Оразанбай биігі
02.12.2025
70
0

Бүкіл әлемге тараған қазақ баласының қомақты бір бөлігі – Шығыс Түркістан қазақтары. Олар өркениет жасаған, үлкен әдебиет тудырған, тұтас алаш баласының қазақ еліндегі негізгі жұртымен деңгейлес бай мұра қалдырған іргелі қауым. Үш ұлы дария – Іле, Ертіс, Емілдің жүйрік басын ен жайлаған қандастарымыздан ұлттың руханиятына ғана емес, адамзат өркениетіне олжа салған даңқты тұлғалар көп шықты.

Біздің бала күнімізде ауылдың ақсақалдары «Қалмақтан босатқан соң бізді бұл жерге хан Абылай жіберді. Судың басын алмасаң, жер сенікі болмайды. Сондықтан Ертіс, Еміл, Іленің басын алыңдар деген жарлық берді. Біз хан жарлығымен қоныс алған елміз» деп мұрты көкке шаншылып, бұрқылдап сөйлеп отырғанын талай естіп едім. Бүгінде ойласам, осы неткен алысты ойлаған көреген шешім, қандай жөн­білгі идеология деп тамсанам. Судың басын алуын алдық-ау, бірақ заман бізге түренін теріс салды ғой. Бүгінде сол ата қазақтың бір бұтағы қурап, қиылып түсудің аз-ақ алдында тұр.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Шығыс Түркістан қазақтары бай мәдени мұра жасады. Қазақ өркениетінің арналы бір саласы осы қандастарымыз. Олардан шыққан белгілі ғалымдар, қабырғалы қаламгерлер мен дарынды спортшылар жетерлік. Жиырмасыншы ғасырдың әрқилы зұлматтары, көрші елдегі түрлі саяси оқиғалар да қандастарымызды айналып өткен жоқ. Совет билігі жасаған репрессияның көшірінді нұсқасын Қытай коммунистері іске асырды. Ұжымдастыру, мәдениет зор төңкерісі әкелген қасіреттерді біз әлі зерттеген жоқпыз. Алайда қанша нәубетті көре жүріп, Тарымның шөлінде еріні кеберіп айдауды басынан өткере жүріп атылып, асыла жүріп олар қазақ руханиятына тынбай қызмет етті.
Сұлтанмахмұтша айтсақ, «Бит, бүрге, қандалаға қанын беріп, Қиналмай алаш үшін жанын беріп» күрескен сол пидагер буынның еңселі бір өкілі
Оразанбай Егеубаев еді. Ол – белгілі жазушы, таңжарықтану ғылымының негізін қалаған, фольклортанушы ғалым. Ошақтың үш бұтындай осы үш сала – Оразанбай Егеубаевтың мол еңбегінің негізгі арнасы, айдынды саласы. Бүгінгі шағын мақалада біз осы үш арналы толқынды хал-қадарымызша шолып, сол арқылы тарихы тұманға, тағдыры күмәнға толы Шығыс Түркістан қазақтарының тарихи жолы жайында аз-кем толғанатын боламыз.
Қазақ тарихынан әліппелік сауаты бар адамдардың бәрі біледі, Алтын орданың ең соңғы қаһарман әскері қырғыз жерінде Кенесары ханмен қоса шейіт болды. Бұл тұтас қазақ даласына, еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін үлкен рухани сілкініс пен намысты шер тудырған кезең еді. Тарихтың жазылмаған заңы, тағдырдың адам еркінен тыс тәртібі бар. Ұлттың басына түскен қасіреттен кейін Юнгтік архетиптер оянады. Тұтас қауымның бейсанасында ежелгі файлдар қайта қозғала бастайды. Бұл ұлттың генафондын да қоздыра түспек. Қысқасы, пидагер буын елі үшін жанпида еткен соң, оның орнына ардагер ұрпақ келеді.
Бұл қазақ даласының символына айналған бөкен синдромына ұқсап кетеді. Кейде жаппай тараған жұқпалы ауру мен алапат жұт динозаврмен замандас осы ежелгі тіршілік иесінің қатарын жусатып, санын азайтып кетеді. Қызығы, сондай жоғалтулардан кейін тұтас киік әулеті тек ұрғашы төл туады. Сол арқылы бірнеше жылда қатарын қайта қалыңдатып, сапын қайта толтырады. Ал ұлт мысалында, ерлердің сапы қайта толығып, жақсылардың санаты көбеймек. Алаш – сондай буын. Кенесары заманындағы қасіреттің бодауына келген ұрпақ. Кеткен есеңді келтіріп, ортайған кемдігіңді толтыруға келген ардагерлер еді.
Олар заманы туғанда тұтас қазақ даласына сәулесін шашты. «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы желмая мінген Асан қарттай насихат айтып, күллі қазақ даласын шарлады. Ол сәуле Шығыс Түркістан қазақтарының да жүрегіне түсті. Қазақтың қайта өрлеу дәуірінен олар да тыс қалған жоқ. Көкірегін ыстық құштарлық кернеп, өнер мен білімге шөліркей ұмтылды. Сол кезеңдегі Шығыс Түркістан қазақтары арасындағы ең күрескер, жаңашыл ақындардың бірі, ағартушы Таңжарық Жолдыұлы еді. Ол Алаш қайраткерлерін өзіне үлгі тұтты. Өзін солардың жолындағы мүдделес санады. Таңжарық ақын жырларында Абай, Шәкәрім, Міржақып, Сұлтанмахмұттар атының қайта-қайта ілтипатпен аталып, олар салған сара жолға деген құлшынысын үнемі растап отыратыны содан болса керек.
Міне, сол Таңжарық ақынды зерттеп, зерделеу арқылы Оразанбай Егеубаев өзі де алаштың мұрагеріне, қазақтың ардагер буынының жалғасына айналды. Таңжарық шығармаларын ел арасынан тәптіштеп жинап, цензурадан ебін тауып өткізіп екітомдық толық шығармалар жинағын дайындады. Ақын өмірінің әр кезеңін мұқият зерттеп «Тау ұлы» кинороманын, «Сахара бұлбұлы» хикая­тын, «Таңжарық ақынның ауылында» қатарлы көптеген мақала мен «Таңжарық» монографиясын және ондаған мақалалар жазды. Оразанбай Егеубаевтың сценариімен Таңжарықтың өмір дерегі көрсетілетін Шығыс Түркістан қазақтарының тұңғыш сериялы «Тау ұлы» түсірілді. Алайда саяси себептерге байланысты толық көрсетілмей экраннан алынған. Қысқасы, таңжарықтану ғылымының негізін қалады. Алағай да бұлағай заманда ақынның сұраусыз, іздеусіз қалған мол мұрасын тірнектеп жинауға өмірін арнады. Дарабоз жазушы Қабдеш Жұмаділов бірде: «Оразанбай – басқа ештеңе істемей, тек Таңжарыққа сіңірген еңбегі үшін тарихта қалатын азамат» депті. Ақиқат сөз. Таңжарықты тұтас алаштың алқара аспанына көтерді. Сол арқылы өзі де алаштың аймаңдай арысына айналып, тарихтың есінде қалды.
Оразанбай Егеубаевтың шығармашылық-қайраткерлік ғұмырының арналы бір саласы – қазақ фольклорын жинау, жинақтау, зерттеу, зерделеу жолындағы жанкешті еңбегі. Шығыс Түркістандағы ешқандай цензураға ұшырамаған, саф, таза қалпында сақталған құнарлы фольклорды асқан жауапкершілікпен, жансебілдікпен жинады. Қазақ баласының қажетіне жарайтынын, елдің игілігіне айналатынын ерте ұқты. Тәуелсіздікке жаңа қол жеткізген елең-алаң шақта ел іргесін бекітудің ең ұтымды жолының бірі рухани үндестік екенін терең сезінді. Екі мемлекетте өмір сүріп, сая­си салқындықтың кесірінен арадағы барыс-келісі үзіліп қалған ел уақыт озған сайын бірін-бірі ұмыта бастаған. Жатсынған. Жас буын, тіпті ол жақта қазақтар тұрады десе, таңдана қарайтын заман болатын. Жүзінде «Олар қандай қазақ? Өзіміз сияқты ма?» деген таңданыс тұратын. Осы олқылықтың орнын толтыруда Оразанбай ақсақал аянып қалған жоқ. Сиырдың бүйрегіндей бытырап кеткен алаш баласының басын қосып, бауырын бүтіндеуге барын салды. Осы жолда арасын шекара бөлгенімен еншісі бөлінбеген қазақтың рухы үндес, тілегі бір, рухани қазынасы ортақ екенін дәлелдей алды.
Мәселен, оның тәптіштеп жинауымен Шығыс Түркістан қазақтарының фольклорлық мұралары 18 том болып жарық көрді. Еліміздің теңдесі жоқ мол мұрасы «Бабалар сөзінің» 100 томдығына алыстағы ағайын арасында сақталған інжу-маржан жырлардың 15 томын әкеп қосты. Бұл қуатты дарияға қарқынды өзен қосылғандай рухтың арнасын тасытатын дүние еді. Алыстағы ағайынның арасында сақталған мол рухани қазынамызға шырақшы болған ерлігі әмәнда ел есінде қалмақ. Осы көл-көсір мұра қайраткер тұлғаның өзі секілді бұдан кейін де қазаққа қызмет ете береді.
Қазақтың тағдырын тәлкекке салған тарихтың шығыры Шығыс Түркістанда да сол қалпында айналды. Ондағы көш басында жүретін жақсы мен жайсаң, текті мен сойлы репрессияға аз ұшыраған жоқ. Таңжарықтар бастап оқысаң жүрегіңе қан төгілетін түрме әдебиетін қалыптастырды. Одан кейінгі қуатты толқын Оразанбай ақсақалдардың буыны еді. Оларды да қатал заман, аяр саясат қылбұрауға салды. Бірақ от пен оқ рухын өшіре алмады, қайта маздата түсті. Жон арқасы ғана емес, жүрегін замананың қызыл жалынына күйдіре жүріп сом болаттай шыңдалды. Ұлтқа қызмет ету деген ұлы миссиядан айныған жоқ. Қайта жаңбыр тисе ширай түсетін қыл арқандай есіліп, есіл өмірін елдіктің жолына арнады.
Сіз Оразанбай Егеубаевтың көркем шығармалары – романдары мен әңгімелерін оқысаңыз шұрайлы тілі мен қазақтың дарқан өмірі бір төбе, одан бөлек адам рухының күрескерлігіне тәнті боласыз, тіпті қайран қаласыз. Соңындағы елдің көші аумасын деп жанын отқа салған пидагер буынның ерлігіне тағзым етесің. Шығыс Түркістандағы репрессиялар ондағы ағайынның жанына аз жара салған жоқ. Жадында үрейі өшпейтін таңба қалды. Алпысыншы жылдардағы мәдениет зор төңкерісі – соның бір айғағы. Кейін замана оңалған соң, бұл жайлы көптеген шығармалар жазылды. Зерттеушісі болса, бұл да бір нәрі мол, үлкен арна. Оразанбай Егеубаевтың «Көк бөрі немесе тағдыр тәлкегі» романы осы шерлі тарихтың бір үзік сыры тәрізді. Оның жалғасы саналатын екі томы жазылмай қалыпты. Жазушының сыр-сұхбаттарын оқысаң оны жазудан саналы түрде бас тартқандай көрінеді. Жазу үстелінде отыратын уақытының бәрін жоғарыда біз сөз еткен фольклорлық мұраларды жинауға арнауды құп көріпті. Халық қазынасын түгендесем, жеке шығармашылығым қайда қашар деп ойлапты. Бұл да екінің бірі істей алмайтын үлкен ерлік.
Уақыт өтіп, көшіміз түзеліп, алдымыздан айдын көлдер мен жазира белдер шыққан сайын бір нәрсеге көзіміз жете түседі: ол – санадағы сызатты емдеу. Ұлттың жаны жарадан айығып, рухани бостандыққа жетпесе, бір тауы аласарып тұрады. Біз сол мұратқа ұмтылған сайын Оразанбай Егеубаев пен оның замандастарының тағдырына, қауырсын қаламынан туған әрбір туындыға жиі-жиі оралып тұратын боламыз. Ондағы қара түнді найзағайдай қақ жарған рухқа біз қашан да зәруміз.
Егер Оразанбай Егеубаевтың көркем шығармаларын бір жаққа сырып қойсаңыз, оның Таңжарық мұрасын зерттеген ұшан-теңіз еңбегі тұрады. Ал, ол еңбекті халықтың игілігі десеңіз де, одан Оразанбай биігі аласармайды. Қайта жаһұттай жарқырап адамгер қасиеті мен дегдар мінезі қалады.
Жырау Жәркен Бөдеш ағамыз Оразанбай Егеубаевқа арнаған өлеңінде:
«Ағатай, артың – түнек, алдың – жарық,
Тарымда ізің жатыр тарғылданып.
Жастығың құм ішінде қала берді,
Шоғындай сексеуілдің бал-бұл жанып», – дейді.
Иә, Оразанбай Егеубаевтың Тарым­ның таршылығында, құмның қырсауын­да қуғын мен сүргінде 22 жыл ғұмыры өксіді. Бірақ жігері жасымады, рухы мұқал­мады. Замана уақытын ұрласа да жүре­гіндегі отты өшіре алған жоқ. Қайыс­пас қара нардай қасқайып тұрып қазақ­қа қызмет етті… Біздің бақы­ты­мыз­ға ол қалдырып кеткен тұмса бұлақ­қа дамыл-дамыл келіп, шөл қанды­рып тұру жазыпты.

Ербол Алшынбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір