ӘУЕЗОВ пен АЙТМАТОВ ТҰҒЫРҒА ҚОНҒАН КҮН
Төскейде малы, төсекте басы қосылған қазақ пен қырғыз ежелден етене араласып келеді. Алып Алатаудың қос баурайын жағалай орналасқан бауырлас елдердің әлеуметтік, саяси байланысы ғана емес, әдеби одақтастығы да берік.

Өнердің қай саласында да қазақ, қырғыздың үндестігі мен үйлесімі сайрап жатыр. Әдебиетіміздің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев: «Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қырдың құланы», – деп жырласа, әйгілі Әбділда Тәжібаев:
«Басыма кидім ақ қалпақ,
Оюлап шетін сырғызған.
Менің де бетім жап-жалпақ,
Айырмам қане қырғыздан?!» – деп туыстас халықтардың тел болмысын дәл бейнелеген. Осындай тығыз қарым-қатынастың жарқын көрінісі ретінде Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың ескерткіші тұғырға қонды.
Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығы бастамашы болған бұл жоба екі ел басшылары тарапынан қолдау тауып, ел президенттері «Достықтың алтын көпірі» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомат Тоқаев өз сөзінде: «Жыр алыбы – Жамбылдың қос халық жайлы: «Жүрегі – бір, жолы – бір, сыйласқан тату тең болды» деген сөзі бар. Ал әйгілі Тоқтоғұл: «Қанатым – қазақ туысқан» деп толғаған. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов та өзара тілектес халықтарымыздың жүрек сөзін шығармалары арқылы жеткізген. Мұхтар Әуезов қырғыздың эпикалық мұраларын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан. «Манас» жырын терең зерттеген. Атақты дастанды кеңестік жүйенің қайшысынан аман алып қалған. Сондай-ақ Мұқаң – Айтматовтың ғаламат шығармашылық әлеуетін алғаш таныған қаламгердің бірі. Ал Шыңғыс Төреқұлұлы: «Өзге елдерге барғанда өзіммен бірге ала жүретін екі ұлттық құндылығым бар. Ол – Манас пен Мұхтар Әуезов», – деген. Бұл – рухани құндылықтарымыздың екі елге де ортақ екенін паш ететін айқын көрсеткіш. Заңғар жазушының «Жәмилә», «Ақ кеме», «Ана-Жер-Ана», «Боранды бекет» шығармалары қазақ әдебиетінің де қазынасына қосылған асыл мұралар деп күмәнсіз айтуға болады. Ұлы тұлғаларымыздың достығы мен өзара сыйластығы кейінгі буынға үлгі-өнеге екені сөзсіз.

Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы», «Көксерек» туындыларын қырғыз режиссерлері Болотбек Шамшиев пен Толомуш Өкеев кино тілінде сөйлетті. Ал қазақ режиссері Ардақ Әмірқұлов «Қош бол, Гүлсарының» желісімен көркем фильм түсірген. Елдеріміздің арасындағы тығыз рухани байланысты мәңгі достық пен тату көршіліктің арқауы деуге болады. Оны бағалай білу және нығайта түсу – баршамызға ортақ парыз. Бұл – ұлы жазушыларға, сондай-ақ нағыз елдікке арналған бірегей ескерткіш, қазақ-қырғыз бауырластығының айқын белгісі. Ең алдымен, осы игі бастамаға қолдау көрсеткен Президент Садыр Жапаровқа зор алғыс айтамын. Бүкіл Қырғыз еліне шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл жер тарихи шаһардағы рухани орталықтың біріне айналады деп сенемін. Былтыр Астанада Айкөл Манасқа ескерткіш қойылды. Мұндай бастамалар туысқан елдердің достығы мен ықпалдастығын нығайта түсері сөзсіз. Шын мәнінде, қазақ пен қырғызға бір-бірінен жақын жұрт жоқ. Біз – бір туған елміз. Қанымыз бен жанымыз – бір, тамырымыз бен тарихымыз – ортақ. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достығымыз әлдеқашан уақыт сынынан өткен. Барша әлем бауырластығымызға куә болып отыр. Біз баға жетпес байлығымыз – ырысты ынтымағымызды сақтай білуіміз керек. Бүкіл Қазақ елінің айырқалпақты ағайынға ықыласы ерекше. Қырғыз ағайынның да дәл сондай риясыз пейілін үнемі сезініп жүреміз», – деп қазақ-қырғыз тамырластығының тереңіне бойлады.
Ескерткіштің авторы, өзінің айрықша қолтаңбасымен мүсін өнерін жандандырып жүрген Тамила Маматова: «Бұл ескерткішті орнату туралы идея 2022 жылдың ақпан айында, қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толу қарсаңында туындаған. Осы жұмыс маған тапсырылған сәттен бастап, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов туралы бұрынғы білетіндерімнен де тереңірек іздендім. Шыңғыс Айтматов «Манас» жырын қатты жақсы көріп құрметтеген, ал Мұхтар Әуезов осы жырды қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа одан ары сабақтаса аманатталуына ерен еңбек сіңірді. Қос қаламгерді шығармашылық байланыстан бөлек, «Манас» эпосы біріктіріп тұр десем болады. Ескерткіште Мұхтар Әуезов сөйлеп отыр, қолына «Манас» жырының кітабын ұстаған Шыңғыс Айтматов тыңдап отыр. Жазушылардың портретін қашау барысында ерекше толқыдым», – дейді. Ал қырғыздың белгілі әдебиетшісі, ғалым Әбілдәжан Ақматалиев: «Қазақстан Республикасының Президенті Қ-Ж.Тоқаев пен Қырғызстан Республикасының Президенті С.Жапаров қатысқан дүниежүзіне белгілі классиктердің ескерткішінің ашылу салтанаты – байырғыдан келе жатқан бауырластықтың, біртуғандықтың, достықтың жаңа үлгісі, жаңа бір рухани белесі болды.
М.Әуезов пен Ш.Айтматов… Бірі – ұстаз, бірі – шәкірт… Екі шығармашылық тағдырдың кездесуі. Бұл жай ғана күн емес. Мұхтар Әуезовтің данышпандығы мен кемеңгерлігі Шыңғыс Айтматовтың шығармашылық жолына ерекше ықпал етті. Айтматовтың әлемдік әдебиетке сапар шегуінің бастауында Мұхтар Әуезовтің 1958 жылы жазылған «Жәмилә» повесін «Новый мир» журналында Мұхтар Әуезовтің алғы сөзімен жариялануы тұр. Осы күннен бастап, кеше ғана көпке беймәлім болған жас жазушы КСРО-ға ғана емес, дүниежүзіне танылды. Ш.Айтматов та М.Әуезовтің шығармашылығына құрмет көрсетіп, бірнеше мақала жазды.
Бішкекте ашылған екі жазушының ескерткіші үлкен символдық мәнге ие. Шын мәнінде, Әуезов пен Айтматовты бір-бірінен ажыратуға болмайды. Ескерткіште олар әңгімелесіп отыр. Ескерткішті жасаған талантты қызымыз Тамилаға алғыс айтқымыз келеді. Жазушылардың көңіл күйі, рухани тереңдігі ескерткіште толықтай ашылған», – деп еңселі монументтің бай мазмұнға ие екенін жан-жақты айшықтап берді.
Мөлдір Райымбекова
ПІКІРЛЕР1