Күләш АХМЕТОВА. ЖАНЫМНЫҢ ҚҰЙТТАЙ ҚҰСТАРЫ…

Өлең
Несіне осы өлеңді жазамын мен,
Тарттым ғой жетерліктей азабын мен.
Білмеймін қалай еріп кеткенімді
Муза кеп сыбырласа ғажап үнмен.
Ынтық боп нем бар еді осы өлеңге,
Қалмайды дегбір – өлең десе, менде.
Қалайша күймей қалғам,
Жап-жалаңаш
Қолыммен қызыл шоғын көсегенде?
Кім мені жадылады, дуалады,
Қолым да, жүрегім де сұранады.
Неліктен жаным содан жұбанады?
Сол ғана шаң-тозаңды жуа алады.
Жәй сөздер… Кенет өлең құралады…
Менің өлең өмірім –
Менің үлкен сыбағам –
ұлы майдан, ұлы алаң.
Бар әйелдің жеңісімен қуанып,
бар әйелдің көз жасымен жылағам.
Менің өлең өмірім –
Менің үлкен сыбағам.
Өкінемін мынаған:
Түнде оянып, ой жібіне сөз маржан
тізген кезде көмек берді кім оған?..
Менің өлең өмірім –
Менің мәңгі үлесім.
Біресе мұң,
біресе үн…
Қуанышым, махаббатым, қызығым,
қылдай үміт, қымбат тілім, күресім.
Кенен жасы – Тәңірден сұрағаным,
Тыңдау сөйтіп бұлбұл мен бұлақ әнін.
Мейлі, тіпті, болмасын ұнағаным,
Ештеңе етпес сүрініп, құлағаным.
Елім, далам, балам мен өлең болса,
Қалғанының табармын бір амалын.
Қайырлы өмір Тәңірден тілегенім,
Иманды істен іздермін жүрек емін.
Сабыр күтіп,
дақпыртқа бой алдырмай,
Өмір сүру – арманым, міне, менің.
Көркем ғұмыр, көргенім — жақсылық боп,
Биіктесе біртіндеп жыр-еменім,
Сен риза боларсың, білем, елім!
Түзу тірлік Тәңірден тілегенім.
***
Жазылған жырлар! Жанымның құйттай құстары,
Жайлап жүрсіңдер тірліктің қайсы
тұстарын?
Сендерді көріп сүйсініп жүр ме достарым,
Таңырқап жүр ме, табалап жүр ме
дұшпаным?
Ұшырып ем ғой, шартараптарға
барсын деп,
Сендерден біреу керегін тауып алсын деп.
Ғимараттардың басына емес, өмірге
Ғашық жандардың кеуделеріне
ұя салсын деп.
Құйттай құстарым, жаныммен жіпсіз жалғасқан,
Сау жүрсіңдер ме ақ қанаттарың
талмастан?
Қалған жоқсыңдар ма қалтарыстарда
елеусіз
Ғажап саздарды тыңдаған кезде таңғы аспан?
Қона алдыңдар ма махаббатардың бағына,
Төге алдыңдар ма сағыныш толы лағыл ән?
Жанымның даусы сендерге еді, аманат,
Жеткізе алмасаңдар не қылам?
Соны ойлап жиі қамығам.
Құйттай құстарым! Көмейлеріңде
жыр-ән бар,
Жолдарың ауыр, арымай, талмай шыдаңдар.
Құйттай құстарым, құласаңдар да,
өтінем,
Адамдардың тек жүрегіне жетіп
құлаңдар!
Өмір-тағдыр, не деген тартыс еді!
Көндіреді заңы мен салты сені.
Қызық күндер орнына қиындық кеп,
Қызыл гүлдер орнына қар түседі.
Балалық шақ дегенің ертегі екен,
Ендігісін қалайша көркем етем?
Жақындарым айтпаған сөздерді айтып,
Өзімді-өзім анам боп еркелетем.
Бәрін Тәңір бере ме сұрағанға,
Арман болмай тұра ма бұл адамда?
Өзіме-өзім қиналсам қайрат беріп,
Өзімді-өзім жұбаттым жылағанда.
Артық емес мен үшін алтын ардан,
Өмір – қымбат, шықпайсың бар құмардан.
Бақытым жоқ менің де басқалардан
Тартып алған немесе артық алған.
Өзіме-өзім сүйенем, о, расында,
Өзіме-өзім жол салдым борасында.
Өзіме-өзім жете алмай отырамын
ЬІдыстар мен дыбыстар арасында.
Жаратылыс
Алла – бiр. Барлығынан сол ғана асқан.
Қарасам, ғаламатқа толған аспан.
Жұлдыздар керуен түзеп,
Кеңiстiкке
Тәңiрлiк шеберлiкпен орналасқан.
Құс жолын құндағымда көрсем керек.
Қарасам, биiктейдi еңсем бөлек.
Ауқымын алыс көктiң парықтауға
Ғарыштық құдiреттi өлшем керек.
Шарқ ұрып,
Таппаған соң теңбе-теңiн,
Ойымды жер бетiмен тербетемiн.
Мәңгi бол,
Жаратқанның хикметтерiн
Көтерген көгiлдiр шар, кең мекенiм!
Дәл мендей тауға бiреу құштар ма екен?
Сонша асқақ, сонша сұлу сұс бар ма екен?
Ауаға бауырымды төсеп қана
Ақ таулар үстiменен ұшсам ба екен?
Су – менiң таңданғаным сосын анық,
Iлесем киттерге iштей қосыла құп –
Жүзгендей кең мұхитта кедергiсiз
Түпсiздi түзу жарып, осып ағып.
Мұхиттар дөңбекшидi шабыт қысып,
Бұлттар да жүйелi бiр бағытқа ұшып,
Ай мен Күн алмасады
Айнасынан
Айналған Жер жүзiне жарық түсiп…
Табиғат толықтырып бiр-бiрiн бек,
Жел тұрып, жасын ойнап, су гүрiлдеп,
құс ұшып, орман шулап, аң жайылып,
Шегiртке секiредi,
Гүл дiрiлдеп!
Жеңіліс
Сұстылay жауынгерге жолықтым да,
Есім кетті. (Жоқ еді ойымда дым)
Жеп қоярдай қарап ең, қорықтым ба:
Жеңілдім деп үн-түнсіз мойындадым.
Қарағанға қараушы ем айбаттана,
Мен де өзімше өр едім, асқақ едім.
Қаһарланбай жаулап ап, жайлап қана
«Қаруыңды түгелдей таста» дедің.
Таңдантпаған думаны бақтардың да,
Қызықтыра алмаған атақ барлық…
Сен келіп ең, талқан боп жатты алдыңда
Жалғыз мықты қаруым — тәкаппарлық.
***
Хабарласпай кеткенің дұрыс болды,
Көңілі таңғы судай салқындасын деген шығарсың,
Оңаша қаймығып, ән тыңдасын деген шығарсың.
Менен басқа өмірді де есіне алсын деген шығарсың,
Егіліп жыларсың да басыларсың деген шығарсың.
Май айында басынан күзді өткерсін деген шығарсың,
Сүйетіні шын болса, іздеп келсін деген шығарсың.
Мейрамда да қуанбай, мұңға батсын деген шығарсың,
Сынық жүзден суық мұз сырғанатсын деген шығарсың.
Менің әлсіз жанымды күйретейін деген шығарсың,
Қаталдыққа осылай үйретейін деген шығарсың.
Бәрі де солай болды, жылаймын мен,
Ерісе деп ертерек мұз боп қалмай мұң,
Бәрі де солай болды, тек қана іздеп
бармаймын
Мен – нәзік гүлмін, сен – құламайтын шынарсың,
Бірақ мен шыдаған дауылға, сен
шыдамайтын шығарсың!
***
Жүрегің тастан ба еді, мұздан ба еді,
Әлде менен жақын бір қыз бар ма еді?
Көңілімді суыттың үнсіз қалып,
Мен де айналсам жұмбаққа қызғанба енді!
Қызғанба енді біреумен билесем де,
Шақыра ғой басқаны биге сен де.
Мен жүрейін жанында жат біреудің,
Өлең оқып берейін сүймесем де.
Ішімнен: «ондай ешкім жоқ» десем де,
Басқа жанды бақытты етпесем бе?!
Қайғыдан қалай аман жүр екен деп,
Қайран қалма, қасірет шекпе сен де.
Менің нәзік көңілім үркек еді,
Бүгін одан бұлыңғыр бұлт өреді.
Енді сенің алдыңда адалдықпен
Жүрегінің жұлдызын кім төгеді?
Ел не дейді?
Білместің ісі дер ме?
Ұшырмадық сезімнің құсын өрге.
Басқа қызға сыр жайып отырарсың,
Бірақ сені ол дәл мендей түсінер ме?
Аңсатсаң да жаздағы аз жаңбырдай,
Сыр бермеспін сыр бермей тозған құмдай.
Сүюші едім аяулы сезімдермен,
Айтушы едім ертеңге сөз қалдырмай.
Тыңдамаушы ем сен жайлы өсектерді,
Сезім сенде – не қатал, не шектеулі.
Саған да енді кезіксін жинақы жан
Махаббаты, сөздері есептеулі.
Кетер болсаң, тезірек ұмыт бәрін,
Көз алдыңда тұрмасын қылықтарым.
Ұмыт бәрін!
Жиям деп әуре болма,
Таңғажайып сәуленің сынықтарын.
Жерле бәрін: Жүректің ертегі, әнін,
Өткен күннің елесін — ленталарын
Қырқып таста жадыңнан.
Менің қолым
Тиген заттың түгелдей өрте бәрін.
Мен осылай бұйырам, кеш, көріктім,
Сезіне біл күндіз де, кеште ерікті.
Жүрегіңнен, ойыңнан, дәптеріңнен
Сызып таста мен жайлы естелікті.
Не ескерткіш арнама, не шығарма,
Ұмтыласың — ұмытпай — несіне алға?
Үйден шықпа жаңбырда.
Жыр да оқыма,
Көз жасымды, сөзімді есіңе алма!
Қызық өмір менсіз де сүре біл де,
Шырқа, биле, мейрамда, түле, гүлде.
Басқа жанды аймалап құшқаныңда
Байқа тек, мен тұрмайын жүрегіңде.
Ұмыттырсын күн мен түн жиі алмаса,
Менен қашсаң, берілме қиялға аса.
Еш әйелге ренжіп, өкпелеме,
Мендей таза, тәкаппар сүйе алмаса!
Мен сен үшін бола алсам алыс тұлға,
Тағдырыңды басқамен табыстыр да,
Менің мұңды бейнеммен, қылығыммен
Еркелігін ешкімнің салыстырма!
Күндерді ұмыт бөлмеге сыймай күлген,
Күндерді ұмыт ерекше сыйлай білген.
…Өкпелеймін осылай — сүйгендіктен,
Шынымды айтсам, ешкімге
қимаймын мен!