Сөйлеп жүрген өзім емес, жүрек қой…

Асланбек ШЫҒЫР
ЖАЛҒЫЗ
Уа, бұл жазық…
Несібі кем неткен жер?..
Хан өткен жер қарасына кектенген,
Нар шөккен жер қасіретті көп көрген.
Бір көктемдер шер көбесін айырып,
Бір көктемдер көктің жүзін сөккен жер.
Уа, бұл неткен жер, неткен жер?!.
Замананың көз жасына бөккен жер!
Соған куә көлбеп жатқан көк белдер.
Ей, жолаушы, бұл момақан даланың,
Қасіретіне дұға оқымай өтпеңдер!
Бұл далада, үміт өлді…
Жігер өлді
Жан өлді….
Батырлық пен парасатың тағы өлді.
Күй боп ұшып қу шанақтан жалғыз құс,
Шарқ ұрды да, шарлап кетті әлемді.
Көшкен шығар, жөн шығар…
Көшпегенде кеудесінен жан шығар…
Сосын, жалғыз өзі келіп Қаройға,
Жанарынан шемен мұңы тамшылар.
Бұл далада батыр өткен…
Жыр өткен!
Күй ойнаған дүрсіл қаққан жүректе!
Бұл даладан ат дүбірін естисің,
Сәуле болып сіңіп кеткен түнекке.
Содан кейін көрінеді бір жүрек
Қарой болып дүрсілдеп,
Қара бала-ай, кімсің деп,
Сонсоң барып жарылады жұмыр ет,
Көкірегінде көп тулаған қыршын кек!
Қарой деген – жазық бұл…
Жырдың көші жылжи алмай азып құр,
Себебі анау өткеннің,
Жазасы мен қазасына байланып,
Жалғыз түйір қазық тұр.
(Жан азасын өлең қылып жазып тұр).
Оған енді бәрібір…
Жоқта мейлің, жоқтама.
Қайран басы сыймай кеткен ноқтаға.
Баяғыша күн ауысып түнменен,
Баяғыша алмасады ақ, қара!
Оған ғашық содан бері бар ақын,
Жыр жазады тауысып қиял, тағатын.
Ал Қаройда…
Қара жазық құшағына ап жалғызын,
Әлди айтып, түн қағады қанатын…
* * *
Мұңайдың ба мені іздеп сол қалада,
Адастың ба жол іздеп алданарға?!.
Сағыныштың көз жасы жанарыңда,
Өкініштің табы бар қабағыңда.
Қимай тұрып тағы да қиналасың,
Жол тоғысып қалар деп иланасың.
Иланасың, күдік те жоқ көңілде,
Әйтеуір қимасың бар өткеніңде.
Жүрегіңді байлаудан босата алмай,
Ескі күнді ойлаудан босата алмай,
Күн кешесің жырақтап барлығынан,
Кетемін деп алыстап жан мұңынан.
Бірақ ойдан құтылу мүмкін емес,
Оятады бәрібір түртіп елес.
Сонда сен жалықпашы сағынудан,
Күдеріңді үзбеші жолығудан.
* * *
Біз енді жолықпаймыз…
Айырылып жол барады.
Ал кеудемде өткеннің солған әні.
Білмеймін енді саған,
Қанша хат жазылады?
Неше өлең жолданады?
Жолданбай қалар, мүмкін, жолда бәрі.
Не табамыз кездескенде?!.
Түк те жоқ бұрынғыдай.
Бос әуреге салдым ба, бұрымдым-ай?
Біз бәрін қалағанмен,
Күн кешпес жан алаңмен.
Дегенін қылады ғой қыңыр Құдай…
Ал кездестік делік…
Сонда сен
Мұңайып маған қарап отырар ең.
Өртеніп кетер едім отыңа мен.
Сосын,
Ескі күндердің парақтарын,
Мұңайып тағы ақтарып,
Қарсы қарап отырып опынар ем.
Сен менің сол сәтіме қуанарсың,
Себебі мен кеткенде жылағансың.
Сонша өкпелегенмен,
Қош, енді кет дегенменен,
Ойымнан кете алмаған бір адамсың…
Кеудемде сағыныш боп оянасың,
Елес боп ораласың.
Қазіргі тіршілігіме жағаласып.
Қалмасам болды деймін қара басып.
Тағы бір хат жолдаймын,
Жоқ, жолдамаймын.
Кетермін тағы адасып…
* * *
Кеудемде айтылмайтын сағыныш бар,
Неге соны білуге бәрі құштар?!.
Мен – Жайықпын, жарығым, білесің бе,
Ерке Есілге аңсары алып ұшқан.
Ерке өзенім, тоңбашы, қыс та өтеді,
Білуші ең ғой, көктемнің күшті екенін.
Жылыта алмай жаныңды жабырқадым,
Қабағында қалтырап сұсты әкенің.
Сен де мендей мұңлықсың, мен білемін,
Мүмкін, жаным, ашылар енді көгің.
Оңашада отырып, осыны ойлап,
Күдігімді үмітке жеңдіремін.
Сәлем жолдап ұшақтан саған ұшқан,
Жүрегімді қайтейін жара қысқан.
Мен де сенің хатыңды қабыл алам,
Қайта оралған ұшақтан тағы алыстан.
Қашық па екен арамыз, жақын ба екен?
Жүрегімде жаттаулы атың, көкем…
Сағынбаса дәл мендей, ғашық па екен?!.
Мұңаймаса дәл мендей, ақын ба екен?!.
Алдарқатып өзімді ауық-ауық,
Деймін іштей, кетер-ау бағы жанып.
Менсіз сенің жүрмесің белгілі ғой,
Сенсіз өмір сүрмесім тағы да анық.
* * *
Күз келсе көңілімде жылда қайғы,
Жабырқау жүрегімді жұлмалайды.
Тағы бір күзді, міне, қарсы ап тұрмын,
Жүр екенсің сен нені аңсап, құрбым?!.
Сүйеп қойып ой толы басын маған,
Түн оқиды сырымды ашылмаған.
Түтінге ылғи толады ішім менің,
Аласталғам бәрінен түсін мені.
Жанды үнемі жүремін мұңға малып,
Бірде түндей қарайып, бірде ағарып.
Осылай…
Сарғыш тартып суретің ескіреді,
Күз есікті қағады… естіле ме?!.
* * *
Жылап ал, қалқам, жылағың келсе,
Жылайды бақыттылар да.
Мына өмір бізге сынағын берсе,
Сіңеміз бір күн мұнарға.
Жылап ал, күнім, жасың кебеді,
Жоғалар бір күн қардағы із.
Біз мұңаймайтын ғасыр келеді,
Күлеміз, жаным, сонда біз.
Жұбатар адам жоқ деме, гүлім,
Табыламын ғой қасыңнан.
Жұбата алмасам текке өлер күнім,
Қорқамын сенің жасыңнан.
Шер ақтар, шықса сұрақтар алдан,
Жақынмын саған, дос тамын.
Өзіңмен бірге жырақта қалған…
Жылап тұр менің аспаным.
Аспаным неге жылай береді,
Жылай бересің сен неге?!.
Көзіңнен тамшы құлай береді,
Сезбейсің…
Ауыр жерге де…
Білдірмей жыла ақырын бізге…
Жылай ғой, күнім, тоқтама,
жылатып кеткен «жақыныңды» іздеп.
Жаңбыр жауғанда тек қана…
* * *
Әже, мен ақын болдым!..
Неге түстің деме маған жолға бұл,
Жабыққаннан…
Өзіңді іздеп қалған ұл,
Ауылға көп барғысы да келмейді,
Шақырады онда жиі сан қабір.
Бірақ барам,
Ата, әке-шеше бар,
«Неге келмей кеттің деп», –
Хат та жазды кеше олар.
Өзіңменен бақ көшкендей көремін,
Айтшы, маған, не шара?
Дүрмегіне үйреніппін қаланың,
Ауылға да жәудірейді жанарым.
Кеше қырдың қызып жүрген құмында,
Тас жолдарда тоңып жүр ғой табаным.
Бірақ оны хаттап жазып не керек?
Менің жаным – отқа күйген көбелек,
Менің жаным – қамақтағы тотыдай,
Менің жаным кемеде.
Көсіле алмай жүрген шығар кең даусым,
Сен естірсің,
Жер астында сен барсың.
Тірілерден тіл ұғатын жан таппай,
Күй кешемін қорғансыз.
Ақын болдым деп қоямын,
апырмай…
Мені жиі жүдетті ой.
Жетелейтін де түнекке ой.
Сөйлеп жүрген өзім емес,
Жүрек қой.
* * *
Біз жанарды не жанды аяймыз…
Жылатып алмау үшін.
Ал бұ қоғамға көк тиын
Таңданысың, ар-намысың.
Тек қуанасың
Өзің жақсы көретін жандар үшін,
Солардың болғаны үшін.
Сенің тағдырыңды жазбайды,
Кітапта, тіпті журналда да.
Сенің уайымың жайлы сөз қозғалмайды
Бұл маңда да.
Жүрегіңе жиналған шеріңді ауыр,
Тарқатарға таппайсың, тыңдарға жан.
Бұл қоғамға
Қажет емес, сенің жаза алмағаның,
Немесе не жазғаның.
Оларды мазаламайды сөз арбауы.
Біреулер тентіреп жүр тірілтем деп,
Өліп кеткен бабаны озалдағы.
Қамықтырды көп жанның қайғы басын.
Сенің де етің үйренер, жайды ұғасың.
Сосын, бәрінен көңілің
қалып, шайлығасың…
Амалсыздан ақтарасың,
Кедей боп ғұмыр кешкен елдің бай
мұрасын.
Бәрі би,
Не сондай болғысы бар.
Мен оларды ұқпаймын,
Сорға асығар.
Құдай әрбір жүректе екендігін,
Мынау елдің айта алмас молдасы дәл.
Одан қалса шабады,
Қара бас қамыменен.
Дауа болмас олардың жанына өлең.
Біз – қалпымызды
жоғалтқан қайыршымыз…
Не сұрайсың, замандас, тағы менен?!.
* * *
Оралады жаз қашан өлкеге бұл?
Қашан құшақ ашады көркем өмір?
Қашан байыз табады жұртын ойлап,
Тілім-тілім жүрегін өртеген ұл?..
Отқа жанған жүрегін қолына алып,
Суытам деп тірлікке салып алып,
Отырғаны осы ғой опынып-ақ,
Өткен күнін ойлайды ауық-ауық.
Болашақты аңсайды, бұрынғыны,
Ал қазір ше?
Түк те жоқ, ырым-жырым.
Басқысы кеп тұрады тағы қадам,
Ашқысы кеп ертеңнің шымылдығын.
Құдай жоқ деп ойлайды, Құдай бар деп,
Ойын қаққа бөледі лайлар кеп.
Оқытам – деп ата жүр, жын қақты деп,
Көп оқитын көршісі «мұңайған» деп.
Татып көрді тәттіні, уды-дағы,
Шарап ішті, шалқыды, сынды бәрі.
Сосын, бәрін тастады
Үйленіпті,
Түсті, – деді, тірліктің қылбұғауы.
Ештеңе де байқалмай алғашында,
Ілбіп жүрді тірліктің арбасында.
Көп ұзамай тағы да мұңға батты,
Сол сұрағы соқпаққа салғасын ба?!
Кейде бәрін жек көріп, кейде ұнатып,
Жастық шағын осылай жейді уақыт.
Ескі ауланы сағынды, ескі тамды,
Тар қонысқа қалайша сыйды бақыт?
Содан бері таппай жүр жауап әлі,
Сұрақ маза бермейді санадағы.
«Бәрінен де болашақ дұрыс шығар», –
Деп күбірлеп жас жігіт барады әні…
ПІКІРЛЕР1