БАУЫРЖАННЫҢ БИІГІ
10.07.2023
102
0

Өткен айдың басында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, мемлекеттік «Дарын» сыйлықтарының лауреаты, ақын, академик Бауыржан Жақыптың 60 жасқа толуына орай, Семейдегі Абай атындағы театрда «Жүректен қозғайын» атты шығармашылық кеші өткен болатын. 

Кеш иесіне Еңбек Ері Олжас Сүлей­менов­тің, көрнекті жазушы Роллан Сейсен­баев­тың, басқа да қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, бірнеше облыс әкімде­рінің құттықтау хаттары табыс етілді. Кешті талантты ақын-драматург Бақыт Беделхан жүргізді.
Басқарма Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов қаламгер қауымның, Абай облысы әкімінің орын­ба­сары Шалқар Байбеков облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Иран-Ғайып сөз сөйлеп, өлең оқыды. Жезтаңдай әнші Баян Сағымбаева, дәулескер күйші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Гүлмира Сарина, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Әділет Мұса, Абай облыстық филармониясының бірнеше әншісі мерейтой иесінің сөзіне жазылған әндерді орындады. Қарағандыдан арнайы келген, академик, «Ғасыр адамы» Темірғали Көкетаев, профессор Арап Еспенбетов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, жазушылар – Армиябек Сағындықұлы, Дәулет Сейсенұлы, Сламхат Сейтхамзаұлы, Болат Бопайұлы, сатирик Айтмұхамбет Бейсембеков, «Абай» журналының бас редакторы Мұратбек Оспанов, ҚЖО Абай облыстық филиалының басшысы, ақын Мерей Қарт, Өскемен қаласы Мәдениет басқармасының басшысы, ақын Қалқаман Сарин сөз алып, өлең оқыды. Ақынның жер-жерден келген шәкірттері де кештің сәнін кіргізді. Сапарғали Бегалин атындағы «Қайнар» орта мектебінің 3,5,6-сынып оқушылары ақынның жырларын жатқа оқыды.


Мерейтой келесі күні Абай ауданында жалғасты. Келген меймандар Мұхтар Әуезовтің Бөрілідегі музей-үйіне, Ақшоқыдағы Құнанбай қажы әулетіне, Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесіне, жазушы-педагог Кәмен Оразалиннің музей-үйіне тағзым етті. Қарауылдағы мәдениет үйінде дүркіреп өткен шығармашылық кеш тізгінін ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Төлеген Жанғалиев ұстады. Аудан әкімі Нұржан Абдыкаримов Бауыржан Жақыпқа «Абай ауданының Құрметті азаматы» атағының куәлігі мен төсбелгісін табыс етті.
Кеш түсе жер-жерден келген қонақтар кезінде ұлы Абай, баласы Әбдірахман, әйгілі Мұхтар Әуезов кірген шипалы жер асты суы бар «Қоңыр әулие» үңгіріне барып, Шаған өзенінің бойындағы саяжайға жайғасты. Бір айта кетерлігі, Бауыржан ақын туған Таңат ауылынан 25 шақырым жердегі Тоқтамыс ауылынан шыға берістегі Шыңғыстың сілемдеріндегі, айнала-төңірек алақандағыдай көрінетін бір шоқыға «Бауыржан биігі» деген ат берілді. Қаламгерге табысталған «Абай ауданының Құрметті азаматы» куәлігіне:
«Сүйер ұлың болса сен, сүй,
Сүйінерге жарар ол», –
деген Абайдың сөзі жазылыпты. Осы дүбірлі тойдан «елдің ыстық ықыласы, халықтың қошеметінен артық не бар» деген ой түйдік.

Азамат Қасым

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір