БИЖАННЫҢ БИІГІ
24.09.2024
294
0

Бижан Қалмағанбетов өлеңге кез­дейсоқ келген жоқ. Әу баста осы өлеңге деген көзқарасы бөлекше болды. Бұл рет­те мектеп оқулықтарындағы өлеңдер туралы түптеп айтудың қажеті жоқ. Қай кез­дегі секілді Бижан мектепте оқып жүрген кез­дегі хрестоматиялық өлеңдер­дің жайы белгілі еді.

Бижан мектепте оқып жүргенде де, тіпті мектеп бітірген соң да өлең жазбады. Рас, өлеңдерді көп оқитын, бірақ жазуға келгенде қойылатын талаптан сескеніп, қаламы тайғақтап кететін. Дегенмен болуға тиіс нәрсе болмай қоймайтыны бар ғой. Бір жылы Бижан Алматыға барды.
КазГУ-де, журналистика факультетінде оқып жүрген, баяғыда бірге оқыған достарымен қауышты. Сөйтсе, ақынды алыстан арбаламай-ақ, жақыннан дорбалауға да болады екен. Достарының бірер курстастары ақын болып шықты. Рас, қазіргідей танымал ақындар емес, жеке кітаптары шықпаған, әлі жас, бірақ газет-журналдарда жарияланған, мықты ағаларының жылы лебізіне ие болғандар. Содан Бижан бауырымның мазасы кет­ті. Көп созып не керек, сол сапар бұған жаңа жол көрсет­ті. Бижан ақын болуға бекінді және болды да.
Ақынның «Ескі сурет­тер» деп аталатын өлеңі бар. Былай қарағанда, елеусіз-ақ дүние тәрізді. Кімнің үйінде фотоальбом жоқ, кімнің үйінде ескі сурет­тер жоқ. Бар. Осыны ақын өлең тіліне аударыпты:
Өтсе-дағы зулап жылдар, қанша күн,
Сол алаңсыз жастық шақты аңсадым.
Мынау – менің тәй-тәй басқан
кезім ғой,
Мынау – менің балалық шақ –
бал шағым…
Оқи отырып, әрине, сіз де бал шағыңызды еске түсіресіз. Бірақ сонау жетпісінші жылдар мен мына жаңа ғасырдың мына жиырмасыншы жылдарындағы бал шақтардың арасында едәуір айырмашылықтар бар. Ең берісі киім киіске қараңыз. Сөз саптау мәдениеті ше? Байлық, сол байлықтарға ілесе келген түрлі кісәпірліктер туралы айтпай-ақ қойсақ та болады. Дегенмен неге адам балалық шағын аңсайды? Сірә, әр нәрседен жерініп болған мына заманда пенде жер бетінде болған бағзы бір тазалықты аңсайтын болуы керек, оған қоса сол тазалықты құртқан қазіргі қулық-сұмдығы көптеу арақатынасты жек көретін шығар. Бижан да, әрине, солардың бірі. Сағат тағып, шаш қойған кезін сағынады, алғашқы махаббатын еске түсіреді, соғыс ардагері атанған әкесінің жансыз суретіне үңіліп толқиды… Одан әрі:
…Қалыпты ұстап,
көп алдында таспадым,
Мөлдір болсын дедім көңіл-аспаным.
Сурет деген – өткен уақыт тарихы,
Мынау – анам, іні-қарындастарым.

Біреу сүйер, біреу ашпас қақпасын,
Ол да ақиқат –
көпке бірдей жақпасым.
Қос бүлдіршін,
мынау – жарым қасымда,
Менің шағын мемлекетім – отбасым.

Соқпақты өмір асуы көп, түсінем,
Алға ұтылам бір арманның күшімен.
Болашаққа тарихымды жасаймын,
Суретке түсем және түсірем!
Міне, өлеңнің осы соңғы шумағынан соң, осы соңғы тармағынан соң, Бижанның қалт еткеннің барлығын суретке түсіріп алатын әдет-дәстүрін түсінуге тырысасың. Қазір Ақтөбе қаласында әдебиетке қатысты шаруалардың қай-қайсының да фотодерегі Бижанның архивінен табылатынын жерлестеріміз жақсы біледі. Әрі-беріден соң бұл да – ақынға керек-ақ қасиет. Анау кез­де фотоап­парат алдында қалай сымдай тартылып тұрғанын, мынау шақта кімдермен қайтып сұхбат­тасып жатқанын қайта барлап қойғысы келмейтін кім бар. Ал өлеңге қайта оралсақ, ақын ескі сурет­тердің әрқайсысына тоқталмайды. Өйткені бұл – шұбалаңқылыққа ұрындыратын жол. Түптеп келгенде, өлең барша өміріңді жұртқа таныстырып өтетін баяндама емес. Сезімдерді оятуға кейбір детальдар да жеткілікті.
Ал «Ескі сурет­тер» деп аталатын бір өлеңге ұзақ тоқталыңқырап отырған себебіміз, бертінде индустриялық-педагогикалық техникумды, университет­ті бітіргені болмаса Бижан – қалай десеңіз де, ауылдың түлегі. Рас, өлеңдеріне қаланың сан-сапалақ тіршіліктері де араласып отырады, бірақ «Жусан», «Шаңырақ», «Қаңбақ», «Сыбаға», «Домбыра мен қылыш» тәрізді өлеңдердің қай-қайсысы да көкірегіңе ауылдың түтінін тықпалайды, көзіңе бұрынғы қамсыз-мұңсыз жұпыны сурет­терді әкеледі.
Сондай өлеңдердің бірі «Сағыныш» деп аталады.
Жасыл кілем құрақтары,
Ауылымның мол екен.
Бұлақ үні құлақта әлі,
Сағынышым сол екен.

Орман жаққа барам әлі,
Айналмалы жол екен.
Көз алдымда алаңдары,
Сағынышым сол екен.
Диқандар да бар ауылда,
Егін еккен қолы екен.
Нанның иісі танауымда,
Сағынышым сол екен.

Туған жерге ат­танамын,
Бақытым да мерекем.
Ауасымен бас жазамын,
Сағынышым сол екен.
Сағыныш тақырыбын қазақ поэзиясына Төлеген Айбергенов әкелгені мәлім. Асып-төгілген ақжарма сезімін сол күйінде қағазға түсірген Төлегеннің бұл тақырыптағы өлеңі ке­йінгі жас буынға үздік үлгі болып қалды. Дегенмен сезімдерді тап солайша толқытатын бұндай басқаша өлең жазылмады, жазылғандары бұл деңгейге жете алмады. Әйтсе де әркімде де бар сағыныш тақырыбы түгесіліп қалған жоқ. Бір тәуірі, ке­йінгі буын ақындары таныс сүрлеуді шиырлай бермей, мысалы, стилистикалық әдістерін өзгертуге тырысты. Бижанның мына өлеңі де сондай ізденістердің бірі болып шықты. Айталық, әр шумақтан соң келіп отыратын «…сағынышым сол екен» деген тұрақты қайталаулар өлеңге өзгеше реңк беріп тұр. Расында да, адам кей шақтарда нені сағынатынын әйтпесе нені аңсайтынын толық білмеуі де мүмкін. Әйтеуір жүрек-жұлынын әлдебір сезім түрткілей береді, тіпті құтқармайды. Бұндай хал-ахуал әсіресе өлең жазып жүргендердің басына көбірек үйіріледі. Бижан сол сәт­тің бір көрінісін тап баса білген. Әлдебір кез­де жаныңа ыстық көрінген жасыл құрақ, сылдырлап аққан бұлақ әлдеқанша жылдар өткен соң қайта кезіккеніңде, көкірегіңнің алыс түкпіріндегі әлдебір сезімді қайта оятпай ма? Оятады. Анау орман да, сол орманға апаратын айналмалы жол да, тіпті тыным тап­пай ертелі-кеш қимылдап жүрген диқан да солай. Жоғалтып алып жүрген сағынышыңның бір мырза тобы солар екенін түйсінесің. Айналып келгенде бір ғана нәрсені – аяулы туған жеріңді сағынады екенсің. Бижанның ұтқаны – басыңнан өтетін де кететін сол сәт­ті фотоап­парат секілді қағазға дәл түсіріп қалғаны. Өлеңнің дәстүрлі 7 буынмен қысқаша жазылуы да, туындыны шұбалт­пай 4 шумақпен шектеуі де сол әсерді жоғалтып алмауды көздеген асығыстық. Қажет асығыстық. Егер бұл туындыны автор туған жер туралы толғауға ұластырып әкетер болса, тіліңнің ұшына келіп тұрған тәт­ті дәм жоғалып, жарқ еткен сезім бұлыңғырланып кетер еді. Мұқағалидың «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта» дейтіні де сол. Андрей Вознесенскийдің «Стихи не пишутся – случаются, как чувства или же закат. Душа – слепая соучастница. Не написал – случилось так», – дейтіні де, біздіңше, сол.
Бірақ ақын ғұмыр бойы осындай сәт­терді күтіп отыра алмайды. Өйтсең қаламың қозғала бермейді, қағазың ақ парақ күйінде тұра беруі мүмкін. Сол себепті ақынның әр тақырыпты әрқалай жырламауға амалы да жоқ. Мысалы, Бижанның туған жер туралы жазған жырларының бір тобының атауларын жоғарыда көрсет­тік. Ол ғана емес, автордың кітаптарын зерделесек, сол туған жер, сол туған жердің табиғаты, кешелі-бүгінгі тіршілік жағдайы, адамдардың арақатынасы хақында жазылған талай өлеңдерді кезіктіреміз. Сол өлеңдердің арасында өмірден ерте өткен бард ақын Табылды Досымовқа арналған жырлары бір төбе. «Табыл досыма», «Табылдыға», «Табылдыны сағыну», «Табылдыны аңсау» деген тәрізді өлеңдер дүниеден мезгілсіз көшкен ақынға ғана емес, бәлкім, барша ақынға, барлық өлеңдерге арналған ілтипат та шығар. Өйткені осы жырларды оқыған шақта ақынның, әсіресе талант­ты ақынның алдынан кесе көлденең шыға беретін қолдан жасалған кедергілер айтылмай қалмайды. Бірақ бұның жолын кесу, яғни талант­ты ақындарды аялауға шақыру екінші бір ақынның нұсқаумен жүзеге асатын шаруа емес екені белгілі. Беріні былай қойғанда өткен, оның алдындағы ғасырларда өмір кешкен Ақан сері немесе Біржан сал тәрізді әрі әнші, әрі ақын, оған қоса орындаушылардың қандай өткелектерді бастан кешкені осы күні барша жұртқа белгілі және Бижан осындай ойларды жазумен немесе айтумен ғана шектелген емес. Табылдының творчествосына арналған әдеби-музыкалық шараларды кезінде мынау Мәскеуде де, анау Монғолия Халық Республикасында да өткізуге себепші болды. Рас, бұл Табылды Досымов атындағы қоғамдық республикалық қордың директоры ретіндегі парызы да шығар. Кезінде көрнекті мәдениет­танушы қаламгер Әуезхан Қодар: «…Мүмкін, осы Табылды, Бижан сияқты жігіт­тердің арқасында кеңес дәуірінде қат­ты жараланып, пәре-пәресі шыққан ұлт­тық тұтастығымыз, бұрынғы дегдарлығымыз, тектілігіміз қалпына келіп, жаңа жеміс беретін шығар? Мүмкін, Бижан Қалмағанбетов осындай шұғылалы тірліктің, еркін ұрпақтың алғашқы қарлығашы шығар? Әлде оның Табылдыға сонша жақын болғаны, өзінің кеудесінде де көрнекті орын тепкен ұлт­тық дәстүріміздің құнарлы құндылықтарына суарылған ақындығынан ба екен? Мүмкін, оның «Ғашық жүрек» және «Сәйгүлік өмір» жинақтары соның айғағы шығар?» – деп жазғанын ұмытқан жоқпыз. Қазір тек Табылдының ғана емес, жалпы ақын-жазушылардың шығармашылық кештерін сырт жұрт түгілі өз елімізде ұйымдастырудың да орайы келе бермейтіні рас. Осы орайда Бижанның «Ақтөбе қаламгерлері» қоғамдық қорының вице-президенті ретінде атқарып жатқан істері де ұшан теңіз екенін айта кеткім келеді. Қаламгерлердің шығармашылық кештерін өткізуге, олардың кітаптарын шығаруға бейілді ұйымдастырушы табу, іздеу-келістіру тәрізді қым-қуыт істердің ортасында жүру тап қазір осы Бижаннан басқаның қолынан келмей тұрғаны да шындық.
Бұған қоса, ол – облыстық мәслихат­тың депутаты. Қазіргі кезеңде мәслихат­тың араласпайтын шаруасы жоқ, ең аяғы тыңғылықты жұмыс істеп, тыныш өмір сүріп жатқандардың да көңілін аулауға міндет­ті. Ал әлдеқандай төтен іс басталса, алдымен, депутат­тар атсалысуға тиіс. Қайбір жылдары депутат­тардың үні онша жарқын естілмейтін тәрізді еді, әлде заман солай болды ма? Қазіргі күні кез келген даулы мәселелерге, тіпті даусыз да біте қалатын ұсақ-түйек істерге бас-көз болып депутат­тар жүруге тиіс болды. «Әкім қайда қарап отыр?» дейтін әңгімелер, енді бірте-бірте «Депутат­тар қайда қарап отыр?» деген әуенге ауыса бастады. Бұл заңды да. Өздерінің сенімін һәм аманатын арқалап жүрген жандарға қойылатын сауал да көп болмақ. Ал ілім-білім өркендеген, оның үстіне ақпарат­тық мәлімет­тер қас қаққанша жалпақ жұртқа тарап үлгеретін мына заманда ешбір сауалдан атүсті сырғып өте алмайсың. Сол себептен де кандидат­тық іріктеу кезінде сайлаушыларға оңды-солды уәде беруді азайтудың, тіпті біржола тыйып тастаудың заманы келе жатқан сияқты. Анау ерте көктемде аяқасты тасқын басталып, әсіресе, Қобда, Ырғыз, Ойыл, Әйтеке би тәрізді аудандарда, ішінара Ақтөбе қаласының саяжайлық аймақтарында біраз баспана суға кет­ті. Абдырап қалған жұрт­ты әуелі жұбатудың, одан соң оларды уақытша болса да тұрғын жаймен қамтамасыз етудің шешімін табу да оңай болған жоқ. Осы тұста көпшіліктің ортасында сол баяғысынша депутат­тар жүрді. Сонда жарғақ құлағы жастыққа тимегендердің бірі осы Бижан еді. Бижанның облысымызда «Құрмет» орденімен марапат­талған үш-төрт қаламгердің бірі болуының да осындай себептері бар.
Осы материалды бастар алдында Бижан Қалмағанбетовтің тек творчестволық келбетін ғана әңгімелеуді көздеген едім. Бірақ қоғамдық қызметі, айналасына шуағын шашып жүретін қасиеті қапталдасып ойымды бөле берді. Расында да, Бижанды қоғамнан, қоғамды Бижаннан бөліп тастай алмайды екенбіз. Сондықтан да бұл тараптан да аз-кем сөз қоспасыма болмады. Бижанның бір өлеңінде:
Нұрын шашқан мынау ғажап өмірден,
Айтшы, қане, қандай пенде жерінген?
Жоқты-барды жинап қойып ысырып,
Болашаққа қол созайын сеніммен! –
деген жолдар бар. Сол сенім ілгері жетелей бергей!

Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ, ақын,
Қазақ­стан Жазушылар одағының
Ақтөбе облысындағы өкілі

СЕН ҒАНА
Сүйем сені басылмайды ынтығым,
Сезесің бе жүрегімнің дүрсілін?
Магнит­тей мені өзіңе тартасың,
Әп-әдемі кірпігің-ай, кірпігің!

Қанатындай құстың қара қастарың,
Бұлақ сынды таудан аққан шаштарың.
«Жаным» деген жиі естимін сөзіңді,
Қажеті не маған сенен басқаның.

Өзіңсің ғой – сүйенгенім, сенгенім,
Ренжітсем, кешір, мен де пендемін.
Қос қарашық түсіндірер сөзсіз-ақ,
Қандай ғажап, сенің мойыл көздерің.

Сезімдер ме ұқсап ақ нұр, жаңбырға,
Сәби болам кейде сенің алдыңда.
Ризамын ұзақ ғұмыр берсінші,
Сендей жанға жолықтырған тағдырға.

Болғанымен ойым озық, талап кең,
Суретшілік өнерім де жоқ әт­тең.
Отырар ем іліп қойып тұсыма,
Портретіңе күндіз-түні қарап мен.

ЖУСАН
Жазды мынау кеткен бе күз ықтырып,
Мезгілінің жеткенін де ұқтырып.
Ауыл маңы. Бәйге төбе келем мен,
Суық желге қарамай да пысқырып.

Балалық шақ еске түсті баяғы,
Таныстар көп, алдан құшақ жаяды.
Ей, халқым-ай, домалайтын той десе,
Жиналыпты қалмай тайлы-тұяғы.
Жерім мынау кілем-шалғын
жүрсең көк,
Азаматсың ел қадірін білсең тек.
Жүрдік талай жеңіл-желпі қар кешіп,
Қалалық боп кеткенім бе бүрсеңдеп.

Қарт­тарым-ай,
жас ұрпаққа кең көңілің,
Тілектерің керемет қой сендердің.
Теректей боп қайыспаған сындарға,
Мен де солай боламын деп дем бердім.

Таңың атып, қызғылт түсті батар күн,
Жолы бөлек кешкен әрбір сапардың.
Туған жерден бір түп жусан жұлып ап,
Иіске­йін деп мұрныма апардым.

Қызылқоғам шыққан сенен
сан алып,
Құстай ұшам, естісем бір жаңалық.
Көк жусанның иісі бойға жайылып,
Жан сарайым кете барды жаңарып.

Сенен өсіп, қанат қақтым бүгінге,
Өзгеріпті келбетің де, түрің де.
Туған жерім – менің асыл мекенім,
Жүрегімнің сен жатасың түбінде!

* * *
Ауыл жақтың құлақта үні кілең,
Есте қалды сол жылдар
шырынымен.
Құрбақаның даусымен көз ілуші ек,
Бозторғайдың оянып шырылымен.

Тарих еді-ау жас ұрпаққа жат­талар,
Қазір онда тұратындай басқалар.
Баяғыдай еркіндік те жоқ мұнда,
Қайда барсаң қарсы алдыңда тас қамал.

Біреу артық тиын берсе мадақтар,
Пейіл де тар, ашылмайды қабақтар.
Жасыл шалғын, қайда ол қазір ертегі,
Үй жанында қурап қалған ағаштар.

Ескермейік десек-дағы назарға ап,
Сараң жандар дәл осылай сазармақ.
Күйініп жүр қыруар қаржы кет­ті деп,
Қала жақтан келген еді базарлап.

Асырам деп өзгелерден айласын,
Қара бастың ойлаған тек пайдасын.
Адамдардан дәл осындай түңіліп,
Кет­тің бе екен, қарлығашым,
қайдасың?

Жатса да өмір күннен-күнге гүлдене,
Саған қамқор бола алмадық біз неге?
Балапандар шығарушы ең сары ауыз,
Шаңыраққа ұя салып шілдеде.

Өзен-көлге бара қалсаң жақындап,
Аққу, қаз жоқ, айналасы тақыр бақ.
Шағалалар орнына сауысқан,
Қарға қарқ-қарқ,
тоқ-тоқ етер тоқылдақ.

Тақтан тайып ақыл айт­қыш езбелер.
Пендеміз ғой ойымыз да жөнделер.
Қарлығашым, мекеніңе оралшы,
Пиғылымыз, бәлкім, сонда өзгерер!

Бижан КАЛМАҒАНБЕТОВ,
Қазақ­стан Жазушылар
одағының мүшесі

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір