Мен – гүл едім, күлтесі – аппақ, көзім – нұр
12.07.2024
94
0

Бақытгүл БАБАШ

Мұнар таудың басында
манаураған Ай ма екен?
Бір көрінсе болмай ма
бізге бақыт? Қайда екен?
Жанарыма – жұмыр жер,
құшағыма – мына әлем,
Сыйып кетер мейірлі
құс-көңілдің сыңары ем.
Қайырылған қанаты
қыранға енді не дейсің?
Қу дүние, әйтеуір
қайырымға кедейсің.
Мұнар таудың басында
мамыр ма екен, маусым ба?
Жүрегіме түскен жүк
төзімімді тауысуда.
Тамның бәрін қосым деп
кімге ұйыпты күпір ой?
Жанның бәрін досым деп
бір Биіктік күт­тім ғой!
Құз басынан құлаған
қызды көрсең – мен шығар.
Жапан түзде жылаған
Күзді көрсең – мен шығар…
..Бір Бақыт­ты аңсаған
тағдырыма тайғанақ,
Мұнар таудың басынан
манаурайды Ай қарап.

* * *
Дертіңе қалай төземін?
Сенсіз де сынық қанатым.
Адасқан мен бір сөз едім –
Тәңірім ғана табатын.
Жазмышым жұмбақ жасырған,
жауабын мен де ұмыт­тым.
Жаураған мұздай ғасырдан
жанымды неге жылыт­тың?

Жылыт­тың неге жанымды,
өртеніп кетсін дедің бе?
Ұмытып мүлде барымды
дерт еміп кетсін дедің бе?
Көрдім де сені күйге ендім –
қалықтап көкте жүргендей.
Үміт­тенуді үйрендім,
үркеншек көңіл үндемей.
Жер басып жүрген сүлдем тек,
ақша бұлт болды аңсарым.
Мен мүлде өмір сүргем жоқ –
армандауменен шаршадым.
Тұман да тұман таңдардан,
қалайша таптың сен мені,
Жазылмай қалған маңдайға,
ей, тағдырымның кермегі?
Тұмар қып жырға тағатын
қасиет тұнған көз едім.
Сенсіз де сынық қанатым.
Дертіңе қалай төземін?

* * *
Жерортада жолыққан
жарығым-ай, жарығым!
Жаһанда жоқ жарқылмен
жанарымды қарыдың.
Не істей алам сен үшін?
Не келеді қолымнан?
Кешіреді бізді кім
тайқып кетсек жолынан?
Кешіре ме бізді аспан,
бұлтпен бірге желген Күн,
Саған де­йін жанымды
қалай сақтап келгенмін?
Бәсі кеткен бұл ғұмыр
тыңдар ма екен датымды?
Қасірет қой – ешкімге
айта алмаймын атыңды!
Тебіреніп сөзіңнен
мұң сіңетін реңім,
Тек ернім күбірлеп,
күрсінеді жүрегім.
Боп-боз еді дүние,
базары боп келдің сен,
Менің мұңлы жырымның
ғажабы боп келдің сен!
Он сегізім оралып,
көңіліммен күй емген,
От сезімге тоналып,
сені шексіз сүйем мен!
Сен сөнбеші! Өмірдің
онсыз-дағы бәрі мұң.
Жерортада жолыққан
жарығым менің, Жарығым!

* * *
Қап-қараңғы тағдырдың
дәлізіне шам ілдім.
Құпиясын кім тапсын
менің қырық жанымның?
Қырық шырақ қолымда,
қисық көпір жолымда.
Қалтыраумен келемін,
бағым ба, әлде сорым ба?
Тағдырыңнан тарту қып
күткеніңде сый дара,
Көкке ұшып кеткің кеп
жүдейсің бе, Динара?
Сен де, мен де жүректі
жыр деп жүріп қинармыз.
Қинармыз да жанарға
мұң жинармыз, Динар-қыз.
Е-ей, ештеңе етпейді!
Шешіледі шекпен-мұң,
Жамалынан жалғанның
жас боп ыршып кеткен күн.
Көз жасымнан көгілдір
көл жасадым – айыбым.
Өмір деген не өзі?
Білмедім-ау байыбын.
Алтын торда кептерім
күбірлейді елеңдеп:
– Өмір деген – өлең, – деп.
– Өмір деген – өлең! – деп.
… Қасида боп қаламға
құйылғанда күй-нала,
Қауызына гүлдердің
хат жазып тұр, Динара!

* * *
Сыланған да, сыналған да кезім көп.
(Қашан өшіп үлгергенін көзімде от?)
Кейде ауып қонғанында бақ маған,
Сенің аппақ махаббатың сақтаған!
Кері ағысқа көндіге алмай,
Жанның өртін сөндіре алмай,
Жел өтінде құба талдай,
Мына өмірді ұната алмай,
Сенгенімнің бәрі бейуақ
Биігімнен құлатардай.

Шыңырау мен шыңды айырмай,
Өтірік пен шынды айырмай.
Кім дос, кім жау тағы білмей,
Бір үміт­тің бағы гүлдей,
Аласұрған кез­дерімде,
Көңіліңе толды ма алаң?
Ұқпасыншы өзге мүлде,
Сен жұбатсаң болды маған…

* * *
Енді маған бәрібір:
Сүймегенің, сүйгенің…
Кеудемдегі сары гүл,
Қурап қалған күйдемін.
Бұрынғыдай елеңдеп,
Сағынбаймын, расым.
Көз алдымда көлбеңдеп,
Көбелек боп тұрасың.

..Жүруші едік жарасып,
Құшағына ап қара түн.
Отпантаудан әрі асып,
Отқа оранды-ау қанатың.

Кейпіңді енді таныдым:
Тұрақсыздық кеселі.
Сені сүйген жаным – мұң,
Маңдай сорым бес елі!

Жүрегіме дерт еніп,
Жүдерімді кім білген?
Көздеріңе өртеніп,
Күлге айналған гүлмін мен.

* * *
Жанарыңа жалғанның жасын жиып,
Жүрсең де, жазықтысың –
Бағың үстем болғанға, бәсің биік.

Арасында арбаған бос елестің,
Адассам да айтайын:
Мен шындықтан
безгеннің досы емеспін!

Досы емеспін, білсем де жүдерімді,
Аппақ қардай ниет­ті сая қылып,
Аямайтын жандармен жүрегімді!

Бәрінің де соңы бар, ақыры бар,
Махаббат­ты, мейірім-шапағат­ты,
Сағынатын кез­дерде шақырыңдар!

Келем ұшып көрінбес қанатыммен.
Сендер барда биікпін, асқармын мен,
Жақсы адамдар, жаныма табатын ем!

..Әзиз басын жерге кеп Күн ие ме?
Бір бекзада бақыт­тың бар екенін,
Көрсетіп кетейікші дүниеге!
* * *
Жапырағын жанымның,
тағы бір күз тонады.
Жібімеді бірақ та,
тағдырымның тоңы әлі.
Мен бейдауа дерт емген,
көңіл едім қаяулы,
Сен білмедің аяуды.

– Сағынамын, – дедің де,
сағынбадың шынында.
Тағы да мұң жүректе,
тағы да шер – жырымда.
Мен Жібектің көз жасы ем,
тамып түскен Жайыққа,
Сен жорыдың ғайыпқа.

Ғажап дедім бар күнді,
азабына мойымай.
Ғазал жырын жанарға,
жасырады мойыл Ай.
Мен тірліктен түңіліп,
үңілгенде жүрекке,
Сені көріп, дір еткем…
(Тағдырымның ойыны-ай!)

– Біз біргеміз, – деуші едік.
Алыстады арамыз.
– Сезімге енді сенбеймін, – деп
сыбырлады қара күз.

* * *
Әзиз жанын әлдилеген ізгі өлең,
Бір жап-жарық күн ғой –
ақын қыз деген.

Кір шалмасын ақ уыздай реңін,
Сақтай алсаң, сақта соның жүрегін!

Аңсарларын аспан жақтан іздеген,
Алаң көңіл құс қой ақын қыз деген!

Өртемесін десең жанын нала мың,
Сақтай алсаң, сақта соның қаламын!

Үздіксе де үміт жібін үзбеген,
Өмірге іңкәр өртең ақын қыз деген!

Тұмадан да таза көңіл тұнығын
Сақтай алсаң, сақта соның ғұмырын!

* * *

Тым сұрғылт­тау күндердің,
күбірінен жаңылып,
Күйбеңінен табылып.
Кезікпеген ғұмырда,
бір бейнені сағынып.
Сені іздеген екенмін.
– Адастым, – деп жүргенде
жүрегіме шам іліп.

Жан дертімді қозғамай,
дүниенің мұңы түк,
Өзімді өзім ұмытып,
Кеткен кез­де… көзімде
көктем күліп оянды,
Жалғыз сөзің жылытып…

* * *
Мәңгілікке мекендеген Күн елін,
Мен – Бақыт­тың Гүлі едім.
Келіп еді
Сенің ғана жанарыңда бүр жарып,
Сенің ғана жүрегіңе түнегім.

Көзді арбаған көбелек боп серігім,
Жанымды жеп жүргенінде жегі мұң,
Жолықтырдым!
Сендей болып аялады мені кім,
Мендей болып саялады сені кім?

Мағынасыз күндерімнен мән ұғып,
Көктен түскен күміс шыққа малынып,
Өтем, жаным,
Қысқа ғана ғұмырымда, өзіңді
Әлемде жоқ ақ сезіммен сағынып.

Сабағыма Тәңір сызған сөзім бұл:
Мен – гүл едім,
күлтесі – аппақ, көзім – нұр.
Бақ қыламын десең-дағы өзің біл,
Лақтырамын десең тағы – өзің біл…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір