Өлең – досым, жанымның жалауысың…

Нұрлан Қалқа
Өзiңе сен, өзiңдi алып шығар,
Еңбегiң мен ақылың екi жақтап.
АБАЙ
АБАЙҒА ЖҮГIНУ
Мен бiлмеппiн алданып қаларымды,
Бiр кейiстiк жауларын қабағымды.
Өзiм ғана арқалап кетсем деймін,
Жүректерге түсiрмей нала-мұңды.
Мен бiлмеппiн аяқтан шалар мыңды,
Күлiп тұрып кей досың тағар мiндi.
«Кең болсаң, кем болмайсың» дейтін анам,
Айтып қайтем аздан соң тарар мұңды.
Мен бiлмеппiн көңiлдiң алалығын,
(Аңқаулығым, әлде бұл адалдығым).
Кім кiнәлi: тағдыр ма, адамдар ма?
Көрсетті ғой дүние жалғандығын.
Мен бiлмеппiн пенденiң көп қылығын,
Тасадан-ақ тастарын дөп құрығын.
Сенгiш көңiл секемшiл күйге түскен,
Үзе жаздап сенген жан дәп жұлынын.
Ойлаппын ба, Абайға жүгiнем деп,
Жауһар жырлар жатыр-ау бүгiн емдеп.
Ақыл – досым, сенгенiм – адал еңбек,
Налымаймын арқалар жүгiм көп деп,
Қайта-қайта Абайға жүгiнем кеп.
БОЗҚАРАҒАН
Бозқараған…
Көрдің бе бозқараған?
Сирень иісі аңқиды боз даладан…
МҰҚАҒАЛИ
Аппақ гүлі ғажап қой көз қарыған,
Жұпар иісі бойыма тез дарыған.
Қалай ғана байқамай келдім екен,
Сондай нәзік болар ма бозқараған?!
Әдемілік көрмей кеп көптен бері,
Тар қапаста талай күн өткен еді.
Сезім шіркін, бүр жарып жанарымда,
Жапырағы жанымның көктей берді.
Сала берді дүние арайланып,
Бара жатты жастықтан бас айналып.
Жібіп кетті бірдемде қайран көңіл,
Бүріп тұрған індеттен тас байланып.
Айналам да ақ нұрға оранғандай,
Қайран жастық бір сәтке оралғандай!
…Жерден алып ақ гүлді бетім бастым,
Сүйгенім сыйға тартқан орамалдай…
Бордай болған жүректі боздаттың-ау,
Сағыныштың гүл-шоғын қоздаттың-ау!
Қалғып кеткен хас ару – махаббатты,
Әй, жарайсың, ақыры қозғалттың-ау!..
Бозқараған гүлдепті!
Бозқараған!
Сонау жерден жалт етіп көз қарыған.
…Бозғылт түске шашымыз боялғанмен,
Аумай қаптық баяғы бозбаладан.
ЖАНЫМНЫҢ ЖАЛАУЫ
Өлең – досым, жанымның жалауысың,
Шарқ ұрған көңілімнің қалауысың.
Шырқырап, жалғыздықтан жапа шексем,
Жылытатын жүректі алауымсың.
Өлең – досым, түнімен сырласамын,
Барып қайтам ауылға, қырды асамын.
Бала кезде ойнаған тау мен тасты,
Аралаймын, мауқымды бір басамын.
Өлең – досым, мұң-сырым саған мәлім,
Басқа емес, келеді саған әлім.
Көтересің еркелеп кетсем кейде,
Білесің ғой, айтпаймын қалған жағын.
Өлең – досым, тыңдайсың бәрін үнсіз,
Ал басқаға келгенде жаным тілсіз.
Аялайсың, арқамнан қағып бір сәт,
Сен үшін мен адаммын арым мінсіз.
Сұм өмірден жалығып, жабыққанда,
Жан дүнием сұмдық бір қамыққанда,
Өлең – досым, тыңдайсың мұң-наламды,
Шер тиегін көңілден ағытқанда…
Өлең – досым, сөкпедің басқалардай,
Сатпадың сен, кейбір ез, қасқалардай.
…Дос көремін кейбір жан күліп тұрса,
Сеніп қалам, тисе де тасқа маңдай…
Өлең – досым, сырласым, жан серігім,
Сен тұрғанда серпіліп, сан сергідім.
Айтып-айтып аламын жүрек сөзін,
Саған ғана арналған бар сезімім.
Өлең – досым, сен барда, мен де бармын,
Сыйлымын, азаматпын, елге нармын.
Бүкпей бәрін айтып сап, жеңілдеймін,
Мінезіме жібектей кейде таңмын.
Саған сеніп, сырымды ақтарамын,
Артық кетсем, алдыңда ақталамын.
Өлең – досым, жанымның жалауысың,
Шаттанамын, өзіңнен бақ табамын.
***
Жанымның жалауысың сен өлең,
Артыңнан қалмай еріп мен келем.
Пендеден ығыр болсам, сен барсың,
Тек жақсылық ойлайтының мен сенем.
Тірліктен кеткен кезде жалығып,
Сенімен табысамын сағынып.
Түсінетін менің жұмбақ жанымды,
Сенсің тек, келем соны сан ұғып.
Мұңымды қайдан ұқсын айналам,
Қабағымды бағып отыр қай адам?!
Өзегім өртенсе да қаншама,
Ішке сақтап, ешкімге сыр жаймағам!
Жаратқан қолдап, қорғап жүр мені,
Содан болар көз-көңілім күлгені.
Жапанда жаным күйіп, торықсам,
Іздеймін өлең-досым бір сені.
Жанымның жығылмайтын Туысың,
Сен деп білем жалғандағы туысым.
Әркез мені аялайсың анамдай,
Сенсіз досым, өмір мәнсіз, біл, түсін!
СІЛКІНІС КЕРЕК САНАҒА
Сілкініс керек санаға,
Ұмтылу үшін жаңаға.
Бас тартып көне сүрлеуден,
Алға бас, артқа қарама.
Сілкініс керек санаға,
Үлкенге, кіші, балаға.
Сергектік – аңсар биікке,
Апарар нағыз жол жаңа.
Сілкініс керек адамға,
Қайтесің бекер алаңдап.
Бір сәтке қомдан қырандай,
Барсаңшы жаңа қадамға.
Сілкініс керек санаға –
Деп қалдың бізге, жан аға.
Қияға сол сәт самғадым,
Ұялап арман санама.
Сілкініс керек санаға,
Қазаққа ол да тән, аға!
…Жаңару керек ел үшін,
Дамудың кілті – жаңада!
ҚОҢЫР ТІРЛІК
Қоңыр тірлік, сәнсіз жейде сын емес,
Қиналғанға ер жігітің мыңқ демес.
Көзді байлап, тура жолдан тайдырып,
Адастырар шайтан-ойлар, жын-елес.
Зәулім сарай, толған мүлік, бақ емес,
Тіреп тұрған қызметің де тақ емес.
Еріп кетер барлығы да мұз болып,
Жаратқаннан басқа ешкім жақ емес.
Қымбат көлік, көкшіл доллар «дос» емес,
Ұмтылғаның ен байлыққа бос егес!
Бүгін мақтан, ертең қалар дүние,
Ұстатпайды қусаңдағы, «қош» демес!
Қоңыр тірлік, жарасады жігітке,
Мұның сырын кейбір жандар біліп пе?!
Өтеді ғой болсам деумен бай-бағлан,
Не жетеді сыйластыққа тірлікте!
ҚУ ДҮНИЕ
1.
Мақтанады біреулер байлығымен,
Ал біреулер қомақты айлығымен.
Кейбіреуі жұмыссыз сандалып жүр,
(Нан табудың өзі де қайғы кілең).
Мақтан етер шетелдік машинасын,
(Дүниеге мастанып, шалқып басып).
Жолы болмай білімді базарда жүр,
Амалсыздан қор қылып асыл басын.
Мақтанады кейбіреу малыменен,
Қорадағы қойының саныменен.
…Біле тұра қу дүниенің баянсызын,
Байлықтан іздейді екен бағын неге?!
2.
Қу дүние болмас адал жолдасың,
Белгілі ғой құлқынның еш толмасы…
Жинағанмен, серік болмас байлығың,
Жер қойнына тигенінде жамбасың.
Болса-дағы бермектің де алмағы,
Қу дүние қанша жанды жалмады.
Байлық қуып жүргеніңде тойынбай,
Жаншып тастар тонналаған салмағы.
Қу дүние шайтан болып арбайды,
Уайым жеп, қырау шалар самайды.
Елітеді, есіртеді буы оның,
Нәпсі-қармақ бір-ақ сәтті қармайды.
Қу дүние опа бермес ешкімге,
Ойлан бүгін, ертең болар кеш мүлде.
…Қанағатшыл жанға түбі береді,
Жаратушым бәрін біліп, естуде!
Өтер жалған дәм таусылса бір демде,
Не жетеді мәнін оның білгенге.
… Жаратқаннан жан байлығын тілейік,
Бір күн болсын жерді басып жүргенде.
Мейлі, мейлі, басыңа бақ орнасын,
Мансап болсын, байлық болсын – ол да сын!
…Пенделікпен адассақ та қаншама,
Жүректегі иман гүлі солмасын.
ҚУЛЫҚ ТАУДЫҢ ЕТЕГІНДЕ БІР ҮЙ БАР
(Баллада)
Тыңда балам, зердеңе сен түйіп ал,
Қулық таудың етегінде бір үй бар.
Сонда өтті балалығым, бал күнім,
Домбырамда шертілмеген бір күй бар.
Үлкеніміз кішілерге қарасып,
Жүретін ек қылығымыз жарасып.
Кіші болып үлкен сөзін тыңдаймыз,
Көрген жоқпыз салғыласып, санасып.
Алла берген үш қыз, алты баламыз,
Жұмыс басты әкеміз бен анамыз.
Ойын ойнап, үй де жинап кезекпен,
Сабаққа да біз уақыт табамыз.
Отын жарып, мал қарауға шығамыз,
Қай іс болсын тек ұмтылып тұрамыз.
(Көрші-қолаң, туған-туыс, таныстар,
Сұрағанға айтып берер жыр-аңыз).
Ол кездері жаңа киім мүлде қат,
«Алып бер» деп сұрау тіпті, бізге жат.
Ағамыздың киетінбіз костюмін,
Болмайтұғын біздер үшін өзге бақ.
Улап-шулап жүретін ек доп қуып,
Талай тердік Далайтының шоқ гүлін.
Содан бәлкім, бір мен үшін біл, ұлым,
Ауылдастың әркез биік шоқтығы.
Мұғалімге тұратынбыз беріп жол,
«Ассалау!» деп үлкендерге беріп қол.
Бөлмейтінбіз бастық па, жоқ, басқа ма,
Ибалылық бала кезден серік боп.
***
Тыңда балам, зердеңе сен түйіп ал,
Қулық таудың етегінде бір үй бар.
Сонда өтті балалығым, бал күнім,
Домбырамда шертілмеген бір күй бар.
Сол үй ыстық кездерімнен ес білген,
Жылдар өтті, аздап қазір ескірген.
Мәңгі-бақи шықпайтыны жадымнан,
Әр бұрышын жүрегіме көшіргем.
Ағаларым орын тапқан төр жақтан,
Сол баяғы анау бұрыш мен жатқан.
Ағаш үстел сол күндердің куәсі,
Жазу жазып таң атырғам, кеш батқан.
Сол бір үйде тоғызымыз ер жеттік,
Оқып-тоқып, еңбек еттік, тер төктік.
Таңдауымыз қала болып кеттік біз,
Тағдыр жазған осы болды кем-кетік.
Сол үй ыстық көрінеді көзіме,
Берілемін нелер қимас сезімге.
…Қайта тусам, қалар едім сол үйде,
Оралар ем аппақ, аңғал кезіме!..
Ақ самайлы анам отыр сол үйде,
Ақ сақалды әкем сезем, не күйде…
«Шаңыраққа ие болар кім бар?» деп,
Көз ілместен атырады кей түнді.
Тыңда балам, зердеңе сен түйіп ал,
Қулық таудың етегінде бір үй бар.
Сонда өтті балалығым, бал күнім,
Домбырамда шертілмеген бір күй бар.
Астана