Білім додасында топ жарғандар
03.08.2026
36
0

Шымкент қаласында кәсіби шеберліктен өңірлік чемпионат – WorldSkills Shymkent–2026 қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Бірнеше күнге созылған тартысты додада жас мамандар өз білімін ғана емес, нақты тәжірибелік дағдыларын да сынға салды.

Биылғы чемпионат техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері арасында 45 құзыреттілік бойынша өтті. Ауқымды байқауға 258 қатысушы қатысты.
Чемпионаттың басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, кәсіби әлеуеті жоғары жастарды анықтау және қолдау. Сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлаудың маңызын насихаттауға басымдық берілді. Байқау нәтижесі халықаралық талаптарға сай CIS бағалау жүйесі арқылы шығарылды. Қорытындысында 47 қатысушы алтын жүлдені иеленсе, 61 үміткер – күміс, ал 51 қатысушы қола медальға қол жеткізді. Жеңімпаздарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Бүгінде WorldSkills Shymkent чемпионаты жас мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды жобаға айналды. Сондықтан жыл сайын бұл додаға қатысуға ниетті жастардың қатары көбейіп келеді.
Сондай-ақ білімді және белсенді жастарды анықтауға бағытталған «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық конкурсының өңірлік кезеңі мәресіне жетті. Байқау қорытындысы бойынша Шымкент қаласының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 10 студенті республикалық кезеңге жолдама алды.
Бұл конкурс – тек оқу үлгерімін ғана емес, студенттердің қоғамдық белсенділігін, шығармашылық қабілетін, кәсіби шеберлігі мен көшбасшылық қасиеттерін бағалайтын маңызды жоба. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің имиджін нығайтуға, жастардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға, олардың кәсіби өсуіне нақты мүмкіндік жасауға бағытталған конкурста білім мен еңбекті, жаңашылдық пен жауапкершілікті ұштастыра білген үздік жеңімпаздар анықталды.
Жүзден жүйрік шыққан Шымкент қаласының Жол-көлік колледжі студенті – Дмитрий Отинов Дмитрий, Индустриалды-техникалық колледж студенті – Қайратжан Талғатұлы, М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі студенттері – Іңкәр Алтай мен Захар Цокур, Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі студенттері – Аяна Нұрғалиқызы, Аделина Айдосқызы, Политехникалық колледж студенттері – Әмина Шәріп, Асан Бахтиярұлы, Парасат колледжі студенті – Санжар Ашимов, Шымкент аграрлық-техникалық колледжі студенті – Севинч Ділмуратқызы конкурстың келесі кезеңіне жолдама алды.
Ауқымды жобада білімімен, кәсіби шеберлігімен және қоғамдық белсенділігімен дараланған студенттерге республикалық кезеңде сәттілік тілейміз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір