Қазақтың мұңын мұңдаған
17.06.2016
1466
0

Дидахмет Әшімханұлы атындағы «Саф» жас қаламгерлер бірлестігінің жазушының туған күніне орай өткен кезекті отырысында «Ақшоқы», «Құдайсыздар»,  «Жер аңсаған сарыатан» және «Тасқала» атты шығармаларындағы бүгінгі күн шындығы талқыланды.

Әңгіме жанрының айтулы шебері Дидахмет Әшімханұлына тән ерекшелік – қоғам өзгерістерін тап басып тануы, он­да­ғы құбылыстарды жекелеген адамдардың тағ­дыры мен мінез-құлқы арқылы беруі дер едік. Отырысқа қатысқандар, әсіресе, қа­зіргі елімізде өршіп тұрған мәселелердің бар­лығы дерлік жазушы шығармаларында кө­рініс тапқанын атап айтты. Әлеуметтік әді­летсіздік, басшылардың озбырлығы, сат­­қындық, бірін- бірі алдау, қорлау, — қа­зір­гі күнгі үйреншікті көріністер.
Бүгінгі қазақтың ең зор мәселесі болып тұрған – жер дауының бастауы сонау отар­шылдық кезеңнен тартып, кешегі кеңес­­тік тұста жария да жасырын жүр­гізіл­ген жымысқы саясаттың салдары десек, бұ­ны да жазушы өз туындыларында жеріне жет­кізе айтып кетіпті. «Ақшоқы» мен «Жер аң­саған сарыатандағы» қазақтың туған жер­ге деген құрметі, алыстаған кездегі аң­сары мен сартап сағынышы қазақ үшін кие­лі ұғымға келіп тіреледі. Туған жерден ай­рылу қазақ үшін өмір сүрудің мән-ма­ғы­насынан айрылғанмен тең. Бұған кейіп­кер­лер тағдыры дәлел.
Ал «Құдайсыздарда» бейнеленген бір от­басының өмірі күнделікті тіршілікте жиі кездесетін, жүрекке жүк арта­тын, өкі­ніш­тен өзекті өртейтін жайттар. Өзінен ту­ған балаларына керек емес кейуана, өзім­шілдік, күнкөріс дертіне шалдыққан ұр­пақ – міне, бұның бәрі оқыған сайын ой­дан ой туындатып, санаға салмақ салады. Сол кездегі атеистік жүйенің кесірінен ұр­пақ арасындағы байланыстың әлсіреуі, жан бағу үшін мәжбүрлікпен құдайсыз қо­­ғамға бет бұруы, ана мен бала, ата мен н­е­­­мере арасындағы сабақтастықтың жойылуы сынды кереғар көріністер қа­зақ­т­ың бір дертіне айналған. Осы тұрғыда оты­рысқа қатысқандардың бірі «Дидахмет Әшімханұлы – қазақты Абайша түсінген­дер­дің біреуі» деді. Бұл – жазушының қазақ қо­­ғамының мұңын мұңдап, жоғын жоқтау бағытында еткен еңбегінің бағасы дер едік. Ол әрбір шығармасында қазақ тағдырын тол­ғап, әлеуметтік салмақты ой тастайды. Со­нысымен де Дидахмет Әшімханұлы шы­ғармаларымен оқыр­манның жүрегіне жол тауып, әлеуметтің әділетті  сыншысына айналды. Отырыстан осындай ой түй­дік.

Дина Имамбай.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір