ЖҰРТ ҚАМЫН ЖЕГЕН ЖАПАРБЕРДІ БАТЫР
12.07.2024
49
0

Сонау жаугершілік заманда елі мен жерін көзінің қарашығындай қорғаған батырлар аз болмағаны тарихтан белгілі. Солардың бірі – атақты Есболай бидің ұлы Итемгеннің бес бөрісінің бірі Қабылдың баласы Жапарберді батыр. Ол – 1833 жылы жекпе-жекте түрікменнің батыры Сүйінпышақты жер жастандырып, Үстірт өңірі қазақ жеріне мәңгі мұра болып қалуына өзге батырлармен бірге ерекше ерлік жасаған баһадүр.

Сондай-ақ Есентемір Есбол батырдың Хиуада зынданда жатқан сарбаздарын құтқарудағы ерлігі жөнінде деректер кез­деседі.
Ал енді одан ке­йін Жапарбердінің өмірі қалай болып еді. Сол туралы айтып көрсек.
Сонымен, Құлбарақ батыр өлетін жорыққа Керім дейтін ауылдан он бір адам қатысады. Сол он бірдің бірі – жауырыншы Кескір Көбен екен. Жорыққа ат­танар алдында Құлбарақ оған:
– Көбенім, бал ашшы, жолымыз қалай болар екен? – дейді. Сол сәт­те Кескір Көбен құмалағын жайып жіберіп:
– Жолымыз ауыр екен. Осылардың бірі өліп, оны елге қайта ма, әлде оны өліп, бірі қайта ма? Болжай алмай отырмын, – дейді. Айт­қанындай, сол жорықта Құлбарақ бастаған он жігіт өледі де, тек Жапарберді батыр тірі қалудың амалын тауып шығады. Бұл жас батырдың алғашқы жорығы болатын. Жастайынан өте батыл, айлакер, ең бастысы, найзағайдай шапшаң қимылдайды екен.
Осы жорық туралы Адайдың Абыл ақыны:
Намыстанып бай ұлы он екі ата,
Алты сан Алаш жиылып жауға барды.
Ат­танып мың жарым қол Хиуаға,
Ер Табылды ту ұстап бастап барды.
Қабылдан туыпты Жапарберді,
Көзге шанышқан текті, дара тұлға берді.
Ер Жапар бес қаруын сайлағанда,
Итемгеннің Табылдысы бата берді, –
деп жорық жеңісін баяндайды.
Сол жорықтан ке­йін Табылды би: «Құлбарақ баламның ізін Жапарберді жалғастырады», – деп оған 300 қол қосып беріпті.
Ал Мұрат­тың ағасы Матай Мөңкеұлының:
…Жапарберді атқа мінген соң
Көк найзаға жалынды… –
деген өлең жолдары да оның батырлығын толықтыра түседі.
Итемгеннің інісі Көтен батыр 1818 жылы жылқысының көптігінен бір топ жас отау батырларды алып, Шетпе жаққа көшеді. Онымен бірге Есентемір Есбол мен құлкеш Қайып батырлар бірге жүреді. Осы мезгілдің бірінде Жапарберді 14 жасында Көтеннің жылқысын бағып жүреді. Кенет он шақты түрікмен құлкеш Қайып батырдың жылқысына тап береді. Сексен үш жастағы Қайып қарсыласа жүріп, үш түрікменді өлтіріп, өзі де мерт болады. Осы кез­де Жапарберді оқ жететін жерден жетеуін атып, біреуін найзамен түйреп түсіреді. Сөйтіп мыңдаған жылқыны кері қайтарады. Осындай қақтығыстар ол кез­де жиі болып тұрған.
Бірде Мөңкенің Матайы Жапарберді батырдың үйіне киіз басу үшін ши сұрап келіпті. Сол уақыт­та сексен жас шамасындағы Жапарберді үй сыртында отырған көрінеді. Ол: «Ши сұрағандай бұлыңды көрсет!», – дейді. Сонда Матай:
Ер баба, жас күніңде атқа міндің,
Үстіңе тәуекелдің тонын кидің.
Қараойда Қайып Құлкеш
шабылғанда,
Қара атпен жалғыз жетіп,
шет­тен тидің.
Қара атпен шет­тен тидің
жалғыз жетіп,
Сол күнде қатарыңнан кет­тің өтіп.
Түрікменнің көзге шанышқан
көкжалдарын,
Бөрідей бөрліктірдің дөңгелетіп… –
деп, төгіп қоя берген ғой. Сонда Жапарберді: «Матайым болайын деп тұр екен, керегің болса ала ғой», – депті.
1841 жылы қат­ты қыс болып, Жапарберді түгел жылқысынан айырылып, құрық ұстап қалады. Алайда ке­йін екі жылда үш мыңға жуық жылқы жинап алған. Бірде осы жылқыға жау шауып, батыр дереу ат­танып, біреуін шалқасынан түсіреді. «Өлтір» дегенде өлтірмей кетеді. Сөйтсе ол жемнің адайлары екен. Ке­йін кешірім сұрап келіпті. Тани кеткен батыр: «Сол бала сен емессің бе? Сендерге жерді мен алып беріп едім. Енді өзімді шапқандарың не?» – депті дейді ел ішіндегі әңгімеде.
Жапарберді Сүйінқараның баласы Көтібар, Исатайдың баласы Жақыптармен бірге Ресеймен арадағы қақтығыстарға да қатысқан деседі.
Батырдың қартайған шағында күздің бір күні ағайындары қару-жарағын сұрай келіпті. Сонда ашуланған ол қанжарын санына тығып, қанымен ұсынған ғой. Оны көрген туыстары батырдың қаһарынан қорқып, дереу шығып кетеді. Сол жарасы суық кезек алып, 1917 жылы 101 жасында дүниеден өтіпті. Ауру қысқанда «одан да ұрыста өлгенім артық еді ғой» деп қиналған екен.
Жалпы Жапарбердінің үш әйелінен 13 бала дүниеге келіп, ке­йін олардан көптеген ұрпақ тараған.
Туғаннан өлгенше жаумен арпалысып, Үстірт сынды алып даланы алып қалған, жастайынан жұрт қамын жеген Жапарбердідей батырларға бір-бір ескерткіш соқса да артық етпейтіндей. Олардың есімін бүгінгі ұрпақ біле ме екен?

Жанай Амантурлин

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір