ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЛАЙ ОҚЫТЫП ЖҮРМІЗ?
Көп жылдан бері қазақ тілін оқыту, оның әдістемесін жетілдіру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Осыған орай «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» қабылданды. Мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажеттілігіне айналдыру.
Осы құжатта «Бағдарламаның бірінші бағытын іске асыру арқылы Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру көзделеді. Қазақ тілінің бүгінгі жағдайы әлі де болса тіл үйрету мәселесіне жаңаша көзқарастың қажет екенін аңғартады. Қазақ тілін мектепте, жоғары оқу орындарында оқыту әлі де жайы мардымсыз болғандықтан еліміздің әрбір облыс орталықтарында, қала берді, аудандарында Тіл үйрету орталықтары жұмыс істеп жатыр. Нәтиже әлі де нашар. Осы тұрғыдан алғанда біз мемлекеттік тілді қалай оқытып жүрміз деген заңды сұрақ туындайды. Соңғы кездері қазақ тілін оқыту мәселесіне қатысты ғылыми әдебиеттерде, бұқаралық ақпарат құралдарында «қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту» және «қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқыту» деген мәселелер көтеріліп жүр.
Сонымен қатар, қазіргі тіл меңгерту бойынша жасалып жатқан алдыңғы қатарлы ғылыми-теориялық зерттеулер негізінде құрылған қазақ тілі оқулықтарын жарыққа шығару өзекті мәселелердің бірі. Заман талабына сай жазылған оқу құралдары теорияның практикадағы көрінісі екенін дәлелдеп келе жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, ЖОО дейінгі білім беру дайындығы факультеті, шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының әдіскер-зерттеушілері көп уақыттан бері бұл мәселені шешу жолын ойластыруда. Аталған кафедрада қазақ тілін шет тіл ретінде оқытудың ғылыми негізін сала отырып, өзге тілді меңгертудің мәселелерін зерттейтін ғылыми-әдістемелік мектеп қалыптасқан. Оқу бағдарламалары Білім беру стандартына сай, Еуропалық тілдік портфельге жуықтатылып жасалған. Қазақ тілін шет тіл ретінде оқытуда оқу материалын беруді алгоритм деп ұйымдастыру студенттік аудиторияда мол мүмкіндікке ие бола алады. Осының айғағы ретінде көп жылдар бойы ғылыми зерттеу мен практиканы ұштастыра білген шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының доценті, әдіскер Гүлбағиза Мұсаеваның «Қазақ тілі шет тілі ретінде» оқулығы жарыққа шықты.
Тіл үйренушінің коммуникативтік құзіреттілігіне қол жеткізу үшін әлеуметтік-мәдени, тілдік, сөйлеу мүмкіндігін қалыптастыруға бағытталған бұл оқулық қазақ тілін терең меңгеріп, қарым-қатынастың барлық саласында еркін қолданамын деуші азаматтарға арналған.
Райхан ДҮЙСЕНБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО дейінгі білім беру факультеті,
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім кафедрасының аға оқытушысы.