«ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВ – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БОЛАШАҒЫ»
17.06.2025
75
0

Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшылығы мен Шыңғыс Айтматов атындағы Институттың ұйымдастыруымен «Шыңғыс Айтматов – Түркі әлемінің болашағы» атты халықаралық форум өтті. Аталған ауқымды шараға Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов арнайы қатысып, бауырлас халықтың рухани басқосуына құрмет көрсетті.

Форум әйгілі қаламгердің өмірден өткеніне арналған еске алу рәсімімен басталды. Қатысушылар 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етіп, сонымен қатар Шыңғыс Айтматовтың мәңгілік мекеніне гүл шоқтарын қойып, Құран бағыштады.
Одан әрі форум қатысушылары Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясында форумның салтанатты ашылуына қатысты. Форум жұмысына Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Иманқұлов, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрі Мирбек Мамбеталиев, Ұлттық ғылым академиясының президенті, профессор Канатбек Абдрахматов, Түркия парламентінің депутаты, Шыңғыс Айтматов атындағы институт президенті, профессор Ілияс Топсакал және өзге де көрнекті тұлғалар қатысты.
Форум барысында Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов сөз сөйлеп, Шыңғыс Айтматов пен қазақ әдебиетінің арасындағы терең рухани сабақтастыққа айрықша тоқталды.
– Шыңғыс Айтматов – бүкіл түркінің ғана емес, қазаққа да етене жақын қаламгер. Оның шығармалары қазақ оқырманы үшін жастайынан таныс әрі ыстық. Қазақ әдебиеті мен Шыңғыс Айтматов – егіз ұғым. Өйткені Айтматовтың қаламынан туған көркем шындық біздің де рухани кеңістігімізбен үндес, тарихи тағдырымызбен тамырлас. Ол – барша түркі жұртының ортақ мұрасы, – деді Мереке Құлкенов.
Ол өз сөзінде Айтматовтың туындыларына қазақ қаламгерлері жазған рецензиялар мен ой-толғамдарды, қазақ тіліне жасалған көркем аудармаларды да атап өтіп, бұл байланыс бауырлас халықтардың әдеби ықпалдастығының жарқын үлгісі екенін жеткізді.
Іс-шара аясында Гапар Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық көркемсурет музейінде Шыңғыс Айтматовтың өмірі мен шығармашылығынан шабыт алған суретшілердің туындыларынан арнайы көрме қойылды.
Сондай-ақ форум қонақтары әйгілі жазушының Бішкектегі мұражай-үйіне барып, Шыңғыс Айтматовтың шығармашылық әлеміне тереңірек үңілуге мүмкіндік алды.
Бұл форум түркі елдерінің рухани байланысын тереңдетіп, Шыңғыс Айтматовтың мұрасын ұлықтауға бағытталған маңызды мәдени шаралардың бірі ретінде есте қалары сөзсіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір