Хал қалай, қазақ поэзиясы?
27.04.2024
413
5

Ассалаумағалейкум, құрметті қаламгер қауым! Поэзия туралы бүгінгі мәслихатымызды бір жеңіл әзілден бастайықшы. Баспада істеп жүрген кезіміз болатын. Баспа басшылығы, ақкөңіл, баламінез, нағыз ақжүрек ақын мінез досымызға: «Сен ертең болатын жиынға бүгінгі поэзия әйтпесе жастар туралы баяндама жаса», – деді. Сонда ол: «Жақсы, жақсы жасаймын. Абайдан бастаймын ғой, ә?» – деп еді. Сол айтқандай қандай мәселе, қандай тақырып ортаға салынғанда оған баға беріп, жетістігі мен кемшілігін айту үшін оның өткені мен бүгінін салыстыру – өмір заңы. Анау, аты әлемге әйгілі неміс ақыны Гетенің өзі де өзін басқа ақындармен салыстыра келе: «Егер Шығыстың атақты жеті ақынының ең нашар жазатынындай жаза алсам, өзімді мықты ақынмын деп есептер едім», – деген екен. Ал есімі әлемге мәшһүр ғалымдардың бірі – физик Исаак Ньютон бір күні пароход палубасында, қолындағы бір кітаппен бетін басып, еңкілдеп жылап отыр дейді. Оның жанына сол кемедегі бір жолаушы келіп: «Сэр, сізге не болған? Неге жылап отырсыз?» – десе, Ньютон үндемей қолындағы кітапты көрсетіп көзінің жасын сүрте беріпті. Сөйтсе, ол кітап Шығыс шайыры – Хафиздің өлеңдері екен. Ал Абай ше? Абай да осы күнгі кейбіреулерше «мен» «мен» демей, өзін басқа мықтылармен қатар атаған жоқ. Сондықтан да ол:
Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
Қожа Хафиз – бұ һәммасы
Мәдет бер иә Шағири Фәрияд, –
деп Шығыстың шынайы шайырларына бас иіп, өзін олармен қатар қоймай, солардан медет сұрайды. Міне, көріп отырсыздар, атағы әлемге мәшһүр, ұлылардың өзі өздерін өзгелермен салыстырып сөйлейді екен. Сол Шығыс поэзиясының үздік үлгілерінің бірі қазақ поэзиясының 2023 жыл мұғдарында дүниеге келген туындыларына хал-қадарымызша пікір айту – бүгінгі мақсатымыз. «Иә, былтырғы шыққан өлең жинақтарының ішіндегі әрбір өлеңді түгін қалдырмай түгел оқып шықтық», – деп күнәһар болар жайымыз жоқ. Бірақ орыстың мақалы бар ғой «теңіздің дәмін тамшысынан біледі» деген.
Қазақтың талантты ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қасымхан Бегмановтың 2023 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Соны соқпақ, қоңыр мұң» атты жыр жинағы мен мемлекеттік тапсырыспен «Мерекенің баспалар үйінен» шыққан «Құланиек, құба таң» атты кітабына әр жылы, негізінен соңғы уақытта жазған жаңа жырлары, толғаулары мен дастандары, поэтикалық драмалары еніпті.
«Құланиек, құба таң» атты жыр жинағына енген «Алашорда аманаты» поэмасында:
…Еске бәрі түсті ме,
Ана жолмен өтпедің.
Көктеп шығар үстіңе,
Басып кеткен шөптерің.

Бәрі бастан өтті ме,
Келеді кез шешетін.
Абайлап бас шөпті де,
Түбі үстіңе өсетін.

Осы жинақтағы тағы бір өлеңінде:

«Кекілінен сипап қойып кекті ұлдың,
Қара қайғы алқымнан ап жеп тындың.
Қара желге қаралы жас кептірдім,
«Оян қазақ»! оянасың қашан» деп,
Дулатұлы Міржақып боп кеп тұрмын», –
деп нағыз ақын ғана айта алатын, бір оқығаннан-ақ санаңда сақталып қалатын шумақтар.

Тап-таза ма ар біздің?
Алуан аңыз тарататын ессіздер.
Мына мен ғой – жалғызбын,
Сіздер – көпсіздер!

Көңілімнің көктемі,
Күзге ұласып септескен.
Ей, дүние, мендей ақын көп пе еді
Жер бетіне кеп-кеткен..?
Ақын дұрыс айтады. Бізде Қасымхан Бегманов секілді өз деңгейінде бағаланбай жүрген ақындар бар. Аз, бірақ бар. Құдай жоқтан сақтасын!
Кезінде қазақтың классиктері Жұмекен, Қадыр, Тұманбайлар, бүгінгі көзі тірі Мұхтар Шаханов Қасымхан Бегмановтың шығармашылығына әр жылдары жоғары баға беріп, арнайы мақала жазғандарын да жақсы білеміз.
Бүгінгі қазақ оқырманына есімі белгілі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов атындағы әдеби сыйлықтардың иегері, ақын Бауыржан Жақыптың 2023 жылы жарық көрген «Қарауылтөбеге» деген өлең кітабына сәл тоқталайық. Жыр әлеміне алғаш адым жасағаннан-ақ қазақ поэзиясына тағы бір талантты ақын келгенін аңғартқан Бауыржан Жақыптың кейінгі жылдары жазған лирикалық жырлары енген екен бұл кітабына.
Өз басым Бауыржанның өлең өлкесіндегі қадамын қырық жылдан астам уақыттан қадағалап келемін. Кезінде қазақ поэзиясында өшпес із қалдырған ақын Жарасқан Әбдірашев «Уақыт және қаламгер» деген жинақтың бетінде жас Бауыржанның өлеңдеріне үлкен баға берген еді. Мына кітабын оқып шығып, Шығыстың оның ішінде қазақтың ұлттық бояуы қанық дәстүрлі поэзиясынан нәр алған жырларына, қазақ назымсөзінің әріне – әр, нәріне – нәр қосқанына риза болдым. Бір айта кетерлігі, ұлы Абайдың туып-өскен топырағын, оның қыстауы мен жайлауын, әсем табиғатын дәл Бауыржандай шынайы әрі кең көсіле жырлаған ақын жоқ та шығар!
Ақ таңда атқан арай бар,
Көк шалғын дерсің көп ойлар,
Абаймен құрдас ақ шилер,
Тоғжанмен құрбы тоғайлар
немесе
Шыңғыстау шырылдаған
шындығым-ай,
Мың бұлақ есіле аққан мың бұрымдай.
Күлкісі сәмбі талдың естіледі
Тоғжанның шолпысының
сыңғырындай, –
деген сияқты жыр шумақтары сол сөзімізге дәлел бола алады.
Осы кітаптағы «Өлеңім», «Оралдың ақ түні», «Тараздың сұлулары», «Суықтөбе суреттері», «Түркімен қарт­тың жанарының ішіндегі өлең», «Парижде өлген белгісіз қазақ туралы реквием»» сияқты жырларын нағыз классикалық, антологиялық өлеңдер деп бағалар едім. Бір ауыз сөз бен айт­қанда Бауыржан Жақып «Қарауылтөбе» жинағы арқылы бүгінгі қазақ назымсөзінің киелі қазынасын тағы бір өте құнды дүниемен толықтыра түсіпті. Құтты болсын!
Былтыр Заида Елғондинованың «Ай және Мен», Бақытжан Раисованың «Ботагөзі төңкерілген дүние», Ғайни Әлімбекқызының «Сен берген гүл», Үміт Битенованың «Ешкімге айтпаған дүние», Ақсұңқар Ақынбабаның «Жанартау» жыр жинақтары жарық көрді. Ал Ақсұңқар Ақынбабаның өзіне ғана тән тұңғиық сырға толы өлеңдеріне жеке бір мақала арнау да артық болмас еді.
Жырсүйер қауымға тәп-тәуір өлеңдерімен біршама таныс боп қалған Алтыншаш Жақиянованың «Самал лебіз» жинағын өзгеше бір ықыласпен қолға алдық. Кітаптың беті «Бір сәттік дүние» деп аталатын ұзақ өлеңмен ашылыпты. Алғашқы алты шумағынан кейін ортасына жұлдызша қойғанымен бұны 19 шумақтан тұратын бір-ақ өлең деуге болады. Әрине, автордың бұл өлеңі осынау бәрімізге ортақ тіршіліктің бір ғана сәтінде болып жатқан алуан-алуан көріністі суреттеу арқылы үлкен бір ой айтып, сәтінде төгіліп түскен дүние емес, айналадан боз бояу іздеп ұзақ отырудың ғана нәтижесі. Сонымен, мұнда боз деген сөз 36 жерде қайталанады екен. Оған да келісейік, бірақ сол боз бояуы түскір өлеңде, әрқайсысы өз орнын тауып тұр ма? Жоқ!
Қараңызшы, «боз қыраттың басында жайылып жатса көп жылқы, бозбаланы жарылқар шыр еткеннен өз жұрты», –дейді, Алтыншаш. Жарайды, көп жылқы жайылып жата берсін. Ал енді бозбаланы бұдан 16-17 жыл бұрын шыр еткеннен бастап жұртының жарылқауына бүгін жайылып жүрген жылқының не қатысы бар? Бұл жерде қандай логикалық, қисындық байланыс бар? Қазақ бозбала дегенде баланың бет-аузының түсін айтқан емес, мейлі қап-қара, мейлі әппақ, мейлі шикіл сары болсын 16-17 жасар өспірімді – бозбала деген. Оның боз түске еш қатысы жоқ. Одан әрі біреу бозбұлақтың басында боз шапан жамылып жүреді, сосын бозторғай боз жусанға барып шырылдайды, бозбұлақтан су алуға да боз келіншек барады. Күздің өзі күрең түсті бола тұра қайдан алғанын қайдам, боз көрпе жамылып алыпты. Сол боз келіншек боз бұлақтан су алып болғасын боз тұманға сіңіп бара жатады. Сосын тағы бір қыз су алу үшін боз тұманға оранып келеді де, сол жерде боз тұманға сіңіп бара жатады. Әдетте, жалындаған жастық шақ, жігіттік шақ басталар алдындағы шақты – қазекем бозбала кезең дейтін еді, Алтыншаш адам өмірінің осы бір ең жайнақ шағын да боп-боз күйге түсіреді. Одан әрі тағы да боз ала таң атып, тағы да боз тұман басады. Сол боз тұманның өзі боз бұлттарға барып жалғасады да, бір боз ауылда боз күрең ат «бастарын» шұлғиды, демек атекеш аттың да кілең боп-боз бірнеше басы болғаны ғой. Күз келіп, гүлдер де, ағаш жапырақтары да, шөп те сарғайып жатқан күзгі шақты сары күз дейтін еді. Алтыншаш күзді де «бозарған күз» деп өзгертіпті. Келесі де көз алдыңда боз аспан, сосын боз қабырға сияқты боз таулар түгел боз көрпе жамылып тұрады да, бір жолаушы бұрын дала көрмегендей боз далаға қарап тұрады. Сосын боз іңір түседі де, боз жаңбыр, жауады. Сосын қаланың боз жарығы, тағы да бозбала. Осылай кете береді. Алтыншаш осылай қыза-қыза келе күздің өзі боз көрпе жамылып, даланың көзінен боз жаңбыр басталады дейді. Атам қазақ қызарып қырдан асып күн батып бара жатқан сәтті «қызыл іңір» дейтін еді ғой. Бұл автор оны да боз іңір депті. Міне, осының бәрі Алтыншаштың бір ғана өлеңінен біз байқаған біраз толып жатқан боп-боз оғаштық. Ол – «жырдан бақытын тапқан әйелмін», «қара өлеңнің қаратабан құлымын» деп өзі айтқандай өлең өлкесінде қалай дегенде де өзінің мінезі бар, жүретін өз жолы бар, ақын. Бірақ ол «Әзірше маған атақ-даңқ қылаң берер түрі жоқ, өйткені мен әзірше жер бетінде тірімін», – дейді. «Ұлы адамдардың есімі олар өлгеннен кейін шығады» деген сөз бар еді. Алтыншаштың «атақ-даңқ ала алмай жүрмін, өйткені, тірімін» деуіне қарағанда ол өзін қазірден-ақ, көзі тірісінде ұлылар қатарына қосып қойғаны ма шынымен деп қалдық. Тамаша ақын Марина Цветаева: «… И моим стихам как драгоценным винам, настанет свой черед», – деген.
Әрине, Алтыншаш Жақиянова деген ақын қыз әлемді мойындатып жатса, һәммә қазақ халқы әлем жұртшылығы алдында бір марқайып қалмай ма?! Әзілдеп болса да бұлай деп отырған себебіміз, әдетте, көбіне-көп ақындарда адуын, өршіл, тіпті әуейілеу мінез жиі ұшырасатын болғанымен ақын өз өлеңінде мұндай ұшқарылыққа бармауға тырысқаны ләзім.
Былтырғы шыққан поэзиялық шығармалардың ішінде Сламхан Сейт­хамзаұлының «Ақ найза», Жақсылық Айтжановтың «Рух. Батырлар, билер хақында» жинақтарынан ұлттық поэзиямыздың өзіне тән үнін, озық болмыс, жаратылысының айқын нышанын көргендей болдым. Сламханның өлең өнерінің қасиет, киесі хақында айта келіп:
Сәби шақта әндетсе бесігімде,
Өлең-арман ержеткен осы күнде.
Өлең – қыз бен жігіттің жеңешесі
Өлең жоқтау айтады өлсек бізге, –
деп өлеңнің мазмұны терең ойға жетелейтін жалғасын оқырманның өзіне қалдыратын тәрізді. Ал Жақсылық Айжановтың осы жинағындағы «Жусанның мұңы» деген өлеңді кешелі-бүгінгі небір қиямет-қайым тарихты басынан өткерген қазақтың сыры мен мұңы деуге әбден болады.
Өлеңдерінде кейде нәзік те сыршылдық, енді бірде болар-болмас жерде өршілдік пен тәкаппарлық, керек десеңіз өзіне деген әжептәуір сенміділігі де көрініп тұратын Толыбай Абылаевтың былтыр жарық көрген «Ақмешіт бекінісі» жинағын қолға алғанда әуелі бұл тек Арал мен Қаратаудың аралығын жайлаған қалың елдің өткені мен бүгіні туралы тарихи тақырыптар ғана шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, Толыбай бұл жинағында да жоғарыда айтқанымыздай өмірдің қуанышы мен ренішін, бірде олай, бірде бұлай алмағайыптығын, қиямпұрыстығын, ғашықтық сезімдерін жырлағанда ара-тұра жүректі селт еткізер шеберліктен де кенде емес шын шайыр екенін айғақтай білген екен.
Иә, назымсөз, яки, поэзия өте кие­лі, ерекше қасиетті жанр екенін бізге шейін талай жайсаңдар айтқан. Оның сол қасиетін білетін адам бір автордың бірнеше өлеңіп оқып, сосын сол өлеңдерге сәл ой жүгіртіп қараса, автордың мінез-құлқын, осынау фәни-жалғанға көзқарасын, сонымен қатар ой-өрісінің, білім-білігінің деңгейін сол бірнеше өлеңінен-ақ көре алады.
Өлең шіркін, өсекші жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей, –
деген қос жол осындайда еске түседі.
Атын-атап, түсін-түстеп жатпай-ақ қояйық, бірақ былтыр жарық көрген жыр жинақтарының ішінде бүгін үзік-үзік мысалдар келтірілген ақындардан басқа да жыр әлеміне еркін еніп, әрқайсысы өз хал-қадарынша жыр жазып, әрқайсысы өз биігіне көтеріліп үлгергендер де бар. Солардың ішінде бұрын да үш-төрт кітап шығарған Мұхтархан Қалиұлының өлең-жыр туралы ой толғаныстарынан оның өз айтпағын талғампаздықпен жеткізуге тырысатынын көрдік. Дегенмен…
Оның бірталай өлеңдеріндегі:
Қырандай биік құзға қонатын,
Шабыты шалқып мұзда жанатын
Ақынның дерті перизат өлең
Перизат өлеңнің іздегені ақын
немесе
Пиғыл, пікірің сөзіңмен өріліп,
Жатса ғой жақсы сезіммен беріліп, –
деген сияқты өте қарабайырлықтарды да онша елей қоймап едік. Бірақ Мұхтарханның «Тәуелсіздік толғауы» деген өлеңін оқып шыққаннан кейін Мұхтарханнан үздіге күткен үмітіміздің ұшынан айрылып қалғандай болдық. Толғау деп аталған бұл ұзақ өлең:
Қазақстаным – нұрлы елім!
Байтағым, шалқар, іргелім!
Атырау, Алтай арасы –
Қазақтың сайын даласы.
Отаным! Ордам бұл – менің! –
деп ықылым заманнан өлеңмен емес қарасөзбен-ақ кез келген мейрам, той думанда екінің бірі айтып келе жатқан, құлағы бар адамның бәрі естіп келе жатқан жаттанды, ұран сөздермен басталады. Содан әрі Қазақстанның, қазақтың ғасырлар бойғы құлдықтан құтылып, 1991 жылы қол жеткізген тәуелсіздікке
де­йі­нгі тағдыры туралы тарихта айтылатын уақиғалар мен есімі елге белгілі тарихи тұлғалардың біразын тізіп шығады, яғни, қазақ тәуелсіз болғанға шейін «жатқа бодан болғанын», Сырым Датұлы, Кенесары, Наурызбай, Исатай, Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Өтеген, Қарасай деген қол бастаған батырлар болғанын, олар Қалмақты қырып қашырғанын, Таулардан әрмен асырғанын, орысқа бодан болғанымызды, арақ ішкенімізді, Голощекин кіші төңкерісін ұйымдастырғанын, айтпақшы Төле би, Қазбек би, Әйтеке би деген билеріміз болғанын, Жүсіпбек, Мағжан, Әлихан, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин деген саңлақтар болғанын тағы «есімізге салып» береді. Сөйтіп «көзімізді ашады да» бүгін:
Бостандық болып ұшпағым,
Дамыды алға құштарым,
Санамда тулап күшті ағын,
Ұшырды бақыт құстарың
Ырысқа толды қыстауым, –
дей келіп, енді «астыққа толды қамбаларым, келіншектеріміз көмір жағуды қойып, тамақты газбен пісіретін болды» дер ме екен деп отырғанда «Жаса сен Қазақстаным» деп тоқтағанына қуанғаннан, «уһ!» – деппіз ғой. Несін жасырайық, сосын апыр-ау тәуелсіздік, бостандық, азаттық, еркіндік деген өте киелі ұғымы бар сөздерді күніге баспасөз беттерінде қарасөзбен әспеттеп айтып жүрген жоқпыз ба?! Оны өлеңмен айту үшін поэзияға тән көркемдік, суреткерлік әрі жүрек тебіреністерін ерекше бір толқынды сезіммен жеткізе білу керек қой. «Егер олай ету қолынан келмесе автор сөз қуалап, ұйқас іздеп, есіл уақытты рәсуа қылып, өзін-өзі соншама қинамай-ақ манадан бері айтып отырғандарының бәрін шағын ғана публицистикалық мақала қып жаза салса қайтеді«, – деп ренжігеніміз тағы да рас.
Иә, достар! Бүгін бізге берілген бірнеше минуттық баяндамада бір жылда жарық көрген жыр жинақтарына түгел тоқталып, әрқайсысына талдау жасап, пікір айтып шығу мүмкін емес екенін білесіздер. Дегенмен, бір ақынымыздың поэзиядағы орнын бір-екі ауыз сөзбен айтып өтпесек болмайды. Өйткені заманауи қазақ поэзиясының ай маңдай бір аруындай болып, өлеңімен де, сырлы сөзімен де, халқының өзінен үлкен творчестволық табыс күтетін үмітінің сағын сындырмай келе жатқан Марфуға Айтхожина апамыздың адам, табиғат, әр түрлі көңіл-күй, махаббат лирикасындағы сыршылдық пен ойшылдық, нені айтса да кіршіксіз пәкизат жүрегімен айтатын ақындық қасиеті туралы осы аз ғана уақытта айтып жатқаннан гөрі оған қазіргі қазақ поэзиясының, таңдаулы тұлғаларының бірі Бауыржан Жақып ақынның Марфуға әпкесі туралы айта келіп: «Ол бүгінде өзі армандаған қыран көтерілген биікке көтеріліп отыр. Елінің аялы алақанында, халқының ыстық ықыласына бөленгені – сол биікке жеткені болар», – дегені айдай анық айтылған анықтама екеніне Марфуға Айтхожинаның «Киік сезім» кітабын оқығанда көзіміз жеткендей болды.
Енді белгіленіп берілген азды-көпті уақыттың аз ғана бір бөлігін бүгінгі поэзиямыздың жалпы жай-күйіне берсек дейміз. Ақиқатын айтар болсақ, қазақ поэзиясы өзінің осы біз бүгін айтып отырғанға шейін көтерілген биігінен әрі асып, керемет көтеріліп кетті деп өтірік айта алмаймыз. Олай деп күнәһар болар жайымыз жоқ. Оған: «әттеген-ай дейсіздер ме, әлде, ойбай, құлдырап кетпесе болар, оған да шүкір», – дейміз бе оны әркімнің патша көңілінің қалауы біледі. Бірақ бүгінгі поэзиямыз Тұманбай, Қадыр, Төлеген, Жұмекендерді, бүгінде көзі тірі Мұхтар Шахановты айтпағанда күні кешегі Жарасқан Әбдіраш пен Кеңшілік Мырзабеков, көзі тірі Зейнолла Тілеужановтар көтерген биіктен әрі аса алмай тұрғаны рас. Жоқ, олай емес біз бармыз дейтін ақындар болса, тіпті, жақсы. Бұлай деуіміздің бірнеше себептері де бар. Оған қазір біздің қаламгерлеріміздің арасында біріне-бірі сын айту, яғни әдеби сынның мүлде жоқтығы, өйтудің орнына бірін-бірі мақтау және поэзияны атақ-даңқ алудың, жүлдегер атанудың, яки, күнкөрістің поэзиясына немесе әртүрлі арнаулар поэзиясына айналдыруы себеп болып отыр.
Иә, тәуелсіздігіміздің кешегі бір 10-20 жыл көлемінде елімізде болып жатқан небір саяси да, әлеуметтік те оғаштықтарды, келеңсіздіктерді көре-тұра көрмеген болып, қол жетпеске қол жеткіздік деп мақтану, оған Елбасымыздың данышпандығы мен көрегендігінің зор септігі тиді деп өлең, поэмалар арнау кең етек жайды. Поэзия мықты ақын деген атақ алудың, лауреат атанудың күнкөрістің поэзиясына айнала бастады. Сол кездері мұндай оғаштыққа не жоғарғы жақтан, не өзіміздің әдеби ортадан тоқтау салып, ескерту айтылған жоқ, қайта ондай шығарма-сымақтардың авторлары сыйлықтан сыйлық, жүлдеден жүлде алып, мықты ақын атанып жатты. Осы орайда, өзімізге сабақ боларлық бір мысал келтіре кетейік. Мына тұрған Ресейде патша заманында да, бүгінгі президент басқарып тұрған тұста да орыс ақындары бізге ұқсап не патшасын, не президентін жер-көкке сыйғызбай мақтап өлең жазған емес. Тек Гавриил Романович Державин ғана Екатерина патшайымға арнап бір мадақнама өлең жазған екен, сол үшін оны орыс ақын-жазушылары мазақ қылып, жүндей түтіпті. Ал бізде Елбасыға өлең, поэмалар арнағандар онысы аз болғандай ауқымды іс-шараларда сахнаға шығып алып Елбасыға жалтақ-жұлтақ қарап қойып, оның атқарған «ұлы істерін» айтып өлең оқитын болды. Бір ақынның «Айбозым менің» деген бір өлең кітабы түгел Елбасына арналған. Сонда ол Елбасыға: «Сен дүниенің қақ төріне жайғасқан хан тәңірі сияқты көрінесің», – дейді. Ол аз болғандай «Сіз келесі президент сайлауына түсуіңіз керек», – дей келіп өлеңін:
­Өзге біреу дәл қазір сайланса егер,
Онда еліңнің басынан бақ тайғаны, –
деп бір-ақ тоқтайды, яғни сайлауда Елбасы тағы да сайланбай қалса, бүкіл ел бақытсыздыққа дұшар болуы мүмкін екен. Енді біреу «Жер бетіндегі тұңғыш қазаққа» деген өлең жазып:
Балбұлақтың көзінің жасы дерсің,
Қаншама есік ашып ғасыр енсін,
Бір сенен басталады, бірінші қазақ
Үш жүздің ұрпағының басы – сенсің, –
деп «қазақтың басы – сенсің, сен – бірінші қазақсың», – дейді. Құдайға шүкір, әдебиетімізге сол жылдары келген мұндай келеңсіздіктер қазір саябырсыды десек те қазір кейбір өлең жазғыштар енді бизнесмен, облыс әкімі сияқты қалталыларды басты кейіпкері қып алу жағдайы әлі де болса ұшырасып тұрады. Бұны неге айтып отырмыз? Өйткені, әдебиеттің қарыштап дамуы сынға тікелей байланысты. Талғамы жоғары сыны жоқ, дәлелсіз, дәйексіз бірін-бірі мақтау әдебиетті құлдыратады. Айта кетейік, бізде сыншы атанып жүргендер жоқ емес. Бірақ солардың сынын – сын дегеннен гөрі бір шығармаға жасалған шолу немесе мақтау ғана десе де болады. Оларда әлгі шығарманың көркемдік, мазмұндық тұрғысындағы кемшілігіне тоқталып сын, ескертпе айтылмайды. Тек мақтау. Осындайда философ Гельвецийдің бе, әлде Жан Бодриардың ба: «мақтап-мақтап бір мемлекетті жоқ қып жіберуге болады», – дегені еске түседі. Сондықтан ақын адам сыннан емес, мақтау, мадақтаудан қорыққаны абзал. Баяғыда Пушкиннің әлде «Борис Годуновы» ма, әлде «Евгений Онегині» ме әйтеуір бір шығармасын біреулер сынға алып, қатты-қатты сөздер айтып жатқанда Пушкин оларға қарсы дау айтудың орнына: «Где нет критики, там нет и литературы», – дегенін оқып едім. Міне, нағыз ақын, нағыз тектілік, нағыз дегдарлық деп осыны айтамыз. Осындай дегдарлықты Жарасқан Әбдірашев пен Кеңшілік Мырзабеков, қазір көзі тірі Зейнолла Тілеужанов сынды поэзия тарландарының бір-біріне бетпе-бет, ашық сын немесе ескертпелер айтқанынан да көргенбіз. Ал бүгін ше? Бір ақын фейсбук желісіне өлең салса, оны танитындары бар, басқалары бар не бір ауыз дәлел, не бір ауыз дерек жоқ бас салып, «керемет», «тамаша», «ғажап» деп шуылдап жазып жатады. Әне бір жылы болған жыл қортындысында марқұм Аманхан Әлім бір-екі ақынның өлеңдеріне сын айтып еді оны соңынан ит қуалағандай қылды. Қазіргі ақын атанып жүрген менің қатарым мен інілерімнің ішінде бір ауыз сын айтсаң талағы тарс айырылатындар жиі ұшырасады. Олар керісінше, поэзия ауылынан алыс кейбіреу­лердің ешқандай дәлел-дәйексіз фейсбукта лепіртіп мақтауларын қуана қабылдап, рахмет айтып жатады.
Иә, Алла Тағала әуел бастан кеудесіне нағыз ақынға тән пәкизат жүрек пен парасат берген адамдар ғана бір ауыз өлеңі арқылы өткеніңді сағынтып, алдағыңды армандатып, бүкіл жан дүниеңді жаулап алады. Мысалы, кешегі Тұманбай ағаның:
Тағы келді ғой, құстар ән салып,
Тұрмын оларды жалғыз қарсы алып,
немесе бүгінгі Мұхтар Шахановтың:
Сездіруге батпадым да, бала махаббатымды,
Терезеңнің жақтауына ойып жаздым атыңды», –
деген бар болғаны екі-ақ жолында айтылмаған сыр қалған ба?! Адам баласына көктеммен бірге келетін әлдебір жаңа жақсылық, жаңа үміт, өмірге деген құштарлықтың күшеюі, былтырғы көктемде келген құстарды сенімін бірге тұрып қарсы алған сүйіктіңнің биыл жаныңда жоқтығынан жалғыз өзің жабырқап тұрсың, ал екінші өлеңде сыртынан ғашық болған сұлуына сыңар ауыз сөз айтуға батылы бармай, терезенің ағаш жақтауына сол қыздың есімін ойып жазып кеткен бозбаланың махаббаты – бәрі осы екі-ақ жолда тұрған жоқ па?!
Әрине, біз бұл жерде бүгінгі қазақ поэзиясы солармен тоқтап қалды дей алмаймыз. Қазір біздің қолымызда Саят Қамшыгер мен Ерғали Бақаштың, Мұратхан Шоқанның соңғы жылда жарық көрген жыр жинақтары бар. Бұл ақындардың қай-қайсысы да – әзірше бүгінгі ұлттық поэзиямыздың көгіне жарқырап шыға қоймаса да қай лириканың қайсы тақырыбына қалай қалам тартса да назымсөздің назы мен сазы, мәні мен сәні арқылы адам сезімін селт еткізбей қоймайтын өресі биік, тебіренісі терең жырларды дүниеге әкеліп жүрген ақындар. Әсіресе, Саят Қамшыгер деген ақынның «Көңіл көкжиегі» жинағына терең ой көзімен қараған кез келген жыр сүйер пенде қазақ поэзиясының көгіне тағы бір жарық жұлдыз көтеріліп келе жатқанына көз жеткізер еді.
Бір өкінішітісі, осы соңғы жылы шыққан жинақтардың ішінде шыны керек сын айтуға да тұрмайтын дүниелер жоқ емес. Әрине, олардың дені дерлік өз қаражаттарына шығарылған, поэзияға қосылған үлес демек түгіл, оның даму деңгейі не күйге түскен деген ойға жетелейтіндері де жоқ емес. Бір екеуінің атын атап айтар болсақ, Айдана Бейсеннің «Айдың салған суреті» және «Махаббат жырлары» деп аталатын жинақтары. Олардың авторлары тіпті, поэзия жанрының да әртүрлілігі бар екенінен, оған қойылар талап түрлері де әртүрлі болатынынан бейхабар екені көрініп тұрады. Олар өлеңде әр сөздің әр ойдың қолданылатын орны болатынын, оның композициясы, желісі, сюжеті, финалы, қорытындысы дегенді де білмейтін сияқты. Тіпті, қорытындысы жоқ, егер қорытындысы бар болса, оған жеткенге шейін шөп те – өлең, шөңге де – өлең қылып өліп-талып шаққа жеткендері байқалып тұрады.
Сөз соңында айтарымыз, қазақ поэзиясы дегеніміз – қазақтың өзі, кешегісі мен бүгінгісі, бүкіл арман-тілегі, мақсат-мүддесі, қуанышы мен реніші, қазақ адамының мынау жарық дүниеге деген бүкіл ризалығы мен наризалығы, қазақ деген кім екенін білгің келсе, «ол мынау», – деп Алланың қазаққа берген мінездемесі, төлқұжаты десек те болады. Ал нағыз ақын не жазса да, қазаққа Алла Тағала берген сол кіршіксіз таза мінездемеге дақ түсірмей, саф күйінде, пәкизат күйінде сақтауды парызым деп білсе дейміз.

 

 

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

ПІКІРЛЕР5
Аноним 28.04.2024 | 11:10

Қазіргі қазақ поэзиясы туралы поэзияның исі мұрнына бармайтын мырзанкенжебайлар айтса жетіскен екенбіз. Поэзия саласы бойынша әдеби жыл қорытындыны жасы 76-дағы, көзі көрмейтін, құлағы естімейтін, әдеби санасы ескі ғасырмен бірге өлген, не ақын емес, не әдебиетші емес, не сыншы емес кісі баласына жасата ма екен.

Аноним 29.04.2024 | 14:04

Армысыңдар, тәбетін оятқандар,
Тонап қаңдар, қазірше «тояттаңдар».
Ел үстінен сан жетпес табыс тауып,
Ұятын ар алдында жоғалтқандар, — деп жырлаған Әділбек Қаба қайда? Талантты ақын, талапты тіл жанашыры еді.

Аноним 29.04.2024 | 15:42

Расында да қайда? Әділбек Қаба — адал азамат, шын тіл жанашыры болатын. Былтыр оны Тіл саясаты комитетінің төрағасы лауазымынан босатты. Тіл саясаты комитетінің ендігі төрағасы — жырынды жемқор Ербол Тілешов.

Аноним 03.05.2024 | 13:09

Басшыларға иіліп, қатардағыларға түйіле сөйлейтін, орайы келсе, көсемсіп, орынсыз шешенсіп жүретін «ғалымсымақ» Ербол Тілешов қой бұл.

Аноним 05.05.2024 | 12:36

Мырзекеңнің кейде артығырақ сілтеп жіберетінін жоққа шығара алмаймыз, бірақ мына баяндамасында дұрыс сынаған жері көп. Мәселен, Алтыншаш Жақиянова деген өлеңшінің бәлдір-батпағын жақсы көрсеткен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір