Қазақ қаламгерлері Гузел Яхинаға құрмет көрсетті
02.08.2024
36
0

Қазақстан Жазушылар одағында танымал ресейлік жазушы, «Большая книга», «Книга года», «Ясная поляна», «Сделано в России», Ресей үкіметінің сыйлығы және ТМД елдеріне ортақ «Достастық жұлдыздары» сыйлықтарының иегері Гузел Яхинамен кездесу болып өтті. Басқосуды ашып, жүргізіп отырған Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов кездесуге келген қауымға қадірменді қонақты таныстырып, оның шығармашылығы жайында баяндап берді.

– Гузел Шәмілқызы бүгіндері аты әлемге әйгілі жазушылардың бірі десек, қателесе қоймаймыз, – деді төраға сөзінің басында. – Қазақстандық оқырман оны «Зулейха открывает глаза» атты кино түсірілген романы арқылы жақсы біледі. Гузелдің сонымен бірге «Дети мои» және «Эшелон на Самарканд» деп аталатын романдары да оқырмандар тарапынан жоғары баға алып, әлемнің көптеген тілдеріне аударылып үлгерген. Соңғы шыққан кітабы «Самарқанға бағыт алған эшелон» деген атпен қазақ тілінде жарық көрді. Жалпы Қазақстанға ресейлік көптеген танымал қаламгерлер көшіп келіп, осында шығармашылықпен айналысқанын айта кету керек. Енді, міне, Гузел Шәмілқызы да елімізге қоныс аударып, қатарымызға қосылып жатыр. Мен өзім аталған үш романды да оқып шығып, керемет әсер алғанымды айтқым келеді. Бұл кітаптарда татар халқының ғана емес, жалпы Орталық Азия халықтарының басынан кешкен қасіреті баяндалатыны дау туғызбайды. Ал, Шолпан Хаматованың орындауындағы Зулейханың бейнесі әлі де көз алдымда тұр. Сондықтан ортамызда осындай жазушының болғаны, біз үшін де үлкен абырой деп есептеймін».
Осыдан кейін сөз алған жазушы Дулат Исабеков Ресей мен Қазақстан қаламгерлерінің байланысы мен достығының тарихи сабақтастығы жайлы айта келіп, өзінің шығармашылығына тоқталып өтті. Бүгіндері кітабы Нобель сыйлығына ұсынылып отырған жазушы шет тілдерге аударылып, әлем театрларында қойылып жүрген спектакльдерін де тілге тиек етті. Сөзінің соңында Дулат Исабеков танымал жазушының қазақ жеріне келуіне ыстық ықыласын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.
Осыдан кейін жазушы Мағиза Қожахметова сөз алып, осындай танымал жазушының Қазақстанға көшіп келгенін естімегеніне өкінішін білдірді. Өзінің жазушылық тәжірибесі жайында аз-кем тоқталған ол, бүгіндері қазақтың салт-дәстүрлері мен наным-сенімдерін зерттеу арқылы парапсихология саласына бет бұрғанын айта келіп, алдағы уақытта Гузелдің романдарын оқып шығып, шығармашылық байланыс орнатуға мүдделі екенін де жасырмады. Сол сияқты орыс тілінде жазатын қазақ ақыны Бақытжан Қанапиянов өзінің татар қаламгерлерімен байланысы және орыс және татар тілдеріне аударылған кітаптары жайында әңгімелеп, ежелгі достық қатынастарын ұмыт қалдырмады. Өзінің атасы Қанапия қажының репрессия жылдарында Павлодар түрмесінде өмірден өткені жайлы құжат­тарды жақында ғана қолына тигізген Бақытжан Гузелдің шығармаларындағы оқиғалар мен кейіпкерлер өздеріне де етене таныс әрі түсінікті екенін айтып өтті.
«Простор» журналының бас редакторы Фархат Тамендаров өз сөзінде әлемдік аты бар қаламгермен Қазақстан Жазушылар одағының шаңырағында бірге отырғанын мәртебе санайтынын жеткізіп, Гузелдің шығармашылығымен таныс екенін аңғартты. Ол сонымен қатар 19 тамызда өтетін жас жазушылардың семинарына Гузелдің қатысуы жайлы мәселені сөз етті.
Өз кезегінде Гузел Шәмілқызы Қазақстанға көшіп келгеніне 1,5 жыл болғанын, кітаптарының қазақ тіліне аударылып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, «Зулейха открывает глаза» және «Эшелон в Самарканд» деген шығармалары қазақ тілінде жарық көріп үлгеріпті. Сонымен қатар қаламгер өзінің білім жолындағы баспалдақтары мен шығармашылығы жайында әңгімелеп, жиынға қатысушылардың қойған сұрақтарына мейлінше толық жауап берді.
Кездесудің соңында Мереке Әбдешұлы қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша мәртебелі мейманға камзол кигізіп, иығына орамал жапты. Жиынды қорытындылаған төраға Гузел Шәмілқызына кездесуге келгені үшін алғыс білдіріп, қай кезде де Жазушылар одағы көмек колын ұсынуға дайын екенін жеткізді. Қонақтар естелік суретке түсіп, риясыз көңілмен тарқасты.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір