды әрекеттердің-бірі десек те болады.

 

Алмасбек МАУЛЕНОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
филология ғылымдарының докторы, профессор

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.04.2026 | 11:47

Сіздер Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» романын оқыған боларсыздар. Сол романда Жорға Күрең деген кейіпкер бар ғой. Тіл саясаты комитетіндегі Ербол Тілешов тура соның сұрпынан екен. Сұрқы да, құлқы да соған келеді. Тек бас қамын, пайдасын ғана ойлайтыны көзінен көрініп тұр. Тіл туралы бірдеңе деу керек болса, тіл саясаты комитетінен осыны жұмсай салады. Бұл жымсиып сөйлейді. Сонымен іс бітеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір