САЯСИ МАХАББАТ пен МАХАББАТ САЯСАТЫ
Юкио Мисиманың «Банкеттен кейін» атты көлемі шағын ғана романы 1960 жылы жарыққа шықаннан кейін Жапония шенеуніктерінің арасында үлкен дау тудырды. Сыртқы істер министрінің қызметін атқарған Хатиро Арита басты кейіпкерлердің бірінен өзін танып, Мисимаға қарсы іс қозғайды. Сот шенеуніктің жеке өміріне қатысты ақпаратты қолданғанына қарсы жазылған арызды қабылдап, Мисима болса авторлық еркіндік алаңында жеңіліс табады. Өкініштісі – бұл оқиға Жапониядағы өзекті тақырыптарға жазылатын сатиралық прозаның болашағына көлеңкесін қалдырады.
Жасы елуден асқан Кадзу — өңді әйел. Тағдырдың түрлі талқысына түскен күндерін еске алып, шылымын асықпай тұтатып, енді махаббат майданында күреспейтін бейбіт күндеріне жеткенін ойлай отырып, өзінің мейрамханасына тиесілі бақшаның таңғы жұпарында асықпай демалып отырған кезі… Кешке қарай маңызды қонақасы бар. Беделді шенеуніктердің басқосу банкеттері жиі өтетін бұл мейрамхана консервативті партияның қолдауына ие екенін көрсетеді. Атағы дардай азаматтарды мейрамхана басшысы Кадзу ханым өзі қабылдайды. Дайындық деңгейі, мәзір таңдауы, қызметшілер тәртібі — бәрі Кадзу ханымның жеке тексерісінен өтеді. Банкетке дейінгі мамыражай тыныштық — банкет барысындағы қайғылы оқиға — банкеттен кейінгі күтпеген махаббат… Мұндай өмір метафоралары бейнелі ноктюрн іспеттес жапондық мәдениеттің кеңістігіне өте жарасымды шыққан сияқты.
Мисима қаламына тән салқынқандылық пен ықшам ойлар бұл романда сатиралық мінезге бөленген. Кадзу өзінің қазіргі өмірлік статусына қалай жеткенін ұмытпады: салқын жел өтіндегі күндер, кімдердің алдында езілмеді, қандай қара жұмысқа салынбады? Енді, міне, отставкадағы министрдің әйелі атанды. Ногути мырзаға ашылған беймезгіл махаббаты оны бірден ширатты. Кейде еріне білдірген сезімі мен қызғанышын оның болашақта беделді зиратханадан орынды тағдыр лотереясынан жеңіп алғаны туралы ойлары басып озады. Дәл осы сияқты сәттерде көңілі биік оқырманның жүзіне мысқыл күлкі келетіні де сөзсіз. Мисима сатиралық өрнектерінде халық пен билік арасындағы орны толмайтын алшақтықты көрсете отырып, оны провинциялық әйел мен отставкадағы министрдің арасындағы отбасылық өмірге ұмтылған әрекеттермен әшкерелей түседі. Ногутидің салқынқандылығы кейде тас мүсіннің бейнесіне дейін гипербола арқылы жеткізілген. Ал жапон әйелінің айрықша образына айналған Кадзу ханым қанша жерден әжуалық сипатқа ие болса да, автордың қаламынан жылы сезіммен төгілгені сезіледі. Сондықтан әйелдің образы оқырманның сүйіспеншілігін оятатындай етіп жазылған жолдар мәтін арасында әдемі жасырынған. Бірде Ногути ашуға мініп, Кадзуға қол көтереді. Тұрмыстық деңгейден асып, абырой мәселесі талқыға түсті деп сенген Кадзу да актерлік кейіпте образға кіре қалатыны қызық сипатталған. Жылап жата қалған Кадзудың кимоносының етегі ашылып, бір аяғы терезеден түскен салқын сәулемен шағылысып ұзақ жатады. Сонда Кадзу жалғыз дүниеге ғана налиды: ашылып қалған дене еті тоңазып барады, бірақ әйел қозғалмады; Оның ойынша бір еркектің назарын аударта алмағаны үшін салқындық қадалған балтырының солай өлі күйі жатқаны заңды болса керек…
Өлім образы Мисиманың барлық шығармаларында өзінше рефлексияға түседі. Кадзу банкеттен кейін тұрақтылыққа айналатын бақытын, беделді зиратханадан орын алатынын мәреге жетумен болжаған болады. Өмір осылай есепке салына қойса ғажап емес пе? Солай… Дүние деген есепке сыймайтынымен қызық һәм ауыр…
Реалистік тәсілдердің Мисимаға тән шеберлігі мәтінді екі тақырыпқа бөлген сияқты: махаббат саясаты немесе саяси махаббат. Бір анығы — саясат бар жерде махаббат сынды сезімдерге орын жоқ. Жазушы көңіл көзіңізді жетер жеріне алып барады. Одан кейінгі саяхатта жалғыз жолдас — өз ойыңыз болмақ. Оқып көріңіз.
Акерке АСАН