«ТЕРМЕ» ЖИНАҒЫ ЖӨНІНДЕ
26.12.2024
437
0

Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар бөлімінде сақталған «Терме» жинағына алашшыл жас зерттеуші Ертай Біләл төмендегі сипаттаманы жасап шықты:

«Тәрбие» бөлімінің мазмұндық сипаты

«Тәрбие» бөлімінде Алаш қайраткерлері Жүсіпбек Аймауытұлының «Жиынды (комплекс) әдісі іс жүзінде» мақаласы мен Абдолла Байтасұлының «Мектеп басқару жайы», сонымен қатар Таңашбай есімді бүркеншік есімді автордың «Шағылыс мәселесі» атты мақаласы берілген. Таңашбай – Жүсіпбек Аймауытұлының бүркеншік есімдерінің бірі. Бұл туралы ғалым Бейсенбай Байғалиев 1989 жылы «Жүсіпбек Аймауытұлының бүркеншік есімдері» деген мақаласында анық көрсеткен. Демек, алғашқы бөлімде Жүсіпбек Аймауытұлының қос бірдей мақаласы жарияланған.

«Білім» бөлімінің мазмұндық сипаты

«Білім» бөлімінде: «Адам тегі» (Арқалық), «Тарих туралы жалпы ұғым» (Даниал), «Халық әдебиеті, оны жинау жолдары» (Мағлұмат жинаушы: Сарбайұлы Шамғали), «Жалаң-төс батыр» (Д.Қ), «Едіге бидің тұқымы» (Мұқаметжан) сынды ғылыми-танымдық мақалалардан тұрады. Мұндағы алғашқы аталған туынды – аударма болса, қалғандары – тарихи-танымдық мақалалар. Әсіресе «Д.Қ» (Досмұхамедұлы Қалел) бүркеншік есімімен жарық көрген «Жалаң-төс батыр» атты мақала мен Мұқамеджан Тынышбайұлының «Едіге бидің айтқаны» мақаласында батыр Жалаң-төстің өмірі мен ерліктері, ата-тегі мен Едіге биден тарайтын тұқымның шежіресі сызба нұсқада берілген.

«Көркем әдебиет» бөлімінің мазмұндық сипаты

«Көркем әдебиет» бөлімі: «Әнші» (Жүсіпбек), «Орташылдықтың ұшқындары. Өткен тұрмыстан» (Қошке), «Жол үстінде» (Қызылбас), «Қоншылар» (Ілияс), «Балаларға базарлығым» (Мағжан) туындылардан тұрады. Мұндағы «Қызылбас» бүркеншік есімі – Жүсіпбек Аймауытұлы. Ал қалған авторлардың: Қошке Кемеңгерұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Мағжан Жұмабай екені түсінікті.

«Халық әдебиеті» бөлімінің мазмұндық сипаты

«Халық әдебиеті» бөлімі: «Базар жырау» (Д.Қ), «Шерниаз» (Жансүгір ұлы Ілияс), «Шерниаз кім?» (Д.Қ), «Баймағамбет кім?» (Д.Қ), «Сексен мен Тоқсанның билікке таласқаны» (Жанталы ұлы Ақымет), «Байдалы бидің сөздері» (Ақыметбек, Балау бай, Қасен ақсақалдардың аузынан алған: Салкен) сынды халық әдебиеті үлгілерінен тұрады.
Халел Досмұхамедұлының «Базар жырау» атты мақаласында: «Қазақтың ішінде атақты жыр айтқыштың бірі – Базар жырау. Базардың руы – шөмекей (Шөмен). Шөмекейдің ішінде бозғыл, бозғылдың ішінде балқы. Базардың туған жері – Қазалы уезі, Көшербай болысы. Жүрген жері – Арқа мен Сыр бойы. Жасы жетпістен асып өлген. Өлгеніне он бестей жыл болған. Базардың сөзі көп. Үлгі үшін қолға түскендерінен бір-екеуін келтірелік», – деп жыраудың жырларынан үзінділер келтіреді.
Ілияс Жансүгірұлының «Шерниаз» туындысында: «Біздің жақта (Жетісу губерниясы, Талдықорған уезінде) бұл «Шер-ниаз» әңгімесін Жүсіп жинағынан толығырақ айтады және ел арасында қызбалықты көрініп, маңызын жоймай сақталып қалған әңгіме. Сондай қолыма түскен ел аузындағы материалдармен «Шерниаздың» тарихын емес, әңгімесін толықтырмақшымын», – деп Шерниаздың жан-жақта шашылып, халық ауызында мақалаға айналып кеткен ақынның әңгіме, өлеңдерінен мысалдар келтіреді. Ал одан кейінгі мақалада Халел Досмұхамедұлы «Шерниаз кім?», «Баймағамбет кім?», «Исатай кім?» деп тұлалар өмірі тарихынан мол деректер береді.
«Халық әдебиеті» бөліміндегі құнды туындылардың бірі – Сәлкен есімді бүркеншік есімді автордың Ахметбек, Балау бай, Қасен қатарлы ақсақалдардың аузынан жазып алған «Байдалы бидің сөздері». Бұл туынды, әсіресе шежіретанушылар үшін аса құнды деп ойлаймыз.

«Сын» бөлімінің мазмұндық сипаты

Өкінішке қарай, ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөліміндегі «Терме» жинағының түпнұсқасында «Сын» бөлімінің тек қана «Аударма туралы» атты мақаласының алғашқы беті ғана көзімізге түсті. Бұл кітаптың толық нұсқасы емес екенін білдіреді. Бұған әртүрлі себептер уәж болуы мүмкін….
Төмендегі кестеде 1924 жылы Ташкент қаласында жарық көрген «Сана» журналының №2-3 санына қосымша ретінде Темірбек Жүргеннің құрастыруымен басылған «Терме» жинағының мазмұндық сипаты берілген.
ҚР Ұлттық кітапханасы «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» бөлімінде сақталған «Терме» жинағы 127 беттен тұрады. Ені – 16,5 см болса, ұзындығы – 24 см. Шифрі – Ж.894.342. Десек те, аталмыш жинақтың бұл толық нұсқасы емес. Оған дәлел жинақтың алғашқы беті бірден «Тәрбие бөлімі», яғни алғашқы бөлімдегі мақаладан басталады. Біздің ойымызша, алғашқы беттерде жинақтың құрастырушы тарапынан сөзі, сипаттамасы берілуі қажет еді. Бұл реттен келгенде жинақтың толық нұсқасы мен бұл нұсқасын өзара салыстырып, жарық көргеніне 100 жыл толатын жинақты ескі қаріптен қазіргі қаріпке түсіруіміз қажет. Өйткені бұл жинақта қазақтың арғы-бергі тарихында сақталған құнды дүниелер жарияланған.

***

Ертайдың сипаттамасына алғыс айтып, онда алға тартқан ұсыныстарына қолдау білдірумен бірге, мынандай бірер ой қосқанды қош көріп отырмыз. Темірбек Жүргенов бұл кезде, дәлірек айтқанда, 1923 жылдан, Ташкенттегі Орталық Азия мемлекеттік университетінің студенті әрі Қазақ Республикасының Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі. Ол содан бастап он жыл бойы Түркістан өлкесінде түрлі жауапты қызмет атқарып, Қазақстанға 1933 жылы келді. Ағарту комиссары, мәдени революция штабының жетекшісі болып, аңызға лайық істер тындырды. Алайда 1937 жылы Үлкен террор құрбанына айналғаннан кейін адал есіміне күйе жағу қалыпты шаруа болған. Кітапханадағы «Терме» жинағының сол ретпен «тазалануы» ғажап емес. Ертай жинақтың алғашқы беті ретінде атап, сипаттап отырған «І. Тәрбие бөлімі» кітаптың 5-бетінен басталады. Егер кітаптың алғашқы екі беті титулдық мәліметтер болар десек, 3-4-беттерде кіріспе мақала орын алғаны, оны жинақты құрастырушы Темірбек Жүргенов жазған болуы әбден мүмкін. Демек, сол төрт бет (екі парақ) «халық жауы» атын өшіру ретімен жыртылып тасталған секілді. Жинақтың соңғы беттерінің де жыртып тасталғаны сондай күдікті ойға жетелейді.
Алдағы міндеттердің бірі – жинақтың толық нұсқасын табуға тырысу. Бұған жер-жердегі жанкүйерлер атсалысар деп үміт артамыз.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының
орынбасары, жазушы, тарих ғылымының кандидаты;

Ертай БІЛӘЛ,
жас зерттеуші

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір