САХНАДА ҰЛЫҚТАЛҒАН САБАЗ БАТЫР
23.05.2024
299
0

Ұлы Жеңістің 79 жылдығына орай, Орал қаласындағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры жазушы-драматург Мира Шүйіншәлиеваның «Сабаз» ат­ты деректі драмасын алғаш рет көрермен назарына ұсынды.

Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» және «ІІІ Даңқ» ордендерінің иегері, Батыс Қазақ­стан облысы Теректі ауданының азаматы, Кеңес Одағының батыры Сабаз Арыстанов туралы алдымен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мира Шүйіншәлие­ваның «Сабаз» ат­ты жаңа кітабы жарық көріп, Н.Островский театрында тұсауы кесілді. Алматы қаласындағы «Қазақ Кітап» баспасынан шыққан, Сабаз Арыстановтың өшпес ерлігіне арналған жаңа туындыға Теректі ауданының Құрмет­ті азаматы, «Еңбек» астық совхозының ардагері Гайсин Хамидулла мен батырдың қызы Әлия Қалиева бата берді. «Аталмыш кітап ұлт рухын көтеруде, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуда мазмұны мен мағынасы жағынан құнды туынды», – десті оқырман қауым. Режиссер Алмат Шарипов Сабаз Арыстановты сахналау арқылы барша қазақ жауынгерінің жиынтық бейнесін көрсетіп, әр жауынгердің есімін санадан өшірмеу керегін, оның өрлігі мен ерлігі ұрпаққа үлгі екенін айқындай түсті.
Бұл қойылым Жеңіс күні қарсаңында, ардагерлерімізді ке­йінгі ұрпаққа ұлықтау мақсатында Батыс Қазақ­стан облысы әкімдігі және мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен сахналанды. Премьераны арнайы көріп, кәсіби талдау жасау үшін Алматы қаласынан Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің вице президенті, өнертану кандидаты Мұқан Оразбайұлы, Астана қаласынан, театртанушы, Қазақ ұлт­тық өнер университетінің аға оқытушысы, «Өнертану» ғылымдарының магистрі Айзат Оңғаралықызы қатысты.

Ә.ШАҚУОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір