Айымжан ГИЛЬМАНОВА: «Менің жанымның пернелері үнсіз қалмау керек…»
05.02.2024
120
1

Бір жылдары Қазақстанның ұлы маэстросы, отандық музыкалық білім берудің негізін қалаушы, «Заман бұлбұлдары», «Ғасырлар пернесі» еңбектерінің авторы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің құрушысы, композитор әрі халық шығармашылығын жинаушысы Ахмет Жұбановтың өсиеті бойынша 1990 жылы оның есімін мақтанышпен, абыроймен алып жүрген Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатынан академиялық музыкалық өнерді үйренуге қабілетті, талантты балаларды іріктеу жөніндегі арнайы көшпелі қабылдау комиссиясы Батыс Қазақстан облысына келген болатын. Комиссия ел өңірлерінің барлық ауылдары мен шалғай елді мекендерін аралап, барлық балаларды тыңдап жүрген кезде оларға дәстүрлі ән айтудың белгілі өкілі, қазақтың Гомері, суырып салма ақын Катимолла Бердіғалиев жолығып қалады да, талант іздеген жандарға жанарының туабіткен көрмейтініне қарамастан айналаны сезінуі айрықша, дауысы өзіне ерекше әсер еткен бір кішкентай қызды ұсынады. «Ол – нағыз сіздер іздеген бала, одан сөзсіз ел өнерінің саңлағы шығады», – деп сенімді түрде айтады сол тұстағы ел астанасы Алматыдан мақсатты түрде келген талант іздеушілерге. Бұл кішкентай қыз Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Нұрсай ауылының тумасы Айымжан Гильманова болатын. Оның отбасында халық өнеріне, әндерге ерекше мән берілетін. Көптеген халық әндерімен бірге Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершін» әнін шырқағанына көпшілік тәнті болатын еді.
Комиссия мүшелері әнші қызды тыңдап, музыкалық қабілетін тексергеннен кейін оған Алматыға баруға ұсыныс жасайды. Кішкентай Айымжан Жұбанов мектебінде тағы да емтихан тапсырып, жеті жасында алғаш рет үйінен, туғандарынан жырақта, интернатта оқуға аттанады.
«Анам жаңа білім ошағының табалдырығынан аттатып, кетер алдында менен «Осында қалып, оқуға дайынсың ба?» – деп сұрады. Ал мен үнсіз басымды изедім, – деп еске алады біздің кейіпкеріміз өнер кеңістігіне енді-енді адымдаған шақтары жайлы. «Кейін уақыт өте анам: «Егер сол кезде қалмаймын деп жылағаныңда, ештеңеге қарамастан сені интернатта қалдырмай үйге алып кетер едім», – деген еді. Бірақ мен ол мектеп қақпасының сыртына шығып кеткенше әзер шыдап, сол кезде ғана қатты жыладым, ал анам мектептен алыстап, вокзалға дейін көз жасын төгіп барған екен. Пойызда оны купедегі жолаушылар жұбатыпты», – дейді Айымжан ханым тағы бір сөзінде.
«Өнер құрбандықты талап етеді» деген сөзге илансақ, алыс өңірден келген қаршадай қыз үшін туыстары мен жақындарынан алыстау өнер жолының бір ауыр сынағы болса керек. Айымжанның көптеген сыныптастары аз уақыт ішінде-ақ сағыныштарын баса алмай, шыдамастан өз ауылдарына оралған екен.
Жылдар өткен соң, 2000 жылы виолончель сыныбы бойынша мектепті бітірген Айымжан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түседі. Студенттік жылдарында Алматыда оқып жүріп, алғашқы еңбек жолын да бастаған болатын. Оқуын тәмамдағаннан кейін Ақтөбе облысында облыстық филармония жанынан жаңадан құрылған камералық оркестрде жұмыс істеу туралы ұсыныс түседі де, ол бірден туыстарына жақын болуды ұйғарып, келіседі.
Осылайша, 2004 жылы ҚР Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбеде Айымжан Мұратқызының тікелей қатысуымен ең алғашқы виолончель сыныбы ашылады.
Әуелгіде бұл жұмысты бастап кетудің едәуір қиындықтары да кездесті. Аспаптар болған жоқ, ең бастысы, Ақтөбе тұрғындарының арасында виолончель туралы түсінік те болмаған. Тіпті «аспапты үйренудің қандай мәнісі бар?» деушілердің де қатары көп еді. «Сол кезде менің туған мектебім көмекке келді, – деп әңгімесін жалғастырды Айымжан, – Ахмет Жұбанов атындағы республикалық мектеп ұжымымен, екінші анамдай болған ұстазым Айжан Абылайханқызымен бірлесіп Ақтөбеде виолончель концерттерін ұйымдастырдық. Ол кісінің, ұжым өнерпаздарының әр келген кезінде ақтөбелік балалар виолончель ойнап жүрген құрдастарын көріп, оларға қарап, бойын түзей бастады. Әрі мамандандырылған музыка мектебінің мұғалімдерінен шеберлік сыныптарын алып тұрды».
Осындай қыруар еңбектің нәтижесінде А.М.Гильманованың виолончель сыныбының оқушылары өнердің өзге түрімен танысып қана қоймай, үйренгендерімен концерттерін өткізе бастады. Бұдан әрі Ақтөбе облысындағы виолончелист оқушылар республикалық және халықаралық конкурстарда бақ сынады. Әрине, алғашында олар тек «Қатысқаны үшін» ғана жұбаныш грамоталарына ие болатын. «Бірақ қандай қиындықтарды өткерсек те, оқушыларыммен бірге көңілімізді түсірген жоқпыз. «Шыдамдылық пен еңбек бәрін жеңбек» деп бекер айтпаған ғой! 2010 жылы Орск қаласында (РФ) виолончелистердің халықаралық байқауында менің қарапайым балалар музыка мектебімнің оқушылары жүлделі орындарға ие болды. Сол байқауда олардың қарсыластары Ресей Федерациясы мен ТМД мамандандырылған мектептерінің оқушылары болатын, – дейді өнер иесі. Осы сайыста ұстаз
Гильманованың өзі де «педагогтер» номинациясында бірінші орынды иеленген екен. – Бұл – біздің алғашқы үлкен жетістігіміз, оған оқушыларымызбен бірге ұзақ уақыт жүріп жеттік. Сол кездегі жұмыстағы басты қағида – «егер бір нәрсеге қол жеткізгің келсе, үздіктермен жарыс, сонда ғана өсуге, биіктеуге кепілдік бар» немесе халық айт­қандай, «Құласаң – нардан құла» деген ескі дәлелденген әдіс болды. Ары қарай да әртүрлі деңгейдегі байқауларда бірнеше рет жеңіске жетіп, Гран-при лауреаттары мен иегерлері атандық!» 15 жыл ішінде Ақтөбе облысында көптеген жұмыстар атқарылды. Гнесиндер атындағы Ресей музыка Академиясының (Мәскеу қ., РФ) профессорларының төрағалығымен Ақтөбе қаласында бірнеше халықаралық виолончелист фестиваль-конкурстары, халықаралық форумдар, дөңгелек үстелдер мен жеке концерттер ұйымдастырылды. Қазір Гильманова сыныбы түлектерінің бірқатары мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрсе, тағы біршамасы ТМД және Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды жалғастыруда, ал ұстаздың өзі жетілдіруді жалғастыра отырып, Мәскеудегі Гнесин атындағы Ресей музыка Академиясының аспирантурасын 2011 жылы үздік тәмамдады. Академиялық өнерді баспа және электрондық БАҚ-та, сондай-ақ әлеуметтік желілерде белсенді насихат­тады. Музыкалық журнал шығарып, тіпті рок-топтардың құрамында да өнер көрсетті. Бүгіндері «Ақтөбе облысында виолончель аспабында оқыту сыныбы бар!» деп толық сеніммен айтуға болады. Ал оның негізін қалаған Айымжан Гильманованың өнерге, өңірдің дамуына қосқан үлесінің зор екенін айтуға тиіспіз.
Қазіргі уақытта Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған өз мектебінде жұмыс істейтін Айымжан ханым облыс дарындарымен де тығыз байланыс орнатып отыр. Сонымен қатар жақын арада өңірлерде академиялық өнерді дамыту бойынша жаңа инновациялық жобалар дайындағанын да айтып қалды. «Еңбегім еш кетпейді деп үміттенемін. Өйткені бұл – менің жанымның пернелері, олар үнсіз қалмау керек!» – деп қорытындылады сөзін талант иесі.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 06.02.2024 | 10:08

«Менің жанымның пернелері үнсіз ҚАЛМАУЫ керек…»

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір