Халық денсаулығы жіті бақылауда
07.10.2025
166
0

Шымкенттік дәрігерлердің кәсіби өсуі мен заманауи медициналық технологияларды игеруі нақты нәтижелерді көрсетіп жүр. Аймақтағы халықтың денсаулығы сала мамандарының жіті бақылауында. Дәрігерлердің білім дәрежесін одан ары жетілдіру үшін түрлі тәжірибе алмасу жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді.
Жергілікті мамандар тұрақты түрде шетелдік жетекші мамандардың шеберлік сабақтарына қатысып, кәсіби деңгейін арттырып жүр.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдардың 19 қызметкері Ресей Федерациясының алдыңғы қатарлы клиникалық базаларының бірі – Н.И.Пирогов атындағы Ресей ұлттық зерттеу медициналық университетінде кәсіби біліктілігін арттыруда.
Біліктілік арттыру бағдарламасы аясында мамандар «Неонаталды хирургия», «Балалар хирургиясы», «Балалар хирургиясындағы эндоскопиялық оталар» секілді маңызды тақырыптарды терең меңгерді. Бұл тәжірибе шымкенттік дәрігерлерге заманауи тәсілдерді игеріп, қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жыл соңына дейін тағы 33 маман Литва және Беларусияның жетекші клиникалық базаларында оқытылады. Олар «Акушерліктегі шұғыл көмек», «Акушерлік-гинекология тәжірибесіндегі ультрадыбыстық диагностика», «Онкологиялық патологиядағы паллиативті көмек», «Торакалды хирургия» тақырыптары бойынша білім алады.
Бұған дейін, 2024 жылы да шетелдік клиникалық орталықтарда 46 маман кәсіби деңгейін көтерген болатын. Бұл жұмыстар медицина саласында халық­аралық тәжірибені кеңінен енгізуге және білікті кадрлар қатарын нығайтуға септігін тигізуде.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы алдағы уақытта да отандық медицина мамандарының үздік шетелдік орталықтарда тәжірибе алмасуын қамтамасыз етіп, қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруды жалғастыра бермек.
Жалпы, шаһарда медициналық ахуалдың жоғары деңгейде екені халыққа аян. Түрлі емдік көмектермен қатар күрделі ота түрлері де сәтті жасалуда. Күні кеше Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханада трансплантолог дәрігерлер тобы 240 бүйрек трансплантациясын сәтті жүзеге асырды.
Бұл жолы 1988 жылғы әпкесі өзінің 2002 жылғы інісіне бір бүйрегін сыйға берді. Науқас 2022 жылдан бері созылмалы терминалды бүйрек жеткіліксіздігі диагнозымен нефролог дәрігердің бақылауында болып, 2023 жылдан бастап бағдарламалық гемодиализ алып келген. Дәрігерлер оны бір ай бойы мұқият отаға дайындап, 2025 жылдың 24 қыркүйегінде тірі туысқан донордан бүйрек трансплантациясын жасады. Отадан кейін қазірде жалпы жағдайы жақсы, емін жалғастыруда.
Қазақстан бүйрек трансплантациясы бойынша жоғары технологиялық медициналық араласу жүргізіліп жатқан әлемнің алдыңғы қатарлы алты елінің қатарына кіреді. АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Түркия және Үндістанмен қатар біздің еліміз де трансплантологияның қарқынды дамуын көрсетіп отыр.
Сонымен қатар Шымкент қалалық онкологиялық орталықта еліміздегі алғаш рет аса күрделі операция – кеңірдек бифуркациясының резекциясы оң нәтижемен жүзеге асты. Ота 37 жастағы науқасқа жасалып, дәрігерлер оң және сол жақ бронхтарды, кеңірдек бифуркациясын кесіп алып, реконструкциялық әдіспен жаңа бифуркация қалыптастырды.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Дүйсенбаева орталықта болып, ота жасалған науқастың жағдайы­мен танысты. Ол науқаспен тілдесіп, медицина қызметкерлеріне жоғары кәсіби еңбектері үшін алғысын білдірді.
Бұл операция Қазақстан онкологиясы тарихында алғаш рет орындалды. Ол жоғары технологиялық әдістерді меңгеруді, командалық үйлесімділікті және дәрігерлердің кәсіби біліктілігін талап етеді. Жаңа әдісті тәжірибеге енгізу үшін Шымкент онкологиялық орталығы Ресейдің Н.Н.Петров атындағы онкология ұлттық медициналық зерттеу орталығымен әріптестік орнатқан.
Тағы бір қуантатын жай, Шымкент қалалық №2 ауруханасының дәрігерлері шала туған шақалақтың өмірі үшін 104 күн бойы аянбай күресіп, сәбиді аман алып қалды.
2025 жылдың 17 маусымында Мұхаммедәли есімді сәби жүктіліктің небәрі 26 аптасында, салмағы 680 грамм, бойы 32 см болып дүниеге келді. Бұл – экстремалды шала туу, өмірге аса қауіпті жағдай.
Алғашқы күннен-ақ дәрігерлер тыныс жеткіліксіздігі, қан кету және инфекция қаупі сияқты ауыр диагноздарға қарсы күресті. Нәресте жансақтау бөлімінде аппарат көмегімен тыныс алып, тәулік бойы мамандардың жіті бақылауында болды.
Біртіндеп салмақ қосып, жағдайы жақсарған Мұхаммедәли патология бөлімінде емін жалғастырды. 41 аптада 2490 грамм салмаққа жеткен сәби дәрігерлердің шешімімен үйіне шығарылды. Айта кетейік, Мұхаммедәли – отбасындағы төртінші бала. Анасы медицина қызметкерлеріне, әсіресе неонатолог дәрігерлер Насиба Қалматқызы мен Гүлбайра Орынбасарқызына шексіз ризашылығын білдірді.
Бұл оқиға – дәрігерлердің жанқиярлығының, ата-ананың махаббаты мен өмірге деген үміттің айқын дәлелі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір