Ән салады аппақ нұрға бөккен мынау сырлы әлем
Ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбеков поэзия, проза және публицистика жанрында жемісті еңбек етіп келе жатқан қарымды қаламгер. «Бастау», «Ақ тұма», «Шамшырақ», «Шер шертер», «Бөртостаған», «Сұлутал», «Жандауа» атты жыр жинақтары мен «Сөз бен іс», «Намыс найзағайы» аталатын деректі хикаяттары, көптеген зерттеу еңбектері оқырман қауымның жоғары бағасын алған.
Бүгіндері С. Мұқанов пен Ғ. Мүсірепов әдеби-мемориалды музей кешенінің басшысы қызметін атқарып жүрген әріптесімізді мерейлі 70 жасқа келуімен құттықтап, бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ
* * *
Жүйрік қайда желқанат, жорға қайда,
Тосырқатты
Айналам толған айла…
Менің асыл арманым
Ұқсаушы еді,
Он төртінде нұрланып толған Айға.
Ес білгеннен азап пен арқалап мұң,
Шиырлаппын
Түкпірін шартараптың…
Менің асау арманым –
Жанып-жанып
Көкжиекке құлаған шартабақ Күн.
Ай аунайды аспанда, жыл аунайды,
Тас төбемде
Тырналар тыраулайды
Менің ізгі арманым –
Сиқыр шеңбер,
Жүзігінен некенің бір аумайды.
Болсақ дейміз бақытты, бал ашып та.
Мекеніміз мейірімсіз қалашықта…
Менің асқақ арманым
Жұтылады
Көзіңдегі дөңгелек қарашыққа…
Жоқ секілді арманым, бар секілді.
Еріп жауған кешегі қар секілді…
Менің аппақ арманым –
Шынар емес,
Кеңістікте қалқыған шар секілді!..
КӨКТАЙҒАҚТА
Жөн сұрастық, тоқтай қап,
Көше көк мұз, көктайғақ…
Бұл өмірде көп ғайбат,
Қапылыста құт қонбақ,
Байқаусызда бақ таймақ!..
Оймен өлшеп, екшеңіз,
Көше тұтас көкше мұз.
Ауа қармап құлаймыз,
Көтерілсе өкшеміз…
Көгерсін деп көсегең,
Көлгірсуге не себеп?!
Мына тірлік не тірлік
Мұзға жамбас төсеген?!
Айтсам, адам нанбайды,
Мұз үстінде жан қайғы…
Миымызды шайқадық,
Мұзға соғып маңдайды!..
Мақам төгіп мақпузға,
Масайраған жоқпыз ба?!
Талай адам құлапты
Тайғанақтап көк мұзда…
Түске кіріп сүрі қар,
Мұз ерімес түрі бар…
Жүрегімнің түгі бар
Табанымның бүрі бар!
Өнбес іске құрма дау,
Өкпе артып құр нарау.
Өмір өзі мұз айдын,
Өнер екен сырғанау!
* * *
Көз алдымда қар жауған күн,
Құлағымда мұңды әуен…
Жиі-жиі еске аламын екеуіңді мұнда мен.
Жауған қарды тамашалап сендер бейқам тұрған ең,
Жүрек дертін жаза-тұғын бар
екен ғой бір ғана ем!..
Көз алдымда қар жауған күн,
Құлағымда мұңды әуен…
Ән салады аппақ нұрға бөккен
мынау сырлы әлем,
Әлденеге сендер жаққа мойынымды бұрған ем,
Ақ мұнарға сіңіп бара жаттың сонда екеуің,
Екеуіңді еске аламын
қар жауғанда жылда мен.
Көз алдымда қар жауған күн,
Құлағымда мұңды әуен…
Сол бір күнді ұмыта алман үшеуіміз кездескен,
Сол әсерді суреттеуге жетер емес сөз дестем…
«Бақыт жайлы өлең оқып берші!» – дедің өтініп,
«Бақыт деген – қар жауған күн!» екендігін сезбестен.
Көз алдымда қар жауған күн,
Құлағымда мұңды әуен…
Кенет бізді баурап алған тылсым сырды ұғайық,
Сұлулыққа суықсың деп таға алмайсың түк айып.
Мен қуансам, бүршік жарған махаббатқа қуандым,
Ал сен неге үнсіз қалдың екен сонда мұңайып?!.
Көз алдымда қар жауған күн,
Құлағымда мұңды әуен…
Жиырма бес, қолыңды сен бір көш жерден бұлғап ең.
Бақытсыздау болсам да өзім,
Бақыттың не екенін –
Бұрынырақ сезініп ем, шын мойындап тұрған ем!
Көз алдымда қар жауған күн,
Құлағымда мұңды әуен…
ЗАМАНЫМ
Зар ұқтырған Заманым,
Зарықтырған Заманым!
Тілім менен ділімді,
Таңып-буған Заманым!..
Олай қылған Заманым,
Бұлай қылған Заманым!
Отарлаушы озбырға,
Малай қылған Заманым!..
Шырматылған Заманым,
Шын қапылған Заманым!
Құлдық сана құрдымға,
Шым батырған Заманым!..
* * *
Көңіліме жел еніп, желік кіріп,
Көбелекті көп қудым еліктіріп.
Көп гүлдердің іздедім арасынан,
Көзден ұшып кеткенін көріп тұрып.
Көбелек пе, көңілдің құсы, мейлі,
Қасқа құлын болып та кісінейді…
Бір сиқыр бар, әйтеуір, сайтан алғыр,
Өзімнен басқа ешкім түсінбейді…
* * *
Ащы шындық,
Тәтті өтірік –
Екеуінің тұнбасын,
Қаталап кеп сіміргенмін, сырласым,
Аш өзекке бұл да сын!..
Ал өмірдің көп екен ғой бұрмасы,
Көздің жасы құрғасын.
Арман қалар адыра
Адасып ақ түтекте
Жаның жылап тұрғасын.
Жалғыз аяқ сүрлеуіңді қалса егер құм басып,
Жабығарсың мұң басып,
Бұл – заңдылық, өтсе-дағы мың ғасыр!
Қалай өзен демексің –
қар суының жылғасын…
Қайран, менің құрдасым,
Қайран, Уақыт,
Жастығымды,
Жалынымды,
Жігерімді ұрласын…
Қаны тамып жүректің,
Қара тасқа қашап жазған жыр қалсын:
Ащы шындық,
Тәтті өтірік –
Екеуінің тұнбасы!
…ЖЕТПЕЙ ТҰР ҒОЙ
Уақыт зулап, ұруда барабанын,
Жырақ кетіп, жанымды жараладың…
Маған қазір бір нәрсе жетпей тұр ғой:
«Шайың суып қалды» деп қарағаның…
Ойнатады сәулесін шатырда Күн,
Аспан бұлтсыз, найзағай шатырлады…
Маған қазір бір нәрсе жетпей тұр ғой:
«Шаршадың ғой, демал» деп шақырғаның…
Табан асты келмейді шешімге кім,
Кейбір кезде ұқпасам, кешір мені…
Маған қазір бір нәрсе жетпей тұр ғой:
Айна алдында асықпай шешінгенің…
Мен бағзыдан бүгінге ораламын,
Қайда сенің ақ жібек орамалың…
Маған қазір бір нәрсе жетпей тұр ғой:
Ақ білекті мойныма орағаның…
Сөзбен шектеу қояды сезімге кім,
Өзімсініп құшасың өзің мені…
Маған қазір бір нәрсе жетпей тұр ғой:
Тар төсекте талықсып… көз ілгенің…
Қиял қудым, содан соң ой ауладым,
Қимайтын сен өмірде аяулы әнім…
Маған қазір бір нәрсе жетпей тұр ғой:
Иығымды жастанып оянғаның…
«ТЕРІСКЕЙ». ШӘМШІ. САБЫРХАН…
Кемпіршуақ. Сары күз. Сарыағашта,
Қиял да жоқ қиянға ала қашқан.
Қара ағашқа қонақтап бір топ торғай,
Арыз айтып сайрайды бар Алашқа.
Аспан ашық. Жел де жоқ. Желемік те.
Табиғат бұл жүгінбес төрелікке.
Жалт қараған ару қыз ұқсап кетті,
Жәудір жанар бейкүнә сол елікке…
Әуелеткен ансамбль Шәмші әніне,
Ұмытасың елітіп, шаршадың не?!
Маңып кеткің келеді бұлтқа еріп,
Мағынасыз қол сілтеп барша күнге.
Әнші жігіт басқанда «Теріскейге»,
Әлеуметпен арманын бөліспей ме?!
Теріскей мен күнгейге Қазақ елі,
Түгел сыйып тұр десек, келіспей ме?!
Кәріні де, жасты да ән тербеді,
Ән-теңізде көтеріп желкендерін.
Ақ кемелер жүзгендей, би басталды,
Қыз-бозбала жұптасып көркем, керім.
«Теріскей, айналайын, келбетіңнен…»
Талай жерде отырдым төрде кілең.
Кіндік қаның тамғаннан артық мекен,
Іздесең де таппайсың жер бетінен.
Теріскейден күнгейге самғады ән,
Ән құтқарар тағдырдың қармағынан.
Өлең мен ән өмірдің мағынасы,
Артық нәрсе ал енді бар ма бұдан?!
«Теріскей» ән тым ұзақ қалықтады,
Жұрт та ұйып тыңдаудан жалықпады.
Шәмші қалай сыйғызған осы әнге,
Сағынғанын, сүйгенін, зарыққанын?!
Толқып-толқып басылды ән, ырықты алды,
Қашқан сезім қаншама құрықталды.
Жақын келіп әншіге бір кейуана,
Алғыс-рақмет жаудырып тұрып қалды.
Әлеуметке содан соң бұрылды да:
«Көз жіберсем өткенге, бұрынғыға,
Бәрі кеше болғандай, күні кеше!..» –
Деді де бет сыйпады ырым қыла.
«Шәмшіні көзім көрді, тілдестім де,
Сабырханмен дос болды бір бес күнде.
Солар тірі болғанда осы қазір,
Ортасында жайраңдап жүрмеспін бе?!
Сабырханның жарымын, шырақтарым,
Осы ән болды әлгінде ұнатқаным.
Сарыағаштың суынан шипа іздеп,
Кәріліктің аулына тұрақтадым.
Тұңғиыққа Ай батып, Күн шығады,
«Теріскейді» тыңдап ем, тыншымадым.
Тіпті қазір, байқамай қалыппын ғой,
Тамшы жастың көзімнен ыршығанын.
Еске алдым оларды, бәлкім, жүдеп,
Әннің даңқы барады әр күн үдеп.
Қуанғанын көріп ем екеуінің:
«Халық айта жүретін ән туды!» – деп.
Арқалаумен өтті олар көп тілегін,
Бұл күнге де ғұмырым жетті менің.
«Теріскейде» Шәмші мен Сабырханның,
Махаббаты теңдессіз деп білемін!
Шипалы су тәніңді емдер, бәлкім,
Шын талантты өмірге берген халқым.
Асылдардың соңында ән қалады,
Әкетпейді бақиға теңдеп алтын!»
Ауытқымай әңгіме желісінен,
Жаңылмаған жан екен өрісінен.
«Атыңыз кім, апа?» – деп сұрап біреу,
«Шолпан!» – деді бір адам топ ішінен.
Күз қоймайды алманың піспесіне,
Құлап келе жатыр-ау түс бесінге.
Сабырхан Асановтың бір томдығы,
«Шолпан» деп аталғаны түсті есіме!
«АБАЙ ЖОЛЫ». АУЫЛ. АҚИҚАТ
Мың тоғыз жүз алпысыншы жылдары,
Әуезов деп бүкіл дала жырлады…
Жас пен кәрі сұрап жүріп оқыды –
«Абай жолын» – ойдағы ел, қырдағы.
«Абай жолы» болып сапар басталып,
«Аһ, шіркін!» – деп көздеріне жас та алып,
Ауылдағы тракторшы, сауыншы,
Мұғалімдер оқушы еді жастанып…
Жаңалықтан қалмау үшін кейіндеп,
Өзімізді жүрдік соған бейімдеп…
Құлжатайдан, Ілензат пен Мұраттан
Естігенді тоқып өстік зейінге…
Орта базда төрт-бес-ақ үй көршіміз,
Тату-тәтті бөлінбеген еншіміз…
«Абай жолын» оқушы еді алмасып,
Арасында пошташы боп көрші қыз…
Оқығанын таразылап, талдайтын,
Соған кейде күн мен түнін арнайтын.
Бес кластық білімдері болса да,
Қазақ мұңы десе шеттеп қалмайтын…
Баламыз ғой, біз тыңдадық таласын,
Ажырата алмай ақ пен қарасын…
Ұқтырмақшы болды олар оп-оңай,
Оспан менен Оразбайлар арасын…
«Дәркембайдың дәрмені…» деп бастайды,
«Құнанбайдың пәрмені… деп бастайды.
Бөжей менен Тәкежанды тұқыртып,
Бәрін кейде шетке ысырып тастайды…
Анам сонда түсіндірер ептеп кеп:
«Оқыған жан арманына жетпек!» деп.
«Абай жолын», алдымен, біз тыңдадық –
Ауызшадан – бармай тұрып мектепке!
Ай, сондағы көршілер-ай керемет,
Ауласына ұя салған дегелек.
Ақ тілектер ақ жаңбыр боп себелеп,
Арқа-жарқа сыйласатын, не керек!
Абай сырын тыңдаған жан ұғады,
Абай жырын оқыған жан ұғады.
Ауылдағы қарапайым жандардың,
Айтқандары құлағымда тұр әлі…
Айту оңай анандай деп, мынандай,
Жүйрік қиял шығандайды құландай.
«Жайдақ су» деп айыптаған Абайды,
Қателесіп кеткен дейді Құнанбай?!.
Үлкендерді құрметтейміз, сыйлаймыз,
Ақылынан дән тереміз, жыйнаймыз.
Тоғжан мұңын түсінеміз десек те,
Әйгерімнің әнін тағы қимаймыз…
Қодар менен Қамқа келін «күнәсін»,
Түк түсінбей басың қатып тұрасың.
Көршілер де қызыл шеке дауласар,
Кім айырар өтірік пен ырасын?!
Ауыл ыстық сүйсең де сол, күйсең де,
Айтқаныма бүгін құй сен, құй сенбе.
«Абай неге қазағым деп зарлады?!» –
деп сұрайтын едік ұста Дүйсеннен.
Балалық шақ мереке ғой, ойын көп,
(Ержеткенде білдік енді уайым көп).
«Абай айтқан…» деп бастайтын ақылын,
Совет ағай, Тойғазы мен Тойымбек.
Қарауылға апарады қасқа жол,
Бастамайды бұл ауылға басқа жол…
Суын, шөбін, бұталарын суреттеп,
«Абай жолы» ашқан әлем асқақ ол!
Қарауылда ұрынамыз дауылға,
Жидебайда ұрынамыз жауынға…
«Сорлы Көкбай», Кәкітай мен Ерболды,
Күнде көріп жүргендейміз ауылда.
Біз ержеттік балық аулап, құс аулап,
Қасқа тайды үйретіп ап, тұсаулап…
Жас кездегі Абай, Ербол достығын,
Анам ылғи отыратын мысалдап…
Тұтас шолып алыс-жақын маңайды,
Дал боламыз тағдыр танып талайғы…
Арқамызды дойыр қамшы тілетін,
Оразбайлар сабағанда Абайды!..
Ауылдағы айтқыштар да айтады-ақ,
Аңдасаңыз, ақылыңды байқамақ…
Біз Абайды ұғу үшін, алдымен,
«Абай жолын» оқығанбыз қайталап!
Сәлемдеме – кітап толы қоржын бар,
Махаббат пен ғадауатты жол жырлар.
Ауыл болып «Абай жолын» оқыған,
Енді қайта оралмайды-ау сол жылдар!..
Досқа адал дос көңілін дос ұқты,
Қиял ұштап қырда киік жосыпты…
Күләш тәте ұзатқанда кенжесін,
Жасауына «Абай жолын» қосыпты!
ҚАЛИ. «АНАШЫМНЫҢ АСЫЛ ХАТТАРЫ-АЙ!..»
Алаш ұлын қас-қабақтан танимын,
Бақыты бар, базары бар әр үйдің…
Театрда, алпыс жасқа толғанда,
Мерейтойы өтіп жатты Қалидың.
Қазағымен қойындасқан тілегі,
Қошқарұлы Қалиды жұрт біледі.
Алпыс жасын арқа-жарқа тойлаған,
Алматыда ақжарылқап күн еді.
«Сөз сәулесі» деп атады ол кешін,
Ғұмыр мәнін өнермен жұрт өлшесін.
Өнер шіркін жолатпайды маңына,
Өміріңді арнамасаң бел шешіп.
Данышпандар «Сөз өнері – дерт!» деген,
Өз еркіңмен ойнау шығар өртпенен.
Өнерпаздар өмірінен сыр шертті,
Қошқарұлы Қали сондай сертпенен.
Ағайындар кезіп кетсе базарды,
Ардақ тұтқан ғазал менен гөзалды –
Асанәлі, Ілия мен О.Сәбит –
Сахнада кезек-кезек сөз алды.
Наным, сенім – бір сүйеніш, бір тіреу,
Жазу, сызу – бір серпіліс, бір түлеу.
Жұрт күтпеген тосын сауал тастады,
Кеш тізгінін қолына алған Нұртілеу:
«Бір басыңа жетіп жатыр мәртебең,
Ақындар да арнап жатыр мәрт өлең.
Өкінішің бар ма сенің, Қалеке,
Өмір бақи өзегіңді өртеген?!»
Мадақ, қолпаш, жылы сөзге кенелте,
Жаңа ғана желпіп еді жел ерке…
Бір бүйірден қойған сауал тұтқиыл,
Мерейтойға түсірмес пе көлеңке?!.
Жылдар зулап өткен екен жосылып,
Басына бас, жасына жас қосылып.
Зал тым-тырыс. Қали маңғаз қалпында,
Тұрған-сынды жауап іздеп тосылып…
Сәттер есте сырнайлы да кернейлі,
Адам кейде өзін іштей тергейді…
Бұл өмірде өкінішін көп пенде,
Шыны керек, сыртқа жая бермейді.
«Өкінішім жоқ!» – десе жұрт сенгендей,
Алла өзі бар керегін бергендей.
Немерелер «Ата» десе елжірер,
Бірін артық, ал біреуін кем көрмей.
«Бір өкініш бар ғой менде!..» – дегенде,
Кәрі мен жас құлақ түрді елеңдеп…
Көрермендер көзін күмән шалады,
Көңілдегі көп сауалдар көлеңдеп…
Емес қой бұл ерікеннің ермегі,
«Өкініш бар… Өкінішім зор!» – деді.
Тағы үнсіз тұрды Қали Сәрсенбай,
Жайлап қана басып үміт пернені…
«… Адам, сірә, өкінбейді бекерге,
Көшіп-қонып жүрдік талай пәтерде,
Анам жазған арзу хаттар жоғалды,
Ат басындай алтын оған жетер ме?!
Хаттар еді тұнып тұрған сыр асыл,
Хал-ахуал, қам-қарекет сұрасу…
Ақ жарыла ақылын да айтатын –
Ардақта деп ата-баба мұрасын.
Қызыл-жасыл мереке ғой жас күнің,
Соны ойлап көңілім де пәс бүгін.
Әр хатында құлағыма құятын,
Әспетте деп ата-баба дәстүрін.
Жарыс қуып, бәсеке деп жанықтық,
Заманды да көрдік мынау нарықтық.
Бос іздеме байлық қолдың кірі ғой,
Дос ізде деп жазушы еді жарықтық!
Сол хаттарда жусан иісі даламның,
Ауылды ойлап әлі күнге алаңмын.
Таңсұлуға жеке сәлем жолдайтын:
«Қарны ашып қалмасын, – деп, – баламның!»
Болашақты пенде ылғи болжап па,
Алдымызда тоқсан тарау жол жатқан.
Бір хатында ұрысқаны есімде –
«Жыл толды ғой, келмедің деп, ел жаққа!»
Біз қалаға елден келген елшіміз,
Көне бергіш қиындыққа көншіміз.
Бір хатында: «Жұмыс та жоқ ауылда,
Көшіп кетті,– деп жазған-ды,– көршіміз!»
Айдан ұзақ көрінетін кей күнің,
Жұмыс, жұмыс бітпей-тұғын, бейтыным.
Біз ауылдың құрт пен майын сағынсақ,
Анам ылғи «шай салыңдар!» – дей-тұғын.
Ұрпақ өсті керегені кеңейтіп,
Кедергі аз жолымызды бөгейтін.
Уайымдап қалады деп ойлай ма,
Хаттарында «біз қартайдық!» демейтін.
Аңсар ауыл, құт қонысты мекендеп,
Әкем жұртты бөлмеуші еді бөтен деп.
Анам хатпен ақ тілегін жазатын:
«Ел іргесі аман болса екен!» – деп.
Көктемдегі көк өзендей тасыдық,
Ғұмыр кештік ылғи алға асығып…
Анашымның жазған асыл хаттары-ай,
Қай бұрышта қалды екен шашылып!?.
Өкінішім осы менің бітпеген,
Ойым еді сыр ғып айтар діттеген.
«Анаңыздың хатын тауып алдық!» – деп,
Бір жолаушы келетіндей күтпеген…»
Шаршағандай болып кейде жолсоқты,
Танытамыз кей лебізге селсоқтық…
Мына сөзге шын толқыды тыңдаған,
Залдағылар ұзағынан қол соқты!..
Өзге мұңын өз мұңына теліген,
Жас перілер жазармандар елінен:
«Өкініші зор адам!» деп жалаулап,
Жазып жатты әлеуметтік желіде!..
ҮШЕУІҢ-АЙ!..
Дарияның көрдік терең, тайызын да,
Дастан тыңдап қанады айызың да…
Сапарлас болдым бірде үш арумен
«Түркістан – Алматы» пойызында.
Етене болған кез ғой той қауымға,
Тойсыз күн жоқ қазақта, байқадың ба…
Үшеуінің біреуі жүлде алыпты,
Елге мәшһүр өнердің байқауында.
…Кәріні көзге ілмейтін «ізет» шығып,
Желек жайды бойларын түзеп шыбық.
Жетісулық үш ару
Купемізге
Қалдырып кетті мені «күзетші» ғып…
«Қатырдық!» деп бұл шалды ойлап қайтты,
Әңгіме ғып ине-жіп, оймақты айтты.
Кәрі шал деп қоспады қатарына,
Өздері жүлде жуып, тойлап қайтты…
Сен қалайша жастарға теңсің деді,
Сазайыңды кемпірің берсін деді.
Жүлдегер ем бәйге алған сан жарыста,
Жетісулық үш ару менсінбеді…
Аламанда топ жарып озсаң-дағы,
Әр өнердің болады өз салмағы.
Апыр-ай, қадірімнің қашқаны ма,
Жетісулық үш ару көз салмады…
Жаны құштар жан едім нәзік үнге,
Ғұмырдың көбі кімде, азы кімде…
«Кәрісің» деп ұрардай қақ маңдайдан,
Айтыңдаршы, ал менің жазығым не?!
Қарт отырса төріңде жарасар-ды,
Асқақ көңіл қалайша аласарды…
Жетісулық үш ару жүлде жуып,
Қылықтары жаныма жара салды.
Олар жоқта купеде өлең қамап,
Осы жырды жазғанмын көбеңқабақ.
«Ағай бізді мақтамен бауыздады!» –
деді бірі қипақтап, төмен қарап…
Ойқамаққа осындай түсем ұдай,
Қайран жастық, бір қызық түс едің-ай!
Үш шумақ арнау өлең жазар ем ғой,
Шерімді қозғап кеткен үшеуің-ай!
Үшеуінен көңілім қайтып қалды,
Салтымызға сәйкеспес жайт ұққам-ды.
«Ағайды ала барайық деп едім ғой!» –
деп кішісі үшеудің айтып қалды…
Мен несіне ойсоқты әуреленем,
Басымнан көшкені ме дәурен-өлең.
Сол үшеуін ұмыта алмай қойдым,
Аттары – Ардақ, Арда, Сәуле деген…