«ТАУ ҚЫЗЫ ЕДІМ, МҰЗ ҚЫЗЫНА АЙНАЛДЫМ…»
04.11.2024
364
0

Ақсұңқар АҚЫНБАБА

Рух – мәңгі
Шайқалмас тас тұғырым!
Бармын әлі,
Жалғасуда ғұмырым.
Жаңбырлар мен
Дауылдарды аралап,
Келдім қайта,
Жүрмін аман, тірімін…

Екі дүние аралығы – кең екен,
Аты – тәт­ті, дәті – қат­ты
Ел екен!
Аласұрған жаның тыныш табатын,
Аспан да емес, Ай да емес,
Жер екен…

Екі дүние ортасынан не көрдім?
Өмір көрдім, бәрін көрдім…
Тең көрдім!
Болатынын қалай тірі шығуға,
Мен осындай ғадауат­ты меңгердім.

Тоғыз жолдың тоғысы да бар екен,
Топ боп талар соғысы да бар екен!
Өзім де емес, өзге де емес кінәлі,
Барлығына кінәлі – арман, ар екен!

«Қайда жүрсің? – дедіңдер ме?
Ал, сендер?!.
От пен сот­тың ортасында теңселген,
Қайтер еңдер, жалғыз өтіп мына мен,
Көріп келген сол әлемді көрсеңдер?!

«Қалай және тірі шықтың?» – дейсің бе?
Күнге ғашық жүрек оған көнсін бе?
Күн астынан
Шырақ ала оралдым,
Жыр – асудан
Пырақ ала оралдым!

Иә, солай!
Халім осы – дүние!
…Барым да осы,
Жоғым да осы – дүние!
Араладым
Жолымды осы – дүние!
Қара тер мен
Қызыл жастан суырып,
Қолымды ал да,
Қолыңды тос, дүние?
* * *
Амандастық…
Қоштастық… қайта-қайта…
Жалықпадым мен-дағы
Айта-айта.
Қайта өмірге келгендей болған маған,
Тағдырымды қайтадан
Қайталатпа!

Күн Әлемді нұрымен тербетуде,
Ауа ащы иістерді желдетуде.
Жарық Күнді көргім кеп,
Түнектермен
Жағаласып,
Шықтым мен Жер бетіне.

Шықтым!
Шығып келемін!
Қолда, Құдай!
Маған ылғи қатыгез болма,
Құдай?!
Жырлат енді әлемнің жарық жағын,
Тойғанымды жырлатпа сорға ұдай?!

Ұқтым!
Ұғып келемін!
Жасым – удай…
Арылмады даудан бір басым ұдай,
Баса берді үстімнен тасқын ұдай,
Аямаған ақынын ғасырым-ай!
«Сәлем!» – дестік,
«Қош!» – дестік қайта-қайта,
Жалықпадым,
Мен-дағы айта-айта.
Қайта өмірге келгендей болған маған,
Тағдырымды қайтадан
Қайталатпа!
* * *
Жарық дүние!
Жарық екен қайғымнан,
Көзімді ашсам, қалың тұман уайымнан,
О, Жаратқан!
Жарық күннен зарыққан,
Айырма енді?
Айырылмаймын, айырман!
Зеңгір аспан ашылыпты бұлт­тардан,
Тау да босап тұмандардан бұрқанған,
Күннің нұры жеңген кез­де
Көк белден,
Шыңдар анық көрінеді екен ғой.

Өзендердің үңілмей-ақ еніне,
Болады екен тұнықтығын көруге,
Туып жатыр жарық күннің өлеңі,
Тұман кез­де көрінбейтін себебі.

О, жарық күн!
Саған қанша зарықтым!
Жандым қанша жалынында тамұқтың,
Аман шығып, арсы-гүрсі сұрақтан,
Саған келіп жет­тім бүгін жырақтан.

О, жарық күн!
Суытпа енді, жылынам!
Туайыншы қайта сенің нұрыңнан…
Жап-жарық боп жүре­йінші,
Жарқырап,
Күле­йінші, алақайлап, саңқылдап!

…О, жарық күн!
* * *
…Керегің кім?
Кім ол?
Айтшы жүрегім?
Кім екенін,
Неге екенін біле­йін…

Өзім үшін өмір сүріп көре­йін,
Ол бөлесе, мен де баққа бөле­йін.

Айтшы ол кім?
Аты-жөнін, ныспысын?
Ойын, бойын, түр-түсін?

Тани алса, болмысыма сай келсе,
Ашылайын жүрегіңді бер десе!

Керегің не?
Ау, жүрегім, жүрегім?
Керегіммен өмірімді сүре­йін…
* * *

Толғантып жүргенін-ай бір арманның,
Құйғым кеп тереңіне ұлы арнаның.
Халқыма қан мен жасы тамшылаған,
Келіп жүр жүрегімнен жыр арнағым.

Көңілімді жұбатады өнер-анам,
Өмірімді биледі елең-алаң.
Тағдырдың барлық қызық, қасіретін
Құдайым үйіп-төккен неге маған?!

Өнерден өмірімді бөле алмадым,
Тағдырдың соққысына көне алмадым.
Елім бар! Өнерім бар! Берерім бар!
Өлтіре алмас, өлгем жоқ…
Өле алмадым!
* * *
Бәрінен не ауыр, дүниеде?
Сен айтшы, сағыныш?!
Болады сүймеуге, күймеуге,
Болмаса сағыныш…
Мендегі сағыныш тым ауыр,
Айтуға бола ма?
Орнымнан тұрмаспын, тұрармын.
Қайтуға бола ма?
Қараймын жат тауға арбасып,
Бауырыңа тартсаңшы?
Жүремін жат жолмен адасып,
Ауылға қайтсаңшы?
Сөйлесем жетімнің тілімен,
Өгейді іш тартып.
Ұйқаспай тұрсақ та, түрінен
Тұрамын ұқсатып.
Сағыныш кептелген жүректі
Босатсам, болмай ма?
Тұп-тура отыз бір жыл өт­ті
Ел қайда?
Сен қайда? Ол қайда?
Бәрінен не ауыр, дүниеде?
Сен айтшы, сағыныш?!
Болады сүймеуге, күймеуге,
Болмаса сағыныш…
* * *
Мұз қызына
Мұзтау менен құз мекен,
Қатып-семген түсі суық
Түз мекен,
Орай-борай
Қары ұйытқыған далада,
Ащы аязда қатып қалған
Қыз ба екем?..

Таудың мұздай демі болды
Мені өпкен!
Алтай асқан…
Алатаулық жел өпкен…
Мұз бен желдің құшағында құрсалып,
Нәзіктікпен қош айтысқам кенет­тен.
Аппақ боп кеп,
Қара тасқа айналған,
Таппақ боп кеп,
Мәңгі адасып қалған жан,
Бақ таппаған қалың елден,
Жалғызбын,
От боп келіп
Мұз қызына айналған!

Жалғыз едім…
Жалғыз болып қаламын.
Тау қызы едім…
Мұз қызына айналдым!

АЛМАТЫҒА
25 жыл!..
Жырлат­тың,
25 жыл жылат­тың.
Құдайшылық жолымен,
Құзыретіңді сұрат­тың!

Тұғырыма шығарып,
Хан қызындай сыйлат­тың,
Сосын, ащы сынға алып,
Шырқырат­тың қинап мың.

Жыр мен әнге қашаннан,
Екеуміз де жарыппыз.
Тас жазуға қашалған,
Атымызды жазыппыз.

Бірін-бірі ұқпайтын,
Екеуміз де – алыппыз.
Бірін-бірі құптайтын,
Екеуміз де – тарихпыз!
* * *
Далалықпын,
Жан-тәні тауға ғашық,
Күнге қолым жетпеді,
Ай да қашық…
…Қорқау қала қомаға­й,
Тұншықтырып,
Бара жатыр,
Құтылам қайда қашып?

Тұншықтырып барады,
Не қыламын?
Қай тұғырға бас ұрып, шағынамын?
Кім құтқарар
Ит-құстың тырнағынан,
Маңыраған арманның ақ лағын?

БІЗ – ТҮРКІЛЕРМІЗ!

Біз – Түркілерміз!
Тегі – Ғұннан,
Рухы – Сақтан қалған!
Тарих біткен жадында сақтап алған.
Азияны қорғап сан таптаулардан,
Құрлықтарды өшіріп тақталардан,
Еуропаны ысырып карталардан,
Қалаларын егесіп өртеткенбіз,
Ерлігіміз тым кесек болғандықтан,
Өрлігіміз тым асқақ болғандықтан,
Рас, кекті еткенбіз!
Біз –Түркілерміз!
Біз тұрғанда өзгені от деп пе еңіз?
Құла дүзді құлпырта көктеткенбіз,
Түмен-түмен жасақтың жойқын күшін,
Жолбарысша жауларға бет­теткенбіз!
Басымызды бір-бірлеп біріктірсек,
Күллі әлемді бір-бірлеп бағындырып,
Бас игізе алатын бүтін елміз,
Себебі Түркілерміз!
Жердің үстін бір өзі басып-билеп,
Тәңірсінген Римнің десін басып,
Жалауымды Еуропаның қақ төріне
Алып шығып, паш етіп өткен дүр ем…
Оу, Еуропа! Азия!
Қара да тұр!
Түркі әлемі өзінің Ат­тиласын,
Бәрібір табады ақыр,
Дайындала бер, әлем!
Күншығыстан
Күркіреп Күн астынан,
Жалын шаша,
Жаулап алар жойқын күш
Жарқ-жұрқ етіп,
Көк бөрілер елінен келе жатыр!..

Ақын, әнші, «Дарын» Жастар Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, «Жыл Адамы –Алтын Адам» атағының иегері, бірнеше жыр мүшәйраларының жеңімпазы, «Мен – Алтайдан ұшқан Ақсұңқар», «Жанартау» жыр жинақтарының авторы Ақсұңқар Ақынбаба атажұртына оралғанына 30 жыл толуына орай, Қазақ­стан Жазушылар одағының 90 жылдығы қарсаңында «Алтай мен Алатау арасы» ат­ты авторлық ән-жыр шығармашылық кешін өткізбекші. Шығармашылық кеште ақынның жырлары бойынша дайындалған сахналық қойылымдар көрсетіліп, танымал әншілердің орындауында Ақсұңқар Ақынбабаның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалады. Сонымен қатар ақынның жаңа жыр шумақтары мен өзінің орындауындағы жаңа әндер алғаш рет көрерменге жол тартқалы отыр.
Кештің өтетін орны: Құрманғазы атындағы Ұлт­тық халық аспаптар оркестрінің концерт залы. Өтетін мерзімі: 7 қараша 2024 жыл, сағат 17.00. Кіру тегін.
Мекенжайы: Алматы қаласы, Абылайхан даңғылы 83.
Осыған орай, ақынның бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір