Халық билігінің бастауы – сайлау
19.04.2024
39
0

VIII шақырылымдағы ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылу салтанатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз» – деген болатын.

Мемлекет басшысы өз сөзінде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттырып, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын да аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру қажетін тілге тиек етіп, ал сайлау соның алғашқы қадамдарының бірі екенін баса көрсеткен.
Осылайша, былтыр тәуелсіздік тарихында алғаш рет елімізде пилоттық режимде 42 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қала әкімдерінің сайлауы өтті. Аудан әкімдерін сайлау бойынша Ақмола, Қостанай, Түркістан облыстары аса белсенділік көрсетті. Ал Абай және Ұлытау облыстары тек бір-бір ауданнан таңдап алынғанын айта кету керек.
Бұл жерде сайлау өтетін аймақтарды таңдау, алдымен облыстық әкімдер тарапынан жүргізілді десек қателеспейміз, яғни олар өз өңірлеріндегі аудандарды іріктеп мәжіліске берді. Ал мәжіліс өз тарапынан дауыс беру арқылы сол 42 аудан мен үш облыстық маңызы бар қалаларды таңдап алды.
Халықтық таңдау форматындағы саяси науқанға 164 кандидат қатысты. Олардың арасында 69 үміткерді саяси партиялар, 95-і өзін-өзі ұсынған адамдар. Орта есеппен бір орынға 3 үміткерден келді.
Бұл жолы өткен сайлауға өзін-өзі ұсынған азаматтардың көп болуы, әрине, халықтың еліміздегі саяси өмірге атсалысып, атқарушы билік жүйесіне өз ықпалымды жүргізсем деген мақсатынан туындағаны анық. Ең бастысы, бұл –демократияның нақтылы бір көрінісі деп атап өтуге лайықты шара.
Сайлауға қатысқан кандидаттардың құрамы да әр түрлі болды. Үміткерлердің көпшілігі ер адамдар десек, 10 нәзік жанды ғана бұл мәселеде тәуекелге барған екен. Ең жоғары бәсекелестік Жетісу облысының Кербұлақ ауданында бір орынға 6 кандидаттан тіркелген. Ал ең төмені көрсеткіш Ақмола облысының Шортанды ауданында, мұнда бір орынға екі үміткер бақ сынасты. Әкімдікке үміткерлердің орташа жасы 47 болса, ең кіші үміткер Түркістан облысының Мақтаарал ауданында. Оның жасы небәрі 29 да болған.
Тіркелген кандидаттардың 20.73%- экономистер, 19.51% — заңгерлер, 16.46% — оқытушылар, 12.2% – инженерлер, 11.59% – ауыл шаруашылығы мамандары және 19.51% – басқа сала өкілдері екені де ескеруді қажет етеді. Бір қызығы ауыл әкімдерін сайлағанда жоғары білімнің болуы міндеттелмесе, аудан басшыларында кемінде бакалавр білімінің болуы талап етілген.
Саяси додаға жұмсалған 2.2 миллиард теңге жергілікті бюджеттен бөлінгені белгілі. Бұл қаражат 42 аудан мен 3 қаланы басқаратын кадрлық капиталға құйылған инвестиция деп түсінген дұрыс шығар. Сайланатын әкімнің өкілеттік мерзімі 4 жыл, бір адам қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды. Мерзім шектеулі, жауапкершілік те жеңіл емес.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ауыл әкімдері күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешеді. Сондықтан олар елімізде айырықша рөл атқарады. Ауыл әкімдерінің 64 пайызы жергілікті жұрттың тікелей сайлауымен қызметке келді. Мұны, шын мәнінде, зор жетістік деуге болады. Бұл жұмыс та жалғасын табады» – деп сайлауға жоғары баға берген болатын.
Сайлау жүйесіндегі бұл реформа алғаш 2021 жылдың 25 шілдесінде басталған еді. Өңірлердегі қордаланған мәселелерді шешуге, әкімдердің жауапкершілігін арттырып, бюджет қаражатын тиімді игеруге мүмкіндік беретін механизмнің іске асқанына да үшінші жылға кетті. Ауыл әкімдерінің жұмысына қарап жалпы сайлау үлгісіне баға беруге болмас. Дегенмен, Президенттің бұл бағдарламасы азаматтық қоғамның саяси белсенділігін арттыруға, сайланған әкімдердің электорат алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Халық өз таңдауын жасады. Енді билік құзіреттерін жергілікті жерге беру үдерісі жүйелі түрде жүзеге аспақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір