Абай мұрасы: түркі әлеміндегі рухани сабақтастық
12 қыркүйекте Ұлттық ғылым академиясының конференцзалында Халықаралық Түрік академиясының ұйымдастыруымен хакім Абайдың туғанына 180 жыл толуына арналған «Данышпан ақын Абай мұрасы және түркі әлеміндегі рухани сабақтастық» атты республикалық ғылыми конференция өтті.

Жиын үстінде Абайдың қара сөздерінің латын тіліндегі, Мұхтар Әуезовтің екітомдық «Абай» романының әзербайжан тіліндегі және Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың мұрагерлері» атты зерттеу еңбегінің түрік тіліндегі нұсқасы таныстырылды. Белгілі ғалым, профессорлар: Қансейіт Әбдезұлы, Жанғара Дәдебаев, Ислам Жеменей, Анар Фазылжанова, Ақеділ Тойшанұлы, Еркін Шүкіман ақын шығармашылығы аясында баяндамалар жасады. Конференцияға сондай-ақ Астанадан арнайы келген Түрік академиясының Президенті Шаһин Мұстафаев пен академияның вице-президенті Асхат Кесікбаев қатысып сөз сөйледі.