Туған елі құрмет көрсетті

Нағашыбек Қапалбекұлы – бүгінге дейін 50 кітап жазған белгілі жазушы, қоғам қайраткері. Жамбылдың 40 томдық жинағын және Сүйінбай ақынның 10 томдық шығармалар жинағын шығарды.
Ол бес университеттің құрметті профессоры, төрт қоғамдық ұйымның академигі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Құрмет орденімен және оннан аса медальмен марапатталған. Бүгінгі таңда ЮНЕСКО-ның мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері ретінде көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Жақында жазушының туған елі оның 75 жасқа толған мерейтойын кеңінен атап өтті. Ұзынағаштағы мәдениет үйіне қошеметтеген жұрт сыймай кетті. Той тізгінін қолына алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл атындағы филармонияның бас директоры Ақан Әбдуәлиев әдеби-сазды жиынды мәнді сөзімен әрлеп жүргізіп отырды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауын облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев оқып берді.
Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас өз сөзінде: «Бұл мерейтой – тек бір адамның ғана емес, тұтас қазақ әдебиеті мен тарихының, ұлттық рухымыздың мерекесі. Нағашыбек Қапалбекұлы ауданымыздың тумасы, Қарасай, Сұраншы, Саурық батырлардың, Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі секілді ақындардың ұрпағы», – деп атап өтті.
Туған жердің қасиетті топырағынан нәр алып, бала күнінен әдебиетке, тарихқа деген құштарлығын танытқан қаламгер өзінің бар саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнап келеді. Нағашыбек Қапалбекұлы ауданымыздың қазақ тарихында бас әріптермен жазылатын есімдері ұмыт бола бастаған көптеген тарихи тұлғалар, батырлар мен би-шешендердің өмірі мен ерліктерін, сондай-ақ Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі, т.б. ақындардың шығармашылық мұраларын зерттеп, деректерді жинақтап, олардың бейнесін халық жадында мәңгі қалдыруға, ұлттық рухты жаңғыртуға мол үлесін қосуда. Кеште Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын Қасымхан Бегманов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының кеңесшісі, экономика ғылымының докторы Серікбай Нұрғисаевтар жазушының қаламгерлік қуатына тоқталып, құттықтау сөз сөйледі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қансейіт Әбдезұлы Н.Қапалбекұлының шығармашылығы жөнінде баяндама жасады. Оның әсерлі баяндамасына жиналған қауым дүркін-дүркін қол соғып отырды.
Қонаев атындағы университеттің ректоры, заң ғылымының докторы Өмірәлі Жалаири, Алматы облысының Құрметті азаматы, белгілі қоғам қайраткері Орынтай Қырғызбаев, Алматы облысы және Жамбыл ауданының құрметті азаматы, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Әскербек Абаев және басқалар сөз сөйлеп, жазушы еңбегін жоғары бағалады, ақ тілектерін жаудырды.
Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, көрнекті ақын Бауыржан Жақып Нағашыбек ағасына арнаған өлеңін шабыттана оқыды. Сонымен бірге Н.Қапалбекұлының жаңадан ғана шыққан «Сакура гүлдегенде» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Аудандық мәдениет үйінің көркемсөз үйірмесінің мүшелері Н.Қапалбекұлының шығармаларынан үзінділерді мәнерлеп оқып берді.
Мерейтой иесіне ерекше сый-сияпат көрсетілді.
Жазушы Н.Қапалбекұлының мерейтойы ән-жырмен өрнектеліп, өте әсерлі өтті.
Ардақ Какимова
Жамбыл атындағы филологиялық ғылыми
зерттеу орталығының ғылыми қызметкері