Кәсіптен нәсіп тауып жүрген жазушылар
06.05.2024
165
0

Кәсіпкерлік – ежелден бері қалыптасқан адамдардың іскерлік қабілеті, кәсіптік белсенділігі. «Кәсіпкерлік» ұғымы елімізде 2000 жылдарда ғана кең қолданыс тапқанымен, оның дамуы орта ғасырда-ақ басталған. Ең алғаш 1723 жылы француз тілінен енген «кәсіпкер» сөзі басқару қабілетімен инновация енгізуші деп анықталған болатын. Демек, қазақ жері арқылы Еуропа мен Азияны жалғаған Ұлы Жібек жолының өзі инновация енгізуші көпестер мен саудагерлердің, қолөнер қызметкерлерінің еңбек өнімділігін едәуір арттырған кәсіпкерліктің бастапқы сатысы іспетті. 

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қазақ жерінде тұратын ел азаматтары, Ресей, Беларусь, Қырғыз Республикасының адамдары және «Қандастар» мәртебесіндегі тұлғалар жеке кәсібін ашып, оны ары қарай дөңгелетіп, экономиканың дамуына үлес қосуға құқылы. Сондықтан кез келген салада қызмет істейтін ел азаматтары кәсіпкер атана алады.
«Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң, бақыт деген – осы!», – дейді белгілі ғалым, қоғам қайраткері Асқар Жұмаділдаев. ХХІ ғасырдағы экономикалық қуат пен бәсекелестік деңгейінің жоғары екенін ескерсек, ғалымның сөзінің ауқымдығы мен мән-маңызының тереңдігін ұғынамыз. Әсіресе баға шарықтап, ақша құнсызданған бүгінгі таңда бір мамандық бойынша қызмет ету, не бір шаруамен ғана айналысу халықтың лайықты өмір сүру жағдайына жеткіліксіздік тудыратыны анық.
Бүгінде қоғамымызда әдебиет әлемінен бөлек, кәсіптен нәсіп тауып жүрген Асқар Алтай, Бейбіт Сапаралы, Ерболат Әбікен, Арман Әлменбет, Асылан Тілеген, Бақытгүл Сәрмекова сынды бірқатар қаламгер, жазушыларымыз бар.
«Қазақ әдебиеті», «Орталық Қазақ­стан» газеттері мен «Бекзада» журналында қызмет атқарған, «Режиссердің түстері» прозалық жинағының авторы әрі қазақ прозасында өзіндік өрнегімен көзге түскен Арман Әлменбет те – жеке кәсіпкер ретінде танылған жан.
«Мен 2017 жылдан бері кітап шығарумен айналысып келе жатырмын. Бастап­қыда дүкендерде қазақша кітаптардың жоқтығын көріп, осы кәсіпке кірісіп кеттім. Содан бері «Muqaba» деген өзімнің баспамды, сосын инвесторлармен бірігіп «Qasym баспа үйін» құрдық. Жазушы кәсіппен айналыспаса бір жерде жұмыс істейді. Ол жердің айлығы жетпейді. Сондықтан жазушылардың кәсіппен айналысқаны дұрысырақ шығар деп ойлаймын. Бірақ жазуға уақыт қалмайды, әдеби ортадан алыстап қалады. Осы тұста Ерболат Әбікенұлының: «Кәсіпке кетсем, жазу қалып қойды деп өкінемін, жазып жүре берсем, кәсіпке кетіп қалуым керек еді деп өкінемін, қалай да өкінемін», – деген сөзін айтқым келеді. Бүгінгі күнге дейін 150-200-ге жуық кітаптың шығуына септігімді тигіздім. Кем дегенде, 100 кітап қолымнан өтті», – дейді Арман Әлменбет. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, бүгінгі заман талабына сай кәсіпкер жазушының жеке ютуб арнасы да бар. «Ана тіл мен мына тіл» подкасты төңірегінде қазақ тілі қашан толыққанды ресми тіл болады, жаңа заманның сұранысына жауап беретін қазақ тілі, бұрынғы өзіміздің ана тілімізден алыстап кетпейміз ме, уақыт өткен сайын ұтылып жатырмыз ба, ұтып жатырмыз ба деген сауалдарға мамандармен бірге жауап іздейді.
Қазақ әдебиетінде екі-үш әңгімесімен-ақ өз орнын айшықтаған жазушы, «Пәтер іздеп жүр едік», «Министр», «Желтоқсан ызғары» шығармаларының авторы Ерболат Әбікенұлы кәсіпкерлікке деген көзқарасын былай деп жеткізді:
«Кезінде байлар мен ауқатты адамдар үстемдік құрып, зекет пен садақа берді, қазақ даласында мешіт салдыртып, маңызды атқарушы рөл атқарды. Халық тек мемлекеттің күшіне ғана сүйенбеуі керек. Өйткені құрылыс, баспана мәселесі, кітап шығару саласы, медицина, экономика, мал шаруашылығы деген салалардың барлығында кәсіпкерлердің күшіне сүйенуіне тура келеді. Тіпті әдебиет саласында да кәсіпкерлер түрлі байқаулар ұйымдастырып, қолдау білдіріп жатыр. Қазіргі таңда мен де кәсіпкерліктің қызығы мен шыжығына кіріп кеттім, енді артқа қарай шегіну де қиын. Бала күнімде ата-анам да кәсіппен айналысқандықтан, мен еш уақытта жоқшылықтың бетін көрмей өстім. Кейін ержете келе, ақшаға зәру қоғамды көргенде, «Неге жазушылар кедей болуы керек?», «Неге қаламгерлерде ақша болмауы керек?», «Жазушылардың қолынан жазғаннан басқа да бір нәрсе келеді ғой» деген сан түрлі ойлар мазалады. Мына заманда құр жазушылықтан не болмаса төмен деңгейдегі айлықпен өмір сүре алмаймыз. Ал кәсіпкерлік деген – отбасыңды асырау жағынан, жан-жағыңа шуақ шашып көмектсеу жағынан өте тиімді. Әрине, кәсіптің қазанында қайнап жатсам да, жазушылықтан алыстап кеткенімді мойындаймын», – деп ішкі толғанысын білдірді.
Ақиық ақын Мұқағали Әнуар Әлімжановқа жазған хатында: «Ақындығы да, таланты да, атағы да құрысын! Балаларымның жоқшылықта болуын көргім келмейді», – деген болатын. Әрине, шығармашылық адамдарына кәсіппен шұғылдану қиын болар. Мүмкін оңай да шығар. Әйтеуір санамызда солай қалыптасқан. Дегенмен, жазу-сызуын кәсібіне айналдырып, жеті ұрпағына жетер байлық қалдырып жатқан еуропа, америка қаламгерлеріне қарап ойға батамыз. Қазіргі кезде бізде де кәсіппен айналысам деген жанға мемлекет барынша жағдай туғызуда. Өйткені кәсіпкер – экономиканың негізгі қозғаушы күші екенін бәрі де түсінді.

Д.БОЛАТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір