«МАХАББАТ», «ШАПАҒАТ», «ПАРАСАТ»

Жамбыл облысы кітап оқу мәдениетімен қайта қауышқан өнегелі өңірге айналды. Тараз қаласында өткен «Кітап – ұлттық құндылық» атты республикалық кітап фестивалі де –осы сөзіміздің бір дәлелі. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің «Әулиеата – кітап оқитын өңір» атты жобасы аясында өткізілген іс-шараға есімі елге белгілі қаламгерлер мен баспа өкілдері қатысты.
Фестивальдың ажарын ашып, кітапқұмар қауымның рухани әлеміне көзқуаныш сыйлаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын, публицист Қайырбек Асановтың «Махаббат», «Шапағат» және «Парасат» деп аталатын, аттары да поэзия ұйқасымен өрілген үш томдық жинағының тұсаукесері болды.
Облыста іссапармен жүрген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов фестивальдың ашылу салтанатына қатысып, сексеннің сеңгіріне шыққан Қайырбек ақынның үштомдығының тұсуын кесіп, деніне саулық пен шабыт тіледі. ҚР Президентінің кеңесшісі, жазушы Мәлік Отарбаев кітап құндылығы, оның ақыл-ой кеніші екені туралы ойларын ортаға сала келіп, Президенттің де кітапты көп оқитынын, жақында ғана Тараз қаласында тұратын жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының «Жалғызқара» атты романын оқып, жылы пікір білдіргенін жеткізді.
* * *
Белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тараз қаласының Құрметті азаматы» Қайырбек Асановтың 80 жасқа толуына орай, «Ғибратты ғұмыр – көркем жыр» атты әдеби кездесу Тараз қаласындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің Мұхтар Әуезов атындағы кітапханасында да болып өтті.
Бұл кездесуге ақындар Баймаханбет Ахмет, Үміт Битенова, Ербол Қамбатыров және белгілі әншілер Пернебек Оспанов, Бақыт Шағырбаев, М.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің филология және журналистика факультетінің оқытушысы Бақытжан Мақашов және Тараз қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева қатысып, қазақ поэзиясында өзіндік үні бар белгілі ақын Қайырбек Асановтың шығармашылығы мен жарты ғасыр бір шаңырақ астында бақытты өмір сүріп келе жатқан аяулы жары, «қазақ поэзияның ақ гүлі» атанған Күләш Ахметова туралы ойларын ортаға салды.
Кездесудің құрметті иесі, сексеннің сеңгіріне шыққан ақын Қайырбек Асанов өзінің шығармашылығы мен еңбек жолы туралы әңгімелеп, оқырмандар сұрақтарына жауап берді. Өңірді кітап оқумен қайта қауыштырған білікті басшыларға алғыс айтты.
Марат Құлибаев,
Жамбыл облысы