Сан қырлы, тағдырлы ТҰЛҒА
21.01.2025
184
0

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ­стан жоғары мектебі Ұлт­тық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Намазалы Омашевтың шығармашы­лығы туралы.

1

Намазалы Омашев – Қазақ радиосының бастауын айқындап берген, Қазақ журналистикасының тарихын түгендеген, журналистиканы оқыту, үйрету ісіне жаңалық енгізген, ұлт­тық журналистика мамандарын даярлау ісін ұйымдастыруда заманауи көзқарас қалыптастырған, Қазақ­стандағы баспа саласына заман талабына сай жоғары білімді маман даярлау ісіне түрен салған, соңынан жүздеген шәкірт ерткен, ел тарихының айтылмай жүрген ақиқат­тарын айқындаған ұлт­тық рухы асқақ, мемлекетшілдік санасы биік ғалым, ұстаз, қайраткер.
Осы айқындамалармен ойымды аяқтай салуыма да болар еді. Бірақ бұл айтылғанның барлығын бүкіл алаш білген, сан мәрте айт­қан, талай қайталаған. Ендеше, мен айтатын не қалды? Басқаша айтсам, ел толық айта қоймаған оның қай қыры бар еді? Осы сұрақ мені көп ойландырды. Қай қырынан келерімді білмей жүргенімде, оның шығармашылығы бағыт сілтеді. Бұрын ол туралы арнайы жеке-дара сөз болмаған шындық бар екен.

2

Ауылдан келген ақ көйлек балаларға атақ-даңқы аспандап тұрған университет­те дәріс беретін профессорларды көрудің өзі үлкен мерей болса, солардан дәріс тыңдау – екеуінің біреуіне бұйырмаған бақыт. «Доктор», «профессор» дегендер қандай адам болады екен өзі (ол заманда «академик» деген атақты иеленгендерді тірідей көру мүмкін емес секілді еді) деген сұрақтың құшағында келген абитуриент­тің көз алдына өзгелерден ерек жаратылған, айрықша артық туған алып адам елестейтін. Олар, шындығында, қазақ баспасөзінің тарихын түгендеген ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Қайыржан Бекхожин; қазақ көсемсөзінің жанрларын анықтап берген ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Тауман Амандосов; қазақ сатирасының назариасы (теориясы) мен амалиатын (практикасын) айқындаған ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Темірбек Қожакеев; тележурналистиканың қыры мен сырын танытқан ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Марат Барманқұловтар сондай тұлғалар болып шықты.
Ал енді, осылардың соңынан ілесе шыққан тағы бір ұстазға мен алғаш көргенде сүйсіне де, қызыға да назар аударғанмын. Тығыршықтай жұп-жұмыр денесіне киген киімі шап-шақ, мұнтаздай тап-таза, кіршіксіз аппақ көйлегінің теп-тегіс жағасына галстугі үйлескен, ашаң жүзін айқындай түскен маңдайы жарқыраған, жалт қарағанда жанарының ұшқын шашқан от­ты сәулесі өңменіңнен өтіп кетердей айбынды ұстазды көрген жан қасына бірден жолай қоймайтын. Әйтсе де кез келген адамды өзіне үйіріп алардай сүйкімді, отызында орда бұзардай жігіт ағасы тәкәппар, сырбаз-ақ. Күлмейтін, тіпті жымия қоймайтын сияқты. Мынадай сесті адамның қаһарына қалмауды ойлап жүргенімізде, бізге сабақ беретін болып шыққанын айтсаңызшы. Дәріс барысында мен көрген болмысынан айнымайды. Өзі қандай тап-тұйнақтай болса, сөзі де сондай жинақы. «Қай жерінен осал тұс табам» деу – бекер. Мығым да, мықты.
Қазақ радиосы ғана емес, шетел радиожурналистикасының тарихынан да осы ұстаз дәрістерінде сауатымызды аштық. Жапонияның «Нихон Хосо Кёкай» – «Эн-эйч-кей», Ұлыбританияның «Бритиш бродкастинг корпорейшн» – «Би-би-си», Американың «Нэшнл бродкастинг компани» – «Эн-би-си», Францияның «Радио Франс», Германия­ның «ZDF» деген радио компаниялары мен корпорацияларын, азуын айға білеген Американың «Ассошиэйтед Пресс», «Юнайтед Пресс Интернейшнл» – кейбірінде үш бірдей дауыссыз дыбыстың қатар аталуына құлағымыз да, тіліміз де үйренісе алмай қиналған ақпарат агент­тіктерінің атауын алғаш осы ұлтжанды ұстазымыздың аузынан естідік.
Университет бітіріп кеткенімізге он үш жыл өткенде, сол ұстаз мені журфакқа сабақ беруге шақырды. «Кандидат­тығыңды қорғадың, аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда, баспаларда корректор да, журналист те, редактор да болдың. Тәжірибең бар. Енді соларды студент­терге үйрет», – деді. Келдім.
Алғаш көргендегі әсерім санама сіңіп қалғаны сондай, күлген, жымиған Омашевты бірінші күндері қабылдай алмай жүрдім.
Деканатқа кіре қалып едім: «Ана Ботакөзді шақырып жіберші», – деді. «Жарайды», – деп шықтым да, Ботакөз есімді қызметкерді ізде­йін. Кафедралардың бәрін адақтап шықтым. Ондай есімді қызметкер жоқ екен. «Ботакөз» деген әйел де, қыз да деканат­та да, кафедраларда да қызмет істемейді екен», – дедім.
Маған аңтарыла қараған Омашев ішек-сілесі қата күлсін келіп. Өзін-өзі тоқтата алмай селкілдесін. «Мені мазақтап тұр ма?» деп ыңғайсыздансам да, сыр білдірмей күлген болдым. Сөйтсем, ол кісінің «ботакөз» дегені, екі көзінің бар-жоғы білінбейтін қысық көз жігіт екен. Ол жігіт орынбасары екен. Ал келіп өзімнен-өзім күле­йін.
Сырт көзге күлмесхан болып көрінген Омашев күлкіні қару еткен күштінің өзі екен! Сын-сықаққа бейім екенін біліп, біреуді кекетіп, енді біреуді мысқылдап, тағы біреуге әзілдеп айт­қан сөзінің астарынан мән-мағына іздейтін болдым. Тапсам, еріксіз езу тартам.

3

Жә, сонымен сол миығынан мысқыл, езуінен күлкі, жанарынан әзіл шуағы шашыраған ұстаздың әдеби-заман сөздік шығармашылығында да, ғылыми ізденістерінде де қазақ сатирасы үлкен бір бағыт. Ол туралы ғылымда арнайы жеке-дара айтылмай жүргені болмаса, бізге де­йін кейіпкеріміздің бұл саладағы еңбегі туралы пікірлерді ақын Жүрсін Ерман, ф.ғ.д., проф. Серік Негимов, ф.ғ.д., проф. Рахымжан Тұрысбек, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Жақып, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Омарұлы, ф.ғ.к., проф. Қайрат Сақ айтыпты.
Кейіпкеріміздің тұлғасын (портретін) сөзбен сомдау барысында жол-жөнекей айтылған ол пікірлерге көз жеткізу үшін 26 жасар Нәкеңнің мына фельетонына назар аударалық. Бұйрық раймен айтылған тақырыптағы «Жеген ауыз жесін» деген екпіні қат­ты үш сөз бізге нені аңғартады? «Жеген ауыз» деген тіркес «жеп үйренген» немесе «бұған де­йін жеуге әбден машықтанған» деген ұғымды беріп тұр. Айтайын дегені – қызмет­те отырғандардың жемқорлығы. Автор қоғамдағы сол мерезді сылып тастауды көздейді. Ендеше, ол неге «жеген ауыз бұдан былай жемесін» демейді? Ондай ойды айт­қысы келсе, тақырыпты «Жеген ауыз жемесін!» деп те қояр еді. Бірақ өйтпеген. Олай деп берсе, тақырып тартымды болмай, құрғақ ұран күйінше қалып, әрі қарай негізгі мәтінді оқымай-ақ қоюға да болар еді. Өйткені негізгі айтылар ой айтылып қойды. Ал мына нұсқада қоғамдық ізгі санаға ерегескендей «жесін» дегеніне оқырман бірден елең ете қалады. Іле-шала неге жемқорлар жеген үстіне жей беруі керек? Оларға неге тыйым салынбайды? Тыйым салудың орнына мына автордың оларға «жесін» деп бұйырғаны қалай деп таңдана отырып мәтінді оқуға кіріседі. Сөйтсе, автор жегіштерді мақтамен бауыздап отыр екен. Өздерін бір ортаға жиып қойып, бірін-біріне мақтатып, бірін- біріне қоштатып, істеген қылықтары мен былықтарын бірінен соң біріне айт­қызып, өздерін өздеріне әшкерелеткен. Олар кімдер десеңіз, Шевченко қаласындағы «Закаспийтрансгаз» деп аталатын бірлестіктің бастығы Стефановский, орынбасары Донцов, бас бухгалтер Мамонтов, бастықтың айнымас досы Ландышко. Ат­тары аталған «жеген ауыздардың», анығын айт­қанда, жемқорлардың озат­тарға сыйақы ретінде мемлекет тарапынан бөлінген 1630 сом (ол кез­де бұл көп ақша!) қаржыны тағы да жемекке өтірік құжат толтырып, өзара бөлісіп жатқан жерінде қанын шығармай іреп салады.

4

Радиожурналистикаға тыңнан қосылған жас сатириктің осындай фельетондарынан байқалатын негізгі ерекшеліктерді екшеп өтсек те, сатирадағы шығармашылығының шырайын анық көреміз. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлардан тайсалмай, аты-жөнін, қызметін бадырайта атап отырып сын садағына ілгені, сөйтіп бүкіл бұқара алдында абыройын айрандай төгіп тастауы – шынымен де, батылдық. Қызмет басында отырған шенеуніктердің мемлекет мүлкін, қаржысын талан-таражға салып жатқанын «бетің бар, жүзің бар» демей, айқара айтып салатыны – ерлікпен пара-пар. Өйткені әр деректің артында адам тұр. Адамның тағдыры тұр. Кез келген жемқор, парақор, ұры өліспей беріспейді. Оның да өз қаруы бар. Ол қаруды көрсетіп те, жасырын да қолдануы мүмкін. Сол мүмкін нәрселерден қорықпай ашық майданға шығуы – фельетоншының батылдығы. Фельетон жанры, ең алдымен, автордан осы мінезді талап етеді.
Қазақ радиосында қызмет етіп жүрген фельетонист Намазалы Омашев қоғамның ахуалын журналистік һәм сатириктік дүрбісімен барлайды да, көздеген тақырыбын сұрмергенше қалт жібермей атқанда, оғы мүлт кетпейді. Рас, ол кез­де Халықтық бақылау комитеті өздері тексерген мекемелердің мәлімет­терін әр кез ұсынып отырады. Бірақ ол мағлұмат­тардың бәрі фельетон тақырыбына дәл келіп жатпайды. Солардың ішінен айтар ойға, көтерер мәселеге негіз бола алатындарын ғана іріктеп фельетонға айналдырады. Кейде берілген мәлімет­терге жан бітіру мақсатында сол мекемені өз көзімен көріп қайтады да шымырлата жазады. Оның таңдаған тақырыптары қоғамдағы көзге көрінбейтін, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, парақорлық, ұрлық әрекет­тер жайлаған үлкенді-кішілі мекемелер туралы. Тақырып таңдау да, оған ат қоя білу де оның шеберлігі еді.
Автордың сол тақырыптар аясында айтпақ болған негізгі идеясы айқын. Ол қоғамдағы келеңсіздіктерді жұрт­тың көзінше әшкерелеп, болашақта болдырмау. Қоғамды немкет­тілік, жалқаулық, жайбасарлық, мемлекет мүлкіне қол сұғу, үкімет бөлген қаржыны қарабастың қамына жұмсаған жемқорлық, жең ұшынан жалғасқан парақорлық сияқты заңға қайшы істерден арылту. Намазалы Омашев фельетондарында соңғы идеялар жиі көтерілген. Қоғамда астыртын жасалып жатқан Ата заңға қайшы осындай әрекет­терді әшкерелеуде ол «ірі», «орташа», «кішігірім» деп талғап жатпайды. Автордың кей нысаны шет ауылдағы кішкентай мекеме болғанымен, ол мекемелердің желкесінен қарап ауылдың, ауданның, облыстың, одан әрі республиканың басшылары отырғанын айғайламай астыртын жеткізеді. Бір ғана аудан немесе облыс көлемімен шектеліп қалмай, бүкіл Республиканың барлық аймағын қамтиды. Сол арқылы Республика аумағында жемқорлық жайлап бара жатқанын биік биліктегілердің назарына салады, қолға алмаса, бұл дерт­тің дендеп бара жатқанын ескертеді. Автор көреген екен. Сол замандарда-ақ басталған жемқорлық өрши келе бүгінгі тәуелсіз Қазақ­станның басына үйірілген қара бұлтқа айналғаны шындық. Намазалы Омашев ұстаздың фельетондарында айтылған идеялардың өміршеңдігі де осында.
Әсте жазған фельетоныңның тілі уыт­ты болмаса, сөзің жете қоймайды, ойың озық болса да өтуі қиын. «Шын фельетон тастан ойғандай жұмыр, қорғасындай зілді, әсерлі тілді, сын-сықаққа бай, күлкілі жайлары бар көркем шығарма болуы тиіс», – деген сатиратанушы ұстазы Темірбек Қожекеевтің айқындамасына толық жауап беретін туындыларымен танылған Намазалы Омашев – тілінің тотияйыны бар фельетонист. Тотияйын тиген жерін күйдіріп кетеді. Әрі онымен ауруды емдейді.
Сол қасиетімен мәшһүр болған фельетондарында қазақ тілінің бейнелеуіш-көркемдеуіш құралдарын ұтымды пайдаланатын автор, әлбет­те, әдебиет назариасында бар теңеу, ауыстыру, пернелеу, әсірелеу, шендестірулер секілді бейнелеуіш құралдар «тілімде болсыншы» деп ойланып жатпайды. Ол оқиғаның желісіне, кейіпкердің іс-әрекетіне, айтатын ойдың ауанына қарай жасынан санасына сіңген тіл байлығын емін-еркін табиғи түрде қолданады. Әр фельетонынан қазақтың тілінде бар фразеологизмдерді, мақалдар мен мәтелдерді де орайы келгенде осып өту үшін ұтымды қолданғанын көреміз. Фельетондарының тілінің өткір де, өтімді болуының тағы бір сыры олардың оқылуға да, сөйлеу машығына да икемделгенінде. Әсіресе айтуға лайықталғанында. Айтушының айтымына (дикциясына) ыңғайлылығында.
Фельетондар тартымды, жеңіл оқылады. Оқиғаны алыстан іздемейді, кейіпкерлердің өз ортасынан табады. Бірде екі кейіпкер бірімен-бірі сырласады, сөз жарыстырады. Оқырман өзін солардың қасында тұрғандай сезініп, әлгілердің екеуара әңгімесінен талай өрескелдікті естиді. Диалог – шымыр, бір сөйлемнен ке­йін келесі сөйлем шиыршық атып, шындыққа қарай жетектеп ала жөнеледі. Кейіпкерлердің аузынан шыққан әрбір сөздің астарындағы ой желісі келесі ойды сұрап, еліктіріп отырады. Кезекпе-кезек тілдесім барысында оқырман сөйлесіп отырған екеумен бірге қоғамдағы былық пен шылықтың ортасына қалай еніп кеткенін білмей қалады. Бірақ диа­лог ұзаққа созылмайды. Кейіпкерлер бірінің ойын бірі толықтыра, айтылуға тиіс ащы шындықты шиырып келіп, шыңға шығарып барып бір-ақ дамыл табады. Ары қарай айтылған ақиқат­тың астарындағы қоғамдық-әлеумет­тік мәселеге оқырманың өзі ой жүгіртіп кетеді. Кей фельетондарында автор мәтінді монолог түрінде ұсынса, кей туындысында оқиғаны бірнеше кейіпкерді қатыстыра отырып өрбітеді.
Әсілі, фельетондарының оқиғасы қысқа қайырылып отырады. Қысқа оқиғаны оқыған оқырман ұзақ ойланып, «неге бұлай?» деген сұраққа жауап іздейді. Кезінде дарынды жас Намзалы Омашев фельетондары да қоғамдық санаға осылай сан мәрте қозғау салғаны – айтылмай жүрген шындық.
Иә, тілі өткір, оқиғасы шымыр фельетондарының тағы бір сипаты – оқиғасы мен құрылымының бір-бірімен жымдасып, үйлесіп жататынында. Мысалы, «Ет жегің келсе, есептеспе» деген бар-жоғы қырық-ақ жол фельетонның басталуы, шарықтауы, түйінделуі бірімен-бірі жымдаса-үйлесе келіп, оймақтай оқиғамен орасан ой жүктейді қоғамдық санаға. Жалпы, өзге де фелье­тондарының құрылымы – осындай шып-шымыр, жұп-жұмыр. Олардың артықшылығы да осында.
Сықасқан цифрлар мен мәлімет­терге жан бітіру көркемдік тәсілдерді қолдануды талап етеді. Бұл кез­де жазушыға қиял еркіндігі қаншалық керек болса, замансөзгерге (публицистке) де соншалықты қажет. Фельетоншы Намазалы Омашев осы әдістерді еркін игерген. Егер ол осы жолмен жүре бергенде, қазақ сатирасы саңлақтарының бірі болары сөзсіз еді.

5

Бірақ ол сатираның басқа жолын таңдапты. Ұстазымыздың бұған де­йін ғылымда арнайы сөз болмай келе жатқан тағы бір шындығы радиодағы фельетон жанрын зерт­теуі еді. Радиодағы фельетондардың табиғатын танудың қиындығын жолсызға жалғыз шыққан жолаушыдай болған зерт­теуші ғана бастан кешірген.
Фельетондарды оқылатын (газет-журналда,) көрілетін (театрда, телевидениеде) және тыңдалатын (радиода) деп бөлетін болсақ, осылардың ішіндегі ең қиыны соңғысы екен. Өйткені эфирден тыңдалатын фельетонға жалаң мәтін аздық етеді, диктордың сыдырта оқып шыққаны олқы соғады. Айтылмақ ойды жеткізуге сөз жүйесінің ұтымдылығы керек екен. Ол жөнінде ғалым «газет-журнал фельетондары оқуға арналған, әлдебір жерін түсінбей қалған оқушының қайталап қарауға мүмкіндігі бар. Ал радио тыңдаушыда ондай мүмкіндік жоқ. «Айтылған сөз – атылған оқ» дегендей, оны қайыра тыңдау мүмкін емес. Демек, радио­фельетондағы сөз жүйесі де есте қалып қоятындай ұғынықты болуы шарт», – дейді («Толқындағы тотияйын». А., 144-бет.) Мұны ол өзінің радиофельетонистік кәсіби машығына сүйеніп айтып отыр. Шындығында, айтушы сөздің орнын ауыстырып алса да, бір сөзді айтпай кетсе де, тыныс белгілеріне қарап үнтыным (пауза) жасамаса да, айту барысындағы үнекпін (интонация), үнырғақ (ритм) ерекшеліктерін дұрыс ескермесе де «мазмұнның логикалық құрылысы бұзылады» екен. Айтушының үнреңі (тембр) де әжептәуір қызмет етеді. Тілдік-стильдік артықшылықтарын әсерлі етіп жеткізу үшін айтаманға актерлік шеберлік те керек. Бірақ айтаманның бәрінде актерлік машық бола бермейді. Сондықтан актерлер арнайы шақырылады. Радиофельетонның монолог, диалог, скетч, интермедиа түрлерін эфирге шығарғанда актерлер оқиға желісін толық игеруі, айтылмақ болған түпкі идеяны түсінуі, кейіпкерлердің образын меңгеруі қажет болады. Актерге оқылатын ғана емес, айтылатын әрі тыңдалатын мәтін ұсынылғаны тиімді де өтімді. Тыңдалатын мәтінге қосымша фельетонның акустикалық-бейнелеуші құралдары да маңызды рөл атқарады. Музыка, су сылдыры, желдің гуілі, құстың сайрағаны, ит­тің ұлығаны, мәшиненің гүрілі, адамдар дабыры, көшенің шуы, т.б. секілді қосымша табиғи дыбыстар да оқиғаны тыңдаушыға шынайы етіп жеткізуге көмектеседі.
Осындай ғылыми ойларды ортаға салған ғалым фельетонды деректілік сипатына қарай «нақты фельетон» және «шарт­ты фельетон» деп бөледі. Алдыңғысының өзегіне өмірде бар кейіпкер, шын фактілер алынады. Ал екіншісінде кейіпкерлер де, деректер де ойдан алынады. Бірақ айтайын деген идея фельетонның жүгін көтеретін қоғамдық-әлеумет­тік маңызды мәселелерге арналады.
Әдет­те, қаржылық-экономикалық, заңдық-құқықтық, рухани-әлеумет­тік мәні және саяси астары бар салмақты тақырыптарға құрылған радиофельетондардың айтары уыт­ты, пәрмені қуат­ты. Салдары да ауыр. Сондықтан да бұл жанрға екінің бірі бара бермейді. Тіпті зерт­теудің өзі үлкен нартәуекелді қажет етеді. Біздің кейіпкеріміз ондай радиофельетонды жазып қана қоймады, эфирге шығарумен де тоқтап қалған жоқ, ол ғылыми таным таразысына салып зерт­теуге де бел буды. Зерт­теу нысанына алынған тақырыптың тосындығынан және коммунистік әрі әкімшілдік-әміршілдік сана құрсауындағы көзқарасқа шетіндігінен сол кез­дегі қазақ­стандық ғалымдардың батылы бармаған, оның үстіне журналистикатану ғылымынан диссертациялық кеңес болмаған. Сондықтан зерт­теуші Кеңестер Одағының астанасы – Мәскеу­ге барып, журналистика ғылымы мен білімінің бірнеше ғасырлық тарихы бар ордасы, әйгілі МГУ-де есімі одақ ауқымына әйгілі ғалымдардың алдын көрді. Сондағы алыптардан танымдық-тағылымдық кеңес алды да, 1984 жылы сол М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекет­тік университетінде радиодағы фельетон жанры туралы кандидат­тық диссертациясын жоғары деңгейде қорғады.
Әлемнің әйгілі ғұламасы Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Амалиат кемеліне жеткенде, назариа дүниеге келеді», – деп айт­қаны бар. Еуропалық терминдермен айтсақ, «практика кемеліне жеткенде, теория дүниеге келеді», ал қазақшаға жақындатсақ, «амалдар кемеліне келгенде, назарымызға тұжырымдар ілігеді» екен. Осы қағиданы дәлелдегендей ұстазы Намазалы Омашевтың радиожурналистиканы тану ғылымына келуінің табиғи жолын журналист, жазушы Шархан Қазығұл: «…оның ке­йіннен радиофельетон жанрын теориялық тұрғыдан терең талдап, ғылыми айналымға алғаш рет қосқанына да іс-тәжірибесі түрткі болғаны шындық», – деп дәл көрсетеді.
Шындығында, көзбен көріп, қолмен ұстап барып білгеннен туған тұжырымнан кемел шындық жоқ. Зерт­теуші Намазалы Омашевтың радиоочерк, радиосурет­теме, радиоәңгіме, радиокомпозиция жанрларымен салыстыра келіп айт­қан радиофельетон туралы тұжырымдары да сондай кемел шындықтан туған. Оған де­йін қазақ радиофельетоны зерт­телмеген болатын және ондай термин ұлтымыздың ғылыми тілдік қорында жоқ та еді. Ол мұны алғаш рет қазақ журналистикатану ғылымына енгізді. Сөйтіп, ғылымда «қазақ радиофельетоны» деген ұғым қалыптасып, радиожурналистикадағы өзінше бөлек жанр ретінде арнайы зерт­теу саласына айналды. Ол саланың бастауында, әлбет­те, өзі тұр. Сондықтан да жасампаз тұлғаның ғылым тыңына түрен салған бұл еңбегі әлі талай зерт­теулерге арқау болары сөзсіз.

6

Өткен айдың бір сәтінде Намазалы Омашев ұстазым телефон соғып тастаяқ ойнауға шақырды.
– Ойбай-оу, мен тастаяққа бармағалы қашан!..
– Ендеше, машығыңды жетілдіресің.
Сөз біт­ті. Мені ғана емес, соңынан ерген басқа шәкірт­терін де шақырыпты. Алдын ала ақылдасып, айт­қан күні белгіленген уақытынан бұрынырақ тастаяқ клубына бет алдық. Өзімізше «сәл ертерек барып, ұстазымызды қарсы алайық» дегенбіз. Кіріп барсақ, бүкіл залдың қожайыны өзі ғана секілді төрдегі тағында патшадай болып, тіп-тік ұстазымыз отыр.
– Ассалаумағалейкум! Сізді біз қарсы аламыз ба десек, бізден бұрын өзіңіз келіп алыпсыз ғой, – деп жатырмыз «ұялған тек тұрмастың» сиқын көрсетіп.
– Сендерді шақырған мен ғой. Өзім шақырып алып, өзім кешігіп келсем, ұят емес пе?! – деді де, қолымызға «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген кітабын ұстат­ты.
Өмірі өнегелі тұлғаның үлгі алар әдебіне тағы да үнсіз бас идік.
Таяқтар тарсылдай жөнелді. Шарлар үстел бетінде шыркөбелек айналады. Артық еті жоқ жараған тұлпардай шымыр денесімен ширақ қимылдаған ұстазымыз таяғын созып алдындағы шардың бүйіріне тақап барып, зырқ еткізіп ұрғанда шар зеңбіректен атылған допша заулап барып, кең үстелдің екінші жиегіндегі шұңқырға сүңгіді де кет­ті.
– Шіркін, 75! – деп тамсандық.
– Жасай бер, жасампаз ұстаз! – дедік бәріміз.

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
М. О. Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының

жетекші ғылыми қызметкері,
филология ғылымының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір