Ақыл оты
19.10.2024
91
0

(Ұлық ұстаз, ғұлама ғалым, асыл азамат Тұрсынбек Кәкішұлы туралы эссе)

Біздің студент кезімізде «Студент­тердің ғылыми қоғамы» деген бір ерекше қоғамдық құрылым болды. Қазақ әдебиеті жөніндегі ғылыми қоғамға профессор Тұрсынбек Кәкішұлы жетекшілік ет­ті. Мені сол үйірмедегі студент­терге бастық етіп қойды. Диплом жұмысымды Тұрсекеңнің жетекшілігімен қорғадым. Филология факультетін бітірген елу жас маман қызметке елдің түкпір-түкпіріне бөлінді. Мен Қарағанды облысына баратын болдым. Жолға шығуға бір-екі күн қалғанда, жігіт­тердің бірінен Тұрсынбек ағайдың бірнеше түлекті Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына жұмысқа орналастырмақшы екені жайлы хабар естідім. Мен бірден Тұрсынбек ағайға телефон соғып:
– Ағай, біздің жігіт­тердің біразын Әуезов институтына алып қалып жатыр екенсіз ғой? – дедім.
Ағайым:
– Иә, – деді.
Мен:
– Онда, мені де алып қалмайсыз ба? – деп өтіндім.
Тұрсекең:
– Олай болса, ертең сағат 9-да министрліктің алдына кел, – деді.
Ертеңіне айтылған уақыт­та министрліктің алдына келдім. Төрт бірдей курстасым осы жерде жүр екен. Көп ұзамай Тұрсекең де келіп, бізді министрдің орынбасарының қабылдауына алып барды. Келген жұмысының мән-жайын қысқаша айтып шықты.
Министрдің орынбасары көмек­шілерінің бірін шақырып алып, Тұрсекең алып келген бес жас маманға М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына жолдама жазып беруді тапсырды. Қолымызға жолдама тиген біздерді Тұрсекең аталмыш институтқа алып келіп, инс­титут басшылығына өз қолымен тапсырды. Міне, жарты ғасырдан астам уақыт болды, осы оқиға әлі күнге менің көз алдымда. Тұрсекеңнің студент шағында басынан өткен мына бір қызықты оқиғаны оқығаным бар.
«Оң жақ қатарымда отырған бір қара сұр жігіт маған тура ұры көргендей, сезікті кескінмен қайта-қайта қадалып қарай берді.
Қара сұр жігіт бір көргенде әп-әдемі: қыр мұрын, атжақты, ашаң. Көзінің шырасында ақыл мен ашу оты аралас жанады. «Ашусыз ақыл тұл» деген, асылы, ақыл оты маздаған жерде ашу шоғы қосыла қоздаса, сол абзал!
Әлгіміз, алғаш көрісуіміз. Дегенмен қайте­йін, қайта-қайта бажырая берген соң аздап ызам кеп мен де жалт бұрылып, көзімді кеңірек ашып едім, бәрібір міз бақпады, сол қадалған қалпы, бас жоқ, аяқ жоқ:
– Тұрсынбекпін! – деп, «көз сырнайын» сәл жаза түсті де, қайта жиырып алды.
– Тұрсынбек болсаң қайте­йін, – дедім мен, – ал!» (Қабдолов З. «Арна». – Алматы, 1988. 221-бет).
Бұл осыдан сексен жылдай бұрын, 1945 жылы күзде, Қазақ ұлт­тық университетінің аудиториясында өткен оқиға еді. Оны сөз арқылы суретке айналдырушы Тау-кен институтындағы сабағын тастап, Мұхтар Әуезовтің лекциясын тыңдау үшін ұлы мәртебелі ұлт­тық университет аудиториясына өз еркімен келіп отырған Зейнолла Қабдолов еді де, «көзінің шырасында ақыл мен ашу оты аралас жанып» тұрған қара сұр жігіт Тұрсынбек Кәкішев болатын. Содан бері ат­тай шауып талай ғұлама жылдар өте шығыпты. Оның бес жылы университет аудиториясында М.Әуезов бастаған ұстаздардан дәріс алуға кет­ті. Қалған жылдар да сол аудиторияда өт­ті, бірақ бұрынғыдай шәкірт­тік ізденіспен емес, ұстаздық қызметпен, ғылыми еңбекпен жалғасты.
1945 жылғы қыр мұрын, атжақты, ашаң студент уақыт өте ақ шашты, сары тісті, кемел адамға айналды. Толып жатқан атақ-дәрежеге жет­ті. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ­стан Республикасына еңбек сіңірген ғалым, қайраткер, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Парасат орденінің иегері, жазушы, Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Халық­аралық Ш.Айтматов академиясының толық мүшесі, 1000-нан астам ғылыми және әдеби еңбектердің авторы атанды. Олардың ішінде 50-ден астам монография, оқулық пен оқу құралдары, зерт­теу мақалалары мен эсселер жинағы бар. Елуден астам ғылым докторлары мен ғылым кандидат­тарын тәрбиелеп өсірді. Қазақ әдеби сынының бастау-көздерін ашып, қалыптасу заңдылықтарын бекіт­ті. Даму жолдарын анықтады. Сынтану ғылымының негізін қалады. Әдеби сын тарихы бойынша қазақ әдебиеті тарихында алғаш рет арнаулы және жалпы теориялық лекциялық курстар дайындады. Олардың оқу бағдарламалары мен оқулықтарын жазып, жарыққа шығарды. Қилы замандарда халық үшін жанын қиған ақындар мен жазушылардың әдеби мұрасын жинап, баспадан бастырып, ел игілігіне ұсынды. Сәкеннің көркем бейнесін жасау мақсатында көз майын тауысып Алматы мен Мәскеу, Бішкек пен Ташкент, Орын­бор мен Қазан архивтерін ақтарды. Сәкеннің табаны тиген, тіпті «азап вагонында» жүріп өткен жерлерін түгел шарлап шықты. Ресей, Қытай, Түркия, Моңғолия, Иран, Польша, Франция елдерін аралап, олардағы қазақтардың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпын, сөз өнері мен қол өнері үлгілерін зерт­теп, зерделеді. Нәтижесінде, бірнеше зерт­теу, эссе кітаптарын шығарды, теле және радио хабарлар тобын дайындады. Қазақ әдебиет­тануында жаңа ғылыми бағыт­тың негізін қалап, оны біртұтас салаға айналдырды, ғылыми мектебін қалыптастырды. Отандық ғылымға еңбек сіңірді. Қоғамдық ойдың жаңғыруына, жаңарып дамуына үлкен үлес қосты.
Ұлық ұстаз, ғұлама ғалым, асыл азамат Тұрсынбек Кәкішұлының ғылыми зерт­теуде, әдеби шығармашылық қызмет­те, Қазақ­станның халық шаруашылығы үшін жоғары білімді және жоғары білікті мамандар даярлау жолында тапқан табыстары мен жеткен жетістіктері – тұрлаулы талант­тың, нұрлы ақылдың, адал еңбектің нәтижесі. Тұрсекең ғылым жолындағы табыстары мен жетістіктерінің біразына ғылыми ойлаудағы батылдығымен, алғырлығымен, қағида қалыптастырудағы қайсарлығымен, тіпті жүрек жұтқан батырлығымен жет­ті. Оның мәнісі мынадай: ғалым өз зерт­теулерін негізге ала отырып, «кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінде социалистік реализм әдісінің қалыптасу кезеңінде (1917–1927) сыншыл реализм әдісі де қолданыста болды» деген теория ұсынды. 1971 жылы қорғаған докторлық диссертациясында да осы пікірінен қайтпады. Бұл кеңес дәуірі әдебиетінің теориясы үшін мүлде тосын, тіпті идеологиялық жағынан бөтен қағида еді. Өйткені бұл теория сыншыл реализм әдісінің өз кезіндегі қоғамдық жүйенің негізін шайқалтуды, тіпті жоюды көздейтіні туралы қисынды ұстанды. Тұрсекеңнің қорғауға ұсынып отырған басты қағидасы социалистік реализм теориясының өзегінде идеологиялық жағынан барынша негізделген осы қисынды жоққа шығарғандай еді. Кеңестік дәуірде мұндай теория ұстану қатерге бас тігумен бірдей болатын. Өз пікірінің, өз тұжырымының дұрыстығына сенген ғалым алған бетінен қайтпады. Сондай қатерлі деген істің тұсында лайықты әрекет жасауға батылдығы да, батырлығы да жет­ті. Мұны ғылымға адалдықтың, ғылыми ойлаудағы даналық пен батылдықтың ғана сөзі емес, нағыз жүрек жұтқан ерліктің өзі десе болғандай. Бүгінгі әдеби-теориялық ой бұл мәселені лайықты пайымдау деңге­йіне әлі көтерілген жоқ. Ал бүгінгі қоғамдық даму заңдылықтары тұрғысынан қарағанда, сыншыл реализм әдісі қоғамдық жүйені шайқалтуға емес, жайқалтуға, нығайтуға қызмет ететініне көз жеткізуге болады. Ғалымның ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары ұсынған қағидасы ХХІ ғасырдың жүзіндегі бүгінгі әдебиетіміздің дамуы үшін де, бүгінгі әдебиетіміздің творчестволық әдісін негіздеу үшін де пайдалы.
Ғалым адамның ғылым жолында тап­қан табыстары мен жеткен жетістіктері – таудай талаптың, нұрлы ақылдың, адал еңбектің нәтижесі. Оның үстіне, нағыз ғылыми-шығармашылық еңбектің жолы ауыр, соқтықпалы, ойлы-қырлы, оның басы мен аяғы барда, екі ортада аялдама, үзіліс деген болмайды. Ондай жолда сүрінбей, құлап кетпей, тура шығу үшін кісі көзіне қарауға, ақырын жүріп, анық басуға мәжбүр. Алайда мақсаты үлкен, ерік-жігері күшті ғалым көзіне бағып, ақырын жүргенмен, ішкі қуатын жоғалтпайды. Сондықтан оның басында бұлқынуды, тіпті ерлік көрсетуді талап ететін сәт­тер де аз болмайды. Ондай ерлікке ғылым іздегендердің бәрі емес, бойында қуаты қайнаған, ойында көзі жайнаған батылы мен батыры ғана тәуекел ете алады.
Тұрсынбек Кәкішұлының ғылыми, әдеби-шығармашылық, ұстаздық қызметінің нәтижелерін жалпылама айтып өту қиын емес. Алайда осы қызмет­тің әр саласы сандаған жылдар бойы ақыл мен ойға салмақ салған, жан мен жүрекке күш түсірген үздіксіз ізденісті, инемен құдық қазғандай толассыз да тынымсыз еңбекті талап еткені анық. Тұрсекең қазақ ғылымы мен білімінің, қазақ әдебиетінің өзі тұстас майталман тұлғалары секілді жастық, жігіт­тік дәуренін, соның тамылжыған кештері мен уылжыған таңдарын, бар саналы ғұмырын осы еңбекке арнады. Біздің ойы­мызша, бұл – ел игілігі, ұлт мүддесі үшін аянбай қызмет етудің көрнекті көрінісі. Мұның өзі, жалқыдан жалпыға аударып айт­қанда, ғылым мен білім жолындағы дара тұлғалардың жар салып жария етпей, жан баласына көрсетпей, жүрек сарайында ғана желбіретіп ұстайтын асыл мұраты іспет­ті.
Мұратқа ізденген жанның бәрі жеткен. Ал ұлт мүддесін көздеуден, халық қамын ойлаудан туатын биік мұратқа кісінің бәрінің көзі түсе бермейді. Өйткені мұндай биік мұрат­тың жұлдызы парлаған парасат көгінде ғана жанбақ. Оны көзбен көріп, көңілмен танығанның өзінде де, талаптанып талпынғанның бәрі діт­теген жеріне жете алмаған. Оған жету үшін талап пен талпыныс емес, ең алдымен, Жаратқанның жар болуы шарт, содан соң ерен еңбек пен берен мінез керек. Тұрсынбек Кәкішұлы – Жаратқан жар болып, өзінің парасат көгінен ұлт мүддесінің, халық қамының қамқор жұлдызын жандырған, ерен еңбегіне, берен мінезіне сеніп, ұлт мүддесін көздеуден, халық қамын ойлаудан туған асыл мұратына жеткен адам. Онысы үшін Тұрсекең өзін екі тұлға алдында ғана қарыздар сезінеді: бірі – Жаратушы, екіншісі – ұлт­тық университет. Осы университет­те өткен халықаралық ғылыми конференциялардың бірінде ғалым: «Менің университетім секілді қасиет­ті қара орда жер бетінде жоқ», – деп тебіренгенде, конференцияға қатысып отырған қара ормандай қалың жұрт та Тұрсекеңмен бірге тебіренгендей болды. Иә, Жаратушы өмір берді, университет сол өмірге мән берді. Адамға Жаратушы берген өмір өлшеулі. Ал университет берген мән мен мазмұнда шек те, шет те жоқ. Жоғары білімді маманды, әсіресе ұлт тілі мен ұлт әдебиеті маманын тәрбиелеп шығарудың негізін осындай мән мен осындай мазмұн түзеді. Тұрсынбек Кәкішұлы – шәкірт­теріне білім мен тәрбие беріп қана қоймай, олардың өміріне осындай мән мен осындай мазмұн дарытып өткен ұстаз.
Әркімнің, әр нәрсенің өз биігі бар. Даңқ биігі тұр басын мұнар басып. Биліктің шыңы да жарқырап көз қарықтырады… Тұрсекеңнің биігі – ұстаздық ұлағат биігі. Ол даңқ асқарынан да, билік шыңынан да, байлық базарынан да баянды, солардың бәрінен де мәнді, бәрінен де салтанат­ты. Оған қыранның қанаты шығара алмайды, оған өрмелеп, жер бауырлап жылжып та, желаяқ құсап желдей есіп те шығу мүмкін емес. Оған байлық та, билік те алып бара алмайды, білектің күші де жеткізіп салмайды. Оның қадірі мен қасиетінің асқар биігіне Жаратқанның рақым нұры ғана түсетін болса керек. Содан ке­йін бұл биікке ұстаздың шалқыған ілімімен, тасыған білімімен, балқыған мінезімен ұштасқан ұлы еңбегі жеткізбек.
Кісінің шалқыған ілімімен, тасыған білімімен, балқыған мінезімен ұштасқан ұлы еңбегі жеткен жерде оның өзі де тұрады. Өйткені кісінің өзі мен еңбегі бір-бірінен бөлінбейді, бірі екіншісінен озбайды, бірінен екіншісі қалмайды. Олай болса, ұстаздық ұлағат ат­ты ұлы биіктің күн сәулесі шағылысқан шырқау шыңында ұлық ұстаз Тұрсынбек Кәкішұлының өзі тұр деп білуіміз керек.
Тұрсекең ұстаздық қызмет атқарған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің филология факультетінде аты да, заты да айрықша мәнді екі кафедра қатар тұрды: бірінде – академик Зейнолла Қабдолов мектебінің қоңырауы сыңғырлайтын; екіншісінде – академик Тұрсынбек Кәкішев мектебінің үні есілетін.
Аудитория, кафедра, факультет, университет… – бәрі де бұрынғыдай. Бірақ «Тұрсынбек болсаң қайте­йін!» – дейтін Зекеңнің өзі өтіп, артында өлмей-тұғын сөзі қалған. Ал Тұрсекеңнің көзінің шырасында ашу шоғы қоздамай, ақыл отының өзі ғана маздайтын. Сонда: «Ақыл отыңыз жана берсін, ардақты ұстаз!» – деуші едік.
Енді, міне, Тұрсекең аудиторияға кіріп-шықпағалы да көп уақыт болды. Ардақты ұстаз өмірлік досы Зекеңнің қасына барды, көзінің шырасында жанған ақыл оты аудиторияда, шәкірт­терінің көкірек-көзінде қалды.
Ұлт­тық университет биыл тоқсаныншы оқу жылын бастады. Ұлық ұстаздың университет аудиториясында, шәкірт­терінің көкірек-көзінде қалған ақыл оты жана берсін!

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры,
филология ғылымдарының

докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір