ҰЛЫЛАР ҮНДЕСТІГІ (Абай мен Жамбыл)
01.08.2025
232
0

     

Ұлыларды белгілі бір дәуір туғызады. 1845 жылы Шыңғыстауда Абай дүниеге келсе, арада алты-жеті ай өткенде Жамбыл тауының бөктерінде Жамбыл туды. Екеуі қазақ деген ұлы халықтың екі алыбына – поэзиядағы піріне айналды.

       Әрбір ұлы тұлға – өзінше бір әлем, бөлек жаратылыс! Абай мен Жамбыл – есімдері қазақ әдебиеті тарихында алтын әріптермен жазылған ғажайып құбылыс. Бірі – мына әлемдегі алуан толқынды алып мұхит десек, екіншісі – сан түрлі бедер-белгісі бар құрылық секілді. Екеуі де алып та биік, айдынды да айбынды.
Ақын деген әрқашан туу биікте жарқырап шыққан күндей, адамдардың тіршілік пайымын саралап, жақсылығына жаны жадырап рақат­танса, қиянат, қиыс істеріне күйінеді, жүрегі сыздап, қапаланады. Өйткені ол өзі өмір сүрген қоғамнан сырт қала алмайды, қандай суреткер болмасын белгілі бір дәуірдің жемісі.
Ақынды әулие демей көріңіз, кім болса да жетістігі мен кемшілігін дәулеті мен беделіне қарамай ашық айтып тастайды. Қисықты сын тезіне алып, сөзбен тіліп түседі. Бұл білер жанға батырдың бас кесер алмас қылышынан да ауыр.
Абай ақын айтады:
Аяғыңды аңдап бас, ей, Жақсылық,
Өз басыңда жаның бар бір бақсылық.
Борышқорлық адамға қиын нәрсе,
Әрқайда өткізеді мал тапшылық
немесе
Жамантайдың баласы Көжек деген,
Әркімге өсек тасып, безектеген.
Досын келіп досына жамандайды,
Шіркінде ес болсашы сезед деген.
         Осындай бір шумаққа сыйғыза түйреп тастар, өткір де уыт­ты сынды «Күмісбайға», «Дүйсенқұлға», «Рақым шалға», «Назарға» және басқа да өлеңдерінен көреміз.
        Жамбыл ақын да көңіліне ұнамағанын бет-жүзің бар демей, түйреп-түйреп айтып кете берген, ол ауыздан-ауызға көшіп, ел арасына тез тарайды. Бұдан өткен ауыр соққы болар ма? Батырдың гүрзісінен ақынның бір ауыз өлеңі артық деген осы.
Жамбыл ата «Байұзақ молдаға» деген өлеңінде былай дейді:
Отынға екеу кет­ті, бірі – молда,
Мінгені – молдасының шұбар жорға.
Молдасы Сарыекемнің ұрлық қылып,
Құдая, кешіре гөр, өзің тоба?!

«Көкімге» деген өлеңінде:
Бері отыршы Көкімім,
Қандай екен өкімің?
Елді билеп алуға
Қай арадан бекідің.
Әлде бекіп келдің бе?
Арын сатып бетіңнің.
Бір тояйын дедің бе?
Ақысын жеп жетімнің.
Әлде ғаріп көз жасын,
Көре­йін деп бекіндің.
Ашып жауап қайыршы,
Көкім, сенен өтіндім, – дейді.
        «Мәмбетке», «Өлеңші Омарға», «Есен­әлі мешкейге» және басқа да көптеген өлеңдерінен Жәкеңнің жүрек жұтқан өткірлігіне тәнті боламыз. «Иіні келген жерге түйе де шөгеді» демекші, сөз қадірін білгендер өздері келіп, кешірім сұрап, сын тезінен оң шешім қабылдайды. Туа біткен көрсоқырды мола ғана түзетер.
Абай мен Жамбыл жай қаймана қазаққа сын тағып қойса бір сәрі, қолында билігі бар, әмірі күшті, дүмі мықтылармен ашық майданға шығып, келеңсіздіктерді аяусыз әшкерелейді.
Абай Күлембай болысқа былай дейді:
Болыс болдым, мінекей,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, ат­та жал,
Қалмады елге тығындап.
Сүйтсе-дағы елімді,
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап.
Сияз бар десе жүрегім,
Орнықпайды суылдап.
Сыртқыларға сыр бермей,
Құр күлемін жымыңдап.
Ал Жамбылдың Мәңке болысқа айт­қаны:
Жанғойлық болысы пысық келеді,
Мұрындары пұшық келеді.
Екі арадан ептеп жерінде,
Көздерін қысып келеді.
Сөздерін ұзарта келеді,
Өңешін қызарта келеді.
Өнімі азырақ жерде,
Үстіне тұз арта келеді.
Ыңыранып отырып алады,
Әр алуан қырға салады.
Ақыры Құдай жарылқап,
Қалталарын толтырып алады.
       Мәне, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Атақты Сүйінбайдың алты атасынан бері хандық үзілмеген, азуын айға білеген Тезек төрені ықтыруы асыл сөзінде, ақындық киесінде. Ұлы ұстазынан өнеге алған Жамбыл да – бір ғасырға жуық ғұмырында ешкімнен тайсалып көрмеген, сол биік тұғырдан түспей кеткен ақиық ақын.
        Абай мен Жамбылдың бетке шығар қаймақтар дегендердің жағымсыз қылықтарын осылай «сойып» салғанын көріп, басқалар да іш жиып, қалыпқа келеді, жөн-жосыққа көшеді. Ақын өз ортасының көз-құлағы, дуалы аузы деген осы-ақ болар!

* * *

     Екі алып інжу-маржандай кестеленген өлеңдерінде туған жерді, оның көркем табиғатын тебірене сурет­тейді. Тамылжыған туған жер бейнесі көз алдыңа келеді, бір көрсем-ау деп іңкәр боласың. Өзара үндес, елге, жерге ғашық, іңкәр көңіл. Сол өлеңдері арқылы Шыңғыс пен Жидебайды, Құлансаз бен Майтөбені бір көруді аңсап, армандайсыз, ғашық боласыз. Бұл – талант құдіреті!
Жаздыкүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда.
Күркіреп жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда.
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап,
Арасында құлын-тай
Айнала шауып бұлтылдап,
Жоғары-төмен үйрек, қаз
Ұшып тұрса сымпылдап…
       Міне, жаздың ғажап көрінісі, төгілген сурет қаз-қалпында тіріліп кеп көз алдыңа тұра қалады. Абай әдебиет­те табиғат­тың мінезі, жыл мезгілдері келбетінің қайталанбас керемет полотно-галереясын жасап кет­ті.
Жаз келбетін Жәкең былай жырлайды:
Атымды ерт­те, балалар,
Күлімдеп, міне, жаз келді.
Түйе боздап, қой қоздап,
Тізіліп қатар қаз келді.
Жастардың жүзі жайраңдап,
Кең өмірде сайрандап,
Махаббат, мейірім ән мен күй
Ойын-күлкі наз келді.
Тамаша өмір, шат­тық жыр,
Қала, дала, ой мен қыр,
Ерекше жаз – биыл жаз.
Төгілген көктен алтын нұр.
Назданар адам аз ба енді.
… Шағаласы шаңқылдап,
Қаз-үйрегі қаңқылдап,
Көкорай шалғын, орман, көл
Салтанат, шат­тық, сән-сәулет
Аймағым – асқар қорған бел!
Ұқсастық бар ма, бар. Бұл жай үндестік қана емес. Тұлпардың шабысы тұлпардай болады. Қыран биікте шырқайды. Ұлылар ғана осылай жырлай алады.

* * *

       Абай мен Жамбыл шығармаларын қайта бір зерделеп қарап шыққанымда кенен ойлар, философиялық толғамдар, ұлағат болар сом-сом алтын сөздер кеніне кенелдім! Біз бұл ұлыларды қайта-қайта оқуымыз керек, ұрпақтарымызға үзбей оқытып отыруымыз керек. Оқыған сайын ой-өрісің өседі, тереңге бойлайсың, қазынаға кенелесің.
      Данышпан Абайдың ғақлиялық қара сөздері өз алдына бөлек бір әңгіме. Өлеңдерін алып қараңыздаршы, сол заманда да, бүгінге де, болашақ ұрпаққа да өсиет, өнеге.
Жаман адам қазады өзіне ор,
Оған енсең, бір күні боларсың қор.
Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,
Өзі зордың болады ығы да зор.
немесе
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
       Абайдың философиялық ойға тұнған осынау қанат­ты сөздерін әр оқу орнының кіреберісіне іліп қойып, ұлағат­ты тұжырым-пікірлерін жастар санасына сіңіре білсек қой, шіркін!..
       Ғұмыр деген қамшының сабындай қысқа өмірдің парқына жете білейік десек, Абай мен Жамбыл кітаптарын парақтайық, ағайын.
Жамбыл атам былай деп өсиетнама қалдырыпты:
Жігіт­тіктің кезінде,
Жігерлі болса ер болар.
Тұрмаса жігіт сөзінде,
Нәсілі оның кем болар.
Қажырлы болса майданда,
Халыққа сөзі ем болар.
Елі үшін туған ерлердің,
Алды-арты дария кең болар.
Бірлігі кетсе ағайын,
Әркімдерге жем болар.
Білімсіз болса жолдасың,
Қылған қайырың сел болар.
Артықша туған азамат,
Халыққа үлкен бел болар.
немесе
Көп қарға тең болмайды бір сұңқарға,
Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға.
Жақсының әрқашанда жөні бөлек,
Жаман адам жарамас бір қымтарға.
немесе тағы бір өлеңінен үзінді келтірейік:
Қылған қайыр болмаса,
Не әкетесің өмірден?
Дәулетіңнен не пайда,
Таусылмастай көрінген.
Жалғыз мұраң сол болар,
Қол қайырың берілген.
Басқа дүние бірі де,
Көмілмейді кебінмен.
        Осындай қанат­ты, мәтел болар өлең жолдарын оқығанда жаныңа нұр сәуле толады, санаң ашылып, жүрегің тазарады. Күнделікті қым-қуыт тірліктен бір сәт болса да биіктеп, жоғарыдан төмен қарауға, бағамдап-пайымдауға мүмкіндік туады. Ойлы жырлар арқылы жаныңа ізгілікке нұрын құятын осындай ұлылар барына тәубә етесің, шүкіршілік қыласың.

* * *

       Ақын тағдыры қашан да жеңіл болмаған. Мына дүниенің әділетсіздігімен күресе-күресе, әлсізге арашашы болам деп жүріп жүрегі қырық жамау болған ақын өзін аямайды.
     Мына бір ұқсастыққа зер салыңызшы. Абай өзі жанындай жақсы көретін, ерекше үміт күткен сүйікті ұлы Әбдірахман жастай қайтыс болғанда күндей күңіренді, түндей түнерді. Қайғы уытына малынып, аһ ұрды, қасіреті өлең болып ақ қағазға түсті.
Жиырма жеті жасында,
Әбдірахман көз жұмды.
Сәулең болса басыңда,
Кімің көрдің бұл сынды.

Қайғы болдың күйгендей,
Ол қуатым еді рас.
Көзге қамшы тигендей,
Шыр айналды артқа жас, –
деп бірнеше қасіретнама өлеңдер легін жазды.
     Жамбыл да сүйікті ұлы Алғадайды әскерге шығарып салып тұрып, «Әке атына сын келтірме» деп ақ батасын беріп, ат­тандырды. Жамбыл өзінің жанындай жақсы көретін ұлы Алғадайды соғысқа жібермей алып қалуға құдірет-күші жетер еді. Жоқ, «Қош, қош, балам, қош айт­тым, қолымды, міне, шошайт­тым» дейді. Мыңдаған боздақтармен бірге қантөгіс соғыста Алғадай да мерт болды. Мұны естірткенде «Алғадай өлгенше мен өлгенім жөн еді» деп қарт жырау қат­ты қапаланады, бүк түсіп, шөгіп, төсек тартып жатып қалады.
       Ел-жұрт, азамат­тар жиылып, ақын үзіліп кетпес үшін не істейміз деп ақылдаса келе Кененді алдыртады. Кезінде егіз ұлынан айрылып, бірақ тәубешілдік жасағаннан ке­йін артынан ұрпақ ерген Кенен ұлы ұстазына жырмен тоқтау айтады, сабырға шақырды. Сонда ғана Жәкең басын көтеріп, тоқсан жыл серігі болған домбырасын алып көзінен аққан жасы аппақ сақалынан тамшылап, Алғадайын сағынып, зарлап жоқтайды-ай…
Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сарыарқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба?..
       Тәңір жарылқағыр, белгілі жыршы Аяз Бетбаевтың орындауындағы осы жоқтау­ды естісем, ылғи да көзіме ыстық жас келеді. Иә, Құдайым, әкеге баласының өлімін естіртпей-ақ қойсын!
Қазығұрт пен Қаратау,
Тамам тауға пана тау.
Дүниенің қызығы,
Ұл мен қызда болады-ау.
Жасым жүзге кеп еді,
Ақ таяққа сүйеніп, Алғадай-ау,
Сен жыласаң жөн еді…
      Терең тебіреніс, зарлы күрсініс, запыран өкініш!.. Ақын жүрегі – нәзік, тым сезімтал. Тағдыр артқан осындай батпан қайғы екеуіне де егізден қатар келгенін қараңызшы?
     Ардақты Абайдың баласы Әбдірахман Верныйда ауырып жатыр дегенді естіп Жамбыл мен Сәт болыс арнайы барып, көңілін сұрайды. Ке­йін Әбдірахман қайтыс болып, сүйегін еліне алып кетуге келген ағайындарынан Жамбыл Абайға көңіл айтып, мынандай өлең жолдайды:
Сәлем айт барсаң Абайға,
Кеңесі кеткен талайға.
Ауырды жеңген қара жер,
Сабырлы болсын қалайда.
Бір жұтқан судай дүниесін,
Ащысын татып күймесін.
Жапанға біткен бәйтерек,
Жалғызбын деп жүрмесін.
Кемелге келген асыл-ай,
Тасқынды тәңір басуы-ай.
Нар көтерген ауырға,
Арқаны тоссын жасымай!
Ақындардың бір-біріне деген ақжарма көңілі-ай, десеңізші?!

* * *

      Бүгінгі мынау алмағайып заманда жан-жағындағы құбылыстардан басыңды арашалап аман алып шығу үшін де Абай мен Жамбылды қайта-қайта оқып шығу керек шығар-ау деп қалдым. Бүгінгі кейбір қабынған індет, қабарған көңіл, алакүлік жағдайды Абай атамыз өз заманында-ақ айтып қойған және одан қат­ты сақтандырған.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың?!

Ендігі жұрт­тың сөзі ұрлық-қарлық,
Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.
Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ,
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.
     Ел тірегі – бірлік, ынтымақ. Бірақ ұябұзар, басбұзар дегендерің өрмекшідей өріп, жат қылықтарға кейбір жастар бас ұрып бара жатқандай. Бұған қалай қынжылмассың?
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсе қызар жалмауыз.
Сорлы қазақ сол үшін,
Алты бақан ала ауыз.
Өзін-өзі күндейді,
Жақынын жалған міндейді.
Ол арсыздың белгісі,
Ұятсынбай, ойланбай,
Қой дегенге тіл алмай,
Іс қылмай ма ол кісі?
      Қазіргі заман – елдігімізге сын! Абай біздің көлеңке тұсымызды, бойымызда бар кеселімізді тап басып көрсетіп, «қазағым-ау, арылсаңшы енді бұлардан» дейді, сол үшін қиналып, ой түбіне батады.
Жамбыл бабамыздың мына бір өлеңі де жігерімізді жанып, қайрат беретіндей:
Ақын деген бір бұлақ –
Көмілер көзін ашпаса.
Көзін ашар көпшілік,
Сүйсіне тыңдай қоштаса.
Ер қадірін ер баққан,
Ерлер білер деген сөз.
Зер қадірін зер соққан –
Зергер білер деген сөз.
Өмір барда ескірмес
Бағасы құнды асыл сөз.
     Сын үстінде тұрған бүгінгі жаһандану дәуірінде ерлер рухын жанып, жігер берер сәт келді. Еңсені түсіре бермей, ел болып алға тура қарайық. Бір-бірімізге демеу болып, көтерейік, сүйейік. Кертартпа мінезден арылып, үлгілі іске ұмтылайық, ілім-білім, еңбек болсын көздегеніміз. Абай мен Жамбыл осыған үндейді, ұрпақтарына осыны аманат ет­ті.
      В.Белинский «Пушкин туралы жазу – тұтас орыс әдебиеті туралы жазу деген сөз» депті. Біз де Абай мен Жамбыл шығармашылығын бір мақаламен шектеу тіпті мүмкін еместігін ескеріп, тек өзара үндес, сарындас, ұқсас қырларын әңгіме етуді парыз санадық.
      Абай – жазба поэзияның жауһары, Жамбыл – ауыз әдебиетінің асыл кені! Екеуі де әлемдік әдебиет­тің алтын қорынан орын алып, қазақ деген ұғыммен қатар аталатын биікте тұр.

 

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, Қазақ­станның
еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір