«ҚАЗАҚ СОЛДАТЫ» қалай ЖАЗЫЛДЫ?
20.09.2023
598
0

Біз өскен ауылдың кішкентай ғана клубы нағыз рухани қазынаның қайнар көзі еді. Оның сахнасында сыныбымыздың оқушылары жазған драмалық шығармалардан көріністер қойылып, ауыл тұрғындарының алғысын алатынбыз. Оқушылар үнемі кітапханаға барып кітап оқитын, ізденетін. Сол кезде кітап қоры аз болғанынан болар, іздеген кітабыңды күтуге тура келеді. Кезек күтесің.

Бір күні кітапханаға барып, «Қазақ солдаты» романын оқығым келді. Кітап­хана меңгерушісі апайым: «Ол кітап Бақтықожа деген балада. Ертең тапсыратын күні, содан кейін сен аларсың», – деді. Айтқан күні кітапты алып оқуға кірісіп кеттім. Менен кейін ол романды біздің сыныптағы Атшыбай деген бала оқитын болып кезекке тұрды.
Роман «зытып келем, зытып келем…» деп басталады екен. Оқып болып, кітапханаға өткіздім. Шығармадағы шытырман оқиғалар, жастайынан жетім қалған Қайроштың балалар үйіндегі өмірі, соғыс ауыртпалығы, қиян-кесті жаумен болған арпалыстар, ұлттар арасындағы достық қарым-қатынастар көз алдыма келді.
Ендігі арманым осы батыр ағамен кездесіп, оның басып өткен қиын жолдарын өз аузынан естігім келді. 1962 жылы мен Гурьев қаласындағы №10 мектептің сегізінші сыныбына қабылдандым. Сол жылдың қазан айында комсомол қатарына өтіп, мүшелік билетімді Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов табыстады. Ол кісі – романдағы Қайрош Сарталиев еді.
Осылайша бала күннен арман болған, аңыз адаммен алғашқы рет кездестім.
Уақыт өтіп, біз де балалықпен қош­тасып, елге қызмет қылып, өз үлесімізді қосуға белсене кірістік. 1970 жылы Гурьев қалалық комсомол комитетіне жұмысқа қабылдандым. Ол уақыт оқушы, еңбек жастарын мәдени, саяси, патриоттық жұмыстармен қамту міндетіне айрықша көңіл бөлінген кез еді.
Сол жылы В.И.Лениннің 100 жылдығы, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 25 жылдығы кең көлемде аталып өтіп жатты. Осындай шаралардың басы-қасында бала күнімде «бір көрсем» деп армандаған батыр ағам Қайырғали болды, біздің қасымыздан табылды. «Әкелер жолымен» атты Бүкілодақтық комсомол-жастар әскери-патриоттық эстафетасының құрамында Гурьев қаласының жастары батыр қала – Сталинград, Ленинград, Керчь қалаларына автокөлікпен шеру жасап, Ұлы Отан соғысындағы совет жауынгерлерінің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып қайттық. Біздің делегацияның бастаушысы – батырымыз
Қайырғали Смағұлов болған еді.
Кейінгі жылдары мен қалалық, облыстық партия комитеттерінде жауапты жұмыстарда болған кезімде де Қайрекеңмен қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Оның адами қасиетін айтсам, ол кісі өте кішіпейіл, ақкөңіл, ашық мінезді адам болатын. Үй арасы да жақын болды. Жұмысқа көбіне жаяулап бірге баратынбыз.
Бірде Л.И.Брежневтің «Кіші жер» кітабының конференциясына келе жатқанымызда мен: «Қайреке, бүгін сіз сөйлейсіз ғой, сонда «біздің бөлімге бір қасы қалың, әдемі, әскери-саяси қызметкер, полковник шеніндегі адам келіп бізбен кездесті. Сол адам осы Брежнев сияқты», – деп айтып жіберіңіз дедім. «Дивизияның саяси басқармасында партбилет тапсырған адам да полковник болған. Мүмкін сол шығар» деп ойлады ма, аздан кейін: «Дәл білмегесін айтқаным дұрыс болмас. Негізінде талай полковниктер келіп, әңгіме өткізіп жүретін», – деген еді. Бұл бір-ақ мысалдан Қайрекеңнің нағыз адал, құр даңқты иеленбейтін адам екендігін көруге болады. Шынында, Қайырғали Смағұлов Брежнев басқарған дивизияның құрамында – Кавказ, Керчь соғыс алаңында болған.
Енді «Қазақ солдаты» романының тарихына оралайық. Бір кездесуімізде мен батыр ағадан: «Шығармадағы ке­йіпкерлерімен хат-хабар алып тұрасыз ба? Кімдер бар, кім жоқ? Ақботаның кейінгі өмір жолы не болды?» – деп сұрадым. Қайрекең маған таңдана қарап: «Біздің ротада Самед, Семен, Вася сен айтып отырған басқалары да болған жоқ. Мен Ақбота деген қызды білмеймін. Соғысқа мешогімді арқалап, вагонға өзім міндім», – деп жауап берді. Сосын мен: «Аға, сіз кітапты оқыдыңыз ғой, майдангер достарыңыздың ерліктерімен таныстыңыз. Бірнеше күн жау қоршауында қалып, «оқты өздеріңе» сұрадыңыздар. Бұл дұрыс жазылған ба?» – дедім. Ол кісі: «Бәрі дұрыс, бірақ жігіттердің аттары басқа», – деп көзін сүртіп, ағынан жарылды.
Бірде Қайрекеңмен кездескенде: «Аға, осы романның қалай жазылғаны туралы айтыңызшы», – деп сұрадым. Сондағы батырдың айтқаны мынау. «Ұмытпасам, 1944 жылы болуы керек, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті Ұлы Отан соғысы майданындағы қазақстандық Кеңес Одағының батырларын шақырып, кездесу өткізді. Алғашқы үзілісте менің жаныма қолында кішкентай блокноты бар, жасы қырықтар шамасы болар, бір жігіт келіп, мені әңгімеге тартып: «Қай жерденсің? Әскерге қашан шақырылдың? Қай Майданда соғысып жатырсың? Батыр атағын не үшін берді? Үйіңде қанша адам бар? Сүйген қызың бар ма?» – деп сұрады. Мен сұрақтарына барынша жауап беріп: «Әке-шешем жоқ, Гурьев пен Оралдың балалар үйінде тәрбие алдым. Қазір Тагон­рог-Керчь маңында ауыр соғыстар жүргізіп жатырмыз. Ұрыста біздің взводтың жігіттері бәрі жанқиярлық ерлік көрсетті. Ал жоғары атақ маған бұйырды. Қыз сүйіп, махаббат құрғам жоқ», – деп жауап бердім. Әңгімеміз бас-аяғы алты-жеті минуттай ғана болды. Жиналысқа кіріп кеттім. Ол кісіден: «Сіз кім боласыз? Қай жақтансыз?» – деп сұраған да жоқпын. Сол ағамыздың қоштасарда айтқан сөзі есімде қалды. «Костя, сен ештеме жасырмай айттың, мен айтқаныңа ешнәрсе артық қоспаймын», – деді де ол қолымды қысып, жөніне кетті. Мен «ол ағаға не айтып үлгердім» деп аз-кем ойланып, кездесу залына кіріп кеттім…».
Қайрекеңнің айтқаны – осы. Бір кездескенімізде: «Қайреке, ол жазушымен екінші рет кездесудің сәті түсті ме?» – деп сұрадым. Сонда ағамыз: «1945 жыл бүкіл ел болып, Ұлы Жеңісті тойлады. Біз – солдаттар өз бөлімшелеріміздің құрамындамыз, босату бұйрығын күтіп жүрдік. Сол күндердің бірінде «замполит шақырады» деген кезекшінің хабарын қабылдап, штабқа жүгіріп келдім. «Ауылға жіберер» деген ойым болды. Полков­никке келгенімді мәлімдедім. Ол қолыма «ЦК ЛКСМ Казахстана приглашает Вас на торжественную встречу Героев казахстанцев в Алма-Ате» деген телеграмманы ұсынды. «Бегом оформляйся и завтра выезжай!» – деп қолымды алда да: «Ты сержант, войну закончил Героем, спасибо за службу, люби Родину!» – деп құшақтап, шығарып салды.
Пойыз іші ығы-жығы адамдар. Көпшілігі соғыстан қайтқан солдаттар, өте көңілді. Әрбір тоқтаған стансаларда халық гүлмен қарсы алып, нан-шайын, ішімдіктерін ұсынып, ән айтып, билеп шығарып салып жатты. Осы қуанышпен төрт күнде «Алматы-2» вокзалына түстім. Айнала толған халық, оркестр ойнап тұр. Гүл шоқтары жаңбырша жауды. Әупірімдеп жүріп, автобусқа міндік-ау, әйтеуір. Қонақүйге әкелді.
Ертеңгілік Орталық комсомол комитетінің ғимаратында салтанатты кездесу болды. Қазақстандық батырларды залдағыларға жеке-жеке таныстырды. Жиын соңы концертпен бітейін деп жатқанда жаныма баяғы 1944 жылы менімен сөйлескен ағай жетіп келді. Өзін «Ғабит Мүсіреповпін» деп таныстырды да, қолыма «Қазақ батыры» деген кітапты ұстатты. Жүзіме қарап тұрып: «Қайрош, біз келіскендей, мен ештеңе өзімнен қосқан жоқпын, бәрі өзің баяндағандай кітап бетіне түсті», – деп сөзін аяқтап, қош айтысып, кетіп қалды.
Шығарманың алғашқы сөйлемінен-ақ Ғабеңнің данышпандығын, майталман, шебер жазушы, сөз ұстасы екенін білдім. Соғыс эпизодтарын, окопта, барлауда, жау шабуылдарына тойтарыс берген сәттерді, оқ астында жараланған жауынгерлердің жанқиярлығын, қиянкесті ұрыстарда Отан қорғаушылардың ерен ерліктерін бізбен бірге жүргендей, ұрысқа қатысқандай, дәлме-дәл суреттегеніне таң-тамаша болдым. Кітаптағы Ақбота туралы жазғанын, ол қыздың мені ұнатқанын, майданға шығарып салып тұрып «күтем» деген сөздерін оқып, ойланып қалдым. «Ақботаны ол біледі, ал мен неге білмейім?» деп өкіндім…», –деді.
Мен жазып отырған естелікте ешқандай суреттеме жоқ. Мен Қайрекеңмен ұзақ жылдар бойы іні, серіктес, сырлас болған жанмын. Ол кісінің аппақ жүрегі, іс-әрекеті әрбір жасқа үлгі боларлық. Ол өмірде өте қарапайым, пайымды, жүрегі мейірімге толы жан еді. Өмірінің соңғы жылдары Гурьев қаласындағы кәсіптік училищеде қызмет атқарды. Осы оқу орнында оның ерлік жолын баяндайтын музейі, жастарды тәрбиеге, ерлікке баулитын орталығы болды. 2018 жылы Батыр ағаның 100 жылдығы Атырау қаласында аталып өтті.
Қазір ағамыздың ұрпақтары Атырау қаласында тұрады. Биыл Ұлы Жеңіс күні облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен 12 Кеңес Одағы батырларының, Даңқ орденінің үш дәрежелі иегерлері ұрпақтары мен тыл ардагерлерінің кездесуі өттті. Жерлес батырларымыздың бесеуіне КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атақтары берілгеніне 50 жыл толу құрметіне және олардың ерліктерін ұлағаттау мақсатында батырлардың немерелері мен шөберелерінің кеуделеріне, аталарының құрметіне шығарылған «Қас батыр» естелік медальдары тағылды.
Батыр ағаның қан майдандағы ерлігі елге әрқашанда үлгі болады.
Ұлы Жеңістің мерекелерінде
Қайрекең майдангерлердің көшін бастап, жастардың тәрбиесіне бей-жай қарамай, әскери-патриоттық жұмыстарға белсене қатысып жүрді.
Батыр есімі – ел есінде. Облыс орталығындағы Қ.Смағұлов көшесі,
Қ.Смағұлов алаңы, ортасында ескерткіші бар. Батыр атындағы орта мектеп, тұрған үйге ескерткіш тақта қойылған. Марқұмның зәулім мазары – Атырау халқының батырға деген үлкен құрметінің белгісі.

Мұрат Өтешов,
Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Атырау облысының Құрметті азаматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір