АЙТМАТОВ ЖӨНІНДЕ ЭССЕ…
(болашақта жазылатын кітаптың штрихтары)
Автордан:
12 желтоқсан
Айтматовтың туған күні…
Бұл күні қатардағы жазушы емес, қырғыз тарихының жаңа дәуірі дүниеге келді. Қырғыз халқының рухы, еркін ойы осы есіммен тығыз байланысты… Дәл осы күні алапат ақыл иесінің ұлы дәуірі басталды…
Оның рухы, тынысы осы күні туды…
Айтматов феномені… Ол бұл күні уақытқа, шексіздікке, өз дәуіріне сыймайтын ерекше ойлау формаларының, ерекше күш-қуаттың ту ұстаушысы ретінде келді…
Оның сөзі ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ақиқат пен ардың ұлы керуені іспетті… Сөзі мен ойының мәңгілік жолы…
…Осы күнге тағзым етемін…
Оның сөзінің, ойының жолы мәңгілік..
Айтматов: алғашқы және соңғы
…Шыңғыс Айтматов жөнінде сөз бастағанда ойыма екі оқиға келеді. Ол – Айтматовты соңғы рет көрген күнім… Бұл оқиға жадымда әбден жатталған, көкірегімдегі өшпейтін елестей сезіледі… 1975 жыл. Жаз. Сол жылы мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына аттандым. Аттестат «5», «4» деген бағаға толы. Мектепті жақсы аяқтаған едім. Оқуда үздік балаға барлық жоғары оқу орындарының есігі ашық тұрғандай, тапсырсам болды өтіп кетердей сезімде жүрдім.
«Шу» дегенде Мәскеуге қарай бағыт алып, киношы боламын деген үмітпен қазіргі Ресей мемлекеттік кинематография университетіне жөнелдім(бұрынғы ВГИК – Всесоюзный государственный институт кинематографии). Бұған дейін осы атақты оқу орны жайлы Сергей Герасимовтің өнерханасында оқып жатқан Замир Ералиев пен «Советский экран» арқылы танысып қалғанмын. Ол кинорежиссер болу үшін қандай талаптарды, жобаларды жасау керектігін маған пошта арқылы тәптіштеп жазып тұратын.
Сергей Эйзенштейннің 6 томдығынан бастап, Довженконың, Герасимовтың, Кулиджановтың, Пырьевтің, әйтеуір, барша классиктердің кино туралы жазған еңбектерін оқып шықтым. Оқығанда да, өзім сонау түпкірдегі ауылдан, жарыған клубы жоқ жерде өстім, менің оқығандарымның барлығы миымда механикалық әсер ғана қалтырған еді. Түсінгенімнен түсінбегенім көп дегендей.
Бірақ ол кездегі амбициям, жастық максимализмім ВГИК-тің босағасына жетелеп апарған. «ВГИК» дегенді жүрегіме жазып алғанмын, оның атын жазбаған жерім қалмаған: мектептің партасы, дәптер-кітап парағы, жолға, қар бетіне, дуал, автобус, өсіп тұрған терек, дәретхана, аялдама, әйтеуір, жазуға болатын жердің барлығына жазып шыққаным рас. Қырсық қылғанда ол оқуға қаншалық жазғаныңа емес, біліміңе, талантыңа, ой көкжиегіңе қарап алатынын естен шығарған сияқтымын.
«Өтіп кетемін» деген ой мені азғырды. Сөйтіп, Мәскеуге барып, жазатын жердің бәріне жазып, өңімде де, түсімде де армандаған атақты ВГИК-тің босағасында тұрдым.
Мен келгенде, тура мені күтіп жатқан сияқты есігі де ашық, дәліздері бос екен. Бірен-саран арлы-берлі жүрген адамдар болмаса. «Молодой человек, вы куда?» деген вахтадағы кісінің сөзі төбемнен мұздай суды құйып жібергендей сезілді. «Я приехал поступать!» – дедім. «Куда?» – деді вахтер, «Как куда? Во ВГИК…» – дедім мен. «Молодой человек, была бы хорошо, если вы еще через недели пришли… Экзамены давно закончились…Езжайте домой, следующий год приедите…» – деп, тағы бір шелек суық суды төбемнен құйып жібергендей болды.
Сөйтсем, емтихандардың біткеніне екі күн болыпты. Шығармашылық оқу орындарында емтихандардың ерте басталатынын ұмытқан екенмін… Сөйтіп, баяғы амбициямның жапырақтары саудырап төгіле бастады…
Фрунзеге қайта қайттым…
Менсінбей, мұрнымды шүйірген Фрунзенің оқу орындарына барып бақ сынамақ болдым. Солайша Қырғыз мемлекеттік университетінің тарих факультетіне тапсырдым. Тапсырсам болды өтіп кетемін деген көңілімдегі желік әлі де күшінде. Жоқтан гөрі жақсы ғой деп осы оқу орнына келдім. Тарихтан – 5, әдебиеттен – 5, ағылшын тілінен – 4, шығармадан ( соңғысы) – 2 алдым. Опырылып түскен жардай болып еңсем түсіп кетті. Көкірегімді күйдіріп, ашытып бара жатқан «Әкімнің Сұлтаны құлап қалыпты» деген сөз.
Оқудан жолым болмады. Көңіл күй жоқ, көкірек бос. Ештеңеге зауқым жоқ…
Көңілім құлазып Фрунзенің Маркс пен Энгельстің ескерткіші тұрған скверімен келе жатсам, алдымда өңім бе, түсім бе дедім, Шыңғыс Айтматов келе жатыр. Жалғыз. Костюмін қолына бүктеп іліп алған. Ойлы. Тік басып алдымда келе жатты. Оған қарсы бет-жүзі ап-арық, бойы ұп-ұзын, бетін «бойдақ» басқан (айтпақшы, Шыкем де біздей кезінде арық, бетін «бойдақ» басқан, шоң мұрын жігіт болған екен. Ол туралы кейін жұбайы Керез апайдың естелігінен оқыған жайым бар.) біз келе жаттық. Шыңғыс Айтматов жанымнан ақырын басып, неге екенін жерге қарап ойлана, басын көтермей өтіп бара жатты. «Сәлеметсіз бе, Шыңғыс аға!» дегенге күшім де, еркім де, демім де жетпей сілейіп тұрып қалдым.
Көзім шыныменен тірі Айтматовты көріп тұрды. Тілден қалдым. Ішім алай-дүлей. Айтматов жанымнан өтіп кетті. Артынан қалшиып қарап тұрып қалдым. Маған бұрылып қарайтындай. Тұрып қалдым да, дереу есімді жиып оның артынан ере жөнелдім. Басқан ізіне еріп келемін. Сабылысқан студент қыздар, адамдар өтіп жатты. Барлығы сәлемдесіп, ерекше сүйіспеншілікпен Шыңғыс ағаға қарап өтіп жатыр. Ол да сәлемдесіп, ары қарай кетіп бара жатты…
Ескі алаңнан өтті. Артында он бес метр кейінде мен келе жатырмын. Неге келе жатқанымды да білмеймін… Жаңағы студент қыздар құрлы жасымай «ассалаумағалейкум» десем, «әліксәлам» деп сәлемімді алар ма еді?.. не де болса пойыз кетіп қалды. Айтматов үлкен есіктің арғы жағына кіріп кетті. Есіктің маңдайшасындағы жазуды оқыдым «Министерство культуры Киргизской ССР» деп жазылып тұр еді. Шығып қала ма деп алаңдап күтіп тұрмын. Шыға сала ұшып барып сәлемімді бермекпін. Алайда шықпады. Көп бөгелді…
Бұл күн мен үшін өзгеше күн болды…
Кітаптарын бірін қалдырмай іздеп жүріп оқыған сүйікті жазушым Айтматовты көрдім. Енді ВГИК те, тарих факультеті де түкке тұрмай қалды. Айтматовты көрсем деген бала күнгі арманым орындалып, оқудан құласам да ауылға «Мен Айтматовты көрдім» деп баратынымды ойлаған сайын қуанышым қойныма сыймады…
1975 жылдың жазында Шыңғыс Айтматовты бірінші рет көрдім…
…2008 жыл. 11 маусым. Айтматовты көрген ақырғы күнім…
Айтматовтың сүйегі арнайы ұшақпен «Манас» әуежайына әкелінді. Мемлекеттік комиссия құрамындамын (ол кезде мен Қырғыз Республикасы Мәдениет министрі едім). Айтматовтың сүйегін тосып алуға бардық. Сол уақыт, сол минут санамда мүлдем жоқ. Оған жүректі езген қайғыдан мүлдем орын жоқ еді.
Ұшақтың жүк тиейтін жағы ашылып, емен ағашынан жасалған табыт көрінді көзіме. Жүрегім «бүлк» ете қалды, «Менің ұстазым» осы емен табытпен келді…
Баяғы Айтматовтың артынан бұрылып қарап қала ма екен деп ұзақ ерген арық, бетін безеу басқан, ұзын бойлы өзімді еске алдым… Сол кезде қалай «Амансыз ба, аға» деп айта алмасам, қазір де дәл солай не айтарымды білмей, бата алмай, жерге, аспанға, айналама қарап тұрдым…
Бүкіл әлемім, бүкіл дүнием, бүкіл өмір… осы емен табыттың ішінде жатты…
Айтматов… Ата-Бейіт… Медет Садырқұлов…
10.06.2008… Шықамыздың дүние салған күні… Бұл күн әр адамның жүрегінде қайғылы күн, Еске алу күні…
…Көптен бері көкіректе сақталып келген, бәлкім барлығы біле бермейтін бір шындықты айту, бір жағынан бұл шындықты тарих үшін де, естелік үшін де айту парыз… Шықам мен Шықамның есіміне байланысты естеліктер, санада сақталған естеліктердің барлығы тарихқа айналып бара жатыр…Ұлының ұлылығы да осында…. Жыл өткен сайын Шықамның ұлылығы әрбіріміздің жүрегімізге орнаған рухани ұлы Тау секілді көк тіреп бара жатыр… Ұлы Манас дүние салғанда да арманы жүрегіне сыймаған, қырғыздың көкірегі ұлы арманға толған шығар… Айкөл Манасты жоғалтқан қырғызым… дәл сол күні Манас рухты ұлын жоғалтып, арманы дүниеге сыймай, кеудесін ұлы күйік кернеген…
Бұл күн жүректе қалды…
10.06.08…
***
…Шықаммен ақырғы жолы Шоң-Арықта, Байымбет Мұраталиев жездемнің үйінде отырдық. Арамызда ақсақалдардан Оморбай Нарбеков, Дәулетбек Шалдыбеков бар еді. Шықам бұл дастарқанға кешігіп келді. Сол кезде Ресей киногерлері Шықамыздың мерейтойы қарсаңында Сокулук жақта деректі фильм түсіріп жатқан. Сол түсірілімнен біраз кешігіп келді. Ол кісі келген соң ортамыз толып, үйдің іші нұрға бөленгендей болып кетті. Шықамның оң жағында мен отырдым. Ұлы адамның ұлылығы кішкентай ғана дүниеден байқалып қалады ғой, жарықтық, сол жерде отырған үлкен-кішінің барлығынан кешірім сұрап, «мені күтпей…бастай бермепсіңдер, мәдени министр…» деп қалды. (Ол кезде мәдениет министрі едім.)
Шықаңды күтудің де рақаты бар екенін сонда сезіндік.
Ол кісісіз қалай тамағымыздан ас өтпек? Шықаммен алдағы мерейтой іс-шаралары туралы пікір алмасып қалудың жақсы мүмкіндігі туды. Сөйлесіп алдық. Шықам отырған жер, ол шыққан төр дүниенің кіндігіне айналып кететін. Оған деген сый-құрмет, көкірегіміздегі мақтаныш сезімі барлығымыздың көзімізде тұрды. Залқарға қарап отырудың өзі адам үшін зор бақыт еді.
Ұзақ сөйлестік…
Бір сағаттай отырды да, көңілінде бір алаңның бар екенін, оны айта алмай отырғанын байқадым. Бір мезетте құлағыма «Барлығыңды күттіріп қойдым, енді шыға берейін десем қалай болар екен, Сұлтан?» – деді. Сөйтсем Шықам осы жерден Алматыға жолға шықпақ екен. Оны Байымбет жездеге (Бұ кісілер Шықамның інілері. Шекерден.) «Шықам жолға шығады екен, асығып отыр», – деп құлаққағыс қылдым. Олар даяр болып қалған үлкен асты тездетіп, қорытынды сөзді Шықама берді.
Жарықтық адам бұл жерде жиылған үркердей топқа құрмет көрсетіп, тұрып сөйледі. «Мен енді, советский адаммын да…» – деді. Шықам өте терең сөздер айтты. Оның сөзі дастарқан айналасындағы шағын топқа ғана емес, Әлемге айтылғандай болды. Әрбіріміздің жүрек түпкірімізде жатқан сөзді айтты. Әр сөзі жердің өзі көтергісіз өте ауыр салмақты еді. Әлемнің сөзін айтып тұрып, оны қарапайым тұрмыспен, осы жерде отырған әр кісімен байланыстырды. Ұлылығының өзінде үлкен қарапайымдылық тұрды… Шықам ақ батасын берді де, сапарға аттанып кетті… Сапар алдында бәріміз Шықаңменен суретке түстік… Қолын алып, жанында тұрып, зор мақтанышпен суретке түстік…
Шықам Алматыда төрт-бес күн қалып, ары қарай Қазанға кететінін айтты…
Суретке түстік …
Бірақ бұл сурет Шықаммен түскен ақырғы сурет екенін білген жоқпыз…
***
Суық хабар дүниеге таралды, Дүние Шықамды жоқтап қалды… сол күні мені Медет Шоқанұлы шақырды (Президент Әкімшілігі басшысы М.Ш. Садырқұлов). Бәріміз қара жамылып, қайғылы кейіпте жүрміз. Медет Шоқанұлының кабинетіне кірдім. Әрдайым «Кір, дорогой!» (М.Ш. бұл сөзді маған ғана айтады екен десем, ол кісі барлығын осылай қарсы алады екен. Бірақ барлығымыз жеке өзімізге айтылғандай қабыл алатын едік.) деп тосып алатын Медет Шоқанұлының не айтатыны бесенеден белгілі еді. Отыр дегендей орындықты нұсқады. Біраз үнсіз отырып барып тіл қатты.
– Естідің бе? – деді.
– Естідім… – дедім.
– Шықамнан айырылдық, – деді бір кезде, қабағы салыңқы. – Амал жоқ… Енді Шықамды лайықты құрметпен шығарып салуымыз керек. Бір-екі күнде сүйегін алып келеді…
– Медет Шоқанұлы әдетінше орнынан тұрып, терезе жаққа қарай жүрді…
– Шықамды қай жерге қоямыз? – деді, маған қарап.
Бұ сөз Шықамның арамыздан кететініне әлі де сене алмай тұрған маған басқаша, айтуға мүлдем дәтім бармайтын, Шықама лайықсыз сөз секілді естілді. Тіл қата алмай, біраз ұзатып бара жатқанда… Шоқанұлы сөзді ары қарай жалғап кетті…
– Однозначно… Ала-Арша емес… – деді. – Бірақ, қай жерге екенін мен де айта алмай тұрмын. Саған бір күн уақыт беремін… сен ертең ерте нақты ұсыныстармен кел, – деді.
Медет Шоқанұлының бұл сөзі миымды найзағай оты құсап тіліп түскендей болды.
– Давай, ойлан дорогой… – деді кабинетінен шығып бара жатқанда. – Ең жақындарына, Илгиз ағаға, Роза апайға, ұлдарына айтпай-ақ қой. Окончательный шешім қабылдаған соң өзіміз айтамыз, – деді.
Кабинеттен ауыр жүк арқалап алғандай шықтым.
Күні бойы ойландым, түнде де көз ілмедім. Шықамның кітаптарын алдыма қойып, қайта көз жүгіртіп өткендей болдым. «Саманшының жолы» повесіндегі
«Отец, я не знаю, где ты похоронен.
Посвящаю тебе, Торекулу Айтматову…»
деген эпиграфын көзім шалып қалды… Бұл сөзді оқыдым да, ішімнен «Таптым» дегендей болдым. Медет Шоқанұлы ұсынысыңды аргументтермен дәлелдеп айтып бер деген. Аргументтер миымда сайрап тұр… Бірінші аргумент – эпиграф, екінші – атасы Төреқұлдың сүйегі қойылған Ата Бейіт, ол жерді «Ата Бейіт» деп Шықамның өзі атады емес пе… Атасы жатқан жерге ұлы беріледі…деген түсінік бар… Бұл аргументтің мәнісі терең көрінді маған…
Медет Шоқанұлы үнемі бір ғана емес, бірнеше нұсқаны талап ететін. Екінші нұсқаны да қарастырдым. Ол – Совет, Ахунбаев, Жантошоев көшесіндегі саябақ еді. Аргумент қаланың іші, саябақ, жастар көп жүрген жер. Қарсы беті Медакадемия, ұлттық консерватория, дене шынықтыру академиясы, онан кейін Бүбүсара Бейшеналиева атындағы мәдениет университеті… Бірақ өзім ішімнен Ата Бейітті дұрыс көріп тұрдым. Ертесі таңертең Медет Шоқанұлының кабинетіне келдім.
– Ну, чо… Ұсыныстар бар ма? – деді Медет Шоқанұлы. Кешегі аргументтердің бәрін нұсқаларымен айтып бердім. Шоқанұлы орнынан тұрды да…Бір қолын қалтасына салып (ол кісінің осындай әдеті бар):
– Ата Бейіт… Интересно… – деп қалды ойланып. Стратег адам екен, екінші нұсқа туралы аузын да ашқан жоқ.
– Мен онда бұл ұсынысты Первыйға берейін… Қандай жауап болады… Жди… – деп қысқа қайырды.
Сыртқа шықтым.
Баяғы «Шықамнан айырылып қалдық» деген сөзбен келісе алмаймын…Медет Шоқанұлының жауабын алаңдап күні бойы күттім… Қолдау таппаған ғой деп ойым онға, санам санға бөлінді.
Түнгі сағат 21:13-те, осы күнге дейін минут, сағаты есімде…Медет Шоқанұлы қоңырау шалды.
– Первый одобрил… Ертең ертемен Ата-Бейітті көріп кел, қай жеріне қоямыз… Түстен кейін барлығымыз барып, тағы көреміз… – деді.
Шықам әкесі Төреқұл Айтматов жатқан Ата Бейітке, өзі «Ата Бейіт» деп ат берген… Қырғыздың ұлы тұлғалары жатқан жерге жерленді…
Топырақ сол жерден бұйырды…
ҰСТАЗ
Алматыдағы Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінің кіре берісінде Шыңғыс Айтматовтың «… У меня есть две национальные святыни с которым я еду в другие страны с которым переступаю порог других народов.
Это – «Манас и Мухтар Ауэзов. Это символы моих народов» деген сөзі жазылып тұрады. Мұражай-үйге кіргендегі тау тұлғаның жүрекке ең жақын сөзі осы…
Бұл да Шықамның ұлы қасиеті. Бұл түсініктер ұлт мәдениетіміздің көпірі сынды. Өнер өнерден туындайды. Осы тұста ұстаздың парқын, бағасын шынайы шәкірттер алған үлгісі арқылы оны әспеттеп келген. Бұл өлмейтін, өшпейтін көне мәдениет феномені. Шықамыз Манаспен ауызданып, Манаспен өмір сүрді, Манас оның Алтын аяғы болды, Манастан мәңгіліктің құдіретін алды. Манас деп басын иді, Манасқа өмірін арнады.
Бұл қасиет оған ұстазы – Мұхтар Әуезовтен мирас болды. Манастың емес, Қырғыздың басына ауыр күн туып тұрғанда Мұхтар Әуезов ұлы эпосымызды қорғап, қазақ болса да қырғыз үшін таудай еңбек сіңірді. Сонда Манастың «зиянды» екенін айтып, қоламтаны үрлегендер өз арамыздан шыққан жоқ па? Ол ғана емес Айтматовты да қудалап, тамырына балта шаппақ болғанда жас Айтматовтың талабын қолдап, дем беріп Айтматов үшін Мұхтар Әуезов басын бәйгеге тіккен…
Байрығы тарихта Барысбек қаған құрған Қырғыз қағанаты да өз ішімізден шыққан сатқындардың кесірінен талқандалып, екі ғасыр еліміздің есі ауып, есеңгіреп қалған жоқ па? «Қырғыздың жауы қырғыз» дегенге сенгім келмейді. Ол қырғыздың түбіне жеткен қырғызБАЙлығында. Осы іштен шыққан жаулар нешеме мықтының тұқымын құртпады ма?
Ұлт болғаннан кейін ұлттың рухы, ұлттың көсемі болу керек. Ол – Айтматов. Талассыз. Оған тас атқандар да арамызда жоқ емес. Киелінің киелілігін білмеген не деген жайдақ ел болып барамыз?!..
Әрбір елде киенің символы болады, ол біз үшін – Манас, ол – Айтматов.
Шықам Манас, Мұхтар, Саяқбай туралы небір ғажайып нұсқаларды қалдырды…
Ұстаз – бұл түсінік біздің ұлттық Культ болған. Дүние ұстаздың айналасында айналып, біз одан тәлім, өнеге, сыбаға алғанбыз. Бұл – қырғыздың қанына біткен табиғи академиясы.
Шықамның даналығы өз ұстаздарын қасиет тұтып, олардың дүниетанымын әрдайым қастер тұтып келгенінде болар. Олардың қолын ұзартқан. Бәлкім, Айтматовтың Айтматов болмағының сыры да осында шығар…
Ұстазы да жоқ, ұстанымы да жоқ, сыйлағаны да жоқ, ес тұтқаны да жоқ, сенімі де жоқ бұл заманнан қайтып шығар екенбіз?..
Киелі кітапта айтылады: «Егер сенің ұстазың жоқ болса, демек, сенің ұстазың шайтан … деп. Айтматов әрбіріміздің ұлы ұстазымызға айналғанда ғана қарағай басын шортан шалған бұл заманның жарық көшесіне шығамыз…
Айтматов жаңа Бүркіт…
Шыңғыс Төреқұлұлы жаңа ғана елшілік қызметтен (Еуропадан) Бішкекке қайтып келген кез…
Бір-екі күн ғана болған шығар.
Кабинетке есікті сырт еткізіп ашып, хатшы қызым кіріп келді. Алабұртып алған. Демін әрең алып, сасқалақтап тұр.
– Сұлтан Әкімұлы, Шыңғыс Айтматов келді…Қабылдауда отыр… – деді. Хатшы қыздың сөзінен кейін орнымнан атып тұрып, есікті ашсам қабылдауымда Шыңғыс Айтматов тұр екен. Үлкен кісінің қабылдауымда тұрып қалғаны үшін қатты қысылып барамын. Кейін қатшы қызға «Шыңғыс ағаны бірден алып кірмедің бе!» – дедім. Сөйтсем Шықам «Жұмыс істеп жатқан адамды алаңдатып қоймайын, әуелі сен кіріп айтып шық, қызым…» деген екен…
Шықаммен жылыұшырасып кабинетке кірдік. Алып жазушы ең алдымен хал сұрасып, қабырғада ілінген картиналарға көз жүгіртті де, өзінің сүретін көріп: «Мына суретте жасырақ кезім екен..», – деп қойды.
– МИД-тен келе жатыр едім, екі істі бірден бітірейін деген оймен мәдениет министріне де соға кетейін деп кеп қалдым, – деді Шықам.
Шықам алыс жолдан, Еуропадан жаңа келген кезі. Оны да жұмыс істеп жатқан жерінен қозғап, орнынан алғандарын жөн көрмей жүргенмін. Шықам Еуропадағы қарайған шаруаны тындырып жүрген. Ол жақтағы қадірін өз көзімізбен көргенбіз.
– Айтпақшы, романыңды аяқтап қалдым, көптен бері қол босамай… Сенен де ұят болды…қол босамай… Жазушының түйсігін білесің, бір ой, идея келсе өзін ұмытып кетеді, – деді Шыңғыс аға алдына келген шайдан ұрттап. Шынында («Жанжаза» романы), қолжазбамды бергеніме екі жылдан асып кеткен. Шықамның оқығаны былай тұрсын, қолына алып қарағанының өзі қаншалық мәртебе, мақтан. – Аз қалды… Осы деммен жалғасып кете барса жақсы романға айналатындай… Жазушыны білесің, барлық күшті қорытындыға, финалға сақтайды, шығарма да осы қорытынды үшін жазылады, – деді.
Шықам маған біраз шаршаңқы секілді көрінді. Әлде қызметтен кеткендіктен бе, маған солай көрінген… Оның көңіл күйі, ауаны, ішкі дүниесі маңдайында жазылып тұрды. Содан ба екен… Елшілік қызметі туралы бірдеңе айтуға дәтім жетпеді.
2004 жылы бір сұхбатымызда ол кісіге бір сұрақ қойған едім. Сол сұхбат кейін ұлы жазушымен үлкен сұхбат ретінде жарық көрді. («Любовь сотворил вселенную, веселенная вечна» жазушымен болған осы сұхбат Шықамның ұсынысымен 8 томдық жинағына енген) Сонда былай деп жауап берген еді… “Біз дүниенің қай бұрышында жүрсек те, әйтеуір, бір уақытта өзіміздің туып-өскен жерімізге ораламыз… Кіндік қан тамған жер деп бекер айтылмайтын шығар… Осы кіндік қан тамған жер әрдайым ой-санамда жүреді…» деді орнынан қозғала беріп. Сондықтан ба, көкейде тұрған сауалды қоя алмадым…
Шықаммен көп сұхбаттастық. Бір заматта «Мақұл, мәдениет министрі, мен барайын» деп орнынан қозғалды. Кетіп бара жатып: «Басқа сөз жоқ па? Барлығын сөйлескен сияқтымыз», – деді. «Басқа сөз» дегенінің мәнісін екі күн өткен соң барып білдім.
СІМ-ге барғанда Шықамды
ТҮРКСОЙ-дың бас хатшылығына ұсыну жөнінде айтқан екен. Бірақ бұл сөз маған жетпеген еді….
(Ол туралы кейін жазбақ ниетім бар).
Шықамды сыртқа шығарып салдым. Шынында да, қабылдау бөлмесінде бес-алты кісі жиналып қалыпты. Шықам барлығымен амандасып, екеуіміз сыртқа шықтық…
Шықамды мәдениет министрлігінің ғимаратынан Шүй проспектісіне дейін шығарып салдым. «Қалаған жағыңызға көлікпен апарсын», – деп едім, болмады… «Жүргенді сағынып қалыппын…» – деді. Осы қысқа ғана сөзде қаншалық үлкен мән жатқанын іштей сездім. Адам туған топырақтың кереметін табанымен сезеді емес пе…
Ол кісімен осыншалық ұзақ сөйлесіп, әңгіменің қызығына кіріп кеттім бе… Әйтеуір, көкірегімде көптен бері қойғым келіп жүрген құпия сауал бар еді… Соның уақыты келгендей, сұрағым келді…
– Сізден көптен бері сұрағым келіп жүрген бір жай бар еді… – дедім. Шықам тоқтай қалып Сұра… – деді.
– Газетте ана жақ, мына жақта жазғандарды оқисыз ба? – дедім. Шықам бұл сұрағыма күрсініп алды, оқымасам да таныстарым айтып қалады анса-санда…
Сөз ыңғайы сол кездегі Шықамды қаралаған мақалалар болатын. Кейбір жазушылар, газеттер, сары ауыз балапандарға дейін Шықамның «Жәмиласынан» бастап, жеке- басына дейін сөз қылып, ұлы адамның атына көлеңке түсіруге әрекет қылысып жатқан.
– Осы керауыздарға жауап беріп қоймайсыз ба, бұл басқа шыққандық… – дедім де, Шықамның қайтадан қатты күрсінгенін көргеннен кейін жерге кіріп кете жаздадым. Жер жарылып кеткен жоқ. Шықам маған жалт қарады да, тоқтай қалып былай деді, сол сөз әлі құлағымда жаңғырып тұрады:
– Сұлтан, айтшы, мен сонау биікте ұшып жүрген бүркіт болсам, бақ-бақ етіп батпақтан басқаны көрмеген бақалардың деңгейіне түсейін бе?.. Бүркіттің шындығын да, бақаның бақылдағанын да Жаратқан біліп тұрады. Шындықтың кімде екенін… Жаратқан білген соң… олармен сөз жарыстыруға болмайды… – деп жауап берді.
Берген жауапты естіген соң қызарып кеттім. Бірақ Шықамның бұл жауабы өмір бойы сабақ болды… Сол жауапты есту үшін де осы сұрақты қоюым керек пе еді деп қалдым…
Шықам «Енді сен бар, мен жолымнан қалмайын», – деп ары қарай кете барды…
Соңынан қарадым, оның сұлбасы бара-бара көрінбей қалды…
Оның сол қарайған сұлбасына бәріміз зармыз қазір…
Айтматов және сезім…
2004 жыл. Шыңғыс Төреқұловичпен келісіп, кешкісін Ала-Аршадағы үйіне бармақшы болдым. Көптен бері Шықаммен әдебиет,
руханият, саясат, тіл, шығармашылық жөнінде сөйлескім келіп жүрген. Бірақ алыс өлкеде Елшілік қызметте жүрген Шықам аз ғана уақытқа келгенінде жолығып, сөйлесе алу мүмкін емес еді. Құдай жар болып, таңертең өзі телефон шалып, «кешке келіп кет» деп қысқа ғана қайырған. Сол сөзді естігеннен соң маған сол күн Шықамның өзі айтқандай «Ғасырдан да ұзақ күн» болып кетті. Кешті шыдамсыздана күттім. Заңғар жазушымен жолығып, әңгімелесуден артық ештеңе жоқ еді мен үшін. Екі қоянды бір оқпен атқандай, ол кісімен сұхбат жасап алудың да мүмкіндігі келіп тұрғандай сезілді маған. Егер жолығып қалсам, қарсы болмаса біршама сұрақтың жауабын алсам деп дайындалып жүр едім. Ол кезде «Азаттық» радиосында істеп жүрген кезім, бұл сұхбатты жазып алсам, радиоға үлкен олжа емес пе. Шықам да оңды-солды сұхбат бере беретін адам емес. Ол жағы да бар…
Сол күні қайдан шыққанын менімен бірге істейтін Жарқын Темірбаева апайға (жаны жәннатта болсын, апай өткен жылы арғы дүниеге өтіп кетті. Ақкөңіл, ішінде жамандығы жоқ жан еді.) «Бүгін Шықама барамын, «үйге келіп кет», – деді деп айта салғаным. Жай айта салған едім. Мені де алып кет деп Жарқын апай тас кенедей жабысып алды. Апайға мұндай кезде бірдеңе түсіндіру қиын. Айтқанын істемей қоймайды. Ақыры мақұл дедім. Апайдың мінезін, бас-көзге қарамай сұрақ қоя салатын әдетін де білемін. Бірақ бір шарт қойдым. «Сұрақты мен ғана қоямын, сіз тек микрофонды ұстап тұрасыз үндемей…» – дедім. Оған апай да келісті. Шықама жолықсам болды деген тілекпен менің бұл шартыма көне кетті…
Кешінде Ала-Аршадағы Шықамның үйінің алдында жолығатын болдық. Кешкі сағат жетіде мен келдім. Келіскеніміздей. Жарқын апай жоқ. Біраз күте тұрайын деп, жиырма минуттай тұрдым. Бір кезде асығып-сасып Жарқын апай да келе қалды. Жай келмей кіші қызын ертіп келіпті, жарықтық. Енді не деймін?.. Қызыңызды әкелмей-ақ қоймадыңыз ба деймін бе? Ол сөзді айтқызбай Жарқын апай «Шықамыздан қызыма бата алып берейін… –деп, менің айтпақ болған сөзімді тоқтатты.
Үшеуіміз үйге кірдік. Шықам «Кел, Сұлтан, қалайсың? Бұл қарындасымды танымадым», – деген соң мен таныстырдым. «Жарқын Темірбаева, «Азаттықта» көптен бері бірге жұмыс істейміз», – дедім. Апайдың қызына бір қарап алды да, «бұл періште сенің қызың ба?» – деді. «Жоқ, Шыңғыс ағ, бұл менің қызым, сізбен кездесуге барамын деп едім, болмай еріп алды», – деді Жарқын апай ыңғайсызданып. Мен апайға жайлап қарадым, ол көзқарасымнан да «Баса-көктеп кететін әдетіңізге бастыңыз ба» деген ойымды ұққан сияқты. Кінәлі кейіпте маған қарады. Арадағы ыңғайсыздықты Шықамның «бала деген – періште ғой» деген сөзі тарқатып жібергендей болды. Бұл сөзді естіген Жарқын апай батылдана түсіп «Шыңғыс аға, сіз батаңызды берсеңіз, өмір бойы ұмытпай жүреді», – деді.
Осылай түннің бір уағына дейін сөйлесіп отырдық. Шықам үйде киіп жүретін халатымен отырды. Менің сұрақтарыма жауап берді. Қазіргі кездегі глобализация, әдебиет, иман, билік, даналық пен зұлымдық туралы әңгімелестік… Әйтеуір, көп мәселені талқыладық. (Кейін бұл сұқбатым «Махаббаттан адам жаралған, махабаттың өзі мәңгілік» деген атпен шыққан. Шыңғыс ағаның 7 томдығына кірген…)
Бір мезгілде шай ішіп, дәм таттық. Сағат 12-ден кетіп қалды. Жарқын апай «Шыңғыс аға, сізбен суретке түсіп алсақ бола ма?» – деп қалды. «Суретке халатпен түссем болмайды ғой, киініп шығайын» – деп, біздің «осылай да бола береді» дегенімізге қарамай арғы бөлмеге кіріп кетті. Мен Жарқын апайға сағатты көрсетіп, «Суретке басқа күні түссеңіз болатын еді ғой», – дедім. Шықам костюм-шалбар, галстук тағып шықты. Бәріміз суретке түстік. Бір мезгілде апай қызына бата сұрады. Шықам керемет бата берді. Енді барлығы бітіп шығайық деп жатқанда, баяғы Жарқын апай «Бір сұрақ қойсам деп едім», – деді. «Бер, бере бер…» – деді Шықам.
«Шыңғыс аға, сіз өміріңізде Бүбісарадай ешбір әйелді сүйіп көрмесеңіз керек!» – деп күтпеген сұрақты қоя салды. Бұл сөзді естіген Шықам орындыққа отыра кетті, мен тұрмын құлаған жардай болып. Не дерімді білмедім. Арғы бөлмеде жеңгеміз.
Шықам отырып «Ух!..» деп ауыр күрсінді де, терең ойланып қысқа ғана «Ол солай» – деді.
Шықамның күрсінгенінен ұлы махаббаттың жанартаудай болған күшін де, құсалықты да, мұңды да, бақытты да, арманды да, қайғысы мен қуанышын да сездім. Күрсіну – мәңгіліктің өзіндей болып естілді, өйткені «лишь память, нас вернёт туда, где мы любили, тех людей, кого забрали небеса…»
Бұл күрсініс құлағымнан өмір бойы кетпей келе жатыр…
Ол – адамдық ұлы сезімнің күрсінісі еді…
Сұлтан РАЕВ,
ТҮРКСОЙ бас хатшысы,
Қырғызстанның халық жазушысы,
Қырғызстанның экс-мәдениет министрі