Жолан батыр
24.11.2025
119
1

Қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған Жолан Төлеұлы туралы көзі ашық, көкірегі ояу әрбір қазақ жақсы біледі деп ойлаймын. Осы ретте М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Жолан батырдың туғанына 325 жыл толуына орай өткізілетін халықаралық конференция қарсаңында батырдың шыққан тегі туралы тың мәліметтерді оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдім.

Шымкент қаласындағы Жолан батыр ескерткіші

Өйткені Жоланның бізге мәлім барлық адами қасиеттері (отаншылдығы, аманатқа беріктігі, жауапкершілігі, батырлығы, өр мінезділігі, тәуекелшілдігі, төзімділігі, болашаққа сенімі) оның тектілігіне байланысты екені сөзсіз. Ал тектіліктің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатынын біздің халқымыз баяғыда-ақ білген. Оны қазіргі кезде генетика ғылымы да растап отыр.
Бүкіл адамзаттың қымбат жауһарларының бірінен саналатын «Зикзал» атты ғибратты мұраның авторы Бекасыл Биболатұлының шәкірті Қазанғап Байболов (Төле бидің бірге туған бауыры Елібайдың ұрпағы) өзінің ұстазынан алған тарихи мәліметтердің негізінде «Еңсегей бойлы ер Есім» мен «Төле бидің тарихы» атты дастандар жазғаны белгілі.
Қазанғаптың айтуынша, «Түркістанды түгел билеген, қазақ пен қырғыздардың 47 жыл бойы ортақ ханы болған Еңсегей бойлы Есім ханның орда биі, төрт атасынан бері би болған дулаттан шыққан Құдайберді би. Оның ұлы Әлібек би, одан бірнеше ханның тұсында билік еткен Төле би». Сол кезден «Толық хандыққа тек Есім хан ғана жеткен. Толық билікке тек Төле би ғана жеткен» деген аталы сөз қалған.
Жолан–Дулаттың Жаныс тармағынан шыққан Төле бидің сегіз ұлының бірі де бірегейі. Ол әке сенімін ақтап, мемлекетшілік пен отансүйгіштіктің нақты үлгісін көрсетіп, еш қауіп-қатерден тайсалмай, жоңғар қонтайшыларының қолында аманатта болып, ғұмырының 17 жылын сонда өткізген. Оның бұл ерлігі қазақ халқының жадында мәңгі сақталып қалды. Сондықтан, менің ойымша, Жолан батыр – есімі қазақ халқының тарихында алтын әріппен жазылуға тиіс.
Аманат деген сөздің мағынасы мен ауқымы өте кең. Ал Жоланға қатысты айтылғанда, ол жаудың қолында «кепілдікте» болғанын білдіреді. Аманат, яғни кепілдік деген ұғым Аттила (Еділ батыр) заманынан бері белгілі екені мәлім. Мысалы, б.з. V ғасырында өмір сүрген Батыс Рим империясының қолбасшысы Флавий Аэций Еуропаның көптеген елдерін жаулап алған Аттиланың аманатында болғаны жайлы нақты дерек аталған империяның жазба тарихында сақталған. Ондай оқиғалар Шыңғыс хан дәуірінде де көптеп кездеседі.
Осы ретте адамды кепілдікке беру немесе алу адамзат тарихында бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқанын айта кету керек. Аттиланың түркілердің дулат (дулу) тармағынан шыққанын әлем ғалымдары ерте ғасырларда-ақ мойындаған. Сондықтан оқырманға түсінікті болу үшін, реті келіп тұрған шақта дулат руына қатысты кейінгі кезде табылған тың деректерді осы газеттің бетінде баяндауды жөн көрдім.
Бүкіл әлем оқымыстылары түгелдей мойындаған, ортағасырлық энциклопедия ретінде танылған «Жамиғ ат-тауарихтағы» дерек бойынша, дулат руы өзінің бастауын X ғасырда өмір сүрген тоғыз ұлды Түмбине ханның сегізінші ұлы Боданжардан (Болшар дуқұлаттан) алады.
Шыңғыс ханның үшінші атасы Қабыл хан мен Дулаттың үшінші атасы Боданжар бір әке мен бір анадан туған.Ал Шараф ад-дин Йаздидің «Зафар намасында» Түмбине ханның ұлдары Қабыл мен Қашула егіз болған деп көрсетілген
Шыңғыс хан Қабыл ханның шөбересі, ал Әмір Темір – Қашуланың сегізінші ұрпағы, яғни Шыңғыс хан мен Әмір Темір жақын аталас туыс болған. Ол туралы Ұлықбектің «Турт улус тарихи» атты еңбегі мен Абулғазы Бахадур ханның «Шаждрат-и түрк» деп аталатын кітабында айтылған.
Түмбиненің ұлдарынан тараған әрбір тармақ пен рулар сол кездің өзінде, яғни «Жамиғ ат-тауарих» жазылған уақытта (1300–1316 жылдары), жиырма-отыз мың отбасыдан тұрған және оның дуқұлат деген тармағы Шыңғыс хан құрған он үш күреннің тоғызыншысының құрамына кірген («Жамиғ ат-тауарих», 329–330-беттер).
Бұдан шығатын қорытынды, XIII ғасырда дулат (дуқұлат) деп аталатын екінші бір жаңғырған жаңа тайпа (ру) пайда болған.
Оның біріншісі дулу деп аталған. Бұл тайпа б.з.д. II ғасырда пайда болған, үйсін тайпасының бір тармағы, бертін келе ол атау доғлат, дуғлат, дулат боп өзгерген. Бұл тайпадан б.з. V ғасырында жоғарыда аталған әйгілі Аттила, содан соң VI ғасырда ол тайпаның ашина деп аталған тармағынан Түрік қағанатының негізін қалаған, Бумын, Мұқан, Елтеріс пен Білге қағандар шыққаны тарихтан белгілі.
Дулат руы Дулат деген адамнан тарайтыны түсінікті. Ал Дулаттың әкесі Тілеуберді (Жарықшақ), оның әкесі Бәйдібек, оның әкесі Қараша екені мәлім. Одан осы рудың Түмбине ханнан Шыңғыс хан дәуіріне дейінгі шежіресі шығады: Түмбине хан-Боданжар-Қараша-Бәйдібек-Тілеуберді (Жарықшақ)-Дулат.
Бұл шежіреден Бәйдібектің Түмбинеге шөбере екені белгілі болады. Түмбиненің осы мыңжылдықтың бас кезінде дүниеге келгенін (шамамен 1000 ж.) біз шежіре санаудағы әр буын 27-28 жылдан кейін пайда болады деген ғалымдардың арасында шартты қалыптасқан ұстанымды қолданып, есептеп шығарған болатынбыз («Шыңғыс хан» атты кітаптың 228-бетін қараңыз). Ол есебіміз Шыңғыс ханның 1227 жылы 72 жаста болғаны туралы дерекке негізделіп жасалған. Ол есеп бойынша, Шыңғыс хан өмірге 1155 жылы (1227–72=1155) келген болып шығады. Ал Шыңғыс ханның төртінші атасы Түмбине 1000 жылы туылған болса, оның Боданжар (Болшар дуқұлат) атты ұлы өмірге 1028 жылы (1000+28=1028) келген, оның ұлы Қараша – 1056 жылы (1028+28=1056), оның ұлы Бәйдібек – 1084 жылы (1056+28=1084), оның ұлы Тілеуберді (Жарықшақ) – 1112 жылы (1084+28=1112), оның ұлы Дулат – шамамен 1140 жылы (1112+28=1140) туған болып шығады, яғни Дулат Шыңғыс хан мен оның ұлдарының замандасы болған.
– Бәйдібектің Марау (бәйбіше), Зереп және Нұрила атты үш әйелінен үш ұл мен жеті немересі болғаны тарихтан мәлім: Марау бәйбішеден Байтоқты, Зереп анадан Жалмамбет, Нұриладан Тілеуберді (Жарықшақ). Осы үшеуінен Жеті Арыс деп аталып кеткен жеті ұл тарайды: Байтоқтыдан – Сарыүйсін; Жалмамбеттен – Шапырашты, Ошақты, Ысты; Тілеубердіден – Албан, Суан және Дулат.
Бәйдібектің Домалақ ене аталып кеткен кіші әйелі Нұрила 1093–1166 жылдары өмір сүрген «Диуани хикметтің» авторы Қожа Ахмет Ясауидің қызы. Өйткені 1395 жылы Қытайға жорыққа шыққан Әмір Темір жолда бұл райынан қайтып, Түркістанға бұрылып, онда үш жыл бойы Қожа Ахмет Ясауиге арнап мавзолей тұрғызған, яғни менің пікірімше, Әмір Темір Қожа Ахмет Ясауиді өзінің түп нағашысы деп санаған (өкінішке қарай, кеңес заманында тарихшылар Нұриланы (1375–1456) еш негізсіз түркістандық Шайхы Мизамбектің қызы, Мақтым Ағзам қожаның немересі, VI ғасырда (?) өмір сүрген Бәйдібектің үшінші әйелі болған деп көрсеткен. Сенбесеңіз, бұл деректерді Уикипедиядан оқып көріңіз.
Бәйдібектің ұрпақтары Шыңғыс хан дәуірінен кейін қалың елге айналғаны мәлім. Оның ұрпақтарынан тараған Ботбай, Шымыр, Өтейбойдақ, Қарасай, Құдайберді, Төле би, Өтеген, Қойгелді, Сәмен, Сыпатай, Сүйінбай, Бекасыл, Жамбыл, Тұрар, Кенен, Бауыржан атты ұлы бабаларымыз қазақ жұртына кеңінен танымал. Солардың қатарында тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл дүниежүзі халықтарына танымал, отыз жыл бойы Қазақ ССР-ін басқарған Дінмұхаммед Қонаев пен ғасырлар бойы егемендікті аңсаған халқымыз 1991 жылы қол жеткізген тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев бар.
Кейбір тарихшылар Бәйдібек бабамыз біздің заманымызға дейінгі кезеңде (б.з.д. V–IV ғ.) өмір сүрген десе, кейбіреулері ол біздің заманымыздың V–VІ ғасырларында болған деп санайды. Сондай-ақ тарихшылардың бірі оны би болған десе, енді бірі хан болған деп жазады. Мұндай пікірлердің орын алу себебі, біздің пайымдауымызша, осы күнге дейін Бәйдібек бабамыздың өмір сүрген дәуірі туралы нақты деректің болмауына байланысты.
Жоғарыда келтірілген дулат руы туралы аса құнды деректер тек 2018 жылы «Жамиғ ат-тауарихты» қазақшаға аударғаннан кейін ғана белгілі болды. «Жамиғ ат-тауарихтағы» дерек бойынша, Шыңғыс хан барлық жаулап алған елдер мен жерлерді және әскерлерді көзі тірісінде өзінің төрт ұлы мен жақындарына бөліп берген. Осының нәтижесінде дулат руы Шағатайдың үлесіне тиген. Ал Шағатай дулат руының еншісіне «Маңлай сүбені» берген. Қазіргі кезде ол жердің аумағында төрт мемлекет орналасқан: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы.
1269 жылы Қайду хан шақырған Талас құрылтайының шешімімен Құбылай мемлекетінен Жошы (Ұлық ұлыс), Шағатай және Қайду атты үш дербес ұлыс бөлініп шығады. Сол құрылтайда Барақ ханның ұсынысымен Шағатай ұлысы екіге бөлінеді, оның шығыс жартысындағы жерлер Қайду хан ұлысына өтеді. XIV ғасырдың басында онда Моғолстан деген мемлекет құрылады.
«Тарих-и Рашиди» атты кітаптың авторы Мұхаммед Хайдар Дулатидің айтуынша, Моғолстан атты мемлекетті үш ғасыр бойы тек дулаттан шыққан тұлғалар басқарған, ал оның халқы өздерін моғолдар деп атаған. Мавераннахр болса, Әмір Темірдің дәуіріне дейін бірнеше әмірліктен тұратын Шағатай ұлысы болып қала берген, олардың халқы өздерін шағатайлар деп атаған.
Менің пікірімше, «Маңлай Сүбе» деген алып территорияға иелік ету, ол жерде Моғолстан атты мемлекет құрып, оны үш ғасыр бойы ұстап тұру дулаттардың Шыңғыс хан әулетімен жақын туысқандығының арқасында болған.
Жошының ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстан территориясының батысындағы Шу жерінде 1456 жылы Қазақ хандығын құруы да осы туыстыққа байланысты.
Бізге жеткен жазба деректерге қарағанда, Шыңғыс хан кезінде дулат руының бастапқы атақонысы Ертіс өзенінің оң жағалауында болған (Өскемен қаласының дәл іргесінде Ботбай атты тау, ал Қатон-Қарағай ауданында Шымыр деген өзен бар). Содан кейін дулаттар Алакөл мен Жалаңаш көл маңайына қоныс аударған.
1914 жылы шыққан «Карта коренных областей Туркестана» деген картада Қаратал өзенінің Балқашқа құятын сағасының оң жағалауында Дулат деген адамның мазарының орны көрсетілген (бұл дерек қосымша зерттеуді қажет етеді деп ойлаймыз).
Жалаңаш көлінің маңайында Дулат деген елді мекен мен Дулат деген шекара бекеті бар. Сол елді мекен мен бекеттің аты 1969 жылы совет-қытай шекаралық жанжалына байланысты дүниежүзіне мәлім болғаны белгілі.
Қазіргі Жетісу облысында Қапал атты аудан орталығы бар. Кезінде Қапал ауданы мен Қапал елді мекені қапал руының арғы атасы Қапалдың құрметіне берілген. Ал қапал дулаттан тарайтын жаныс руының бір тармағы болады.
И.Г.Андреевтің «Описание Средней орды кыргыз-кайсаков» деген кітабында XVIII ғасырдың аяғында (1780-жылдары) Іле мен Қаратал өзендерінің аралығында Жаныс болысы болғаны туралы жазылған.
Жоланның әкесі Төле би бір деректе Алакөлдің маңында дүниеге келді деп көрсетілсе, екінші бірінде Шудың бойындағы Жайсаңда туған деп айтылады.
Төле бидің әкесі Әлібек би – жоғарыда аталған Есім ханның орда биі болған тоғыз ұлды Құдайберді бидің ең кенже ұлы. Әлібектің өзінің атақты ұлына Шыңғыс ханның кенже ұлы Төленің атын беруі де тектен-тек емес.
Төле би төрт ханды таққа отырғызса, оның арғы атасы Құдайдат алты ханды таққа отырғызыпты («Тарих-и Рашиди»).
Төле би өзі тәрбиелеп өсірген Абылай ханды, өзінің ұлы Қожабекті және басқа да батырларды қалмақтың тұтқынынан құтқарып алған.
Қазіргі қазақ халқының құрамына кіретін Дулат руының Сиқым, Жаныс, Ботбай және Шымыр деген тармақтары Іле өзенінің бастауынан Тәжікстан шекарасына дейінгі таулы аудандарды мекендейді.

Р.S. Жолан батыр туралы тереңірек білгісі келген оқырман bekasyl.kz сайтындағы «Кітаптар» бөлімінен оқи алады.

Ержан ИСАҚҰЛОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІРЛЕР1
Аноним 03.12.2025 | 13:21

Бұл мақалада Жолан туралы тарихи деректер жазылмаған, Қытай деректерінде Жолан Төлеұлы туралы жазылған

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір