Жанқожа батыр баяны
Сыр бойының ортаймаған қазаны, қазыналы Қазалы өңірінде өткен қазан айының 19-20-да ХХ ғасырдың алғашқы жартысында патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы тұрған ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы, халық батыры, би Жанқожа Нұрмұхаммедұлының (1774–1860) туғанына 250 жыл толуы тағылымды да дүбірлі жағдайда аталып өтті.
Аталған игі шараның рухани құндылығын арттырған тарту-таралғының сүбелісі, аудан әкімі М.Шермағанбеттің қаржылай қолдауымен қарымды қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, сол топырақтың тумасы Молдахмет Қаназдың құрастыруымен, толықтырылып екінші рет басылған, таралымы 1000 дана, зерттеулер мен мақалалардан тұратын «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы 250» (А. «Атамұра» баспасы, 2024) атты ғылыми-танымдық кітап еді. Жинаққа патшалы Ресей дәуірінен бастап (1865–1912) Кеңес кезеңін қамтыған (1940–1990), Қазақстанның егемендігінен кейінгі және бүгінгі күнге дейінгі жарық көрген әрқилы зерттеу мақалалар, құнды құжаттар мен алуан түрлі пікірлер топтастырылған.
Әсіресе тарихшы ғалымдар мен зерделі оқырманды елең еткізер, құпия сақталған, сол тұстағы Қазақстан КП (б) Орталық комитетінің хатшысы М.Сужиковтің басшылығымен 1952 жылдың 20–17 қазанында Қазақ ССР ғылым академиясының тарих, археология мен этнография институтының қызметкерлері (тарихшылар: Т.Шойынбаев, Х.Айдарова, В.Шахматов, М.Ақынжанов т.б.) қатысуымен «Ж.Нұрмұхаммедовтің басшылығымен болған қозғалыстың сипатын анықтау туралы» мәселесін талқылаған, бірнеше күнге созылған дулы жиынның стенограммалық жазбасы тұңғыш рет толық күйінде беріліп отыр. Орталық комитеттің осы жиыны билеуші орган Кремльдің ықпалымен әзірленіп жатқан «Қазақ ССР тарихының» бірінші томын шығарар қарсаңында өтіп еді. Мақсат – ел қорғаны болған жаужүрек батырдың өз басын қаралау, ал Сыр бойындағы ұлт-азаттық қозғалысының рөлін төмендету болатын. Ақ жарылқап Тәуелсіздік таңы атқаннан соң барып тарихшы, саясаттанушы ғалымдар У.Шәлекенов, К.Есмағамбетов, Р.Темірғалиев, Б. Кәрібаев, Ә.Бәкір т.б. мен шежіреші Ө.Ахметов, жазушы М.Қаназ бен басқа да журналист қаламгерлердің қажырлы іс-қимылының арқасында халқының азаттығы жолында жанын пида еткен ер Жәкем тарихтан өзінің әділетті орнын тапты, елімен қайта қауышты. Осы келеңсіз жағдаяттың жай-жапсарын кітап авторы «Аярлық антологиясы» атты зерделеу мақаласында (кітаптың 553–574 беті), «Мәселенің мәні», «Ғайбат», «Жұрттың Ыбырайы – Ыбырай», «Жанқожа мен Англия», «Ойдан шығарылған одағай ойлар» атты жеке тарауларға бөліп талдайды әрі түсініктеме береді. Абзалы танымдық, тағлымдық мәні зор кітапты зерделеп оқып, ерлігі және әулиелігімен үш Алашқа мағлұм болған Жанқожа бабамыздың тау тұлғалы болмыс-бітімі мен ерен ерлігін баяндайтын баянмен тереңірек танысқан жөн. Қаламгер ағамызға қажымас қайрат, шығармашылық табыс тілейміз.
Қараша Қараман