ШЫМКЕНТТІҢ БІЛІМ ШАМШЫРАҒЫ
16.09.2025
262
0

Үшінші мегаполис Шымкент қаласындағы жаңа оқу жылы зор өрлеу үстінде басталды. Дәстүрлі тамыз конференциясына оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаевтың өзі келіп қатысуы ұстаздар қауымына зор серпін берді. Алқалы жиынға министрлік өкілдері, қала әкімдігі мен құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ардагер ұстаздар мен мектеп директорлары, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те осы қатарда отырды. «Білім көкжиегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен жиында көптеген көкейкесті мәселелер айтылды.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттың жаңа болмысы білімді, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары, ең бастысы адал азаматтар арқылы қалыптасады» деп атап айтқан болатын. Бүгінгі білім саласы алдында осындай жан-жақты, ұлттық және азаматтық құндылықтарды бойына сіңірген тұлғаларды тәрбиелеу міндеті тұр. Осы міндетті орындау жолында ұстаздар тек қана сабақтарын өтіп қана қоймастан, әрбірі адамгершіліктің шамшырағы, рухани кемелдіктің темірқазығы болулары керек. Мемлекеттің басты байлығы – адам. Ал сол адам бүгін мектепке барған балалардан өсіп шығады. Ендеше әр бала – ұлттың үміті. Ал әр ұстаз сол үміттің бағбаны. Бағбан ешуақытта қалғымауы тиіс. Ол қалғыса тәрбие бетімен кетеді. Сондықтан бала жанының бағбаны атанған әр мұғалімге зор жауапкершілік жүктеледі.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында оқу-тәрбие жұмысын бірінші орынға қою керектігін ұдайы айтып келеді. Мемлекет басшысы ұстаздар еңбегін лайықты бағалау үшін «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Республика ұстаздарының биылғы басқосуына да өзі қатысып, жоғарыдағы заңға кейбір өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы айтып өтті. Осының барлығы да ұстаздарға көрсетілген үлкен сенім әрі құрмет. Қазіргі таңда елімізде жаңа мектептер мен балабақшалары көптеп салынып жатыр. Сонымен қатар білім беру инфрақұрылымы кеңейіп келеді. Ұстаздардың мәртебесін арттырып, оларға көптеген жайлы жағдайлар жасалынып жатқан кезде, мұғалімдер мен тәрбиешілер осы қамқорлықтарға жауап ретінде өз жұмыстарын ширатулары керек. Бүгінде мемлекет тарапынан жастардың халықаралық деңгейде білім алып, әлемдік ареналарда биік нәтижелерге жетулеріне қолдау бар. Оқу-ағарту министрі кәсіби-техникалық білімді одан әрі дамыту, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау, білім мекемелерінің техникалық базасын нығайту керектігіне де тоқталды. Қазір университеттер мен колледждерде жаңа мамандықтар даярлана бастады. Әрбір оқу орындарына дуальді оқыту жүйесі енгізілді. Осының барлығы да білім сапасын арттырумен қатар, саланы жетілдіру бағытында жүзеге асуда.
Осы орайда Шымкент қаласында да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған. Ең өзекті міндет – білім сапасын арттыру, қабілетті балаларды ынталандыру болса, бұл бағытта шешімін тапқан жұмыстар жеткілікті. Мектепке дейінгі мекемелер бұл ретте негізгі тірек болулары керек. Өйткені балалар білімге осы мекемелерде бейімделеді. Сондықтан балалар бақшасы екен деп қана қарамай, бұл мекемелердің оқу-тәрбие жұмыстарына да мықтап көңіл бөлінуі тиіс. Бүгінде балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту жоспары 89 пайызға орындалған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 96 пайызға көтеру жоспарланған.
Соңғы бес жылда қалада 105 бала- бақша ашылған. Ал биылдың өзінде 12 мектепке дейінгі мекеме пайдалануға берілген. Ерекшелеп айта кетер бір қуанышты жағдай – Шымкент қаласы республикада алғашқы болып балабақшаларын ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасын жүзеге асырған. Соның нәтижесінде 65 858 ваучер беріліп, 1041 балабақшасына келмейтін бала анықталған. Олар тізімнен шығарылған. Осы бастама 700 миллион теңгеден астам қаржының үнемделуіне мүмкіндік берген. Енді 2027 жылдан бастап балабақшаларын лицензиялау міндетті болмақ. Сондықтан оған жан-жақты дайындық басталып та кеткен.
Тағы бір басым бағыт – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Балалар мектепте де, сыртта да қауіпсіз болуы керек. Қауіпсіздік бұл үлкен ұғым. Мәселен, доп ойнап жүріп те балалар жазатайым жарақат алуы мүмкін. Қақпалар құлап кетпесін. Жүгіріп жүріп құлап қалуы да ықтимал. Әлеуметтік желілер ықпалына еріп, түрлі бәлеге ұшырамасын. Міне, бүгінде балалар қауіпсіздігі дегенде осындай мәселелер алдан шығады. Осының барлығы да мұқият ескерілуі тиіс.
Бүгінде балалар тәрбиесіне мұғалімдер ғана жауапты деген ұғыммен келісуге болмайды. Ата-аналарға үлкен міндеттер жүктеледі. Олардың сауаттылығын, ата-ана ретіндегі міндеттерін түсіндіру, тәрбие туралы пікір алмасу үшін қалада 112 консультациялық пункт құрылған болатын. Енді оларға тағы да 15 пункт қосылмақ. Бұларға қосымша, министр­ліктің бастамасымен іске қосылған «Беске дейін үйрен» мобильді қосымшасы ата-аналарға баланың денсаулығы, тәрбиесі, тіпті тамақтануына қатысты маңызды ақпарат алуға мүмкіндік ашты. «Мектепке дейінгі ұйымның педагог көшбасшысы» жобасы дайын. Мұның да тәрбие мен оқу процесінде атқаратын рөлі зор болмақ.
Үшінші мегаполис-қаланың мектептері табалдырығын биыл 28 мыңға жуық балақай атттады. Олар және басқа да оқушылар қажетті оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етілген.
Білім сапасын арттыру қай кезеңде де басты міндет болып қала береді. Бұл бағытта білікті мамандар даярлау, жұмысты тиімді де байыпты басқару, оқу процестерінде жаңа әдіс-тәсілдер мен көрнекі құрал-жабдықтарды тиімді пайдалану керек. Мықты мұғалім—мектептің жүрегі. Сондықтан мықты мұғалімдерге қамқорлықтар жасап отыру да естен шықпауы тиіс. Осы ретте «Педагог мәртебесі туралы» заң шеңберінде атқарылған жұмыстарға көңіл тоғаяды. Шымкент қаласында бір ұстаз «Қазақ­станның Еңбек Ері» атанған. Мұның өзі педагогтерге көрсетілген құрметтің бір көрінісі. Ал үш ұстаз «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған ұстаздар да үшеу. Басқа да марапаттарға ие мұғалімдерді санап тауыса алмайсыз. Шығармашылдықпен жұмыс жасайтын олардың шәкірттері бүгінде ел тұтқасы дәрежесіне дейін жетті.
Алып қаланың білім ұяларында 32 мыңнан астам мұғалім жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беріп жүр. Олардың біліктілік деңгейін 75 пайызға дейін көтеру жоспарланып отыр. Мұны қалай жүзеге асыруға болады? Бұл үшін «Ұстаз» электронды платформасы іске қосылған. Осы платформа арқылы ұстаздар біліктіліктерін одан әрі арттыруға мүмкіндік алады, өзара тәжірибе алмасады.
Озық ойлы, терең тәжірибелі, ілкімді ізденісі бар ұстаздарды басшылық қызметтерге жоғарылатып отыру да естен шықпайды. Бұл үшін республикалық «1000 көшбасшы» жобасына қатысып, лайықтыларды іріктеп отыру керек. Осы жобаға 43 үміткер іріктеліп, солардың ішінен 28-і басшылық қызметке тағайындалған. Биыл тағы да 24 директордың орынбасары конкурс арқылы таңдалады.
Ұстаздар жол көрсетіп, шәкірттер шыңға шығып жатса, бұл да еңбектің жанғаны. Бұл жөнінде де ауыз толтырып айтуға болатын жетістіктер жеткілікті. Республикалық «Үздік педагог» атағына қаланың 24 ұстазы ие болған. 2024 жылы жүзден астам «Алтын белгі» иелері педагог мамандығын таңдаған. Ал биыл тағы да жүзден аса түлек ұстаздарына қарап бой түземек. Демек, педагог мамандығына деген қызығушылық артып келеді.


Қала оқушылары халықаралық және республикалық пәндік олимпиадаларда топ жарып келеді. Олар былтыр 7 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль жеңіп алған. 200-ден астам шәкірт жүлделі орындарға ие болыпты. Әрине, оқушы жетістігі – мұғалім мақтанышы, ата-ана қуанышы!
Қалада орта білім беру мазмұны кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. Айталық, PISA халықаралық зерттеу­лердің қорытындылары негізінде мектеп оқушыларының жетістіктерін арттыру басты міндет ретінде белгіленген. Оқушылардың жетістіктерін мониторингілеу – бұл бір жақты ғана бағалау емес, мұны білім сапасын жетілдіру деп бағалау керек. Оң нәтижелерге сүйене отырып, функционалдық сауаттылықты дамыту да маңызды. Осы ретте «Сапалы білім» жобасы жүзеге асырылады. Биыл мемлекеттік аттестациядан 223 білім беру ұжымы өтеді. Олар «Талап» жобасымен тәжірибе алмасып, сапаны арттыруға мүмкіндік алады. Осы конкурс арқылы басшылар мен педагогтер кәсіби тұрғыдан дамуға бағыт алады.
Елімізде ерекше күтімді және білімді қажет ететін балаларды қолдау ұмыт қалмауы керек. Бұл ретте қалада 6 психологиялық-медициналық -педагогикалық кеңес пен алты түзету кабинеті біріктірілген. Бірыңғай басқару жүйесін қалыптастыру үшін пилоттық жоба енгізіліп отыр. Осының нәтижесінде оқуға тартылмаған балалар жоқ. Бұдан бөлек, оқушылардың мінез-құлқындағы ауытқушылықтар ерте анықталып, дер кезінде психолоргиялық түзету жұмыстарын жүргізу үшін «Психологиялық қолдау орталығы» ашылған.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау – аса маңызды борыштардың бірі. Сондықтан Қорғаншылық және қамқоршылық орталығы ашылып, ол жемісті жұмыс істеп келеді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленуші балаларға және үлгерімі төмен оқушыларға көмек көрсету мақсатында «Цифрлық мұғалім» жобасы жұмыс істеп келеді. Осы жоба аясында 24 мектептің 8–11 сынып оқушылары физика, математика, билогия, химия және Қазақстан тарихы пәндері бойынша білімдерін
цифрлық платформалар арқылы жетілдіру мүмкіндігіне ие болады.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтардың бір көрінісін бастауыш сынып оқушыларын бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етуден көруге болады. Бұл елімізде 2022 жылдан бері жүзеге асып келеді. 1–4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету, жергілікті атқарушы органның шешімімен жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар бүгінде балалардың денсаулығын нығайтып, ата-аналардың әлеуметтік жағдайларын қолдау да нәтижелі жүргізіліп келеді. Тек биылдың өзінде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында мемлекеттік мектептердегі 56 430 балаға көмек көрсетілген.
Қалада қосымша білім беруге арналған мемлекеттік тапсырыс білім, спорт және шығармашылық бағыттары Миндал платформасы арқылы жүзеге асырылады. Мұндағы артықшылық жеке сәйкестендіру нөмері арқылы тіркелу мүмкіндігі, бос орындар мен кезектің ашықтығы және Face ID жүйесімен қатысуды растай аласыз.
Еңбек нарығына лайық мамандар даярлау бағытында қалада бірнеше колледж жұмыс істеп келеді. Оларды бітіргендер жұмыссыз қалмайды. Тамыз мәслихатында баяндама жасаған Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова бұдан басқа да бірқатар жетістіктерге жеке-жеке тоқталды.
Шымкент қаласы білім беру қызметкерлерінің тамыз мәслихатына арнайы келген оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев педагогтерді жаңа оқу жылымен құттықтап, олардың алдында тұрған міндеттерді саралады. Ол сөзін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Білім беру – жай ғана кәсіп емес, бұл – ұрпақ алдындағы борыш пен ел алдындағы міндет» деген ғибаратты ұлағатымен бастады. Бұл ретте ұстаздардың ел болашағы үшін қосып келе жатқан еңбектері ерекше екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру саласына ерекше қолдау көрсетіп отырғанына тоқталды. Президент тапсырмасы бо­йынша атқарылған ауқымды жұмыстардың біразын мысалмен келтірді.
Министрдің сөзіне қарағанда, мектепке дейінгі білім берумен 2–6 жас аралығындағы балаларды қамту жоспары 93 пайызға орындалған. «Беске дейін үлгер», «Тілге бойлау» қанатты жобалары аясында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттыруға мүмкіндіктер ашылған. Айта кетерлігі, жоғарыдағы жобалар биылғы бірінші қыркүйектен бастап барлық мектептерге енгізілді. Министр өз сөзінде Мемлекет басшысының білім беру саласы қызметкерлеріне үлкен қолдау көрсетіп келе жатқанын нақты мысалдармен жеткізді. Айталық, мұғалімдердің айлық жалақысы соңғы төрт жылда екі есеге артқан. 1300 мектептің орнына жаңадан салынып, 4000 мектеп жаңартылған. 1 миллионнан аса оқушыға арналған 1200-ге жуық білім ғимараты соғылған. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы, «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы, заманауи «Келешек» мектептерінің құрылыстары жаңа үлгіде қайта құрылымдалған. Міне, осындай ауқымды жұмыстар нәтижесінде, үш ауысымды мектептердің саны 4, апатты жағдайдағы мектептердің саны 2 есеге азайыпты.
Сонымен қатар инклюзивті білім беру және психологиялық-педагогикалық қолдауға жағдай жасау 90 пайызға артқан. Осының есебінен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған кабинеттер саны екі есеге артқан. Ал арнайы білім беру ұйымдарының желісі 230-ге жеткен. Осы ретте Шымкент қаласының инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау көрсеткіштері көңіл қуантатынын атап көрсетті. Мұнда мектепке дейінгі білім беру ұйымдары үшін 96 пайыз, орта білім беру ұйымдары үшін 95 пайыз жағдай жасалған. Тағы бір атап өтерлік жәйт, Инклюзия жөніндегі тұңғыш Дүниежүзілік конгресс биыл Қазақстанда өтпек. Бұл туралы шешім қабылданып қойылған.
Мұғалімдердің біліктіліктерін арт­тыру, кәсіби өсуіне жол ашу қашан да кезек күттірмес міндет. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан үлкен қамқорлықтар көрсетіліп келеді. Айталық, ұстаздардың біліктіліктерін арттыру курстары екі есеге дейін артқан. Аттестаттау жүйесінің әділ қорытындылары арқасында педагогтердің сапалық құрамы 74 пайызға дейін өскен. Қазақстанның PISA көрсеткіштері халықаралық деңгейде оң бағаланып, отандық мониторинг жүйесі алғаш рет халықаралық сертификат алған. Цифрландыру саласында мектептердің 96 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған. Қазір Sfatink спутниктік жүйесін енгізу жоспарланған. Бүгінде барлық оқулық 100 пайыз цифрлық форматқа көшірілген.
Қосымша білім беру ұйымдарының саны соңғы үш жылда екі есеге дейін өскен. Қазір 2 142 осындай ұйым бар. Биылдан бастап Шымкентті қоса алғанда алты қалада ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске қосылған.
Министр келесі жылдан бастап осы жүйе еліміздің барлық облыстарында, қалаларында енгізілетінін атап өтті.
Жас дарындар қашанда ел мақтанышы. Олар өздері оқитын мектептердің даңқын аспандатып жүр. Былтыр олар үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, 34 халықаралық олимпиадаға қатысқан оқушылар 1002 медаль жеңіп алды. Солардың 193-і алтын, 348-і күміс, 461-і қола. Ал шымкент қаласынан 46 оқушы олимпиадаға қатысып, 22-сі жеңімпаз атанған.
Оқу-ағарту министрі жаңа оқу жылында жаңа міндеттер жүктелетінін де атап көрсетті. Айталық, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы меншік нысанына қарамастан барлық мектептерге енгізіледі. Осы бағдарлама аясында ата-аналар комитеттерінің жұмысы жаңа форматта ұйымдастырылмақ. Биылдан бастап «Мектеп – ата-ана – қоғам» ынтымақтастығы жұмыс істей бастайды. Балалар мен жасөспірімдер қозғалыстары жанданады. Мектептердің ішкі безендірілуінде бірыңғай дизайн енгізіледі.
Бүгінде әлемнің барлық елдерінде жасанды интеллектпен жұмыс істеу дәстүрге айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әрбір алқалы басқосуларда замана талабына сай жұмыс істеу керек екенін, жасанды интеллектіні балаларға жаппай үйрету керектігін айтып келеді. Ендігі жерде арнайы этикалық стандарттар қабылданады. AI-Kifap платформасы қолданысқа берілмек. Барлық педагогтер үш деңгейлік курстан өтеді. Ал 1–11 сынып оқушылары Day of AI курстарына қатысады. «Келешек мектептері» жобасы аясында оқыту сапасын арттыру, басқарудың жаңа моделін енгізу және әр оқушыға бағытталған білім беру жүйесін қалыптастыру жоспарланып отыр. Ұстаздар қауымы қашанда алда жүруі тиіс. Осы ретте «Ұстаз» цифрлық платформасы шеңберінде педагогтердің кәсіби біліктіліктерін көтеру қарастырылған. Осы бағдарлама аясында, сондай-ақ талантты мұғалімдердің базасы жасақталады. Бұдан тыс, білім саласында жаңа буын менеджерлер пулін қалыптастыру жалғасады.
Ғани Бейсенбаев «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай оқушыларға мамандықтар берудегі оң өзгерістерге де тоқталды. Сонымен қатар мұғалімдерді өз міндеттерінен басқа жұмыстарға тартпау, олардың заңды құқықтарын бұзған жағдайда тиісті заң орындары араласуы керектігін еске салды. Балаларға қатысты жазатайым жағдайларда мұғалімдерді жазалау қисынсыз. Мұндай жағдайда мәселенің мән-жайына терең үңілу керек. «Заң мен тәртіп» қағидаты тәрбие жұмысының негізгі бөлігіне айналуы тиіс. Мектепте зорлық-зомбылық пен буллингке жол беруге мүлде болмайды.
Биыл мектептер мен колледждерде «Досбол IKE» бағдарламасы енгізіліп, балаларды әлімжеттік пен буллингтен қорғау жұмыстары күшейтіледі. Жетім балаларға тәлімгерлік институты құрылып, жаңа туған нәрестені қараусыз қалдыруға қатысты заңнамаларға түзетулер енгізілді. Соның нәтижесінде барлық облыстар мен қалаларда психологиялық қолдау орталықтары ашылып, жұмыс істеп тұр. Түрлі әлеуметтік желілер арқылы өзіне-өзі қол салу оқиғалары да жиілеп кеткені жасырын емес. Ендігі жерде бұған жол беруге болмайды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков те мемлекет тарапынан білім саласына үлкен қолдаулар көрсетіліп келе жатқанын нақты мысалдармен көрсете келіп, мегаполис шаһарда атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Мәселен, соңғы үш жылда қалада 39 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілген. Апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін қалада тағы да 37 білім ошағының құрылысы жүріп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында, қалада 12 жаңа білім ұясының пайдалануға берілгенін зор табыс ретінде атап өтті.
Білім беру инфрақұрылымдарын дамытуға да ерекше назар аударылып келе жатқанын нақты мысалдармен атаған қала әкімі соңғы жылдары үш бала бақшасы мен екі колледж күрделі жөндеуден өткенін көпшілік назарына ұсынды. Соңғы жылдары заманауи талаптарға сай 500 орындық екі Оқушылар сарайы ашылған. Балаларға арналған шығармашылық орталықтары өз жұмыстарын жемісті жалғастырып келеді. Президент тапсырмасымен жүзеге асқан аталған жобалар өскелең ұрпақтың сапалы білім алуларына және жан-жақты дамуларына жол ашып келеді.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларында тәрбиеленуші оқушыларды жан-жақты қолдау да маңызды қадам. Осы ретте 2020 жылдан бері тұрмысы төмен отбасыларындағы балаларға мектеп формасы мен қажетті құрал-жабдықтар, қалам, дәптерлерін сатып әперу жалғасып келеді. Ал балабақшаларында тәрбиеленушілер тегін тәрбиеленіп жатыр. Жоғары оқу орындарында еңбек нарығына қажет мамандықтардың саны да жыл сайын артып келеді. Соңғы екі жылда 285 студент қала әкімдігінің қолдауымен тегін білім алу мүмкіндіктеріне ие болған.
Қорыта келгенде, Шымкенттің білім шамшырағы жарқырай бермек. Бұл үшін мемлекеттік қолдаулар бар. Білікті ұстаздар бар. Алдағы кезде де үшінші мегаполис қаланың білім саласы сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында аянбай тер төге бермек.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір