Жасанды интеллект: досым ба, дұшпаным ба?
10.05.2026
66
0

Мен – ХХІ ғасырдың студентімін. Таңертең оянғанда ChatGPT-ден бүгінгі лекцияның қысқаша мазмұнын сұраймын. Кешкі асты ішіп отырып, нейрожеліге курстық жұмыстың жоспарын құрғызамын. Жасанды интеллект менің оқуымның, жұмысымның, тіпті бос уақытымның бір бөлшегіне айналды. Ол – менің қалтамдағы көмекші. Бірақ кейде ойлаймын: бұл көмекші ертең менің орнымды басып алмай ма?

Біріншіден, ЖИ – біздің буын үшін теңдессіз мүмкіндік. Ауылдағы құрбым ағылшын тілін репетиторсыз үйреніп жүр. Ол нейрожелімен күнде сөйлесіп, қатесін түзетеді. Мен болсам, күрделі бағдарламалау кодындағы қатені ЖИ-ге бір-ақ көрсетемін. Ол секундта шешімін тауып береді. Бұрын кітапханада сағаттап отыратын жұмысты қазір 10 минутта бітіреміз. ЖИ бізге уақыт сыйлады. Ал уақыт – жас адам үшін ең қымбат капитал.

Екіншіден, ол бізді жалқаулықтан емес, рутинадан құтқарады. Рефераттың титулкасын әрлеу, презентацияға сурет іздеу, мәтінді қатеге тексеру – мұның бәрін машинаға тапсырып, өзіміз шығармашылыққа, идеяға бас қатырамыз. Дұрыс қолдансаң, ЖИ – мидың балдағы. Ойды ұштап, қиялыңа қанат бітіреді.

Бірақ мәселенің екінші жағы бар. Аудиторияға қараңызшы. Лекцияда ұстаз сұрақ қойса, бірден телефонға үңілеміз. «ЖИ не дейді екен?» деп. Өз миымызбен саралау, күмәндану, дауласу дегенді ұмытып барамыз. Нейрожелі дайын жауапты тосса, неге өзіміз бас қатырайық? Осылайша, сыни ойлау деген бұлшықетіміз семіп барады.

Курстасымның бірін білемін. Ол эссе, реферат, тіпті махаббат хатын да ЖИ-ге жаздырады. Бағалары жақсы. Бірақ бір күні өз ойын 5 сөйлеммен жеткізе алмай састы. Себебі дайынға үйренген ми енді өз бетінше сөйлем құрай алмайды. ЖИ бізге «бал» беріп жатып, «уын» да қосып беріп жүрген жоқ па?

Тағы бір қауіп – жалғандық. ЖИ жасаған суретті шын фотоға, өтірік жаңалықты рас ақпаратқа айыру күннен-күнге қиындап барады. Ал біз, жастар, ақпараттың негізгі тұтынушысымыз. Ертең сайлауда кімге дауыс беретінімізді, қандай құндылықты таңдайтынымызды да фейк видео шешіп бермей ме?

Біз, жастар, ЖИ-ден қашпауымыз керек. Керісінше, оны ерте меңгеріп, тізгіндеуді үйренуіміз керек. Дайын жауапты көшіру үшін емес, өз сұрағымызды нақтылау үшін қолданайық. Мидың орнына емес, мидың көмекшісі етіп жұмсайық.

Өйткені ертеңгі күні бізді жұмысқа алғанда «ЖИ қолдана аласың ба?» деп сұрамайды. «ЖИ тұрғанда сенің қандай құндылығың бар?» деп сұрайды.

Сол сұраққа жауап дайын болу – біздің міндет.

Құдайберген ҚАНАТБЕК,

ФММК Журналистика,

1-курс студенті

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір