ҚАРЫЗДАРМЫН ТЕК ҚАНА АППАҚ АРЫМА
05.01.2026
158
0

Таңатар ДӘРЕЛОВ

Ұлы Абайдың бейнесі

Мұншалықты болады екен ойлы адам,
Бейнесінен түсті түрлі ой маған.
Даналықты мұра қылып қалдырды,
Жүдей жүріп жүрегі асыл қоймадан.

Ақтарылған алтын сандық кеудесі,
Тағылым ғой, қандай сырлар кеулесін.
Парасат деп айтамыз-ау мән бермей,
Сол парасат тұнып тұрған бейнесі.

Жанарыңда тұрақтаған тағы мұң,
Жазық маңдай ұлы ойдың ағыны.
Зерделей түс, оның нұрлы бейнесі,
Белгісіндей өткен қиын шағының.

Жүзінде әлі таңның нұры, алтын кеш,
Толғанып тұр, ата-дәстүр салтым деп.
Бір қарасаң, қайғы ойлауда қан жұтып,
Қайран менің қамсыз өскен халқым деп.

Сен ұрпағым! Тындыр дейме бір ұлы іс,
Елім десең, таусылмасын жүгіріс.
Деп тұрғандай ұлы бейне ұлтына:
«Өзіңе сен, толы айналаң ібіліс!»

Үңіле түс, күбірлейді сөз жаны,
Қадауменен қиырларға көзді алыс.
Баба бейне деп тұрғаны анық ғой:
«Әркім ойлап кеткен заман өз қамын».

Соны біліп кірер ме екен кейде есі,
Әлі аңғалдық, киілмеген жейдесі.
Ақ сақалы ақсеуелі даланың,
Тым құрыса, таны Абайдың бейнесін.

Адамтану

Көп екен, сыртың жайсаң күлген ішің,
Келгенмен әркім жалғап білген ісін.
Көзге қораш көрінген асыл екен,
Ит екен жоқ дегенім бір кем ісі.

Жасықтау деп жүргенім өткір екен,
Қу сүйек деп аясам тоқ тұр екен.
Саяқтау жүреді деп тон пішкенім,
Ортаны жатсынбайтын көпшіл екен.

Аға деп ардақтасам, жаңылыппын,
Көзге айтпай, тауып елген сан ілікті.
Секемшіл, інілердің қайсы бірі,
Кейін біліп тауаным шағылып тұр.

Көңілі көл дегенім күрмек екен,
Болысып босқа білек түрген екем.
Ер жетіп адамдарды танып білсем,
Көбінде қателесіп жүрген екем.

Бұрын да осы жайлы толғағам ой,
Ойлағам, деп жүріппін, ол-жағам ғой.
Сенгенім сүріндірсе, жығылмасам,
Бір Алла ниетімді қолдаған ғой.

Жаныма жуық деппін күлгені үшін,
Қажет ғып кейде бірге жүргені үшін.
Өздеріңді танудан қателессем,
Адамдар неткен сондай күрделісің.

Ел – аман, жұртым – тыныш, баста – бағым,
Жүрекке салған қайттім басқа дағын.
Қайсың дос, дұшпаным кім, білмейді екем,
Жетпістен жасым әрі асса-дағы.

Мынау әлем қайдан болсын тұрақты

Дүниеге жан бітірген көктемді,
Кім сүймейді шуағы мен өпкенді.
Бірақ одан тауып кейін көп кемдік,
Жайсыз дейміз қара нөсер төккенді.

Ыстығына күйіп-жанып тамыздың,
Ол шындық, терді бойдан ағыздық.
Бірақ ертең қысқы аязда тоңғанда,
Жарқын жазды жиі айтамыз аңыз қып.

Күз сабырлы, молшылық пен ізгі леп,
Күні шығар бұлт арасын сүзгілеп.
Аяқасты ала дауыл тұрғанда,
Қамсыз жүрген бүлдіргенін тізді кеп.

Қыс қызығы басталғанда өктем кеп,
Қар жауады, мұз құрсайды көкпеңбек.
Соққан боран жайсыз тисе шаруаға,
Жұрт тілейді: «Жылдам шыққай
көктем» деп.

Пенде-көңіл бір тиянақ таппайды,
Біреу үнсіз, біреу ауыз жаппайды.
Мінезіміз ауа райы аумаған,
Аз айт, көп айт, бізге ештеңе жақпайды.

Адамдар да, дүниеде өзгергіш,
Жаямыз-ау, өзімізше сезгенді іш.
Жаратылыс заңы ортағы ақиқат,
Болмайды оған мұқалмастан төзген күш,

Көп тыңдашы, ашып қой да құлақты,
Санаңда сан шешілмеген сұрақ тұр.
Тіршіліктің иелері құбылғыш,
Мынау әлем қайдан болсын тұрақты.

Қастерлеумен қарапайым жұмысты

Оңайлықпен кімге қонған бақ құсы,
Қонған болса, көрініп тұр жақсы ісі.
Бірі едім қаршадайдан білгеннің,
Қиындықпен тапқан нанның тәттісін.

Ата-анаға болысуға жарасақ,
Сол екен ғой, үміт еткен болашақ.
Тырбыну мен тырысуға көндігіп,
Толдық деген жоқпыз біздер бола сап.

Кейде шықпай ойынменен құмардан,
Бала болдық үлкен айтса құп алған.
Қасарысып, қайырылмау-бізге жат,
Үміттендік күлетіндей күн алдан.

Сәттер болды қара жұмыс терлеткен,
Айта алмаймын сол шақтарды кем деп мен.
Алақанды ойып еңбек құралы,
Тиын саудық қарапайым еңбектен.

Құлша жексе, мұнда үлкен мән жатты,
Есесіне жүрекке ерте шам жақтық.
Өмір бойы санамызға жазылды,
Еңбегіңмен тауып жеген нан тәтті!

Біз білмедік жымқыруды, басқасын,
Оңайлықпен жолда еш нәрсе жатпасын.
Қай кезде де әзір тұрды екі қол,
Ойламаған жерде түссе басқа сын.

Білмей өстік әрекетті жымысқы,
Кейде ауырлау алсақ дағы тынысты.
Бала күннен қаламадық жеңілді,
Қастерлеумен қарапайым жұмысты.

Шіркін-ай бір…

Кетіп жүрген жандай болып көп есем,
Жамандықтың деймін жолын бөгесем.
Жасын сүртіп жылап жүрген жандардың,
Шіркін-ай бір, қуанышқа бөлесем.

Жүрсем дағы айыр ұстап жуан сап,
Жиі болса маған да ондай туар сәт.
Бұл өмірден жүрген болса түңіліп,
Шіркін-ай бір мен арқылы қуанса!
Көргім келмес қатыгездер аз жолық,
Ұшса көңіл аққу менен қаз болып.
Саусағымен тұрса мені көрсетіп,
Жүдеп жүрген бір балақай мәз болып.

Соның бәрін ойлап кетсем ұйқы алыс,
Бұл өмірде қанша адам жүр қиналып.
Маған байлық біткен болса егерде,
Бір байғұсқа берер едім үй салып.

Бұдан асқан мейірім де жоқ игі,
Кейбір басшы жалаң ұран сөз үйді.
«Харекеттің» болсам шіркін «қорындай»,
Салар едім мешіт емес, көп үйді.

Дейді жұртым мына жалған бес күндік,
Неге онда көп жүрекке кек тұнды.
Шіркін-ай, бір қуанта алсам әлі де,
Сосын кетсем, ренжітпей ешкімді.

Алауыздық әрмен кет

Айтар болсам бауырларға сыр ашып,
Кетсін мәңгі қайғы менен мұң асып.
Әрбір үйдің жарасымды шаттығы,
Жатқай еді, тыныштыққа ұласып.

Ағайынның татулығы ас көпке,
Жеткізгей-ді, керек емес, босқа өкпе.
Марқұм әкем дұрыс айтып кетіпті,
«Тыныштыққа жететұғын бәс жоқ» деп.

Ішкен – ірің, жеген – желім болмағай,
Әрбір қазақ сонда жайлы, сонда бай.
«Елім – аман, жұртым – тыныш» сол тілек,
Жаратушы хақ тағалам қолдағай.

Туған елім, қысастық жоқ, кең де жай,
Демейді ешкім: «Босқа кеткен еңбек-ай».
Жеке дара бар болмай ақ, қояйын,
Барша қандас бай болса егер, мен де бай.

Айналамда сазарғанда көп ұсқын,
Мазам қашып, талай оймен тоғыстым.
Бірлігі үстем елге бақыт қонады,
Қажеті жоқ қанды қырғын соғыстың!

Біреулердің алауыздық баққаны,
Ондайлардың тапқан соры, қап-қалың.
Мәңгі бақи жарасымды қалаумен,
Достық үшін аштық жүрек қақпаны.

Су толысар, ну құралар жайқалып,
Тыныштықты алдыменен айталық.
Сол үшін де алауыздық әрмен кет,
Дүниеден дүрбелең тұр байқалып.

Бүгінгі Каспий

Ренжір ме, десем біреу азған маң,
Мұнай сорып Каспий қойнын қазғаннан.
Солай деген көптің сөзін тыңдаумен,
Не шығады қаралы жыр жазғаннан.

Жоғарыдан тәртіп жетсе орындар,
Қара халық көтеруде сорын бар.
Кеме жүзген қарт Каспийдің төсінде,
Шағалалар қонақтайтын орын бар.

Айтқандардың емес сөзі негізсіз,
Жасырғаннан не тауып ек кемісті.
«Каспий суы тізеліктен келеді»,
Деді бірде үрейленген теңізші.

Сөгем кімді «білмейді деп аяуды»,
Осы жайға қанша жүрек қаяулы.
Теңізші әкем бала күнде ұрысты,
«Қатты неге тастайсың» деп «таяуды».

Қышымаған шығар босқа иегі,
Теңіздің де жәндіктері киелі.
Отырса айтып мұндағылар тып-тыныш,
Жайлы өмірді соншалықты сүйеді.

Тыңдап көрші бітелмеген құлағы,
Содан бері қанша құстар жылады?!
Өрт жалмады тал-терегін, құрағын,
Қанат қақпай дерттілері құлады.

Тентек теңіз көнді басқа салғанға,
Кімнен көмек, жаралы боп қалғанға?
Толқындары төсін теппей күйзелді,
Ренжітті, алданғандар арзанға.

Көзге ыстық бағы қашқан көнем кей,
Кәрі Каспий ағатын-ды бөгелмей.
Суы қашқан сүреңсіздік ұсқыны,
Одан әрі бере ме екен төмендей.

Неге дағы тойынбастың құлқыны,
Жібермейді жатқанымен жұлқынып.
Тамағына тас тығылған адамдай,
Дем тарылып жатыр бүгін қылғынып.

Өзгермейтін тірегім

Ол кез бала, шал боп қалған осы ұлды,
Табанына тікен қадап өсірдің.
Мына дүние тарылғанда жете алсам,
Кеңдікті ұғын, деумен алға көсілдің.

Мен жарасам, сен жарадың құшарға,
Әкем болып, дедің кейде: «Түс алға!»
Қос қанатым қырқылғандай сезінсем,
Талап бердің қайыра бір ұшарға.

Жібермесе, батырардай шын батпақ,
Астыма әкеп сен төседің құмды аппақ.
Көк өзектер көркін жая көрісті,
Өн бойымды жүрген кезде мұң қаптап.

Сен болмасаң, кімге айтамын бұ сырды,
Аспан десем, сендік арман ұшырды.
Өмір бойы місе тұтып келемін,
Өзің берген қанағат пен шүкірді.

Иә, бірақ түскен жанға жарам көп,
Сірә одан сау қалған да адам жоқ.
Именбей ақ, күліп келсем ақтығым,
Ақ жолыңда отың болып жанам көп.

Жас талдармен сен толысқан ізгі орман,
Көктем-талдан бірі менмін күз болған.
Биігіңде мәңгі ұйқыда жатқанмен,
Әкем – жігіт, ал, анашым қыз болған.

Мен үшін сен мәңгі жасыл гүл егін,
Өн бойына ұят құйған түлегің.
Сол ұятты тастап ақыр кете алмай,
Сырқат тапты мынау жұмыр жүрегім.

Бауырыңа тарттың демей, кім едің?
Өгейсісем, өзің сынап, мінедің.
Жанға ыстықтың өзгергенде бәрі де,
Өзгермейтін жалғыз сенсің Тірегім! 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір