Мұхамеджан Қаратаев: әдебиет әлеміндегі парасат биігі
15.12.2025
52
0

Қазақ әдебиетінің кең даласында өз үнімен, өз ойымен ерекшеленіп, бүтін бір сыншылық мектеп қалыптастырған тұлғалардың ішінде Мұхамеджан Қаратаевтың орны айрықша. Ол тек әдебиет сыншысы емес, қазақ руханиятының қалыптасуына жан-тәнімен еңбек сіңірген үлкен жүректі қаламгер, ой ұстазы, эстетикалық талаптың биік үлгісін көрсеткен тұлға. Қаратаевтың әдебиетке келген жолы да, оның сол жолдағы ізденістері де, шығармашылыққа деген жауапкершілігі де — барлығы қазақ сөз өнеріне деген шынайы сүйіспеншіліктен туған. Ол сөз өнерінің табиғатын ғылыми тереңдікпен түсініп, оны көркемдік талғам арқылы бағалап, әр шығарманың ішкі әлеміне ерекше дәлдікпен үңіле білді.

Қаратаев өзінің сыншылық пікірінде ешқашан жеңіл жол іздемеді. Әдебиетке қатысты ойы да, үкімі де, тұжырымы да әрдайым тереңнен толғанып барып айтылатын. Сол үшін де оның сындары уақыт сынынан сүрінбей өтті, жаңа буынға бағдар берді, әдеби көзқарас мәдениетін қалыптастыра алды. Оның еңбектерін парақтаған сайын қазақ әдебиетінің өткені ғана емес, сол кезеңнің рухани тынысы, әлеуметтік ойы, уақытпен бірге өзгеріп отыратын әдеби процестің күрделі заңдылықтары ашылады. Қаратаевтың әдеби сын мақалаларын оқығанда ең алдымен байқалатын нәрсе — оның әр пікірінің эмоция емес, терең талдаудан туатыны. Мысалы, ол Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» туралы жазған зерттеулерінде эпопеяны жай ғана «қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп бағалаумен шектелмей, оның көркемдік табиғатын тарихи шындықпен байланыстырады. Сыншы бір тұста: «Эпопеядағы әр характер — тұтас дәуірдің рухани айнасы», — деп жазады. Бұл жерде ол Әуезовтің кейіпкер жасаудағы психологиялық дәлдігін, ішкі монологтардың табиғилығын, оқиғаның даму логикасын ғылыми тұрғыда ашып, сонымен бірге суреткер шеберлігіне тән көркемдік ерекшелігін сезімталдықпен жеткізеді. Қаратаев үшін сын жазу — біреуді сынау немесе мақтау емес, шығарманың болмысын тану, оның көркемдік қуатын ашу, әдебиеттің табиғи дамуына ықпал ету еді. Сондықтан да ол қазақ әдеби сынының алтын қазынасына айналған тұлға болып қалды.

Осындай алыптың мұрасына қайта оралу, оны ұрпақ жадында жаңғырту — бүгінгі қоғамның рухани қажеттілігі. Кез келген халықтың әдебиеті өткенін танып, бүгінін саралап, болашағына бағдар жасау арқылы ғана дамиды. Ал Мұхамеджан Қаратаев секілді тұлғалардың еңбегі — сол жолда бағыт-бағдар беретін шамшырақ. Оның ойлары бүгінде де өзектілігін жоймай, жаңа буынға ой салуда. Осыған байланысты Қаратаевтың 115 жылдық мерейтойының ел ішінде кеңінен аталып өтуі — заңды құбылыс. Оның шығармашылық мұрасын дәріптеу, қайта таныту, ғылыми тұрғыдан пайымдау — рухани жаңғырудың бір бөлігі.

Осы мақсатпен 4 желтоқсан күні Қазақстан жазушылар кітапханасында Мұхамеджан Қаратаевтың 115 жылдығына арналған «Әдебиет сыншысы — Мұхамеджан Қаратаев» атты ғұмырнамалық кеш ұйымдастырылды. Бұл кеш — жай ғана мерейтойлық іс-шара емес, Қаратаевтың руханияттағы орнын қайта бағамдауға, оның әдеби мұрасын тереңірек түсінуге, қазіргі буынға жеткізуге бағытталған мәні зор мәдени оқиға болды. Залға жиналған әрбір адам Қаратаевтың тұлғасына деген құрметін, оның еңбегіне деген ықыласын алып келгені анық сезілді. Шара басында Қазақстан Жазушылар кітапханасының қызметкері  «Академик Мұхамеджан Қаратаев және XX ғасыр әдебиеттану ғылымы» атты резентация көрсетіп, Мұхамеджан қаратаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат берді. Кешке арнайы шақырылған зиялы қауым өкілдері Мұхамеджан Қаратаевтың шығармашылық әлемін түрлі қырынан ашып көрсетті. Әдебиеттанушы-ғалым, профессор, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының сарапшысы Серікқазы Қорабай мен Филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы, ҚР гуманитарлық ғалымдар академиясының академигі Дандай Ысқақұлы Қаратаевтың қазақ әдебиет сынын жүйелеудегі рөлін, оның ғылыми көзқарасының қалыптасуын, әдебиеттанудағы орны мен ықпалын кеңінен талдап берді. Сонымен бірге, Мұхамеджан Қаратаевпен қызметтес болған жылдардағы естеліктерін еске алып, ағалық ақылын естігендіктерін, адамгершілік қасиеттерінің жоғары екендігін атап өтті. Сонымен қатар жазушы, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағира Қожахметова кеш барысында Қаратаевтың қаламгерлік мұрасын шығармашылық тұрғыдан талдап, оның әдеби-көркем ойлау жүйесін ашып көрсетті.

Кеш аясында кітапханада «Мұхамеджан Қаратаев және қазақ әдебиеті» атты арнайы кітап көрмесі қойылып, кітапхана қызметкері Жанэля Аликова библиографиялық шолу жасады. Көрмеде Қаратаевтың ғылыми еңбектері, сын жинақтары, ол туралы зерттеулер, естеліктер жайлы кітаптар қойлды. Бұл көрме кештің мазмұнын толықтырып қана қоймай, Қаратаев мұрасының көзбен көруге, жаңа деректермен танысып, оның қазақ әдебиеті дамуына қосқан үлесін түсінуге мүкіндік берді.

Кешке Алматы энергетика және электронды технологиялар колледжінің студенттері қатысты. Жас буынның осындай ауқымды рухани шараға қатысып, пікір білдіруі — рухани сабақтастықтың үзілмегенін, Қаратаев мұрасының бүгінгі күнге де әсер ете алатынын дәлелдейді. Олар әдеби сынның не екенін, Қаратаевтың оны қалай қалыптастырғанын тыңдай отырып, әдебиетке басқа қырынан қарауға мүмкіндік алды. Кейбір студенттердің сөзінен Қаратаев туралы бұрын білмеген дүниелерін танып, оның шығармашылығына қызығушылықтарының артқаны анық байқалды.

Жалпы алғанда, бұл кеш тек өткенді еске алу үшін емес, әдеби сынның бүгінгі қоғамдағы орнын қайта пайымдауға, Қаратаев мұрасын жаңаша зерделеуге арналған кеңістіктей болды. Бүгінгі заманда әдебиеттің көркемдік деңгейін сақтау, әдеби көзқарастың қалыптасуына ықпал ету — ерекше маңызды. Сол тұрғыдан алғанда Қаратаевтың ойлары, эстетикалық ұстанымдары, сыншылық қағидалары құндылығын еш жоғалтқан жоқ. Оның ойлау жүйесі, талдау мәдениеті, әдебиетке деген талапшылдық бүгінгі күнде де өзекті.

Мұхамеджан Қаратаевтың өмірі — әдебиетке адал қызметтің үлгісі. Оның әрбір ойы — терең, әрбір сыны — әділ, әрбір ғылыми түйіні — дәлелді. Кітапханада өткен кештің мәні де — осы биік мұраттарды жастарға жеткізу, әдебиетке деген шынайы құрметті қалыптастыру еді. Кеш соңында жиналған қауым Қаратаевтың еңбегіне деген ықыластарын білдіріп, оның шығармашылығын ары қарай зерттеп-зерделеу қажеттігін атап өтті. Осылайша, 115 жылдық мерейтой аясындағы бұл рухани кеш Мұхамеджан Қаратаев мұрасының уақытпен бірге жаңғырып, жаңа мағына алып, ұрпақтан-ұрпаққа жететініне тағы бір дәлел болды. Бұл күн — қазақ әдебиетінің тарихында ізі қалатын ерекше сәттердің бірі десек қателеспейміз.

Құндыз НАБИДОЛЛА ,
Қазақстан Жазушылар кітапханасының қызметкері,

Педагогика ғылымдарының магистранты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір