БІЛІМ САПАСЫ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА
24.11.2025
113
0

Жуырда қала әкімінің өкімімен Шымкент қалалық  Білім басқармасының басшысы лауазымына Қуаныш Ғалымжанұлы Ысқақов тағайындалды. Басқарма басшысының қатысуымен көптеген жобалар қолға алынып, шаһардағы білім жүйесінде тың жоспарлар жүзеге асуда.

 

Шымкенттегі №140 жалпы орта білім беретін мектепте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған негізгі бағыттарды түсіндіру және оны білім беру саласында кеңінен насихаттау мақсатында жиын өтті. Іс-шараға Шымкент қалалық Білім басқармасына қарасты білім беру ұйымдарынан 100-ге жуық педагог қатысты. Басқосуда ұстаздар Президент Жолдауында айқындалған білім сапасын арттыру, мұғалімдердің кәсіби дамуын жетілдіру, оқушының тұлғалық қабілетін жан-жақты қалыптастыру мәселелерін талқылады.
«Педагог – ұлттың болашағын қалыптастыратын тұлға. Біз жаңашылдыққа бейімделіп, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи біліммен қаруланған саналы ұрпақ тәрбиелеуге күш салуымыз қажет. Бұл басқосу – бір күндік шара емес, алдағы жұмыстарға серпін беретін жаңа қадам», – деді Шымкент қалалық Білім басқармасы Әдістемелік орталығының әдіскері Жарқынай Арысбаева.
Жиында «Мектеп инфрақұрылымын дамыту – сапалы білімнің кепілі» тақырыбы кеңінен талқыланып, педагогтер тәжірибе алмасып, өзекті мәселелер бойынша пікір білдірді. Қорқыт ата атындағы №22 жалпы орта білім беретін мектептің жас маманы Жалғасбек Тәліпбай семинардың маңыздылығын атап өтті: «Бұл жиында біз ІТ саласындағы цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, мектепті басқарудың жаңа үлгілері жөнінде мол ақпарат алдық. Осындай іс-шаралар мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеріп, жаңа идеяларға жол ашады», – дейді ол.
Осындай шаралар ұстаздардың біліктілігін арттырып қана қоймай, білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне ықпал етпек. Алдағы уақытта Шымкент қалалық Білім басқармасы тарапынан педагогтерді кәсіби қолдау мақсатында «Кәсіби диалог», «Зерттеуші мектеп», «Педагогикалық дуэт», «Менторлық мектеп» атты жобалар аясында жоспарлы іс-шаралар жалғасын табатын болады.
Сонымен қатар Абай аудандық әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Шымкент қаласында отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «Әкеге хат» жобасы сәтті жүзеге асырылды.
Жобаның басты мақсаты – әке мен бала арасындағы сүйіспеншілік пен сенімді нығайту, әкеге деген құрмет пен ізетті арттыру. Сонымен қатар бұл бастама балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, өз сезімдері мен ойларын еркін әрі әсерлі жеткізуге мүмкіндік берді.
Байқауға ауданның 8 – 11 сынып оқушылары арасынан 108 жас қатысып, өз әкелеріне арналған жүрекжарды хаттарын шығармашылық тұрғыда ұсынды. Олардың әр туындысы әкенің отбасындағы рөлін, еңбегі мен қамқорлығын бағалауға, алғыс пен ризашылық сезімін оятуға арналды.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды: бас жүлде – ноутбук пен 100 000 теңге, І орын – планшет, ІІ орын – ұялы телефон, ІІІ орын – телевизор. Сонымен қатар белсенді қатысқан 10 оқушыға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Аталған шараға «Ізгілікте жары­сайық» қоғамдық қайырымдылық қоры қолдау көрсетті. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта осы авторлық жобаның «Анаға хат» нұсқасын ауқымды формат­та жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Бұл жоба ұлт болашағы саналатын жастардың бойына отбасылық құндылықтарды сіңіріп, ізгілік пен құрмет рухын қалыптастыруға бағытталған тағылымды бастама болды.
Жұмысшы мамандықтар жылы жоспарына сәйкес Шымкент қаласындағы Индустриалды-техникалық колледж студенттері үшін «Дублёр күні» іс-шарасы ұйымдастырылғаны да білім саласындағы басты жұмыстардың бірі. Іс-шара «Asia Trafo» ЖШС өндірістік базасында өтті. Студенттерді нақты өндірістік орта, заманауи технологиялық процесс және кәсіпорынның жұмыс мәдениетімен таныстыруды мақсат тұтқан жиынға 3W07140101 – Бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматикаға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі слесарь мамандығының студенттері (өндірістік оқыту шебері Лачилова Оксана Витальевна) мен 3W07150301 – Токарь мамандығының студенттері (өндірістік оқыту шебері Шарипбаев Валихан Толқынұлы) қатысты. Басқосуды ұйымдастыруға жауапты колледж директорының кәсіптік оқыту жөніндегі орынбасары Абдуллаев Нурболат Асылбекұлы.
Asia Trafo – Орталық Азиядағы ең ірі күштік трансформаторлар шығаратын зауыт. Кәсіпорын заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, халықаралық стандарттарға сай өнім өндіреді. Компания оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, болашақ жұмысшы мамандарды даярлауға белсенді атсалысуда.


Бұған дейінгі ақпараттар легіне де көз жүгіртсек, Шымкент қалалық Білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Қуаныш Ысқақов қаладағы «Келешек мектептері» ұлт­тық жобасы аясында салынған 12 жаңа білім ордасының директорларымен кез­дескен болатын. Басқосуда оқушылардың білім сапасын көтеру, ыстық тамақпен және оқулықтармен қамту, сондай-ақ қосымша білім беру ісін дамыту бағыттары сөз болды. Қуаныш Ысқақов саланың өзекті мәселелерін тыңдап, мектеп басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Мемлекет басшысының білім беру жүйесіне жаңа технологиялық шешімдер мен жасанды интеллектті енгізу туралы тапсырмасына сәйкес, «Келешек мектептері» жобасы аясындағы мектептерде «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің мазмұнына жасанды интеллект тақырыптарын енгізу жұмыстары басталған болатын. 
Қазіргі уақытта жасанды интеллект элементтері бар цифрлық шешімдерді білім беру процесіне тәжірибелік тұрғыда енгізу сынақтан өткізілуде. Сабақтар оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастырылады: бастауыш сыныптарда түсіндіру ойын және көрнекілік әдістері арқылы жүргізілсе, жоғары сыныптарда оқушылар чат-боттар құру, деректерді талдау және этикалық жағдайларды шешу сияқты жобалық тапсырмаларды орындайды. Мұндай тәсіл сыни ойлауды, цифрлық сауаттылықты және технологияларға саналы көзқарасты дамытуға бағытталған.
Аталған шешімдер еліміздің бірнеше мектебінде  пилоттық негізде қолданысқа енгізілуде. Бүгінде жасанды интеллектпен жұмыс істеуге арналған заманауи цифрлық құралдар мен әдістер сынақтан өтіп жатыр. Білім беру ортасына кезең-кезеңімен Roqed AI, Aqyl, Google Workspace for Education және жасанды интеллект негізіндегі Kahoot сияқты шешімдер енгізілуде. Бұл құралдар оқушылар мен мұғалімдер үшін сенімді көмекшіге айналуда. Олардың қолданылуы білім беруді көрнекі, интерактивті және әр оқушының жеке қажеттіліктеріне бейімделген сипатта болуына мүмкіндік береді. Жасанды интеллект элементтері бар технологиялар цифрлық дағдыларды дамытуға, мұғалімдерді оқыту үдерісін ұйымдастыруда қолдауға және оқушылардың заманауи білім беру тәсілдеріне деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ  Қуаныш Ысқақов жуырда  қала тұрғындарын қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Қоғамдық қабылдау барысында білім саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Кездесуде қамқоршылық және қорғаншылық саласындағы түйткілдерге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар «Балдырған» журналының Алматы қаласындағы өкілі Шымкент мектептерінде балаларға арналған басылымды насихаттау жөнінде өз ұсынысын жеткізді. Ал №39 мектептің директоры білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін көтеріп, тиісті ұсыныс білдірді. Қуаныш Ысқақов барлық айтылған өтініштер мен ұсыныстарды назарға алып, әр мәселе бойынша тиісті құрылымдық бөлімшелерге нақты тапсырмалар берілетінін атап өтті.

Шымкент қалалық
білім басқармасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір