Ұлылар мекеніне саяхат
«Ұлылар мекені…» атты ғылыми-танымдық экспедициясы 19-21 маусым аралығында таңсәріден Астана қаласынан шығып, Павлодар облысы Баянауыл ауданы мен Абай облысы Семей-Жидебай бағытымен жүріп, түнделетіп Елордаға кері оралды. Үш күндік әдеби сапар жазғы күн тоқырауына дәл келді. Арасы алты айлық жазғы және қысқы күн тоқырауы астрологиялық құбылыс, оның эзотерикалық астары тылсымға толы. Әсіресе жазғы мезгілде жер өте күшті күн энергиясын алады, космостан таралатын ең қуатты күндерде адамның ішкі күші артады.
Баянауыл
Қазақстан Жазушылар одағы Астана өкілдігінің ұсынысымен Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған экспедиция өлкетану мақсатынан бір бөлек кең байтақ туған жердің рухани әлеміне, елдік құндылықтарына тағзым етуге арналған сапар болып шықты.
Қаламгерлер аллеясына таңғы жеті жарымда жиналғанбыз, жолаушыларды қос ақ мерседес спринтер күтіп тұр екен. Бізді басқарма басшысы Сәкен Зиябекұлы Есіркеп жолға шығарып салды. Жолбасшымыз үш адам – Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, астаналық өкілдік басшысы Дәулеткерей Кәпұлы, «Руханият» басқармасының басшысы Әділ Орынбасарұлы және елорда әкімдігі Тіл басқармасының бас маманы Гаухар Елембаева.
Теп-тегіс трассамен зырлаған қос мерседес Екібастұз қаласына түске таман жетіп, «Измир» кафесінен ас ішкен соң Ескелді мекеніндегі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне тартты. Ғұлама сөз энергиясы кванттық физика заңымен, яғни ғалам тұтасымен толқындық қасиетке ие екенін айқын танып-біліп: «Қазақтың әулиелігі – тілінде», – деп дөп басып айтып кеткен. Мәшһүр Жүсіп – қазақ әдебиетінің мол мұрасын ұрпаққа жеткізген фольклоршы, философ, этнограф, ақын, шежіреші, еліміздің дін ұстаған рухани жебеушісі.
Бұл мәдени жолсапар көзайым кездесулерге толы болғаны заңды құбылыс. Жолдың қасиеті де сонда. Екібастұзда шебер аудармашы, әдебиет білгірі Рауза Мұсабаева тұрады. Неміс тілді әдебиеттен қазіргі заманғы бірқатар атақты авторларды, швецариялық атақты жазушы Франц Холердің роман, әңгімелерін аударған Рауза Мұсабаева 2000 парақтан асатын Goethe-Lexsicon-Гете энциклопедиясын қазақ тіліне аударғысы келеді екен. Меценаттық құбылыс негізінен ұлтты рухани байыта беруге жаралған нақты істің адамдарына қажет екенін біздің ел әзір ескермей жүр, іргелі халықтар қатарында нық тұру үшін мұның маңызы зор екенін аса ойламайды.
Қазақ халқы аруақты, қасиетті адамдарын сүйіп бағалайды. Расында күллі дүние өткенін ардақтамаса қараң қалар еді. Рухани тартылыс күшінің құпия заңдылығы ғаламдық тербелістен туады.
Тіл комитеті мұндай танымдық экспедицияларды ұйымдастырып тұрады. Гаухар Арыстанқызы Ұларбекпен ілгеріде Арқалық-Торғай сапарына бірге барғанын айтты. Ұзақ жолды әдеби сұхбат қысқартады әрі көркейтеді. Әншейінде мұндай мүмкіншілік бола бермейді. Өлең мен қарасөз – поэзия, проза, кинодраматургияға қаламы қатар жүйрік Ұларбек Нұрғалым Абайдың «Адамның кейбір кездері» атты өлеңін жатқа оқып, бұл өлеңнің жаратылысы, өлең қалай туады, соны суреттейтін жыр дегені көкейге қонды. Әдебиет туралы таным-білігін Серікбол Хасан, Серікбай Әбілмәжін, Есбол Нұрахмет ортаға салған, таланттылардың теория сияқты дүниетанымы ұлттық қасиетті аша түсетіні таңқаларлық. Басқа көлікте отырған дарынды жігіттердің көшелі сөзін тыңдау бізге әрине, бұйырмады.
Жидебай
Түнгі сағат он жарымда Семей қаласына жетіп, «Номад» қонақүйіне орналастық. Ертесі жолға шықтық. Күшікбай асуынан, Қасқабұлақтан асып, Ақшоқыға бұрылып, түс кезінде Жидебайға жеттік.
Көне дүниетанымда жазғы күннің ұзақтығы түннен артық шыққанда Күн көк жүзінде жарқырай нұр шашып, барша арман-тілектерді естиді деп сенеді, ең қымбат тілектер орындалады деседі. Әлемдік солярлық мифтерде Күн мен Ай құдай болған кезден қалған ескі наным. Жыл он екі айдағы ең ұзақ күн биыл бір күн ерте, 20-маусымда келді. Сәті түсіп осы күні Абай мен Шәкерімнің басына келгенімізді қарашы. Кеңістік әрқашан аян берген сияқты белгі береді, соны аңғарып, қабылдай білсек болғаны. Желкенді кеме тәрізді ағарып тұрған кешенді кесенеге музейден кейбіреуіміз жаяу жүріп бардық.
«Тал бесіктен жер бесікке» деген сөзді қазақ тегін айтпайды ғой, Абай өлгенде күңіренген інісі Шәкерім: «Ең жақының – қара жер», – деп жазады. Бесік пішіндес мәрмәр тас қойылған зират алты алаш баласы тағзым етіп келетін қасиетті мекенге айналған. Көп жылдар асырып, туған жеріме әр келген сайын инфрақұрылымы жақсарып келе жатқанын байқаймын. Жидебайда жыл сайын халықаралық поэзия фестиваліне айналдыруды қадап айтқан қазақтың үлкен жазушысы Роллан Сейсенбаев болатын. Мұнда ұлы ақынын қастер тұтқан кісі көп келеді екен.
Абайдың дара жазуы, даналық өсиеті өлең шөбі мен тасына, бұлт болып буланатын суына сіңіп қалған Ақшоқы-Жидебай – бүгін мәртебесі артқан жер. «Қараңғы саңырау ойды қайғы жеңген» құсалы кезі аз болмаған Абай мұнда туған халқының келешегін ойлап, бір ұлттың рухын асырған мазмұнды тіршілік кешті. Грузин әлемін терең білетін белгілі журналист Талғат Батырханов бір сөзінде «Абай «Қайран сөзім қор болды, / Тобықтының езіне», «Ел бүлігі тобықты / Көп пысыққа молықты» деп жазғанын қазақ, қазақтың езі деп оқу керек» деп айтқаны бар. Абай өлеңінде бір ғана рудың аты тұрғанымен, иісі қазаққа налып айтқан, ел болсам деген ізгі мұраттан туған сөз.
«Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың»; «Ақиқат сырымды айтсам – Толстойдың / Мың сопыны алмаймын тырнағына» деп Шәкерім қажы пір тұтқан орыстың ұлы жазушысы Лев Николаевич Толстой әулиенің Ясная Поляна усадьбасын көзімен көрген Айжан Тәбәрак қазақ рухының кеніші Жидебайдың алыс-жақын шетелден және өз елімізден келер жолаушыларды биік деңгейде қабылдайтын әлеуеті бар бола тұра сервис жағынан салыстыруға келмейтініне қынжыла сөйледі. Елін сүйетін жастардан оң идеяларды қабылдап алған теріс бола қоймас.
Қаламгерлер ағалы-інілі ақын аруақтарына арнап құран оқып, амфитеатр тәрізді салынған құрылыстың биігінде отырып суретке түстік. Экспедицияны бастан-аяқ дронға, фотокамераға, фотосуретке түсіріп жүрген арнайы топ бар. Ұйымдастыру ісімен Аслан Нұртөлеу айналысты. Операторлар Есбол Қуандық, Думан Мұрат, журналист Думан Мұхаметқали экспедиция туралы деректі фильмге материал түсіріп жүрді. Шәңгерей мұрасын зерттеп жүрген жас фотограф Мейірбек Тажкурановтың Абай кесенесінде жерге жата қалып фотоға түсіргені кәсіби маман екенін көрсетті.
Қайтар жолда Еңлік-Кебек ескерткішіне тоқтадық. «Мұхтардың жастық шағы» атты киносценарий («Таң-Шолпан» журналы. №1.2022. /№2.2022) жариялаған автор болған соң аңызға айналған қос мұңлықпен бірге жас Мұхтарды кейіпкер қылу идеясы 2010 жылы 29-қазанда Еңлік-Кебек моласының басында туған болатын.
Бала Мұхтардың кіндік қаны тамған Бөріліге келгенде ертесінде, 21-інде жетісі өтетін Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтың асыл бейнесі еске оралды. Мұрат ағамен замандас болғанымыз, көзін көріп, сөзін тыңдағанымыз бір ғанибет. Өмір тірілерге қадірлі аруақтарды ұмытпауы үшін де берілген. Мұны қазақ білген. «Абай» журналының бас редакторы, ақын, ертесі қырқы өткен Мұратбек Оспановты еске алдым. Ұзамай қазақтың ғажап әншісі Баян Сағымбаева, үлкен өнерде шынайы бағасын алмаған біздің Баян бақилық болды.
«Ұлылар мекені» – Абай елінің ел мен жер тарихының ерен білгірі Бекен Исабаевтың (1930- 2020) 2001 жылы жарық көрген 620 беттік қалың кітабының атауы. Аса құнды тұлғатану, өлкетану, шежірелік, рулық, этнографиялық деректер Бекен ағаның жазушылық қырын танытты. Семейдің Абай қорық-мұражайында Бекен Исабаевтың қолжазбалары сақтаулы тұр. Әдебиетсүйер қауым аз данамен шыққан бұл кітапты күндіз шаммен іздеп таба алмай жүрді. Ең кереметі, энциклопедияға тән мәліметтері мол мұндай сирек кітапты аттай қалап сұрайтын біреуге бере салуға тағы болмайды, өйткені кері қайтармайды. Қадыр Мырза Әлі ақын айтқан «Жоғалған мысық қайтып оралады, берген кітап ешқашанда» деген
афоризмі бекер туған жоқ.
1917 жылы 20 жастағы Мұхтар Әуезов Ойқұдықта Абайдың бауырына салған немересі Ақылияның ұзатылу тойына сый қылып «Еңлік-Кебек» трагедиясын қойғанда сахна етіп пайдаланған қос киіз үйдің макеті Бөрілі мұражайында тұр. 1936 жылы Темірбек Жүргенов Москваға онкүндікке алып барған сахна декорациясын Мұхаң қазақ үй үлгісімен жасауға ақыл қосқан екен. Бекен ағадан дала мәдениетіне таңсық театр өнері Абай елінен бастау алғанына қатысты дерек алуға барғанымда тереңнен толғап, алыстан орағытып айтатынын көрдім.
Шыңғыстауда туған әдеби нұсқалар ұрпақ сабақтастығына бастайтынына қайранмын. Шәкерімнен «Қалқаман-Мамыр» сюжетін қарызданып, прозалық нұсқасын жазуыма Көкенай батырдың ұрпағы Әнуарбек Исаханұлы түрткі болған еді.
Жидебайдан қалаға оралған соң кешкі ас кафеде жалғасты. Шәкерім университетінің ректоры Думан Орынбеков, Мерей Қарт, Бауыржан Игілік, Дәулет Сметовтер дастарқан басында дидарласты. Семейлік ақындар Астанадан жеткен әріптестерімен бас қосып, мәре-сәре болды. Бауыржан Игілік гитарамен Табылды Досымовтың әнін шырқады.
Абайдың табиғат лирикасында бар «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, /Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деген жолынан аумай қалды. Наурызда көрісу амалы туралы айтқанда этнограф Серік Ерғали жыл келгенде көрісу салты кең байтақ қазақ еліне ортақ болғанын айғақтайтын деректі Абайдың «Жазғытұры» атты өлеңінен тауып алғанын айтқаны бар.
Қазақтың данасы қас жақсыларды кім ұмытсын. Алыс жолға шықса өзін қасына ерте шығатын Ақселеу Сейдімбек пен Рымғали Нұрғали ағаларын, ардақ тұтқан ұстаздарын «Қаракөгімнің тұқымы», «Көкбөрілік киемен тартып туған қанына» деп жоқтау өлеңге қосқан Дәулеткерей Кәпұлы: «Жан бауырың мен боламын – сағынар», – деп өзі жазғандай, қимастықпен айта бергені құлағдар жастардың жадында қалары анық. Дәулеткерей өткен күндерді есіне алып, екі рет «Он бес жасымда осы жолдармен жүріп өтіп, атажұртқа оралғаным есіме түсе берді», – деді. Осы топырақтан шыққан біртуар тұлғалар Медеу Сәрсекеұлы, Ырысхан Мұсаұлы, Мерғали Ибраев, Төкен Ибрагимов, Несіпбек Айтұлындай ағаларының аруағына экспедиция мүшелері құрмет көрсетті.
Кемпірбайдың кеудесінен қош деп ұшқан көгала үйрек теңдесі жоқ поэтикалық бейне болатын. Несіпбек Айтұлының «Сарыала қаз» сөзіне жазылған, ақынның жарық дүниемен қоштасу әнін Мұқағали жырларын әнмен өрнектеп, елге сіңірген әнші-композитор Тұрсынғазы Рахимовтың төл шәкірті, дәстүрлі ән өнерінің өкілі Жасұлан Тәжиев шебер орындады. Дастарқан басы поэзия фестиваліне айналып кетті.
21-маусымда Абай кітапханасына кездесуге келдік. Мұнда жастар пір тұтатын Тыныштықбек ақынмен, Астанадан асыға жеткен Қалқаман Саринмен жүздестік.
Абай облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының «Абай, Шәкәрім тұлғалары сирек басылымдарда» атты баяндаманы кітап қорын сақтау бөлімінің меңгерушісі Жаңылгүл Манжубаева жасады. «Абай облысының мемлекеттік архиві» мекемесінің ғылыми анықтамалық аппарат және құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы Лаура Қадырова «Әкелі-балалы қос тұлға – Шәкерім мен Ахаттың архив қорындағы құжаттары» деген тақырыпта баяндама жасады. Лаура Қадырова Бақанаста тау шатқалында тұрып түскен Шәкерім қажының үшінші фотосуретін архивтен тауып алғаны үлкен сүйініш тудырған. Бұл сурет бір ғасыр бұрын Семей мелиорациялық экспедициясы Шыңғыстауға барғанда 1924-1925 жылдары түсірілген екен.
Дәулеткерей ұстазым деп атаған ақын, әнші, өнертанушы Құсмілия Нұрқасым өткен тарихтан қозғап, алаш арыстарының қызметі туралы айтты.
Дәулеткерей Кәпұлы тарихы 1883 жылдан басталған, Абай есімімен тығыз байланысты, 140 жыл толған Абай кітапханасына ұлттық мәртебе беру туралы ой тастады.
Түс ауа Абай ескерткішінен гүл шоқтарын қойған соң бізді Абай мұражайында мекеме басшысы Ұлан Сағадиев қарсы алды. Абайдың дүниеден өткеніне 120 жыл, соған арналған бас қосуда Абай ауданы мен Семей қаласының құрметті азаматы, белгілі журналист Мұрат Сейсенұлы Алин естеліктерімен бөлісті. Жас әнші Ілияс Абай әндерін орындады.
Мәдени шараларды тұрақты ұйымдастыру – мемлекеттік іс. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына лайықты үкімет қолдауымен мұражай ғимаратын үлкен жөндеуден өткізгені айқын көрінді. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорығы бір-бірінен жүздеген шақырым алшақ жатқан нысандарымен әлемде сирек кездесетін музей болуы ғажап емес. Туған ауылым Құндыздыда Шәкір Әбенов мұражай-үйі және Қарауылда Кәмен Оразалин мұражай-үйі, Бөрілі-Жидебай осы мекеменің бір-бір бөлімі, әр тармағы болып саналады.
Мемлекетті, елдікті, текті аман сақтайтын құдірет руханият арқылы арта түседі. Экспедицияға қатысқан ақындар Серікбай Әбілмәжін «Қолданар әлем менің тілімді», Назгүл Бердіқожа «Ұлтымның тілі ұрандай!» деп жыр жазғанда сөз магиясы ғаламдық айналымға кетті, мен мұны жақсы сөз – жарым ырыс деп шын сеніп қабылдаймын.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА