Долорес ТАСҚАРИНА, «Парасат» орденінің иегері : «ДАРЫНДЫ БАЛА – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ»
Өнер – жастан. Дарынды бала – ұлттың құндылығы, жарқын болашағымыздың жаршысы. Оқушының талабын оңдап, талантын қолдайтын білім ордасы – Атыраудағы Нұрғиса Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясы отыз жылдан астам уақыттан бері абыройлы қызмет етіп келеді. Әр баланың өзіне ғана тән көркемдік қабілетін шыңдап, қияға қанат қақтыратын өнер-білім шеберханасының жетістігі мен табысы көп. Мектеп-гимназияға ұзақ жылдар басшылық еткен Парасат орденінің иегері Долорес Тасқаринамен сұхбатымызда талантты балаларды тәрбиелеу-оқыту жұмыстарын ұйымдастыру жайы сөз болды.
– Долорес Сүндетқызы, өзіңіз ұзақ жылдар басқарған Нұрғиса Тілендиев атындағы Мамандандырылған мектеп-гимназиясы оқушыларға білім берумен қатар, түрлі мамандықтар бойынша қабілеттерін дамытады. Талантты балалардың шығармашылық әлеуетін жетілдіру үшін қандай бағдарламалар бар?
– Арнайы мамандандырылған мектеп болу – арнаулы орта және жоғары оқу орындарымен сабақтастықты талап етеді. Мектеп өнер жолына ден қойған талантты балаларға жалпы білім беретін пәндер және музыка, бейнелеу өнері және дизайн бөлімі, хореография бөлімі, актер шеберлігі, журналистика, ақын-айтыс бағыттарындағы 22 мамандық бойынша білім береді. Жыл сайын түлектердің 70-80 пайызы өздері таңдаған оқу бейініне сәйкес жоғары оқу орындарына түседі. Олар орта білім туралы аттестатпен қатар кез келген өнер оқу орындарына түсуге басым құқығы бар «Мамандық туралы куәлік» алады. Кіші өнер академиясымен бірқатар жоғары оқу орнының арасында тығыз байланыс орнатылған. Мұғалімдер Астана, Алматы, Орал, Ақтөбе және басқа қалалардағы жоғары және арнаулы орта оқу орындары, дарынды балаларға арналған республикалық мектептердің оқытушылары өткізген шеберлік сабақтарына жиі қатысып, шеберліктерін шыңдап тұрады. Сонымен қатар шетелдерде халықаралық додалар аясында өткізіліп жүрген шеберлік сыныптарына қатысады. Кадрлық тұрғыдан алғанда мұғалімдердің арасында «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, «ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «ҚР Мәдениет саласының үздігі», «ҚР Мәдениет саласының құрметті қайраткері», «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегерлері бар. Көптеген ұстазымыз облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты. Оқу процесі «Дарын» Республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен облыстық білім басқармасы бекіткен, жалпы білім беретін және арнайы құрамдас бөліктермен кешенді түрде құрастырылған оқу жоспарына сәйкес жүргізіледі. «Музыка» және «Хореография» бөлімдерінде оқытушылар мен шәкірттердің бірлескен өнер көрсетуі, «Бейнелеу өнері және дизайн» бөлімі мұғалімдері мен оқушыларының сурет, қолөнер көрмелері тоқсан сайын ұйымдастырылады. Мұғалімдер ұжымдық зерттеулер жүргізіп, өнер бағыты бойынша мамандық алғаннан кейін түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін сараптайды. Дарынды балаларды қолдау – Н.Тілендиев атындағы Мамандандырылған мектеп-гимназиясының негізгі міндеті.
– Н.Тілендиев мектебі жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі ерекше жетістігі үшін «Ең үздік жаңашыл мектеп», «Ең үздік білім беру ұйымы» аталымдарын иеленіп жүр. Оқу орнының құрылу тарихы туралы айтып өтсеңіз.
– Мектептің бастапқы атауы – Кіші өнер академиясы. 1996 жылы 11 қарашада дарынды балаларға арналған шығармашылық мектеп ретінде ашылды. 2022 жылдан бастап «мектеп-гимназия» статусын алған мектебіміз Тұңғыш Президенттің 1996 жылғы 26 мамырдағы «Дарынды балаларға арналған мектептер құру және оған мемлекеттік қолдау көрсету» туралы бұйрығы негізінде құрылған болатын. Алғашында шәкірттерді тек мамандыққа баулып, бір жылдан соң жалпы білім беретін негізгі пәндер жүйеге енгізілді. Кіші өнер академиясы – 12 жылдық білім берудің жаңа моделінің мамандандырылған мектебінің прототипі. Мамандық оқытушылары табиғи бейімділіктерді дамыту, кәсіби шеберлікті меңгеру үшін авторлық бағдарламаларын даярлайды. Бұл бағдарламалар әрбір оқушыға қойылатын талаптардың көлеміне сараланған көзқарасты қамтиды. «Бала өнердің нағыз маманы болғысы келсе, талмай еңбек етуі керек». Аталған мектеп ұстаздарының негізгі қағидасы – осы.
– Шәкірт жетістігі – ұстаздың мерейі мен абыройы. Бірқатар түлек бүгінде елімізге белгілі өнер жұлдыздарына айналды.
–Иә, осы уақыт аралығында талай таланттың талабын шыңдап, білім мен өнерге бағыттаған мектептің жетістігі орасан зор. Бүгінге дейін қанатын қомдаған түлектерінің арасында эстрада жұлдыздары, кино және театр артистері мен республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері бар. Атап айтар болсақ, «Заман» тобының әншісі Әсет Қарабаллин, әнші Бақыт Тұрман, театр және кино актерлері Қайрат Әділгерей, Ербол Ыдырысов, Динара Абдуллина, Шағуан Үмбетқалиев, Асылбек Әйтіш, «Бәйтерек» эстрадалық топтың әншісі Нұрдаулет Шияп, «Асыл» тобының әншісі Ақерке Бүркітбай, пародист Шыныбек Рахмашев секілді танымал түлектер осы білім ордасынан түлеп ұшқан. Халық қошеметіне бөленіп, ел алдында жүрген жұлдызды түлектеріміз әр сұхбатында өздері тәлім алған білім ордасын тілге тиек етіп отырады.
– Өнер мектебінде дарынды оқушыларды насихаттау ісі елімізбен ғана шектелмей, шетелдерге де шығарып отыратынынан хабардармыз. Халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жұмыстар туралы не айтасыз?
– Қазақ музыкасының сайыпқыраны атанған Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің есімін еленген мектеп-гимназияның біраз белесті бағындырып, ел тұрмақ, мұхит асып әлемдік аренада да ұлттық өнерді ұлықтап, халықаралық ынтымақтастық орнатып жүргені рас. Оған Ресей, Эстония, Белоруссия, Болгария, Украина, Түркия, Греция, Италия, Франция, Испания, Венгрия, Словакия, Аустрия, Чехия, Германия, Швейцария және басқа да мемлекеттерден алып келген жүлделер мен арнайы марапаттар дәлел болады. 27 жылдан бергі халықаралық марапаттарды былай қойғанда, жыл сайын гимназияның бір топ оқушысы Түркия мемлекетінде Наурыз мерекесіне арналған мерекелік қойылыммен түрік ағайындарды тәнті етіп жүр. «Актер шеберлігі», «Хореография» және «Вокал» мамандығында оқитын дарынды дарабоздар Түркияның Анкара қаласында «Қош келдің, әз Наурыз» атты театрландырылған мюзикл қойды. Тіпті түркиялық белді білім ордаларының бірі Bilim kolleji мен Akdeniz universiteti-не барып, ондағы оқу жүйесімен танысты. Аталған білім ордасында түрлі шеберлік сағаты ұйымдастырылып, екіжақты тәжірибе алмасу болды. Бұл өз кезегінде біздің мұғалімдер мен оқушылардың шетелдік білім ордаларымен ынтымақтастықта екенін аңғартады.
– Өнерлі оқушылармен жұмыс істегенде, қандай қағидаларды басшылыққа аласыздар?
– Әрине, мамандандырылған мектеп болғандықтан, алдымен, біз оқушыларды емтихан арқылы қабылдаймыз. Оқушылармен білікті мамандар етене жұмыс істейді. Мамандық сабақтар кезінде теориямен қатар практикалық дәрістер жүргізіледі. Баланы өнер иесі деп қабылдау, жете түсіндіру, сол салаға бейімдеуге мән беріледі. Әр сала бойынша жетістікке жеткен тұлғалардың шығармашылығымен таныстырамыз. Баланы креативті шығармашылыққа бейімдеу де маңызды.
– «Айтыс», «Ақындық өнер», «Журналистика» бағыттары бойынша қандай жаңалықтар мен жетістік бар?
– 2010 жылы өзімнің бастамаммен «Ақын-айтыс» мамандығын аштық. Арнайы жұмыс бағдарламасын әзірледік. Содан бері мамандық оқушылары түрлі облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты атанып жүр. Бүгінгі таңда оқушыларымыз бірнеше ақындар мүшәйрасына қатысып, республикалық байқаудың 1-орын иегері және арнайы сыйлықтың иегерлері атануда. Ақын-айтыс мамандығына 5-сыныптан бастап қабылдайды. Ал журналистика мамандығы 2012 жылы ашылды. Оқушыларды тележурналистика, баспасөз, телережиссура бағыттары бойынша оқытамыз. Түлектеріміз бүгінгі таңда «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында, «Атырау» телеарнасында, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде, облыстық әкімшілікте еңбек етіп жатыр. Ал 10-сынып оқушысы Айбын Өтемісов бүгінде Атырау телеарнасында «БалаFun» атты подкастың жүргізушісі. Бұл біздің ұстаздарымыз бен оқушыларымыздың ерен еңбегі деп білемін. Сонымен қатар журналистика мамандығының оқушылары «Академия ньюс», «Сен білесің бе?» «Әлемде талай қызық бар» секілді бірнеше бағдарламаларын әлеуметтік желіге шығарып жүр. Мектептің оқыту деңгейін арттыру және мамандық беру үрдісін кеңейту бағытында бертін келе виоленчель, шертер, жетіген, қыл-қобыз, саксофон, гобой, мүсіндеу сияқты мамандықтарды да аштық. Кадрлық толықтыру тарапынан өз талабымызды ұсына отырып, айтулы жоғары оқу орындарын тамамдаған, еңбек тәжірибесі бар, жетістігі зор ұстаздарды қабылдадық.
– Бүгінгі таңда өнер саласында білім беруде қандай жаңа тенденциялар бар?
– Қазіргі уақытта мектептің даму жоспарына жаңа инновациялық жобалар енгізілген. Сонымен қатар оқушылардың зерттеушілік іс-әрекеті мен ой-өрісін дамытуда да мұғалімдеріміз еңбек етуде. Мектеп-гимназия ұжымы оқыту процесінің жаңа технологиялық тәсілдерін қолдану арқылы оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыруға мүдделі. Кабинеттер интерактивті тақтамен жабдықталған. Бұл өз кезегінде ауыл балаларының да әлемдік өркениетке сай сапалы білім ала алатынын аңғартады. Оқушыларға мемлекеттік стандарт деңгейіне сай білім беру көкейтесті мәселе. Ақпараттық технологиялардың көптеп қолданысқа енгізілуі келешекте білім сапасының жақсы арнада дамуы үшін өз септігін тигізері анық. Мектебіміз үнемі ауқымды облыстық, республикалық мәдени іс-шараларды ұйымдастырады. Мұндай міндетті атқаратын арнайы режиссуралық топ бар. Әртүрлі шараларға оқушылардың қатысып, өнер көрсетуі үшін мектеп тарапынан жағдай жасалған. Ол да оқушылардың жаңашылдыққа ұмтылып, сахна мәдениетінің қалыптасуына, эстетикалық талғамның өрістеуіне қойылып жатқан басты тенденцияның бірі деп есептеймін. Ұстаз ретінде ұстаздық абыройлы қызметтің бұдан да артық тұғырлы биіктерге көтерілетініне сенімдіміз.
– Әңгімеңізге рақмет! Қызметіңіз табысты болсын!
Сұхбаттасқан
Бақытгүл БАБАШ,
Атырау облысы