Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің басқарма төрағасы – ректор: Ұлылар мектебін жаңғыртқан университет
02.12.2024
141
0

– Жансейіт Қансейітұлы, әуелі ұлт сөзін ұстаған үнжария – «Қазақ әдебиеті» газетінің қалың оқырманы атынан жылы қабылдауыңызға ризашылық білдіремін. Өзіңіз басқарып отырған қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университеті – еліміздегі көшбасшы оқу орны. Биыл университет­тің құрылғанына 90 жыл толды. Осы мерзім ішінде ҚазҰУ ұлт тарихының тұтас бөлігіне айналды. Әсіресе ке­йінгі ғасырға жуық уақыт­та қазақтың мәдениеті мен рухания­тының өсіп-өркендеуіне өлшеу­сіз үлес қосты. Қара шаңырақта ұлт­тың ұлы тұлғаларының ізі қалды. Мұхтар Әуезов бастаған үлкен шоғыр ұрпақ тәрбиесімен айналысып, дәріс оқыды. Осы жерде қара шаңырақтың тарихи тәлімгерлері мен бүгінге де­йінгі оқытушылары арасындағы сабақтастық дәстүрі туралы сізбен сұхбатымызды бастасақ…
– Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университеті 90 жылдық тарихында бірнеше даму сатысынан өт­ті. 1934 жылы іргетасы қаланған күннен бүгінге де­йін қалыптасу, жетілу, өркендеу кезеңінен өтіп келеді. Оқу ордасы алғаш ашылғанда физика-математика, биология факультетіне 54 студент қабылданған. Білім мекемесі бірте-бірте ауқымданып, Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға де­йін 14 мамандық бойынша кәсіби маман даярлай бастады. Соғыстан ке­йін университет қайта қанат жайып, жаңа мамандықтар легі көбейді. Қазір 16 факультет­те 25 мыңнан аса студент білім алуда. Осы көрсеткіштің өзінен-ақ ғасырға жуық тарихы бар білім ошағының бүгінгі таңда еңсесі биік, тегеуріні мықты оқу ордасына айналғанын көруге болады.
Бүгінгі күні оқу ордасы жаңа заман талаптарына сай жаңа бағыт­та дамып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азамат­тары, әсіресе жастары мәдениет­ті, жаңашыл әрі жасампаз ұлт­тың ұпайы түгел», – деп атап өткен болатын. Университет осы мақсатқа сәйкес, қалыптасқан академиялық дәстүрлерді жаңашылдықпен ұштастыра отырып, жастарға озық білім мен ұлт­тық тәрбие беруді басты назарда ұстап келеді.
Білім ордасында әр кезеңдерде Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Зейнолла Қабдолов, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Сәрсен Аманжолов, Мәлік Ғабдуллин, Бейсенбай Кенжебаев, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Алтай Аманжолов, Яхия Әубәкіров, Мәулен Балақаев, Әбілфайыз Ыдырысов сынды академик-профессорлар, қазақтың көрнекті тұлғалары дәріс оқыды.
Университет жетістігінің басты көрсеткіші – түлектер. Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, тәжірибелі дипломат­тар, ректорлар, кәсіпкер-меценат­тар, көрнекті қаламгерлер мен білікті ғалымдар бар.
Танымал түлектеріміз әр саланы түлетіп, өз алдына ғылыми және шығармашылық мектептерін қалыптастырды. Ақын-жазушылар Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов, Кемел Тоқаев, Сағат Әшімбаев, Мырзатай Жолдасбековтер әдебиет саласын әлемдік биікке көтерді.
Филология ғылымында Зейнолла Қабдолов, Әбдуәли Қайдар, Тұрсынбек Кәкішев, Алма Қыраубаева, Шора Сарыбаев, Мүсілім Базарбаев, Шериаздан Елеукенов, Рымғали Нұрғали, Бейсенбай Кенжебаевтардың есімі ерекше аталады.
Қазақ журналистикасын – Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, тарих ғылымын Манаш Қозыбаев, Уахит Шәлекенов, Жарас Ибрашев, Кеңес Нұрпейісов, Кемел Ақышев, Оразақ Смағұлов жаңа белеске көтерді.
Философия ғылымында Ағын Қасымжанов, Жабайхан Әбділдин, химия саласында Батырбек Бірімжанов, физика-математика ғылымында Мейірхан Әбділдин, Құлжабай Қасымовтар өзіндік дара жолын салды.
Сұлтан Сартаев, Юрий Басин, Салық Зиманов отандық заң-құқық ғылымының негізін қалап, мектебін қалыптастырды.
Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мемлекет­тік қызметке ҚазҰУ түлектері мен оқытушылары жаппай шақырылды. ҚР Премьер-министрлері Бақытжан Сағынтаев, Әлихан Смайылов, Жоғарғы сот төрағалары Жақып Асанов, Қайрат Мәми, Мұсабек Әлімбеков, Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов, елші-дипломат­тар Қайрат Әбусейітов, Мұхтар Тілеуберді мемлекет қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.
Қазіргі таңда жауапты қызмет атқарып жүрген ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Президент Әкімшілігі Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Мемлекет­тік кеңесші Ерлан Қарин, Президент көмекшісі Ержан Қазыхан, Президент кеңесшілері Бауыржан Омаров, Мәлік Отарбаев, Қазақ­стан Премьер-минис­трінің орынбасары және сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және басқа тұлғалар осы қара шаңырақтан түлеп ұшты.
Білім ордасында 1992 жылы құрылған ҚазҰУ түлектері Қауымдастығы университет дамуында ерекше орын алады. Заң ғылымының докторы, профессор, Парламент Сенатының, Жоғарғы сот­тың, Конституциялық Кеңестің төрағасы, Қазақ­стан Республикасының бас прокуроры қызмет­терін атқарған Қайрат Әбдіразақұлы басқаратын қауымдастық оқу орны мен түлектер арасындағы тығыз байланыстарды үйлестіреді.
– Бүгінгі ҚазҰУ – жаңарған әлемдегі көшбасшы оқу орындары санатындағы ірі білім ордасы. Мұны әлемнің білім беру саласындағы үрдістерді саралап отыратын мәртебелі ұйымдары айтып, бағасын берген. Бүгінгі таңда озық үлгідегі білім беруге қатысты қандай жаңалық болып жатыр?
– Бүгінгі таңда ҚазҰУ QS рейтингінде 163-орында, Қазақ­станның жоғары оқу орындары арасында ғана емес, Орталық Азия мен ТМД елдерінде көшбасшылық позициясын орнықтырды. QS Asia University Rankings бойынша Азиядағы үздік алғашқы 30 жоғары оқу орнының қатарында. 2022 жылы, 25 шілдеде ел Үкіметінің қаулысымен қара шаңыраққа «зерт­теу университеті» мәртебесі берілді. Қазіргі таңда 16 факультет­те 27 мыңнан астам студент оқиды.
Ғылыми зерт­теу жұмыстарын орындаудың жоғары сапасы мен тиімділігін жүзеге асыратын 2495 оқытушы-профессор табысты еңбек етіп жүр. Оның ішінде, Ұлт­тық ғылым академиясының 11 академигі, 7 корреспондент-мүшесі, Жоғары мектеп ғылым академиясының 11 академигі бар. Сондай-ақ 603 ғылым докторы, 736 ғылым кандидаты, 512 PhD жұмыс істейді.
Әрине, мұның бәрі – үлкен ізденіс пен тынымсыз еңбектің арқасында келген көрсеткіштер. Оқытушы-профессорлық құрам биік межеден көріну үшін жыл бойы күні-түні жұмыс істеді. Қазір халықаралық рейтинг агент­тіктерінің ЖОО-ға қойып отырған талабы жоғары, сондықтан үдеден шығу үшін ғалым-ұстаздар қауымы жан аямай жұмыс істеп, ғылыми-зерт­теумен айналысады. Шетелге шығып, тәжірибе алмасады. Дәріс оқиды. Соның нәтижесінде, осындай жоғары жетістікке жетіп отырмыз.
– Осы жерде ұлт­тық университет­тің тек өз елімізде ғана емес, шетелде де танымал оқу орны екенін айтуымыз керек сияқты. Оның бір дәлелі ретінде бірнеше мемлекет­те филиалдарыңыз бар екенін білеміз? Жалпы, халы­қ­аралық байланыстарыңыз қай деңгейде?
– Халықаралық байланыс – оқу орнының маңызды стратегиялық бағыт­тарының бірі. ҚазҰУ Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхиты аймағындағы 650-ден астам жоғары оқу орындарымен және ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста. Білім ордасында 120 мамандық бойынша Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-шығыс Азия, Ресей университет­терімен қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылады. Студент­теріміз Еуропаның жоғары оқу орындарымен қатар, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, тағы да басқа елдердің университет­терінде білімін жетілдіру үстінде. Ке­йінгі жылдары университетке АҚШ, Жапония, Германия, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Нидерланд, Бельгия, Қырғызстан, Словакия елдерінен 250-ге жуық шетелдік студент келіп, білім алды. Жалпы, ҚазҰУ-да әлемнің 54 елінен келген 4 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда.
Университет­тің Стамбулда, Бішкекте филиалдары жұмыс істейді. Атақты МИФИ-дің (Ұлт­тық ядролық зерт­теу университеті, Ресей), сондай-ақ Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің ҚазҰУ-да филиалы ашылып, жастарға озық техникалық білім беріп жатыр. Жақында Омбы мемлекет­тік университеті базасында университет­тің тағы бір филиалы ашылады.
Университет халықаралық байланыс саласында өте қарқынды жұмыс жүргізеді. Мысалы, оқу ордасы соңғы үш жылда білім-ғылым саласын өркендетуге қатысты әлем университет­терімен арада 70-ке жуық меморандумға қол қойды. Осы келісім аясында түрлі іс-шара, басқосу жиындары өтіп тұрады.
– Қазір әлемде «жаңа мамандықтарға оқыту», тіпті «жоқ мамандыққа баулу» деген тіркес жиі қолданылады. Бұл талапқа ұлт­тық университет қаншалықты сай келеді? Мысалы, ке­йінгі жылдар жаңалығы ретінде ҚазҰУ-да медицина факультетінің ашылғанын білеміз…
– Әлемде технология дамыған са­йын жаңа мамандық түрлері пайда болып жатқанын білесіздер. Мысалы, жаһандық климат­тық өзгерістердің әсерінен елімізде су тапшылығы пайда болуы мүмкін. Мамандар осындай болжам жасап отыр. Сын-қатерлердің алдын алу мақсатында оқу ордасында «Су дипломатиясы» мамандығы ашылды. 2015 жылы ашылған медицина және денсаулық сақтау факультеті де елімізге қажет­ті маман-кадрларды даярлап, нарықтағы тапшылықты жоюға жұмыс істеп жатыр. «ҚазҰУ-да медициналық факультет ашылған ба?» деген сұрақты жиі естиміз. Көпшіліктің біле бермейтіні рас, халықаралық университет­терінің озық тәжірибесі негізінде ашылған бұл факультет – әлемдегі медициналық факультет­тер мен медициналық мектептердің қалыптасуы мен дамуының классикалық үлгісі. Гарвард, Кэмбридж, Стэндфорд сияқты озық университет­терде медициналық факультет немесе медициналық мектеп бар. Тіпті клиникалары да жұмыс істейді. Онда молекулалық биология, био және нанотехнология, биоинформатика, биофизика, биомедицина, жасанды интеллект жетістіктерін клиникалық практикаға енгізу мүмкіндігі мол. Бұл өз кезегінде білім алушылардың тәжірибесін жетілдіруге, медицина саласындағы ғылыми идеяларды іске асыруға жол ашады.
Бүгінгі таңда, медицина және денсаулық сақтау факультетінде 4000-нан астам студент, оның ішінде, әлемнің 41 елінен 1310 студент оқиды.
Ғылым, білім беру, медициналық практика мен инновацияның орталығы ретінде, факультет беделді шетелдік университет­термен тығыз қарым-қатынас орнатып, танымал ғалымдарды арнайы дәріс оқытуға шақырады. Үнемі тәжірибе алмасып отырады, атап айт­қанда, Канада, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Швеция, Сербия, Ресей және Литва мемлекет­терінің беделді университет­терінен шақыртылған профессорлар дәріс оқиды және бірлескен ғылыми жобаларға қатысады. Факультет­тің ғалымдары, грант­тық қаржылардыру шеңберінде 10 ғылыми жоба, әлемнің жетекші университет­терімен бірге 4 халықаралық жоба және 4 Erasmus жобасын орындауда.
– Университет тек мәдени-ағартушылық бағыт­тағы мамандық иелерін дайындаушы емес, үлкен ғылыми-зерт­теу ошағына айналған. Қазақ ғылымына қосылған үлес пен жаңашыл ғалымдар тәрбиелеу ісінде алға жылжу бар ма?
– Бүгінгі таңда білім ордасы ғылыми зерт­теу университеті мәртебесіне сәйкес университет­тік ғылымды кешенді дамытуға күш салып жатыр. ҚазҰУ ғалымдары қазіргі сәт­те құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. Биылғы жылы бірқатар зертханалар оқытушылар мен студент­тер игілігіне берілді. Географ-ғалымдарымыз ұтып алған 3,8 млрд теңгенің мегагранты аясында факультет­те «Тұрақты даму және табиғат­ты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы ашылды. Орнықты даму мақсат­тарын іске асыратын 10 инновациялық зертхана ұлт­тық даму жоспарының негізгі көрсеткіштерін толықтай қамтамасыз етуге бағыт­талған. «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы іске қосылды. Жаңа орталық Орталық Азия өңіріндегі климат­тың өзгеруінен болатын су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы, аймақтағы су тасқыны, жер сілкінісі сияқты табиғи қауіп-қатерлерге мониторинг жүргізеді. Химия және химиялық технология факультетінде ашылған заманауи «Farabi Chem Science» тоғыз ғылыми зертхана кластері тұсауын кесті. Мұнда мұнай химиясы саласында тереңдетілген зерт­теулер жүргізіледі.
Отандық медициналық-биологиялық құралдар мен бактерияға қарсы қорғаныш жабындарын алудың оңтайлы әдістері әзірленеді. «Chemical Coating innovations» (Гальваника) ғылыми-өндірістік орталығының гальваникалық қаптамалары машина жасау өндірісін дамытуға септігін тигізеді. Ғылым қызметкерлері күнінде «Фараби» заманауи обсерваториясы пайдаланылуға берілді. Мұнда ғарыш әлеміне қызығушылар деректерді өңдеу, жинау және тарату, қашықтан басқару, фотометрлерді қолдану, ірі телескоптармен жұмыс істеу әдістерін үйренеді. Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы аумағында «5G/5.5G коммуникациялық технологиялар» зертханасы құрылды. Оның ашылу салтанатына Қытай Халық Республикасы мемлекет­тік кеңесі премьерінің орынбасары Лю Гочжун қатысты.
Орталықта телекоммуникациялық байланыс жүйелерінің мамандарын даярлау, жаңа технологияларды меңгеріп, интернет жылдамдығын жетілдіру, 6G желісін енгізу жұмыстары атқарылады. Қазір «Farabi HUB» инновациялық орталығының құрылысы аяқталды. «Farabi Hub» орталығының ауданы 5 мың шаршы метрді құрайды. Хаб креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларды жүзеге асырады.
Мұнда ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорациясы және басқа шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми-зерт­теу институт­тары орналасқан.
Көшбасшы жоғары оқу орнында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің кез­десуінде қол жеткізілген келісім аясында Орталық Азиядағы ең қуат­ты суперкомпьютерлер алынып, құрастырылды. Суперкомпьютердің ең жоғары өнімділігі 1,94 PFLOPS құрайды. Жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақ­стан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекет­тік органдардың түрлі жағдайларын модельдеуге және еліміздің IT-инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Робототехника және робот­тандыру бо­йынша инженерлік компетенция орталығы жаңадан жасақталды.
ҚазҰУ мен Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университеті меморандум шеңберінде 2025 жылы ғарышқа микроспутник ұшырып, ғарышты бақылап, алынған деректер бойынша талдау жұмыстарын жүргізеді.
– Жансейіт Қансейітұлы, осы жерде университет­тің білім берудегі жалпы мүмкіндігі, техникалық базасы туралы сұрақ туатыны заңды. Оқытушылар құрамынан бастап, студент­тердің әлеумет­тік жағдайына де­йін бақылауда ұстап келесіз. Университет қалашығы аумағын көркейту, оқу корпустарын заманға сай жабдықтау да күрделі мәселе. Бұл тұрғыда не айтасыз?
– ҚазҰУ қалашығы секілді үлкен аумақты жайқалта ұстап тұруға көп күш керек екені белгілі. Оқу кампустері, кітапхана, спорт кешені, стадион, «Керемет» студент­терге қызмет көрсету орталығы, әл-Фараби кітапханасы, жатақханалар т.б. ғимарат­тар жетіп-артылады. Жаз айының басында 1986 жылы салынған 3000 орындық стадионды күрделі жөндеуден өткіздік.
Жоғары сападағы, заманауи үлгіде жаңарған стадион УЕФА мен ФИФА ұйым­дарының халықаралық талаптарына сай жасалған. Футбол алаңының жасанды жабындысы мен дренаж жүйесі әлімдегі Топ-3, Орталық Азиядағы Топ-1 талабына сәйкес келеді. Үш мың орындық көрермен трибунасы, киім ауыстыратын бөлме, жуынатын орындар соңғы үлгіде жабдықталған.
ҚазҰУ қалашығында студент­терге жасалған қолайлы жағдайлар жеткілікті. Осыған де­йін оқу корпустарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жатақханалар жаңартылды. Асхана, кофеханалар желісі, баспа және көшірме орталық ашылды. Қазіргі сәт­те ҚазҰУ құрылысының екінші кезеңі жүруде.
Құрылыс жұмысына Мемлекет басшысы үлкен қолдау көрсетіп отыр. Жоспарлы құрылыс аясында Ө.Жолдасбеков атындағы Студент­тер сарайына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұған қосымша, университет құрылысының II кезеңін іске асыру аясында жаңа оқу корпустары мен жатақхананың құрылысы басталды. Аумағы 32 мың шаршы метрді құрайтын жеті қабат­ты 3 оқу корпусында факультет­тер мен ҚазҰУ базасындағы филиалдар орналасады. Жаңа ғимарат­тарда аудиториялар мен дәріс залдары, кітапхана және ғылыми зертханалар, конференц-зал, демалыс және пікірталас орындары орналасатын болады.
Жаңадан бой көтеретін алғашқы үш жатақхананың әрқайсысы 677 орынға, барлығы 2 031 орынға арналған.
Нысанның жалпы аумағы – 25 844,7 мың шаршы метр. Ал ғимарат­ты салуға бөлінген аумақ 1,32 гектарды құрайды. Жатақхана 2025 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Тоғыз қабат­ты ғимарат­та білім алушы жастар үшін оқу залдары, демалыс орындары, асхана, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер қарастырылған. Бұған қоса, келешекте қызметкерлерге арналған тұрғын-жай, инновациялық орталық, спорт­тық-сауықтыру орталығы және т.б. ғимарат­тар жоспары жасалған. Мұның бәрі – бір жылдың шаруа­сы емес, бірте-бірте жүзеге асатын стратегиялық жоспар.
– «Қазақ әдебиеті» газетінің ұлт руханиятындағы орны ерекше. Осыған орай әңгімемізді әдебиет тақырыбына бұрсақ. Университет­те бұрыннан қалыптасқан дәстүр бар еді, әр факультет­те әдеби бірлестіктер жұмыс істеді. Онда жас ақындар балауса өлеңдерін оқитын, қаламгерлер шығармаларын талқыға салатын. Осы дәстүр жалғасып келе ме?
– Әрине. Әдеби бірлестіктер туралы айт­қанда, алдымен, Журналистика факуль­теті мен филология факультеті аузымызға түседі. Руханиятқа жақын болғаннан ке­йін солай болуы да заңдылық шығар. Әйтсе де, біздің университетімізде 16 факультет болса, соның бәрінде әдеби клубтар жұмыс істейді. Біздің математика-механика, физика-техникалық, ақпарат­тық технологиялар факультет­терінде әдебиетке, ұлт­тық музыкаға, жалпы шығармашылыққа қызығатын студент­тер өте көп. Олар орталарына ақын-жазушыларды, әнші-күйшілерді шақырып, шығармашылық кеш өткізеді. Мәселен, басқасын айтпағанда, М. Әуезов атындағы әдеби бірлестік – ҚазҰУ тарихында өзіндік орны бар әдеби ұйымы. Өткен ғасырдан бастау алатын бұл бірлестіктің тарихына үңілсек, оның іргесін сонау 1941 жылы Қазақ мемлекет­тік университетінде ұлы жазушының өзі қалаған екен. Ке­йіннен, 1961 жылы Мұхтар Әуезов қайтыс болғаннан ке­йін, бірлестікке оның есімі берілді. Әдеби бірлестікке кезінде елімізге белгілі әдебиетші ғалымдар 3ейнолла Қабдолов, Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Сұлтанғали Садырбаевтар жетекшілік ет­ті.
Мұхтар Әуезов атындағы әдеби бірлестік қазақ қаламгерлерінің Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетімен үнемі ынтымақтастықта жұмыс атқарады деуге болады. Бірлестік қабырғасында көптеген талант­ты ақындар мен жас жазушылар өздерінің тырнақалды туындыларын алғаш рет ортаға салып, танылған еді. Ке­йіннен олар елімізге белгілі қаламгерге айналып, биіктерден көрінді.
Осылайша, ұлылар мектебін жаңғыртқан университет­те осындай жақсы дәстүр әлі де жалғасын тауып келеді. Университет­тің 90 жылдығы аясында Мұхтар Әуезов атындағы әдеби бірлестік ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерт­теу институты базасында жұмысын қайта жалғастырады.
– Қара шаңырақта «Абай» ғылыми-зерт­теу институты бар. Бұл жаңа буын әдебиет­танушылар дайындауда озық қадам болды. Қазіргі әдебиет теориясын оқыту үдерісі қалай жүріп жатыр екен? Әсіресе ұлы ойшыл, ұлт ақыны Абай шығармаларын зерт­теу, бір жүйеге түсіру соңғы бір ғасыр көлемінде Абайтануға қатысты жарияланған күллі зерт­теу кітаптары мен мақалаларды жинақтап, жарыққа шығару мақсатында үлкен жобалар іске асырылған екен. Сол жайында да бір-екі ауыз сөз айтсаңыз.
– ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерт­теу институты абайтану бағытында ғана емес, жалпы әдебиет­ті ғылыми тұрғыда жан-жақты зерт­теу жұмысын атқарып келеді. Абай ғылыми-зерт­теу институты Қазақ ұлт­тық университетінің Ғылыми кеңесінің шешімімен 2009 жылы құрылған. Институт директорының тізгіні белгілі әдебиет­танушы ғалым Жанғара Дәдебаевтың қолында. Биыл Абай ҒЗИ-дің құрылғанына 15 жыл толып отыр. Ғылыми жұмыс аясы кеңейгендіктен институтқа әл-Фараби кітапханасы ғимаратынан заманауи үлгіде жабдықталған арнайы жұмыс кабинеті берілді.
Бүгінге де­йін Абай ғылыми-зерт­теу институты абайтану саласында ауыз толтырып айтарлық нәтижелерге қол жеткізді. Абайтану тарихы алғаш рет жүйеленіп, «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» ат­ты 50 томдық басылым жарық көрді. Осы 50 томдықтың негізінде жарық көрген «Абайтану антологиясы» ат­ты 10 томдыққа көрнекті абайтанушылардың ең таңдаулы зерт­теулері енді. Абай ғылыми-зерт­теу институты тек абайтану саласында ғана емес, филология ғылымдары, әдебиет­тану және басқа гуманитарлық пәндер саласында ғылыми зерт­теулер жүргізіп келеді. Абай ҒЗИ-дің ресми вебсайтында, сондай-ақ ҚазҰУ кітап­ханасының ресми сайтында ғылыми зерт­теулердің электронды қоры жинақталған. Қызығушылық танытқан оқырмандардың танысуына толық мүмкіндік бар.
Тереңірек, кең ауқымда айтатын болсақ университетіміздің филология факуультетінде кезінде заңғар жазушымыз, әлемдік деңгейдегі классик Мұхтар Әуезов негізін қалап кеткен бес ғылыми мектебі бүгінде өз тұғырында тұр. Олар: абайтану, түркітану, шығыстану, манастану және алаштану мектептері. Ғылыми зерттеудің осынау іргелі бес бағытын ұлы Мұхаң осында ұзақ жылдар ұстаздық еңбек ете жүріп өз қолымен негізін қалап, қабырлғаларын тұрғызып кеткен баға жетпес рухани мұрасы ретінде қабылдаймыз.
– Сөз соңында қойылатын дәстүрлі сұрақ десек те болар: сіздің жалпы шығармашылық адамы екеніңізді, ғалым-зерт­теуші екеніңізді білеміз. Күллі түркі әлеміне танымал түркітанушы, тілші-ғалымсыз. Жақында ғана Түркі академиясы мен Қазақ­стандағы Түрік елшілігі сіздің түркітану және алтайтану бағытындағы іргелі монографияңыздың тұсауын кесті. Осы жаңа зерт­теу еңбегіңіз туралы да айта кетсеңіз? Қолыңыздан қаламыңыз түспесін, болашақта да жаңа зерт­теу еңбектерін күтеміз.
– «Түркі-моңғол лексикалық параллельдерін тарихи-генетикалық тұрғыдан ажыратудың теориялық қағидалары мен критерийлері» ат­ты монографиялық еңбегім ҚазҰУ мен Түркі академиясының ынтымақтастығы аясында жарыққа шықты.
Түркі-моңғол тарихи этнолингвистикалық ықпалдастығы – тіл білімінің ең қызықты, бірақ сонымен бірге күрделі мәселелерінің бірі. Тіл ғалымдарының, тарихшылардың, этнографтардың және т.б. ерекше қызығушылығы болса да, жалпы түркі-моңғол этнолингвистикалық байланысы және оның ішінде, қазақ-моңғол қарым-қатынасы арнайы әдебиет­терде теориялық, сондай-ақ қолданбалы аспектілері де әлі де жеткілікті деңгейде қамтылған жоқ. Бұл мәселенің бір ұшы алтай тілімен ортақтастығының әрі күрделі, әрі шым-шытырық жағдайына келіп тіреледі. Осы жерде бір ескеретіні, зерт­теушілердің алдында алтайтану түйткілдерінің барлық ауытқымаларын түсіну, түркі, моңғол, тұңғыс-манчжур, сондай-ақ басқа да кейбір тілдердің туыс/туыс еместігі туралы қалыптасқан теорияларды анықтау сияқты аса маңызды міндет тұр. Бұл жұмыстың өзектілігі тілдердің тарихи дамуы мен жетіліп байи түсуі салыстырмалы-тарихи зерт­теудің ең серпінді процестердің бірі ретінде өзара тығыз ықпалдастық пен әрекет­тесуге әкелген тілдердің лексикалық процестері жалпы лингвистикалық мәселе екенімен де ерекшеленеді.
Монография алтай тілдеріндегі анлаут ерін дауыссыздарының даулы мәселесін мысалға келтіре отырып, түркі тілдерінің, моңғол-манжур тілдерінің қызметі мен өзара ықпалдастығын сыни тұрғыдан талдауға арналған.
Біз қайта жаңғыртылған материалды негізге алып, алтайтанушы ғалымдардың алтай тілдеріндегі анлаут ерін дауыссыздары проблемасына қатысты қолданыстағы тұжырымдамаларына сыни тұрғыдан шолу жасай отырып, Рамседт-Пеллио фонетикалық Заңына жан-жақты талдау жүргізіп, оның негіздемесінің толық емес әрі қате екенін түсіндірдік, бұл ғылымның осы бағытында бар теориялар мен гипотезаларды қайта бағалау және ке­йіннен зерт­теу қажет­тігін айқындай түседі.
Монографияда ғылыми білімнің әр бағытының өкілдері үшін үлкен ғылыми қызығушылық тудыратын идеялар, тұжырымдар бар, сондықтан ғылыми еңбекті қайта шығару оқу процесіндегі «Жалпы түркітану», «Салыстырмалы және салғастырмалы тіл білімі», «Алтайтану негіздері», «Түркі тілдерінің тарихи процестері» және т.б. сияқты курстарда, сондай-ақ диссертация дайындауда, ғылыми жұмыстар жазуда оның тұжырымдамаларын, ережелерін қолдану мүмкіндігіне байланысты теориялық және қолданбалы мәнге ие.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбат­тасқан
Бауыржан ЖАҚЫП

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір