Бөкей батыр кім болған?
02.08.2023
455
0

Мұрағаты жоқ халықтың мұңы көп. Өткен тарихты білмейміз. Одан жеткен бізге нақты дерек тапшы. Дегенмен, аты ел аузында жүрген белгілі қайраткерлеріміз, қолбасшыларымыз, батырларымыз көп. Ескерусіз қалған ер аз емес. Ел басына күн туған шақта ерекше ерлік көрсеткен ерлер есімі қашан да ардақты, қадірлі. І.Есенберлиннің «Жанталас» романында сиқым Бөкей батыр бес мың қолдың басшысы есебінде аталады. Қаратау сілемдеріндегі шайқаста қолбасы Бөкейдің әскери қақтығыстар тарихында өте сирек кездесетін ерлік жасағаны айтылады.

Қазақ тарихында «Бөкей» атымен қалған бірнеше көрнекті тұлға бар. Әлбетте, ол тізімнің басында Батыс Қа­зақ­станда әйгілі Бөкей ордасын құрып, қалыптастырған Бөкей сұлтан тұрмақ.
Бөкей есімімен белгілі екінші танымал тұлға – дулаттан шыққан Бөкей батыр. Салауатты сана Қазақстанның оңтүстігіндегі барша ономастикалық, топонимикалық атауларды осы даңқты батырдың есімімен байланыстырады.
Ташкенттің кеңестік дәуірге дейін­гі тарихында өзбектен гөрі қазақ этносының ізі басым. Оны бәрі біледі, бәрі мойындап та қойған.
Оңтүстік өңірдегі белгілі томпоними­калық атаулардың осы Бөкей батыр есімімен байланыстырылатынын айт­тық. Бөкей бабаның жауынгерлік, қол­бас­шылық жолының бір парасы осы Өзбекстанға өтіп кеткен Ұлы жүз­дің қолды болған өңіріне тікелей байланысты.
Мәселен, қазіргі таңда Сырдария маңында жергілікті халық әлі күнге дейін «Бөкей – Бұқа» бекінісі деп атайтын көне қамалдың қирандысы сақталған.
Әлбетте, тағдыры қазаққа архив емес, ұрпаққтан ұрпаққа қасиетті мұра болып жеткен ауызша фольклор берді. Орыс еліндегідей жылнама (летопись) жазу үрдісі де болған жоқ. Бірақ аруағын қадір­ле­ген халық сол ауызша әфсәналар арқылы болған, өткен тарихты сол болған, шынайы қалпында баяндауды қатты қадағалады.
Дегенмен осы дарынды қолбасшы тура­лы біздің заманға жеткен жазба деректер де баршылық. Мәселен, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында Аблайханның оң және сол қолында отырған негізгі қолбасшылары арасында «шау тартқанына қарамастан әлі де күш-қайратынан айырылмаған» Бөгенбай батыр мен қоса керей Жабай батырдың, қыпшақ батырлары Дербісал мен Маңдайдың, дулат Бөкей батырдың отырғанын жазады.
Осы атақты трилогияда Бөкей ба­баның қандай денгейдегі қолбасы бол­ғанын қорсететін барынша айқын тағы бір дерек бар. «Дулат руынан жаушы келіп, Абылайға дулат руының Бөкей мен Садыр батырлар бастаған бес мың (!) сарбаздың көмекке келе жатқанын жеткізді» деп жазады Ілияс Есенберлин.
Бес мың адамдық әскери жасақты көзге елестете беріңіз. Қазіргі өлшемде саны жөнінен дивизияға жақын қосын. Әлбетте, дивизияны генерал, ең жоқ дегенде полковник басқарады. Демек, Бөкей бабаны Абылайханның белгілі де танымал генералдарының бірі болды деуге толық негіз бар.
Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы болат найза.
Алдыңнан су, артыңнан жау қыс­қанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда.

Бөкейді айт сағыр менен дулаттағы,
Дербісәлі, Маңдайды айт қыпшақ­тағы.
Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын,
Сары менен Баянды айт уақтағы –
деп жырлайды Тәтіқара жырау Бөкей баба туралы.
Күні бүгінге дейін атақты Қаратаудың ең заңғар ұшары үш ғасырдан бері «Бөкей тауы» деп аталады. Бұл тау – іс жүзінде Қаратау сілемдерінің стратегиялық нүк­тесі. Таудың қос қапталында Ташкентке қарай созылатын екі ұзын жолы бар. Шама­мен 1758-1760 жылдары Қоқан ханы Әлім көп әскермен Ұлы жүз қазақтарының жеріне басып кірді. Атақты Абылайхан басқыншыларға қарсы күресті басқарды. Ханның жанында оның қандыкөйлек серіктері – дулаттың бес мыңдық қолына басшылық жасаған белгілі батырлар Бөкей Сұлтанұлы мен қарт Шағыр Әлібекұлы да болды. Қоқандықтар жеңіліп, бітімге келеді.
Жалпы Бөкей батыр бастаған дулат әскерінің алты Алаштың тәуелсіздігі жолында көрсеткен ерліктері туралы халық арасында әнгіме көп. Әсіресе дулат қолының жоңғармен соғыстағы ерлігі туралы жиі айтылады.
Қазақ дәстүрі бойынша жер мен суға ат берудің өзіндік тәртібі, жазылмаған ғұрпы бар. Этноономастика соны айтады. Ат қоюға белгілі тұлғаның жасаған ерлігі мен қоса жердің өзінің де лайықты болуы шарт.
Қаратаудың ең биік сілемінің Бөкей тауы аталуы да тегін емес. Бұл жерде ба­тыр бастаған дулат қолы қазақ-жоңғар соғысының ең жарқын беттерінің бірі саналатын айтулы оқиға өткен. Басқыншыларды иесіз, сусыз шөл далаға алдап апарып қыру оқиғасы сонау Кир патша заманындағы біздің сақ бабаларымыздың қызылбастармен болған соғыста алғаш жүзеге асқаны тарихта жазылған.
Сақ сарбазы Ширақ деген жігіт өз еліне басып кірген қызылбас әскерін осылайша шөл далаға алдап апарып, қырғынға ұшыратқан деген деректер бар ұлы тарихта. Ол деректі тарихтың атасы Герадот жазады.
Осылайша Дулаттан шыққан Бөкей батыр сақ бабасы Ширақтың ерлігін жаңғыртып қайталады. Қаратаудың сол асуы оңтүстікке – Ташкентке апаратын ең төте де қолайлы жол болатын. Жоңғар әскері сол асудан өтсе, Орталық Азияны жаулайтын.
Демек, Бөкей баба сол ерлігі ар­қылы байтақ Орталық Азияны басқын­шылық­тан қорғап қалды деген сөз. Ал, ондай ерлік ешқашан ескерусіз қалмақ емес. Сол ерлігі арқылы Бөкей батырдың әскері бүкіл Түркі дүниесін апаттан қорғап қалды деуге толық негіз бар. Қазақ­тың әскери тарихында мұндай ерлік­ті жасаған алғашқы батыр – осы Бөкей баба.
Қаратау сілемдерінде қазір Бөкей тауы деп аталатын жерден оңтүстікке қарай өтетін бес-сегіз шақырымдық асулы екі жол бар. Қазақ даласына со­ғыспен келген жоңғардың қалың әскерін Бөкей бастаған дулаттың бес мың қолы осы дәлізбен өткізбей шөл даламен жүруге мәжбүр еткен. Дулат әскерінің, оның дарынды қолбасшысы Бөкей батырдың осы ерлігінің арқасында шөл даламен оңтүстікке аттанбақ болған жау әскері сусыздықтан, шөлден қырылған. Ең соңында әбден әлсіреген жоңғар әскерін Бөкей батырдың қосыны қырып салады. Қаратаудың ең биік заңғарына әйгілі қолбасшының атының берілу себебі осында.
Бөкей тауынан он-он бес шақырым шығысқа қарай Ордаған деген жер бар. Халық аузындағы аңызға қарағанда сол шайқаста қолбасшы Бөкейдің ставкасы осы жерде болған көрінеді.
Қазақ тарихында өзіндік ерекше орны бар Бөкей батыр туралы жазба дерек тапшы. Әлбетте оны ескеруге мәжбүрміз. Дегенмен ұрпақтары тірнектеп жинаған батырға қатысты біраз дерек бар. Ұрпақтарының айтуынша, сондай-ақ кейбір дерек көздеріне, хронология заңдылықтарына сай өлшемдерге қарағанда Бөкей батыр XVIII ғасырда Қаратаудың таулы аймақтарында өмірге келген. Қазақ жағдайында батыр атану үшін алдымен сол адамның ерекше күш-қайратқа ие болуы шарт.
Бұл жағынан келгенде Бөкей баба шынында да ерекше қайратты кісі бол­ған көрінеді. Ел арасында батырдың жекпе-жектері, ондағы тамаша жеңістері, ерекше қауқары туралы әңгіме-әфсана да көп.
Сиқымның Мақат ата есімді бір қария­сы жас күнінде Бөкей батырдың қолғабын көргенін айтады. Бір қол­ғап­тың өзі анау-мынау бала сыйып кететіндей айрықша үлкен екен. Соған қарағанда Бөкей батыр аса ірі адам болған деп тұжырымдауға әбден болады.
Біздің бұл болжамымызға септесіп тұр­ған тағы да бір жайтты айта кету парыз. Ел арасындағы аңызға қарағанда «Бөкей» деген сөздің өзі бұқадай алып, бұқадай күшті дегенді білдіреді дейді халық түсінігі. Азан шақырып қойған аты басқа болған. «Бөкей – Бұқа» – батырдың жанама аты.
Батырдың осындай ерекшелігі оның харизмасы басым көрнекті тұлға бол­ғанын көрсетеді. Орта ғасырларда қолбасы болу үшін де алдымен жауынгерлік, сарбаздық кемел күш-қайрат болуы шарт. Әлсіз адамға қалың қол, әскер бағынбайды.
Қолда бар дерек көздеріне қарағанда Бөкей батыр өз әскерімен Цин және Қоқан басқыншыларына қарсы табанды күрес жүргізген. Ол туралы қазір қолда бары ауызекі әңгіме ғана. Алайда кейбір дерек көздеріне қарағанда Өзбекстан мұражайларында, мұрағатханаларында сиқым Бөкейдің қоқандықтарға қарсы шайқасы туралы деректер бар. Бірақ біз білетін бір ақиқат – ондай деректерді өзбектер біздің қолға бере қоймайды.
Сол жылдардағы ауыр кезеңді Ілияс Есенберлин өзінің «Жанталас» рома­нында былайша суреттейді: «1757-1758 жылдары Цин империясы мен Қоқан хандығының басқыншыларына қарсы Абы­лай хан қазақ әскерін басқарды. Сол соғыста Шағыр мен Бөкей деген қос батыр дулат қолын бастап ерлік көрсетті».
Қазақтың жауынгерлік тарихында өзіндік орны бар Аңырақай шайқасында жас Бөкей батыр – кемел шағына кел­ген дер кезіндегі жігіт болатын. Сол соғыста Бөкей баба сиқымдардың Арыс­тан Шынасылұлы басқарған мың­дығының құрамында шайқасып, ерлік көрсетеді. Бөкей батырдың басшылығымен сиқым әскері өздерінің «Жаубасар! Жаубасар!» деген ұранымен Жоңғарлардың ең бір топтасқан жеріне басып кіріп, жойқын тойтарыс берді. Сиқым әскерінің сол соғыстағы ерлігі үшін осы рудың бас батырына Жаубасар деген атақ беріледі.
Міне, қолбасшы Бөкей батырдың қазақ тарихындағы орыны осындай!
Осындай даңқты жауапкершілік жолдан өткен Бөкей батыр Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. 

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір