Қоғамдық ойдың ордасы
07.04.2025
57
0

Қазақстан Жазушылар одағында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында көтерілген өзекті мәселелерді талқылауға арналған жиын өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында көтерілген өзекті мәселелерді ортаға салып, ой-пікір қосқан қаламгерлер жиыны­­ның тізгінін қолға алып, сөз баста­ған Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов бұл жолғы құрылтай отырысында қазіргі таңда қоғамды толғандырып отырған өзекті мәселелердің кең ауқымы қамтылғанын атап өтті. «Әсіресе маған қатты ұнағаны – балалар тәрбиесіне қатысты мәселенің көтерілуі. Мемлекет басшысы әл-Фараби бабамыз айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп, бүгінгі күні біліммен қатар тәрбиеге айрықша маңыз беру қажеттігіне назар аударды. Шынында солай, қазір түрлі деңгейдегі ақылы мектептер баршылық. Дегенмен осы мектептердің әрқайсысындағы тәрбие мәселесі ойлантарлық жағдайда екені рас. Президент осы мәселелерді өте жақсы айт­ты. Бұған дейін ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болмағанын, осы ретте былтыр қолға алынған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу қажет деп, оны алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуы тиіс екенін» атап көрсетті. Өйткені тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Жалпыұлттық ауқымдағы бұл жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу болғандықтан, Құрылтай мүшелері осы бағдарламаны «Адал азамат» деп атау­ды ұсынды. Еліміздің ертеңі деп үкілеп отырған ұл-қыздарымыз адал болып өссе, одан ұлт болып ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық», – деді Мереке Құлкенов.
Ұлттық құрылтайдың мүшесі, шығармашылық ұйымның басшысы соңғы жылдары қаптап кеткен мекемелік марапаттар мәселесін ретке келтіру, жалпы марапат жүйесін жетілдіру жайында өз ойын ортаға салды. «Шындығында, өз ісінің шебері, нағыз білікті мамандарға ғана берілуі тиіс, кәсіби мәртебені көтеретін маңызды марапаттың орынсыз таратылуына бей-жай қарауға болмайды. Ономастика мәселесінде де осындай жағдай. Осы тұрғыда Президент ономастиканы «тарихи еңбегі» ешқандай архив құжаттарымен расталмаған тұлғаларды ұлықтау құралы етуден аулақ болуымыз, қайраткерлер атын ел жадында сақтау мәселесіне мейлінше салмақты көзқараспен қарауымыз қажеттігін атап өтті. Айтылған жағдайды ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс басталғаны жақсы қабылданды», – дей келіп, Мереке Құлкенов ел дамуының басқа да бағыттары бойынша басты басымдықтар айқындалғанын, осы орайда цифрландыру және жасанды интеллект мәселелерін Президент өзі қолға алғанын атап өтті.
«Біздің, жазушылар қауымының, міндеті – Құрылтайда ортаға түскен өзекті мә­селе­лерді ақылға салып, саралап, қоғам­дық ойдың ұлтқа ортақ құндылықтар төңіре­гінде тоғысуына қозғаушы болу. Осы тұрғыда белсенділік танытқанымыз жөн. Бұл жерде айқайлап, біреуді жағадан алу емес, елдік мүддеге қатысты мәселеге ой қосып, үн қатуды айтып отырмын. Осы айтылған мәселелердің іске асырылуына зиялы қауым өкілі ретінде әрқайсысымыз өз үлесімізді қосуға тиіспіз», – деп қорытындылады сөзін Басқарма төрағасы.
Келесі сөз кезегін алған Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбаев Ұлт­тық құрылтайдың төртінші отырысында көптің ойындағы мәселелер күн тәртібіне қойылғанын атап өтті. Соның бірі – бала тәрбиесіне қатысты. «Халқымыздың бойында бар батырлық, шешендік, тәлім-тәрбиелік асыл қасиеттерін, салт-дәстүрлік ерекшелігімізді, яғни өз болмысымызды жоғалта бастадық. Бұл мүмкін бәлен жыл отар болғандықтың әсері шығар. Көңілге қорқыныш ұялатқан мына бір жайтты айтпай кетпеуге болмас. Жандосов көшесінің бойында мықты темірден, жаттығудың бар түрімен айналысуға болатын үлкен-кішіге арналған керемет спорт алаңы салынып еді. Сол қазір сынып бітті. Оны тепкілеп тұрып сындырып, көпке жеткізбей құртқан өзіміздің балаларымыз – мектеп оқушылары. Бұл не деген сұмдық дерсің?! Тәрбиенің жоқтығы, барып тұрған көргенсіздік қой бұл. Өз елінің дүниесін өзі тепкілеп, бүлдірген ұрпақтан не күтуге болады? Патриоттықты қалай күтесіз? Меніңше, бұл ұлттық тәлім-тәрбие ісінде көп кері кеткеніміздің нәтижесі. Тағы бір айтарым – тіл мәселесі. Тіл жоғалса – ұлт та жоғалады. Дегенмен осы мәселе шет жағалатып қана айтылды, нақтыланған жоқ. Өйткені Құрылтайда Қазақстанның болашағы, еліміздің ертеңі туралы ой қозғап отырсақ, ол ең алдымен, тілге байланысты», – деді қаламгер.
Кинематография саласына қатысты Кәдірбек Сегізбаев жақында бір жас режиссердің «Талақ» атты фильміне барып, енді қайтіп кино көрместей болғанын айта келіп: «Шетелден бәйге алу үшін қазақты қашанғы сорлы ғып көрсетіп, қорлай беруге болады. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін біле отырып, мұндай жайттарға қалай жол беруге болады», – деп күйінді жазушы. Осы ретте «Мәдениет дегеніміз – ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр» деген Президент сөзінің мәнін ескергеніміз жөн-ау. «Жалпы, Құрылтайда қоғам өміріндегі маңызды мәселелердің айтылмай қалғаны жоқ. Ендігі мәселе – бүкіл халық болып айтылған сөздің сол Көкшетауда қалып қоймай, жүзеге асырылуы үшін жұмыла іске кірісу», – деп түйіндеді сөзін жазушы.
Белгілі жазушы Қуандық Түменбайдың пайымдауынша, баршаға арналған спорт алаңын тепкілеп сындырған жасөспірімдердің айтарға сөз жоқ бұл қылығы – телефондағы тик-токтың бәлесі. «Сотка деген жаман болып кетті қазір, тіпті рухани азық өндіруші кейбір азаматтардың өзі бір-біріне әдепсіз сөздер жазып, тіл тигізіп жатады. Сондай-ақ жалған мәлімет таратушылар да жетерлік. Осы ретте Президент атап айтқандай, әлеуметтік желідегі жалған және өзгелердің ар-намысына тиетін ақпаратқа тиым салу жолын қарастыру керек», – дей келіп, жазушы келесі Құрылтайдың Қызылордада өтетініне қуанғанын жасырмады. «Қызылорда – Алаш ардақтыларының ізі қалған тарихи жер. Көшелерге қарасаң – мына жерде Мағжан тұрған, мына жерде Сәкен, мына жерде Ахмет Байтұрсынұлы тұрған деген кілең ескерткіш тақталар. Бір өкініштісі, қараусыз қалған. Енді мұның бәрі жөнделер деп ойлаймын. Құрылтайда түйткілді деген мәселенің бәрін айтамыз, ортаға салып, шешімін тапқан боламыз. Енді сол жұмыстың нәтижесін келесі Құрылтайда айтып, біткен іске баға беріліп отырса», – деп қорытты ол өз пікірін.
«Басында бәрі Парламент бар, Құрылтай неге керек дегенмен, қазір байқап тұр­сақ, ол жиынның міндеті бөлек екен. Әрине, әр салада шешімін күткен мәселелерге қатысты Үкіметтің, Парламенттің өз жауапкершілігі, атқарар міндеті бар, – деп бастады сөзін белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек. – Ал қоғам өміріндегі көкейтесті мәселелерді көтеру, түрлі маңызды тақырып­тарды қозғап, үн қосу, ортаға салып, ақылдасу, ой қосып, кеңесіп, шешімдер ұсыну, келісу дегендей өзіндік орны бар Құрылтайдағы ахуал еркіндеу. Осы жолғы отырыста оқыту ісіндегі тәрбиеге айрықша назар аударылуы – бұл қазіргі қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр­ған мәселенің бірі. Соңғы жылдары нашақорлық, құмар ойындарына берілу және басқа да түрлі келеңсіз жайт­тар жастар арасында көбейіп отырғаны жасырын емес. Осы тұста тәрбие тізгінін қолдан шығарып алдық па деген ой келеді. Тәрбие негізі, ол – адалдық, әділдік, туралық, жанашырлық, қамқорлық, қайырымдылық. Бұл қасиеттерді бойына сіңіріп өскен адам, әрине, Отанға, еліне, отбасына адал азамат болмағы анық, яғни мемлекеттің дамуы, елдің гүлденуі ұрпақ тәрбиесіне байланысты.
Осындай қоғамдық маңызды мәселелердің түп-тамырына үңіліп, тиісті мемлекеттік органдарға келеңсіздіктерді жоюдың және алдын алудың жөн-жосығы көрсетіліп, міндеттелген Құрылтай отырысы көптің көңілінен шықты деп ойлаймын. Жалпы, кейбір шетін, елдік есебіміз кетіп қалмас үшін қалың ортаға салу өте қиын, астарлы мәселелерді осы Құрылтайда айтып, ұтымды да байыпты әрекет етуіміз қажет. Меніңше, осы тұрғыдан алғанда Құрылтай тақырыбы айқындалып келе жатыр. Сондықтан көп үміт күтеміз».
Өз кезегінде филология ғылымының докторы, сыншы Қансейіт Әбдезұлы: «Айдос Сарымов жасаған баяндамасында біз әлі идеологиямызды анықтай алмай жатқан елміз, тәуелсіздіктің отыз жылын өткердік, осы кезеңде қаншама тарихи оқиғалар өтті, басшылық ауысты, қоғам, құндылықтар өзгеріп жатыр, адал адам, әділ қоғам, еститін мемлекет деп жария еттік. Бірақ соған сәйкес идеологиямыз неге болмады деген сұраққа жауап іздеді. Сөйтіп, осы жағдайды тарихи тұрғыдан қорытып, біз қайда келдік, қайда бара жатырмыз деген мәселеге жауап беретін, бұған дейінгідей қағаз жүзінде қалатын емес, нақты өмірден көрініс табатын жоспар құрып, қазіргі әлемдегі ахуал, геосаяси жағдайымыз, Украина-Ресей соғысы, үшінші дүниежүзілік соғыс қаупі, көрші елдердің ықпалы деген жайттардың бәрі ескеріліп, еліміздің стратегиялық даму бағыттары айқындалған мемлекеттік концепция жасап, соны іске асыруға ұмтылуымыз керек деген идеяны ортаға тастады. Мен осы идеяны жалғастыра беруіміз керек, себебі Қызылордада осы мәселе талқыланып, нақтыланатын шығар деймін», – деп ойын білдірді.
Қоғамдағы әдептілік мәселесіне қа­тыс­ты сыншы Әлия Бөпежанова: «Менің бай­қауымша, отыз жылдағы күңгірттіктің әсері ме, қоғамда бір нигилизм бар, кез кел­ген нәрсені бас салып жоққа шығарып, бір-бірінің бетінен алып жатады. Бұл жер­де әлеуметтік желіде пікір айтуға тыйым салу деген тұрғыда емес, келеңсіздіктерді қалай тежейміз дегенге келсек, біз, ақын-жазу­шылар, үлкеніміз бар, жасымыз бар, өзімізден бастауымыз керек. Қаламгер қауым­ның өкілі ретінде әрқайсысымыз өз жауапкершілігімізді сезіне білгеніміз жөн», – деп ойын түйіндеді.
«Жалын» журналының бас редакторы Құдияр Біләл Құрылтай өзіндік бет-бейнесін айқындап келе жатқанын атап өтіп, осы жолғы отырыста ең бастысы – ел ішін­де айтылып жүрген салық, уақыт белдеуі және т.б. қоғам өміріндегі өзекті мәселе­лер­дің көрініс беруін оң бағалады. Сонымен қатар кезінде назар аударылмағандықтан, соңғы уақытта жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт төңірегінде ықпалы күшейе бастағаны, өнер, айтыс маңында да жат ағым уағызшыларының қара көбейтуі ел ішінде алаңдаушылық тудырып отырғанына тоқталып, бұл мәселенің Құрылтайда көтеріліп, қозғау салынуы жағдайдың жөнге келуіне негіз болар деп сенім білдірді.
Сонымен, Жазушылар одағында бас қосқан ар-ождан интеллектуалдары – ақын-жазушылар пікірін түйіндер болсақ, Ұлттық құрылтай қоғамды толғандырған маңызды мәселелер сараланып, сан сауалдар тоғысатын, түйткілдер тарқатылатын қоғамдық ойдың ордасы – алқалы алаңға айналмақ.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір