«Ахат Жақсыбаевтың әдеби әлемі»

Жуырда Павлодар қаласының С.Торайғыров кітапханасындағы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Павлодар облысының Құрметті азаматы Ахат Жақсыбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай «Ахат Жақсыбаевтың әдеби әлемі» атты еске алу кеші өтті.
Кеш тізгінін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айбек Оралхан ұстады. Жиынға Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларынан зиялы қауым өкілдері, жазушының қаламдас достары мен отбасы – жұбайы Қиғашқас Теміртасқызы және балалары мен немерелері қатысты. Кеш басында айтыскер ақын Рамазан Дәуренбекұлы Ахат Имантайұлына арналған жыр шашуын арнады.
Ахат Жақсыбаевтың әдеби мұрасы, қоғамдағы орны жайлы Павлодар облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Алпысбайұлы мол да қанықты пікір-лебізін айта келіп жазушының жұбайына облыс әкімі атынан құттықтау хат табыстап, иығына шапан жапты. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хатын Павлодар облыстық өкілі, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Елікбай оқып, табыстады.
Сонымен қатар жазушының жары Қиғашқас Теміртасқызы, жазушы, абайтанушы, профессор Тұрсын Жұртбаев, жазушы Марат Мәжитов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет, Парасат ордендерінің иегері Қуаныш Жиенбай, жазушы, публицист Жанболат Аупбаев Ахат Жақсыбаев жайлы ақжарма естіліктерін бөлісті.