ҰЛЫ АҚЫНДЫ ҰЛЫҚТАП, МАХАББАТ ЖЫРШЫСЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
28.10.2025
91
0

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде Қазақстан Жазушылар одағымен бірлескен «Кітап фестивалі – 2025» шарасы аясында ұлттың ұлы ақыны, хакім Абайдың туғанына 180 жыл толу мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті.
Кеш шымылдығын университеттің Басқарма төрағасы-ректор Мейрам Бегентаев пен Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы ашып берді. Жиналысқа университеттің түлектері, көрнекті ғалымдар мен ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және кітапхана қызметкерлері қатысты. Алматыдағы бір топ баспа ұсынған қазақ қаламгерлерінің әдеби шығармалары мен әртүрлі мазмұндағы кітаптардың көрмесі ұйымдастырылды. Абайдың өлеңдері оқылып, әндері орындалды.


Содан соң Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ­станның Құрметті жазушысы, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі, профессор Ұлықпан Сыдықовтың шығармашылығына арналған «Алау сезім» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кешке «Дос-Мұқасанның» ардагерлері Досым Сүлеев, Мейірбек Молдабеков, ғалым Қансейіт Әбдезұлы, Ғалымқайыр Мұтанов, театр режиссері Әбубәкір Рахимов, жазушы Ғалым Қалибекұлы қатысып, Ұлықпан Есілханұлына жүрекжарды лебіздерін білдірді, «Дос-Мұқасан» тобының репертуарындағы бүкіл әндердің сөзін жазған кеш иесіне «Махаббат жыршысы» деген үлкен баға берді. Өз кезегінде Ұ.Сыдықов әр жылдары жазған лирикалық өлеңдерін оқыса, танымал өнер жұлдыздары ән шырқады.
Бір күнде қатар өткен ән мен жырдың екі кеші жастарға мол тағылым беріп, шығармашылық шабыт сыйлады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір