М.Әуезов пен Ш.Айтматов шығармашылығына арналған конференция
04.05.2024
689
0

26 сәуірде Астана қаласындағы М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясында «Әлем халықтарының классикалық әдеби мұралары: М.О.Әуезов және Ш.Т.Айтматов шығармашылығы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. 

Бұл конференцияның мақсаты – Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов тәрізді екі халықтың ұлы жазушы­ларының туындыларын оқыту барысындағы тәжірибелермен бөлісу. Соның негізінде Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін мектептерінде әлем әдебиеті шығармаларын оқыту әдістемесін жетілдіру, шығармаларына арқау болған жалпыадамзаттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіру, екі ел арасындағы әдеби, ғылыми байланыстарды нығайту мәселелері де қозғалды.
Конференция жұмысына Қазақ­стан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру бөлімінің бас маманы Гүлназ Есжанова, Астана қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Асыл Аманкелдиева, отандық және шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері, мәдениет саласының мамандары, білім алушылар, ұстаздар, журналистер және ата-аналар қатысты. Айтулы басқосуға Қырғызстаннан арнайы шақырылған ғалымдар пленарлық мәжілісте баяндамаларын оқып, қос қаламгер туралы ғылыми зерттеулерімен бөлісті.
Сонымен бірге Қазақстан тарапынан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш «Көркемдікке дәстүрлі көзқарас және авторлық позиция», филология ғылымдарының кандидаты Ақманат Шамахова «Ғасырдан да ұзақ күн» романындағы аңыз сюжетінің көркемдік қызметі», сыншы Аманкелді Кеңшілікұлы «Әуезов және Айтматов» атты зерттеулерімен таныстырды.
Келушілердің назарын аударған іс-шараның бірі – мектеп-гимназия оқушыларының ұлттық құндылықтарды сақтауға байланысты дайындаған түрлі тақырыптағы көрмесі. Осы павильонда келген қонақтарға қыштан, жүннен бұйым­дар жасау­дың, ұршық иіріп, ұлттық ойындар ойнаудың үлгілері көрсетілді. Сондай-ақ конференция қатысушысы, жазушы Нұрдәулет Ақыштың «Нағыз әже қайда?» әңгімесі бойынша 5-сыныпта ашық сабақ өткізілді.
Конференцияға қатысушылар мектеп-гимназия директоры Гүлмира Оразбековаға, директордың орынбасары Жанат Әкіш пен ұжымның басқа да мүшелеріне ризашылық көңілмен тарасты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір