ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЛАДАН ҚАШЫП ЖҮРІП ҮЙРЕНДІМ
04.11.2022
724
0

Дәуіт Шомпаи Қара – 1969 жылы Мажарстан астанасы Будапеште туған қыпшақтанушы, түркітанушы ғалым. Ол – венгриялық атақты түркітанушы Иштван Қоңыр Мандокидің шәкірті. Дәуіт Қара 30 жылдан бері түркі және қыпшақ тарихын зерттеп, көптеген еңбек жазған. Қазір астанадағы Назарбаев университетінде Түркітану саласы бойынша сабақ береді. Сондай-ақ ол – полиглот. Түркі тілдерінен (қазақ, қырғыз, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, татар, өзбек, ұйғыр, құмық, қарашай-балқар, тува, алтай-телеңгіт, хакас, саха) басқа, ағылшын, орыс, моңғол, парсы және жапон тілдерін меңгерген.

– Дәуіт мырза, өзін қыпшақпын деп қазақтан қыз алған, дүниеден қайтқан соң Қазақстанда жерлеуді аманат еткен ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің шәкіртісіз. Түркітану, қыпшақтануға сізді ұстазыңыз алып келді ме?
– Мажарстан жеріне, яғни Венгрияға ХІІІ ғасырда көшіп келген құман-қыпшақтардың мекені екі аймаққа бөлінеді: Ұлы Құман және Кіші Құман (Надькун және Кишкун). Мен бала кезімде жазғы демалыста үнемі нағашыларымның Кіші Құман өңіріндегі Кишкун-майша деген ауылына баратынмын. Біздің нағашылар қыпшақтармен көршілес тұрып, олармен етене-жақын араласты. Ондағы қыпшақтардың ауылы Көтен-ауылы (Арка-Көтөн) деп аталады. Аңыз бойынша, қыпшақтардың биі Көтен батыр сол өлкеде жерленген екен.
Мен қыпшақтардың тарихына және жойылып кеткен тіліне сол уақыттан бастап қызықтым. Кейін тарих кітаптарынан Шығыс Еуропадағы (Тын/Дон және Қобан/Кубан) өзендердің бойын жайлаған құман-қыпшақтар жөнінде оқыдым. Бату ханның шапқыншылығы заманында (1236-1242) олардың кейбір тайпалары атажұртын амалсыз тастап, Мажарстанға көшіп кеткен. Біздің Бела патшамыз (1214-1270) құман-қыпшақтардың көсемі Көтен батырмен құда болып, баласын оның қызына үйлендіріпті.
Мажарстанда қыпшақтар жоғарыда аталған екі жерде қоныс теуіп, XVIII ғасырға дейін ана тілінде сөйлеп келген. Алайда кейін мажарлармен ассимиляцияға ұшырап, тілін ұмытып қалған. Қазір олардың Құдайға сыйынатын бір ғана дұғасы сақталып қалған. Сол Жаратушыға жалбарынуды естіп, қыпшақ тіліне қатты құмар болдым. 22 жасымда түркітанушы Қоңыр ағамен (1944-1992) танысып, ол кісіден және оның үйіндегі жеңгеміз Айша апайдан түркі тілдерінің қыпшақ тармағына жататын қазақ тілін үйрене бастадым. Кейін Қоңыр ағаның жетекшілігімен Орта Азияға оқуға бармақ болдым. Алайда ол 1992 жылы кенеттен қайтыс болып кетті.
– Ол кісі сізге қандай да бір өсиет айтып қалдырды ма?
– Иә, ұстазымның өсиеті бойынша, мен студент алмасу жобасы бойынша Қазақстанға оқуға түстім де, 1993-1995 жылдар аралығында қазақшаны жетік меңгеріп алдым. Сөйтіп, Қазақ елінің біраз өңірін аралап шықтым. Сондай-ақ Мажарстанның Қазақстандағы тұңғыш елшісі, түркітанушы Йожеф Торма (1943-2000) ағама ере жүріп, қазақ тілін ғана емес, салт-дәстүрін де зерттей бастадым (1994-1995 жылдарда). Қоңыр ағаның қыпшақтану саласындағы жұмыстарын жалғастыруға тырысып келемін. Қазақшадан басқа түркітектес қарақалпақ, ноғай, башқұрт тілдерін де үйреніп, соңғы 30 жылда ғылыми зерттеулер жүргізіп жатырмын.
– Қазақ және мажар халықтары арасындағы тарихи және туысқандық байланыс туралы қандай тың деректер айтар едіңіз?
– Мажар және құман-қыпшақ тайпалары Еділ мен Жайық арасында ежелден аралас-құралас өмір сүрген. Мажарлардың қабар тайпасы да қыпшақтардан шыққан сияқты. Мажарлар ІХ ғасырда Еділ жақтан Қарпат тауы қойнауына қоныс аударып, мемлекетін құрған. Қабар тайпасы қазір солтүстік Мажарстанда тұрады. Оларды біз «палоц» немесе «половец», яғни «далалықтар» дейміз. Жоғарыда айтылғандай, XIIІ ғасырда құман-қыпшақтары, керісінше, Мажарстанға көшіп келген. Осылай біте-қайнасып, араласудың әсері болса керек, мажар халық музыкасын зерттеп, ноғай, қарақалпақ және Еділ-Жайық қазақтарының әуендеріне өте жақын екеніне көз жеткіздік.
Мажар тілінде түркі тілдерінен, кыпшақ тілінен енген мыңға жуық кірме сөз бар. Мысалы, алма, балта, сақал, пышақ, арпа, бұқа, тоқты, кендір, және т.б. Моңғол шапқыншылығы заманында (1223-1242) Шығыс Еуропаға көшіп келген құман-қыпшақтар мажарлармен бірігіп, 1227 жылы одақ құрды. Ортақ билеуші Бела патша болды. Бірақ Бату ханның шабуыл жасауы салдарынан бұл одақ 1239 жылы ыдырап кетті.
– Мажарстанда сіз секілді қыпшақтардың тарихына, қазақтармен өзара байланысқа қызығатын азаматтар көп пе? Сіздің шәкірттеріңіз бар ма?
– Иә, біздің елімізде қыпшақ тарихына қызығушылық танытатын кісілер, әсіресе жастар баршылық. Бірақ оларды оқытатын арнайы орталық не оқу орны жоқ. Марқұм Иштван Қоңыр ағамыздың жұбайы Айша апа екеуміз қазақ тілі мен мәдениетінен сабақ береміз. Богларка есімді бір шәкіртіміз Қазақстанға келіп, қазақ тілімен қоса, қылқобыз тартуды да үйреніп кетті. Болашақта ата-бабаларымыз – қыпшақтардың тілін, тарихын оқытатын мектеп ашу жоспарда бар. Бірақ ойға алған ісімізді жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдау, демеушілік қажет болып тұр.
– Еңбегіңіз бен зерттеп жүрген бағытыңыздан оқырмандар хабардар болды. Енді өмірбаяныңызды айтып берсеңіз?
– 1969 жылы Мажарстан астанасы Будапеште, Дунай өзенінің батыс жағалауында тудым. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, жазғы демалысымды нағашыларымның ауылында, яғни қыпшақтар мекені Кіші Құман жерінде өткізетінмін. Ата-анам фотограф, журналист және кітап сатушы болып жұмыс істеді. Орта мектепті туған қаламда бітірдім. 1989 жылы Америкаға аттанып, IDAHO университетінде Антропология мен музикология бойынша білім алдым. 1993-1995 жылдарда Алматыда Абай атындағы университетте Қазақ тілі мамандығы бойынша оқып, әрі Мажарстанның Қазақстандағы тұңғыш елшісі Торма ағаның тілмашы болып жұмыс істедім. 2000 жылы Будапештегі ELTE университетіндегі Түркітану және моңғолтану мамандығы бойынша магистр атандым. Ал 2006 жылы осы ЖОО-да Лингвистика саласында докторлық дәрежемді қорғадым. 2003 жылдан бері Мажарстан Этнография институтында ғылыми-зерт­теу жүргізіп келемін.
– Түркітану, қыпшақтану салаларында 30 жылдан бері ізденіп, жазып жүрсіз. Қандай еңбектеріңіз жарық көрді?
– Түркітілдес халықтардың, соның ішінде қазақтардың да фольклоры, жырау­лық өнері, дәстүрлі әндері жөнінде көптеген мақала мен кітаптар жаздым. Қазір мажарлар мен ноғайлар арасындағы тарихи және этнографиялық байланыстарды зерттеу үстіндемін. Сонымен бірге Орта Азия мен Сібірді зерттеген мажар ғалымдары мен оларға көмектескен жергілікті азаматтардың өмірбаянын, ғылыми еңбектерін зерделеудемін.
– Қазақ тілін үйрену қиын болған жоқ па?
– Қазақ тілін 1991 жылы Қытайға қарасты Шыңжаңға барып, Текес бойын­дағы қазақтардан үйрене бастадым. Ондағы қазақтар өзге тілдің сөздерін араластырмай, таза сөйлейтін. Кейін 1993 жылы Алматыға барғанда, амалсыз орыс тілін де меңгеруге тура келді. Өйткені, шаһарда өзге ұлт өкілдері түгілі қазақтардың өзі де орысша сөйлейтін. Сондықтан шыдай алмай, қаладан қашып, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы ауылдарға барып, қазақ тілін жетік меңгердім. Негізі, қазақ тілі құлағыма да, бойыма да бірден сіңген сияқты. Қан тартады ғой.
– Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған конференцияларға құрметті қонақ ретінде қатысып, сөз сөйлеп жүрсіз. Ұлт ұстазының шығармашылығымен қашан таныстыңыз?
– Ахмет Байтұрсынұлының есімін алғаш рет Шыңжаң қазақтарынан естідім. Олар әлі күнге дейін Ахаң құрастырған төте жазумен жазады. Мен де осы әліпбиді кириллицадан артық көремін. Кейін Алаш Орда тарихын оқығанда да, Ұлт ұстазының ерен еңбегіне әбден қанықтым. Ахаң – ұлт­тық мәдениет үшін күресіп, тіпті өмірін де құрбан еткен ұлы тұлға.
– Өзге Алаш зиялылары немесе қазақтың басқа ақын-жазушылары туралы не білесіз?
– Мен қазақ көркем әдебиетін өте жақсы көремін. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын» (бұл кітаптар мажар тілінде де жарық көрді), Тахауи Ахтановтың «Боран» романын қызығып оқыдым. Абай Құнанбайұлы және Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқимын.
– Қазір Астанада тұрасыз. Назарбаев университетінде Түркітану саласында дәріс оқисыз. Біздің еліміз, қазақ халқы жайлы қандай пікірдесіз?
– Иә, Назарбаев университетінде, Юлай Шамилоғлы жетекшілік ететін Түркітану бөлімінде ағылшын тілінде сабақ беремін. Көп студентіміздің ата-баба тілін білмей, орысша сөйлейтіні мені қат­ты қынжылтады. Бірақ бәрібір де Қазақ елін, қазақ халқын қатты жақсы көремін. Қазақстан – мен үшін жат өлке, бөтен ел емес. Біздің құман-қыпшақтар, қазақтар, ноғайлар және қарақалпақтар – бір туған, бауыр халықтар. Қазақстанның болашағы жарқын деп ойлаймын. Бірақ ұлттық намысты оятып, қазақы рухты көтеру керек. Бұл бағытта тіл мәселесі өте маңызды. Қазақ балаларының тілі қазақша шығып, қазақша білім алса, ой-санасы қазақы болса, қазақ мәдениеті ары қарай дами береді деп ойлаймын.
– Өмірлік мақсатыңыз қандай?
– Ғұмырлық мұратым – шашырап кеткен қыпшақ тектес жұрттардың салт-дәстүрін, тілін, тарихын зерттеу. Сол ғылыми жұмыстарым арқылы бауырлас қазақ, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, құман-мажар халықтары арасындағы байланысты нығайтып, тереңдеткім келеді.
– Неше тіл білесіз?
– Мен түркі тілдерінен (қазақ, қырғыз, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, татар, өзбек, ұйғыр, құмық, қарашай-балқар, тува, алтай-телеңгіт, хакас, саха) басқа, ағылшын, орыс, моңғол, парсы және жапон тілдерінде сөйлей аламын.
– Оқырмандарымызға қандай тілек айтар едіңіз?
– Егемен, Тәуелсіз Қазақстанымыз мәңгі жасасын деп тілеймін. Өкінішке қарай, қыпшақ тектес халықтар (ноғай, қарақалпақ, құман-қыпшақ, сібір-татар және т.б.) шілдің құмалағындай бытырап, тілімізден, мәдениетімізден айрылып бара жатырмыз. Біздің үмітіміз – Қазақстанда. Егер сіздер қазақ тілін сақтасаңыздар, онда қыпшақ тілі де жойылмайды. Қазақтың рухы көтерілгей, қазақ тілінің мәртебесі көтеріле бергей! Қазақша сөйлемейтін жастардың намысы, рухы оянып, ана тіліне, ата-баба дәстүріне қайтадан оралсын деп тілеймін. Құндылықтарымыздың қадірін білейік.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір